• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2015

Жаңа үлгідегі қойылым

650 рет
көрсетілді

  Елордалық Жастар театры Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбайдың сахналауымен Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» шығармасы негізінде «Тырау-тырау, тырналар» қойылымын тарту етті. Кейіпкерлердің рөлін сомдаған әртістер де, біз де соғыс көрмедік. Алайда, сахнадағы көрініс қарапайым көрерменнің бірде көзіне жас үйіртсе, енді бірде күлкіге көмдіріп отырды. Бұрын соғыс көрген қариялардың көзі күннен күнге сиреп бара жатыр деуші едік, биылғы 70-жылдық мерекеде олар тіпті селдіреп, ақ самайлы ардақты ардагерлер алыстағы сағымға ұқсап бара жатқан тәрізденді. Жастар театры ұсынған «Тырау-тырау, тырналар» драмасын тамашалағаннан кейін ешкім де, ештеңе де ұмытылмайтынына тағы бір мәрте көзіміз жетіп, сарбаздар рухын жаңғыртқан сахналық туындының әсіресе, өсіп келе жатқан кейінгі жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні өте зор екендігін көңілге түйдік. Арамызда соғыс тақырыбын ескіріп, келмеске кеткен тақырып деп түсінетіндер бар. Тіпті, жылына бір-ақ рет келетін мерекеде оларға жасалып жататын азын-аулақ ишараттың өзін көп көретіндер кездеседі. Әкелері соғысқа аттанып, өздері егін даласында еңбек ететін бір ауылдағы бес баланың тағдырын суреттейтін туынды, сөз жоқ, көкейкесті, сәтті туынды. Қойылымдағы Бақытты (Сыбызғы) сомдаған Мейірғат Амангелдин, бойының қысқалығы үшін достары Пипин Короткий атаған Қасым – Ербол Тлеукенов, Қожанасыр-Аплаш – Елдос Шайкенов, Кеңірдек-Балташ –Данияр Оразаев, Шегіртке-Бал­шекер – Наурыз Сабағатова, Тау­рид Эмма Ивановна – Махаб­бат Мадғұлова, Баттал – Бахыт Хаджыбаев, мектеп директоры-Гүлсім – Айнұр Рахипова, военком – Азамат Есқұлов сынды талантты жастар өнері көз алдыңызға соғыс жылдарындағы егіс алқабының тыныс-тіршілігін шынайы елестетіп, әке мен ананың қадірін жете бағалай білуге, ел мен жерді ерекше сезіммен сүюге үндейді. Адами құндылық аздап әлсізденген қазіргідей күрделі кезеңде драмадағы мейірім мен шапағат, достыққа адалдық пен таза махаббат, ата-анасынан айы­рылған тұл жетімді бала демей, шаңырақтың шын иесі тұту сияқты қасиеттерді қалың елдің қаперіне сала отырып, өмірлік маңызды мәселені алға тартқан қойылым осы тұрғыдан алғанда, заманауи, бүгінгі күннің тынысына әбден лайық деген бағаға сай. «Тырау-тырау, тырналар» драмасына өзек етілген жазушы-драматург Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» туындысы драматургиялық шығарма ретінде қилы қырынан зерттеу нысаны бола алды, бірнеше ғылыми еңбектердің тақырыбына арқау болды. Театр сахнасына күлдібадам дүниелердің бүтіндей сіңіп кетуі екіталай десек, бұл ретте қоюшы-режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың шығармашылығы сол ойға бізді де тағы бір табан жақындата түседі. Сондықтан біз драманың көрермен тарапынан сәтті қабылданып, танылуы, екінші тынысының ашылуы бірінші кезекте режиссер еңбегінің арқасы деген тұжырымды тартынбай алға тарта аламыз. Өйткені, «Тырау-тырау, тырналар» спектаклін қай қырынан сөз етсек те, үлкен қошемет пен құрметке лайық. Осы орайда рөлдерге актерлер өте дұрыс таңдалған деу қисынды. Олардың қай-қайсысы да өз кейіпкерлерінің ішкі жан-дүниесіне еніп, онымен жымдасып, біте қайнасып, ортақ тіл тауып кеткенін көрдік. Әртістердің сыртқы келбеті, дауыс мәнері мен жүріс-тұрысы иланымды қабылданды. Әсіресе, мектеп баласының соғыс кезіндегі көңіл-күйі қаншалық ыстық сезіммен беріледі десеңші. Хабар-ошарсыз кеткен әкесінен бір жапырақ хат келмесе де үзілмеген үмітін аспандағы тырналарға жеткізіп, мұңын шаға егілетін бала – Ба­қыт­тың (Мейірғат Амангелдин) ба­сынан сипап, жанарындағы жас­ты құрғататын заман туады деген ақжарма үміт тұрады ар жағында... Астанадағы М.Горький атын­дағы орыс драма театрында премьерасы өткен спектакльдің қоюшы-суретшісі – Ерлан Тұяқов. Егін алқабындағы арба, жиналған бидайдың масақтары, шаңырақ, қол орақ, шалғы, қол диірмен, сыныптағы ағаш парталар мен тақталар көрініске жан бітіреді, сұрапыл соғыс жылдарының бейнесін көз алдыңызға айна-қатесіз алып келеді. Одан сценограф маманның көп тер төккені байқалады. Екіншіден, соғыс тақырыбының игерілуі жағынан әлі де болса солғын тартып тұратын жүзіне осы қойылым арқылы әжептәуір қан жүгіре бастағандай әсерге бөлендік. Құндыз ЕРАЛЫ, журналист. АСТАНА. Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.