• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2015

Теңдесі жоқ құрылғы

424 рет
көрсетілді

Қазақстанда тұңғыш рет құны 1 миллиард 366 миллион теңгені құрайтын қатерлі ісікті жоғары деңгейде емдейтін сәулелендіру құрылғысы іске қосылды Алматыда Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында қатерлі ісікті жоғары деңгейде емдейтін «TrueBeam» сәулелендіру құрылғысының тұсаукесері өтті. Ашылу рәсіміне Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алксандр Цой, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанат Қасымжанова, сондай-ақ республикалық деңгейдегі емдеу орындарының басшылары қатысты. Жиынды ашқан аталмыш институттың директоры, медицина ғылымдарының докторы Қуаныш Нұрғазиев құны 1 миллиард 366 миллион теңгені құрайтын бұл жоғары технологиялық аппаратты орнату 2012-2016 жылдарға арналған «Онкологиялық көмекті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылғандығын жеткізді. – Бұл бағдарлама кезінде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған болатын. Бағдарламаның жалпы бюджеті – 211 млрд. теңге. Ол 5 жылға жоспарланған. Бағдарламаны жүзеге асыру онкологиялық ауруларға душар болған науқастарға медициналық көмек көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Біз инс­титут жанынан жаңа бірегей ғимарат салдық. Оған 1,5 жыл уақыт кетті. Сөйтіп, бұл кешеннің ішіне жоғары энергетикалық жүйелік үдеткіш орнатылды. Онымен жұмыс істейтін кадрлар даярладық. Мына аппарат енді сәулелі терапия­ны өте жоғары деңгейде жүргізуге мүмкіндік береді», – деді еліміздің бас онкологі. «TrueBeam» аппаратын әлемдегі онкоау­руларды сәуле, радиохирургия, протондық және брахитерапия әдістерімен емдеу құрылғыларымен танымал Varian Medical Systems компаниясы шығарған. Бүгінде бұл компанияның 7 000 түрлі құрылғысында әлем бойынша 350 000 науқас күн сайын емделеді. Алдымен шараға қатысушылар жаңадан орнатылған «TrueBeam» құрылғысының жұмысымен танысты. «TrueBeam» сәулелендіру құрылғысы науқастың өзге ағзаларын зақымдамай, тек обыр орналасқан аймақты сәулелендіреді. Халықаралық есеп бойынша, қазір қатерлі ісіктің бірінші сатысында тұрған науқастардың 70 пайызы сәуле терапиясына мұқтаж. Ал «TrueBeam» құрылғысында науқастарды жоғары технологиялық сәулемен емдеудің заманауи, тексерілген әдістерін барынша кеңінен қолдануға мүмкіндік бар. Бұл аппараттың қосымша қалқандары науқастың обырына сәйкес түрлі формаға еніп, ісік ошағына сәуленің ең көп мөлшерін жібереді. Науқастың қатерлі ісігінің көлемі күн сайын қадағаланып, соған сәйкес сәуленің бағыты да өзгеріп отырады. Осылайша аз уақыттың ішінде нәтижелі емге қол жеткізуге болады. Ең қиын нүктелерде орналасқан ісіктерді сәулелендіруге осы аппараттың компьютерлік томографы қолданылады. Тіпті, науқастың демі арқылы ісікті емдеу әдісі де тиімді түрде пайдаға асырылады. Өзге сау ағзалар мүлдем зақымданбайды. Қосымша ауырсыну сияқты емнің зиянды әсерлері болмайды. Қазір елімізде онкологиялық аурулар өлім-жітім көрсеткіші бойынша екінші орында тұр. Жыл сайын 17 000 адам осы дерттің себебінен көз жұмады. Өз кезегінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой болашақта осындай құрылғы Астана, Ақтөбе және Семей қалаларында да іске қосылатындығын жеткізді. –Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулық саласына ерекше көңіл бөлуі отандық онкологияны жоғары деңгейге көтерді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған бағдарлама аясында үш жылдан бері талай асуларды бағындырдық. Қазір бүкіл республика бойынша онкологиялық диспансерлер замануи компьютерлермен, томографиялармен, рентгендік, эндоскопиялық және басқа да технологиялармен жабдықталуда. Онкологиялық қызметтердің 100-ден аса қызметкерлері шетелдерде біліктілігін арттырып кел­ді. Елімізде қатерлі ісік ауруларының алдын алу мақсатында 6 скри­нинг­тік бағдарлама жүзеге асырыла­ды. Олар жылына 2 млн. адам­ды қамтиды. Қазақстан қазір нау­қастарды химиотерапиямен тегін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Астана, Ақтөбе, Қарағанды, Семей және Алматыда онкологиялық диспансерлер базасында 5 жоғары технологиялық орталықтар ашылды, – деді вице-министр. Статистикалық дерекке сүйен­сек, 2015 жылдың 1 қаңтарында 150 436 адам тіркеуге алынған. Ал 2013 жылы 146 404 адам тіркеуде тұрған. Көріп отырғанымыздай, жыл сайын қатерлі ісікті ерте сатысында анықтау көрсеткіші артып келеді. Тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамту 82 пайызға жетті. Онкология саласына 2015 жылы мемлекет бюджетінен 32 млрд. теңге бөлінді. Енді «TrueBeam» сәулелендіру құрылғысының арқасында Қазақстанның онкология саласы жаңа деңгейге көтерілмек. Яғни, жаңа технология арқылы соңғы емдеу стандарттарына көшу, мамандардың біліктілігін арттырумен қатар науқастардың жоғары технологиялық емдеу әдісіне қол жеткізуіне, қысқа уақытта нәтижелі ем алып, жұмысқа қабілеттілігін сақтауға мүмкіндік береді. Орталық Азия елдері ішінде тұңғыш рет сатып алынған бұл құрылғы алдағы сәуір айынан бастап, толығымен қолданысқа беріледі. Онда күніне 60 науқасқа ем жасалады деп күтілуде. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».