• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Тамыз, 2015

Қара жолдың азабы

403 рет
көрсетілді

Жуырда Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 37-сессиясында облыс әкімі Ерік Сұлтанов Индустрияландыру картасының шеңберінде 2015 жылы өңірде 90 млрд. теңгенің 60 жобасы іске асырылатынын мәлімдеді. Теріскейдегі облыстың экономикасына осындай көлемдегі инвестиция құйылғанын бұрын-соңды естімеген едік, туған жеріміз болған соң қуанып қалдық. Өзіміз еңбек демалысында болған кезде облыстағы қызу тір­лікке куә болдық. Әсіресе, Петропавл қаласындағы көптеген көшелер шұғыл жөнделіп жатыр. Ал орталықтағы Жамбыл, М.Әуезов, Абай атындағы көшелер айнадай жарқырайды. Жөнделіп болмағандарында түрлі жол техникалары мен жол жөндеушілер еңбек етуде. Қай жаққа қарасаң да қызу тірлік. Алайда, облыс тұрғындарының көбі мұның бәріне кезекті науқан сияқты қарап, самар­қау көз тастайды екен. «Е, әлгі форумға дайындық үшін ғана жасалып жатқан дүниелер ғой, шын жөн­дегіш болса, ауылдың жолдарын жөндемей ме?» деген пікірлерді де естіп қалдық. Олардың сөздерінің жаны бар. Келесі, 2016 жылы Петропавлда Қазақстан мен Ресей арасындағы аймақаралық ынтымақтастықтың кезекті форумы болады. Оның жұмысына екі елдің президенттері қатысады деп күтілуде. Шұғыл жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыс­тары алдымен соған дайындық үшін жасалып жатқаны көрініп тұр. Сол үшін форумға қатысатындар жүретін жерлердің бәрін айнадай жарқыратуда. Ал солтүстіктің ауылдары арасындағы жолдың жағдайы адам төзгісіз екенін басшылар қайтіп жасырмақ? Тас жол болмаған соң жазда жауыннан, қыста қардан туған ауылына жете алмайтындар немесе кері қайта алмайтындар өте көп. Мысалы, Тауағаш – аймақтағы ең үлкен қазақ ауылының бірі. Тұрғындар өз күндерін өздері көріп, ауылды тоздырмай, көшіп кетпей, қозғалмай отыр. Шама-шарқынша жеке ісін дөңгелетіп, дүкен, дәмхана ашып алғандар да бар. Көп үйлер өздерінің техникаларымен ауласындағы шаруасын тындырып алады. Жақсы үйлер, жаңа құрылыстар көтеріп жатқандар да жеткілікті. Жеңіл машина, тіпті, әрбір үйде бар десе болады. Ауыл тұрғындарының биліктен жалғыз-ақ өтініші бар, онысы – тек жол қажеттігі ғана. «Бізге басқа ештеңе де керегі жоқ, тек жол салып берсе екен», дейді олар. Ауыл адамдары осы тілегін де­путаттарға жеткізіп, олар өз тарапынан Үкіметке сауал да жолдаған еді. Бір жылы облыстық мәслихат бюджетте Тауағаш жолының шығынын қарастырдық деп те айтқан болатын. Ал 2012 жылы ауылға жаңа мектеп салынғанда келген сол кездегі облыс әкімі Серік Біләлов те жол салғызамын деп, өз аузынан уәде беріп кеткен-ді. Тіпті, жолдың жобалық-сме­талық құжаттары да жасалған. Содан бері 3-4 жыл өтті. Бірақ, жолдан әлі күнге хабар жоқ. Осындай жайт жалғыз Тауағаш емес, көптеген қазақ ауылдарының басында бар. 9 мамырда Ұлы Отан соғысынан аман келгендерге ауыл­да ескерткіш тақта орнатылып, алыста жүрген ауылдастардың бәрі барды. Сол күні жаңбыр жауып, келген жеңіл машиналардың бәрін тракторлармен сүйреп шығаруға мәжбүр болды. ХХІ ғасырда жол азабын шеккен де ұят екен. Осы елді мекеннен 7 шақырым жердегі бұрын асфальт жолы болған Қызыләскер ауылында да осындай жағдай. Оның арғы жа­ғындағы «Мәмбетов және К» шаруашылығы орын тепкен Меңгесер ауылының жолы да осыған ұқсас, бір шұңқырдан шығып, екіншісіне түсесің. «Нұрлы Жол – болашаққа бас­тар жол» атты биылғы жылғы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі», деп тап басып айтқан еді. Әттең, жергілікті әкім-қаралар кейде осы сөздердің терең мазмұнын ұқпай ма деп қаласың. Президент аймақаралық жолдарды ғана емес, аймақішілік жолдарды да мегзеп отырғанын, жалпы бар­лық жолдар туралы ескерткенін түсінсек етті. Жол жөнді болмаған соң, өңірлер қайдан жақсы дамысын?! Еңбек демалысында Ресейдің Түмен облысының бір түкпірінде тұратын туыстарға да барып қайт­қан едік. Мұндағы кейбір селоларда тұрғындар азайып, кейбірінде 5-6 үйден ғана қалыпты. Бірақ, соның бәріне асфальт жол  төсеп тастаған. Оны қыста қардан үнемі таза­лап тұрады екен. Соның бәрі бертінгі, тәуелсіздік жылдарында қол жеткізілген жайлар. Кеңес Одағы жылдарында олардың да көптеген ауылдарына жете алмай, зықымыз шығатын... Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі әкімі Е.Сұлтанов іскер басшы. Аймақтағы осындай олқылықтарды түзетер деп үміт еткің келеді. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.