немесе Тәуелсіздік бастауында Елбасымен бірге болған сәттер
Шымкент облыстық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісінің орынбасары болып істеп, одан Түркістан қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, одан Ақтөбеде ректор болып ұзақ жыл жұмыс істедім. Бүгінде Алматыдағы көлік академиясында дәріс беремін. Профессормын. Төменде Елбасымыз жөнінде өзім басы-қасында жүріп, көзім көріп, куә болған жағдаяттар хақында азын-аулақ әңгімелемекпін.
Мен ғана емес, барша қазақстандықтар Елбасын Алаштың аймаңдайы деп атайтыны әділ, орынды. Оған шәк келтірмеймін. Өйткені, қоғамдағы ұлы өзгерістер арқылы суырылып алға шыққан кемел тұлғалар адамзат атаулының аузына ілігеді, халқы оларды қадір тұтып, әлемдік деңгейдегі кемеңгерге айналдырады. Тарих тағылымы осындай. Қазақстан жағдайында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаушы, оның тұңғыш Президенті, қазақ топырағындағы жасампаздық құбылыстардың тікелей бастаушысы, халық алдындағы тарихи парызын азаматтық жауапкершілікпен ұштастыра білген дара тұлға. Тұрақтылық пен ұлтаралық татулық идеясын Қазақстан аясында жүзеге асырып қана қоймай, әлемдік дәрежеге көтерген, толымды шешімдер мен орнықты ойларға, бір сөзбен айтқанда, өтпелі кезеңде халқымыздың бағына тағдыр қосқан халықаралық деңгейдегі ірі басшы. Елбасының басшылығымен қолға алынған шаралар, жүзеге асқан сан-салалы шараларға қазақ жұрты толықтай сенім артып, қолдап келеді. Сондықтан да болар, Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық миссиясына ие болып, абыройлы өткізді. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың беделін танығандық, жанқиярлық еңбегін бағалағандық. «Бақыт бағасын білгеннің басына» деген осы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел ішіндегі, сырт мемлекеттердегі кездесу сәттерінде тәуелсіздікті қайтіп тұғырлы етеміз, қайткенде өркениеттің бел ортасынан орын аламыз деген сұрақтарға жауап іздеуден шаршаған емес. Елбасымыз – қандай беделді жиындарда болса да тыңдаушысын елітіп әкетер, ой салар қанатты қағидалар мен оқшау ойларын маржандай тізіп, өзі де толғанатын жасампаз жаратылыс. Осынау екінің біріне бұйыра бермейтін ғажап қасиеттер мен табиғи даралықтың, парасаттылықтың бір кісіге қонуы – зерттеуге тұрарлық тақырып.
Елбасының өмір деректеріне көз салсақ, бір қарағанда, орта мектепті бітірген соң кәсіби орта мамандыққа ие болып, Теміртау қаласында металл қорытушылықтан бастаған еңбек жолы өз дәуіріне сай қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Дей тұрғанмен, бойға біткен табиғи дарын алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізуге талпынған жанға қуат беріп, биікке жетелеген болар.
Тағдыр Нұрсұлтан Әбішұлы екеумізді қызмет бабында сан рет кезіктірді. Нұрекең Қарағанды облыстық партия комитетінен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне өндіріс саласы бойынша хатшы болып ауысқан кезде мен Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінде өндіріс және көлік бөлімі меңгерушісінің орынбасары едім. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары бұрынғы Кеңес Одағы, оның ішінде Қазақстан экономикасы стагфляцияға ұшырағаны белгілі (елдің инфляциялық үдерістерінің өршуі кезіндегі тоқырауды көрсететін экономикалық жағдай).
Әрине, ресми органдар ол кезде мұны мойындауы мүмкін емес еді. Дегенмен, бұл мәселемен тікелей айналысатындар арасында экономикалық тоқыраудан шығатын жол іздестіргендер болды. Оңтүстік Қазақстан облысының өнеркәсіп және көлік саласында ғылыми негізде «өндірістің тиімділігін арттырудың кешенді жүйесі» ендіріліп, оң бағаға ие болды. Нәтижесінде Шымкент қаласында 1982 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің басшылығымен осы жүйенің ендірілуі жөнінде республикалық семинар-мәжіліс өткізілді. Мәжілісте баяндама жасаған Нұрсұлтан Әбішұлының экономиканы дамытуға байланысты тың ойлары, пікір-пайымдары, ұстанымдары ерекше әсер қалдырып, жаңашыл тұлға екені байқалды.
Көп ұзамай республика Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып тағайындалып, ел экономикасындағы жинақталған проблемаларды шешу мәселелерін Одақ алдына дәйектілікпен қоя білді.
1985 жылдың 6 қарашасынан бастап Түркістан қалалық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланып, қызмет жасаған кезімде Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ халқының үш ғасырдай астанасы болған Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуына көрегендікпен қамқорлық жасады.
Қазақстан тағдыры Мәскеу шенеуніктеріне байланысты кезде КСРО Құрылыс министрі Түркістан қаласына арнайы шақырылып, қасиетті Қ.А.Ясауи кесенесін қалпына келтіруге қаражат бөлінуінің керектігі дәлелденгеніне қарамастан, тарихи қаланың әлеуметтік-экономикалық проблемалары ұзақ уақыт шешілмеді.
Қазақстанды Колбин басқарып тұрған кезде Түркістан қаласының жинақталған мәселелері туралы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мәжілісінде маған екі рет есеп беруге тура келді. Бірінші есептен соң «Казахстанская правда» газетінде «Туркестан – город социальных проблем» атты бір беттік көлемді мақала жарық көрді.
Бюро мәжілісінде Нұрсұлтан Әбішұлы Түркістан қаласының проблемаларын жетік білетінін және оларды шешуді Министрлер Кеңесіне тапсыруды ұсынды. Нәтижесінде Министрлер Кеңесі Түркістанда мемлекеттік «Әзірет-Сұлтан» мәдени қорығын құру және Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу туралы арнайы қаулы қабылдап, ол кідіріссіз іске асырылды.
1991 жылдың 6 маусымында Президент Жарлығымен Қ.А.Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті құрылды. Ол Жарлықта «Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету» деген сөздер келтірілген. Ескерте кеткен жөн, кеңестік деңгейдегі «Известия» газеті аталған оқу орнының болашақта халықаралық деңгейге көтерілетінін ескермей, «Қазақстанда аудан орталығында университет ашылды» деп мысқылдай жар салды. Түркия Президенті Тұрғыт Өзал мен Елбасының Түркістан қаласына келуіне орай университетте кездесу өткізілгеннен кейін екіжақты шешіммен Қ.А.Ясауи атындағы университет – Халықаралық Қазақ-түрік университеті деп аталып, қазіргі күні Қазақстандағы алдыңғы қатарлы оқу орнының біріне айналды.
КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы М.С.Горбачев Оңтүстік Қазақстанға келіп, аудан және қала басшыларымен кездесуінде оған Қ.А.Ясауи кесенесі туралы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шыққан кітапты сыйға тарттым. Ал Түркістан қаласының тарихы және ондағы әлемдік сәулет өнерінің үлгісі – кесене туралы Нұрсұлтан Әбішұлы ұшақ ішінде толық әңгімелегенін жеткізді. Бүгінде Түркістан «Рухани астана» деген атқа ие болса, ол – тек Елбасы қамқорлығының айғағы екені даусыз.
Нұрсұлтан Әбішұлының ерекшеліктерінің бірі – есте сақтау қабілетінің мықтылығы. 1958 жылы Теміртау қаласындағы «Қазақстан Магниткасына» шақырған үндеуге сәйкес қызметтес болған, Днепродзержинск қаласындағы техникалық училищеде бірге оқыған Әсетілла Кәрімов 1990 жылы Қазақстан Компартиясының ХVІІ съезіне Түркістан қаласынан делегат болып қатысқанда: «Әсетілла, қайдан жүрсің?» – деп құшағына қысқаны көз алдымда.
Тұңғыш Президентіміздің біртуар тұлға екені мемлекетіміздің кешегі «тар жол, тайғақ кешу» кезеңінде ерекше көрінді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі ретінде тағдыр маған бір қиын, тарихи шешімдер қабылдаудың куәгері болуды жазыпты. Яғни, 1990-жылдары Орталық Комитеттің кезектен тыс пленумы шақырылды. Ерекшелігі, бұрын көзге түсе бермейтін микрофондар орындықтар арасына жиі орналастырылыпты. Мәжіліс залында көптеген журналистер мен операторлар. Бірақ та, мәжіліс басталар кезде олардың бәрі сыртқа шығарылып, есіктер жабылды. Орталық Комитеттің бюро мүшелері бұрынғыдай сахна төріне емес, залдың бірінші қатарына жайғасты. Ең соңынан кірген Нұрсұлтан Әбішұлы бірден мінберге шықты да баяндама жасады. Қысқа да нақты. Мазмұны – Қазақстан Компартиясы тарихи миссиясын орындады, ендігі заман бұл партияны тарату керектігін талап етеді.
Мұндай мәлімдеме партияның элитасы болып саналатын Орталық Комитет мүшелеріне жай түскендей әсер етті. Жан-жақтан көңілінде «партия – халықпен бірге» деген сенім ұялаған Комитет мүшелерінің сұрақтары қардай борады. Адамдар санасында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы партияның жүргізетін саясатына тікелей байланыстылығы қалыптасқандықтан, Коммунистік партияны тарату басшылықтан айырылып, қоғамда анархияға әкелетіндей сезім тудырды. Дегенмен, Нұрсұлтан Әбішұлы сұрақтарға табандылықпен жауап беріп, мұндай шешім өркениетті ел болуға қол жеткізудің бірден-бір жолы екенін дәлелдеді. Оның пікірі мен ұсынысына Орталық Комитет мүшелерінің келіспеске уәждері қалмады.
Сөйтіп, Компартияның 1991 жылдың тамыз айындағы кезектен тыс ұйымдастырылған съезіне республиканың түкпір-түкпірінен 2,5 мыңнан астам делегат қатысып, партияны тарату мәселесі екі күн бойы талқыланды. Нұрсұлтан Әбішұлы жұртты саяси шешімге имандай сендіріп, Компартия таратылып, Социалистік-демократиялық партияның негізі қаланды. Қазақстанның егемендігі мен болашағына алғышарт жасалды.
Ел Президентінің тікелей бастамасымен республиканың Жоғарғы Кеңес сессияларында Мемлекеттік егемендік туралы декларация, «Қазақстан Рсепубликасының Тәуелсіздігі туралы» Заң және Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Бұл баға жеткізгісіз оқиғалар ел тарихында алтын әріптермен жазылды. Қазақстан коммунистік жүйе құрсауынан шығып, қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы – дербес мемлекет құрып, астаналы, ақордалы, төрт құбыласы түгенделген мемлекетке айналды.
Елбасының келесі тың қырының бірі – «Қазақстан-2030» Cтратегиялық бағдарламасы жасалып, іске асырылуы. «Алдымен – экономика, содан кейін саясат», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мен оның 11 жыл өтпеген саммитін ұйымдастыру, Еуразиялық одақ, Азия кеңесі, ядролық қарудан бас тарту, Астананы көшіру, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыру идеялары, 2017 жылы халықаралық ЭСКПО көрмесін Астанада өткізу шешіміне ие болу сияқты ауқымды шаралар тәуелсіздік құрылысын нығайта түсіп, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруге жол салуда. Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық және конфессияаралық келісімді, татулықты қамтамасыз етіп отырған қоғамдық-саяси институтқа айналды.
Бүгінгі тәуелсіз, экономикасы нығайған, саяси жүйе қалыптасып, нұрлы, кемел болашағы бар Қазақстанның әлемге танылуында Елбасының еңбегі ұшан-теңіз. Өзінің ұйымдастырушылық қабілеті арқасында Қазақстанды, Кеңес Одағынан кейінгі кеңістікте қиын жағдайда қалған елді тез арада әлеуметтік-экономикалық және саяси дамудың даңғыл жолына сала білді. Қазақстанды Түркия бастап, әлем елдері бірінен соң бірі таныды.
Елбасының «Біз мынау жаһандану жағдайында мемлекеттер мен әр адам бәсекеге түскен кезде алдыңғы қатарлы ел болып, озу үшін білім керек екенін білеміз. Қазір білім мен біліктіліктің бәсекесі жүріп жатыр. Қазақтың жерінің асты-үстінде байлық баршылық. Бірақ, білім болмаса, жаңа технология болмаса, ол байлық қазақтың дастарқанына өздігінен келіп түспейді», – деген қарапайым сөзі тек жастарға ғана емес, өз елін сүйетін, оның болашағына сеніммен қарайтын әрбір қазақстандыққа жігер беріп, қанаттандыра түседі.
Елбасының ана тілде сөйлеу шешендігі мен қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін асқақтатудағы еңбегі де ерекше. «Адамға екі нәрсе тілек тегі: бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі» деп ХІ ғасыр ғұламасы Жүсіп Баласағұн айтқандай, сөз анасы да, іс анасы да – мемлекеттік тіл екенін жетік білген Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін, ал 2020 жылға қарай 95 пайызға жеткізу міндетін қойды.
Ел үшін, сол елдің мұңы мен мұқтажын, арман-тілегін тал бесіктен бойына сіңірген, ұлт тілінде тәрбиеленген адам ғана шын мәнінде ел көшбасшысы бола алады. Өз халқының тарихи тамырынан нәр алып өскен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – Қазақстанның рухани көсеміне айналған кемеңгер тұлға. Қызмет бабымен болған кездесулерде ол кісінің үлкен саяси тұлға екеніне сан мәрте көзім жеткен еді, бүгінде Елбасының жарқын істеріне сүйсіне қараумен келемін. Тек ұзағынан сүйіндіргей деп тілейік!
Нұридин БАЛҚИЯЕВ,
профессор, Түркістан
қаласының құрметті азаматы.
АЛМАТЫ.