• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2015

Тарихы терең ем-шара

933 рет
көрсетілді

Шығыс-тибет медицинасы – адамзаттың мыңдаған жылдар бойы ғылыми-тәжірибелік зерттеулерінің негізінде қалыптасқан емдеу саласы. Бүгінде оның көптеген құпия сырлары бар. Алайда, ол кәдімгі классикалық медицинаға қайшы емес, оны керісінше толықтырады. Шығыс-тибет медицинасының тәсілдері, соның ішінде ине терапия­сы кәдімгі медицинада кеңінен қолданысқа енуде. Дей тұрғанмен, бұл емдеудің тәсіліне еліміздегі ғылыми-зерттеу деңгейі әлі де жеткіліксіз. Біз әңгімелегелі отырған Жасан ЗЕКЕЙҰЛЫ 1967 жылы Қытай Халық Республикасының Тарбағатай ауылында дүниеге келген. 1989 жылы медицина университетін бітіріп, Шыңжаңның Күйтін қаласында еңбек жолын бастаған. Кейіннен Бейжің, Тянь-Жин қалаларында білімін жетілдіріп, «жоғары дәрежелі аға зерттеуші-дәрігер» мәртебесін алған. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары еді. Кеңшардың қойын бағып жүрген әкем аяқ астынан жиналып Атырау қаласына тартып кетті. «Қытай әйеліне барам, сол кісіден алтын ине алып қайтамын» деді. Арада 7-8 күн өткен соң әкеміз қайта оралып, жұмысына кіріседі. Артынан қытай әйеліне әжеміз де барғыш болып алды. Көктемде және күзде қытай әйеліне барам деп жүретін. Осының әсері ме, әлде денсаулықтары мықты ма, әкеміз 80, әжеміз 105 жасады. Шығыс-тибет медицинасы жөнінде жазуға оқталғанда, менің есіме осы жайлар түскен-ді. Сонау 5 мың жылдық тарихы бар Шығыс-тибет медицинасы халық арасында қазір де кең қолдау тауып отыр. Бірақ уақыт ырғағына қарай, адамдардың басым көпшілігі дәстүрлі медицинаға ойысып кетті де, тарихы әріде жатқан медицина тасада қалып қоя жаздады. Бірақ, айта кетейік, еуропалық медицинаның жасы бар болғаны 300 жыл. Бұрынғы кездері ата-бабамыз антибиотик деген ұғымды білмейтін. Ал, қол-аяғын жарақаттап алса, жарасына жапырақ таңып, емделетін. Бүгінгі күнге дейін ең мықты медицина – Қытайда дегенді жиі естиміз. Біздің елде тұрмақ, Еуропада емделуге келмейтін науқастар Аспанасты еліне барып айығып кетіп жатады. Егер сізде «шынымен де ем болады ма?» деген күмәнді сұрақтар пайда болса, онда осы орталыққа келушілер неге көп? Не себептен қарапайым халық түгілі, танымал тұлғалардың өздері Шығыс-тибет медицинасына келіп емделуде? Шығыс-тибет медицинасының ота­ны саналатын Қытайда біздің дәуі­рімізге дейінгі III ғасырда-ақ жүйелі медициналық еңбектер жарық көре бастаған.18 томдық «Хуаңды Нецузин», 12 томдық «Он Цзин» еңбектері – соның дәлелі. Сондай-ақ, 1026 жылы жарық көрген «Қола адам нүктелерінің атласы» дейтін кітаптың орны айрықша. Аталмыш кітапта емдеуге бағытталған ине қою нүктелері егжей-тегжейлі сипатталады. Сол дәуірдің әйгілі ғалымы Ван Бен-н адамның қоладан жасалған мүсініне 600 емдеу нүктесін 12 сызыққа (меридианға) орналастырып, хатқа түсірген. Оның ойынша, әр сызық адам денесінің перифериялық бөлігін ішкі ағзалармен байланыстырады. Сол замандардан бері ине емі өзінің ерекше дәрулік қасиетімен адамзаттың аман-саулығына қызмет жасап, бүгінгі күнге жетіп отыр. Тіпті, бертінгі 200-300 жыл көлемінде ине терапиясы ерекше дамуға қол жеткізді. Дейтұрғанмен, инемен емдеуді тек қана Қытай немесе Тибет халықтарына меншіктеп қоюға болмайды. Бұл адамзаттың ортақ қазынасы. Оған ата-бабаларымыз да орасан зор үлес қосты. Қазақтың қарапайым емшілігінде Шығыс-тибет медицинасымен ұқсастықтар өте көп. Мәселен, жоғары қан қысымы барлардың басынан қан алдыру, адамның сынған сүйектерін оташылық шеберлікпен қиюластырып, емдеп жазуы, өкпе ауруы­на шалдыққандарды қымыз, шұбатпен қуаттандыру, қатты тұмауратқандарды сүт қосылған суық сумен ұшықтап емдеуі, т.б. ерекше емдеу түрлері ғылыми негіздермен астасып жатыр. Атақты Ибн-Синаның өзі емдеуде нүктелік массажды көп пайдаланған екен. ...Мамыр айының іші еді. Айнала балауса көкке оранған, керілген кең дала. Тау етегіндегі сан алуан майса көктің хош иісі! Жазғы еңбек демалысын алған жас дәрігер Жасан ағайындардың жасыл жайлау төріндегі келін түсірген тойына барады. Ауылдастарымен, туған-туыстарымен сағынысып көріскен Жәкең ат бәйгесі мен көкпар тартудың, қыз қуу мен теңге ілудің қызығын тамашалайды. Тойдың дүркіреп өтіп жатқан дәл сол сәтінде бір келіншек кермедегі өз атының шылбырын шешіп, шідерін алуға еңкейе бергенде, қатарлас тұрған тарпаң мінез бір жылқы әлгі келіншекті тұп-тура бастан тебеді. Бүкіл денесін қан жауып кеткен әйелді көрген жұрттың зәресі ұшып аласапыран болады да кетеді. Мұндай жайсыз хабарды естіген Жасан да жетеді жаралы әйел жатқан жерге. Не істеу керек? Дайын дәрі-дәрмек жоқ. Ойлануға уақыт тығыз. Әрі-сәрі болмай кез келген сәтте адам өмірін құтқару –  дәрігердің бұлтармас борышы. Ол емдеу шарасына шұғыл кіріседі. Мақта мен дәкенің табылғанын медет тұтқан дәрігер кәдімгі кесте тігетін қарапайым ине-жіппен жаралы әйелдің бас терісін тіге бастайды. Тұп-тура 23 сабақ жіппен бір сағаттан астам уақытта күрделі отаны сәтті аяқтайды. ...Жасан Зекейұлының аға дәрігер атанып, Күйтіндегі үлкен емхананың 80 орынды палатасының көкірек-кеуде-бас бөліміне жауапты болған кезі. Бірде емхананың жедел жәрдем қызметі түнгі кезекшілік атқарып отырған Жәкеңе бір ауыр жаралы адамды алып келді. Бұл оқиға былай болған екен. Бір топ ұры күзетші болып қызмет атқаратын әлгі адамды пышақтап, өз пиғылдарын көксейді. Жандәрмен сақшы бөлімшесіне хабарлап үлгергенше ол қансырап жығылады. Тексеру барысында пышақтың жүрек қабынан өтіп, жүрек бұлшық етіне 0,3 мм. тереңдікте зақым келгені анықталды. Ол жылдары хирургиялық жолмен жүрек қабын ашу, ұйыған қанды тазарту бүкіл Шыңжаң бойынша бірен-саран ғана емхананың еншісіндегі тәжірибе еді. Бұл ауыр жаралыны орталыққа жіберсе, көздеген жерге жеткенше жол үсті көз жұмуы мүмкін. Осындай сәтте Жәкең көмекші дәрігерлермен тәуекелге барып, отаға кіріседі. Ұйыған қан тазарады. Ота сәтті аяқталады. Небары 10 шақты күн ғана дәрігерлердің бақылауында болған күзетші көңілін сұрап келген басшылар мен тілшілерге: – Маған екінші өмір сыйлаған Жасан сынды білікті дәрігерге мәңгі қарыздармын, – деген жүрекжарды сөзін айтады. Атамекенге орала салысымен Жасан «Жас-Ай» Шығыс-тибет медициналық орталығын ашады. – Қытайдағы оқу жүйесі мүлдем бөлек, – дейді біздің кейіпкер. – Біз университетте оқып жүргенімізде ине салу, шөппен емдеу тәсілдерін де қоса үйрендік. Қытайда 7 атасынан бері ине салу әдісін қолданып жүрген, осы ілімді түбіне дейін зерттеп, том-том кітап жазған Құн Сұн деген ғалым-дәрігер бар. Инемен емдеу тәсілі қолданыла бастағалы бергі тарихты дәуір-дәуірге бөліп, жіліктеп беретін, алтын иненің құдіретін әлемге танытқан ғалымның Қытайда мыңдаған шәкірттері бар. Ұлы ұстаздың қазақтан шыққан тәлімгері мен ғанамын. Университет бітіргеннен кейін еңбек жолымды хирург болып бастадым. Түске дейін бір адамға ота жасасақ, түстен кейін шығыстың медицина тәсілімен жүздеген адамға септігіміз тиетін. Соның мыңнан бірі ғана қазақ, қалғаны қытай. Елге оралып, осы әдісті тарату туралы көп ойлана бастадым. Бірақ елге қайту үшін бір себеп табу керек. Қытайлықтардың тегіннен-тегін жібермесі анық. Сөйтіп, мамандығыма қатысты тұстарды алға тартып, Қазақстанға ғылыми жұмысымды жалғастыру үшін барсам деген ұсыныс жасадым. Соның алдында адамдардың қылтамақ ауруына шалдығу себептері жайлы ғылыми жұмысым үшін, Мемлекеттік сыйлықпен мараптатталғанмын. Расын айту керек, осы дертпен ауыратындар, негізінен, қазақтар. Өзге ұлт өкілдері бұл ауруға көп шағымданбайды. Осы аурудың шығу тегін осы елде зерттеп келейін деген себеппен Қазақстанға келуге сұрандым. Атамекенге осылай жеттім. Әрине, мұнда бәрін жаңадан бастауға тура келді. Әуелі аспирантураға түстім. Өзгелер 3 жыл оқыса, мен 4 жыл оқыдым. Бірінші жылым орыс тілін үйренуге кетті. А.Сызганов атындағы хирургиялық ғылыми-зерттеу орталығында Қазақстанда тұңғыш рет «Хирургиялық аурулардың және операциядан соң болатын асқынуларды Қытай методикасын қолдану арқылы алдын алу және емдеу» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғадым. Маған Алматыдағы №12 орталық ауруханада отадан кейінгі асқынуларды Шығыс-тибет тәсілімен емдеуге рұқсат етілді. Енді мені Қазақстанның түкпір-түкпірінен жұрт іздеп келе бастады. Орталық ауруханада олардың барлығын қабылдауға мүмкіндігім жоқ еді. Тәртіп бойынша мен Бостандық ауданының тұрғындарын ғана қарауым керек. Сондықтан, мен жеке клиника ашқанды жөн көрдім. Несие алып, 2004 жылы осы орталықты аштым. Бәрі аяқ астынан басталды. Ертеңгілік жұмысқа келгенімде телефоным шырылдап жатыр екен. Көтерсем Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Ең­сегенов ініміз болып шықты. Аз-кем амандық сұрасқаннан кейін ол шаруа­сына көшті. «Алматыда «Жас-Ай» Шығыс-тибет орталығы ашылып жұмыс істеуде. Сіз осы орталыққа келіп неге емделмейсіз. Және орталықтың бас директоры қазір сізбен сөйлеседі» деп, телефон трубкасын Жасан Зекейұлына ұстатты. Ол да Сәрсенбайдың сөзін қайталап, орталыққа келіңіз деп айтты. Көп кешікпей, кезекті еңбек демалысымды алып, зайыбымды ертіп Алматыға жол тарттым. Орталық Алматының әдемі жерлерінің бірі Әл-Фараби даңғылы мен А.Розыбақиев көшесінің қиылысына орын теуіпті. Түске жақын «Жас-Ай» орталығына келдік. Төменде отырған кезекші журналын қарады да, біздің № 27-ші палатаға орналасатынымызды айтты. Орталық қызметкерлері бас директордың 1-2 күн болмайтынын, сапарлап Қытайға кеткенін хабардар етті. Мен «Жас-Ай» орталығында 15 күн ем алдым. Шығыс-тибет әдісі жақсы әсер етті. Шипагерлер бір айдан кейін емді жалғастыратынын да айтуды ұмытқан жоқ. Орталықтан кетіп бара жатып «Келген жанның бәріне кішіпейілділікпен, мейіріммен қараңдар! Жанына демеу болыңдар! Бұл – сендердің міндеттерің!» деген жазуға көзіміз түсті. Шіркін, осындай жазу барлық емханаларда болса адамдардың көңілін ешқашан да кірбең шалмас еді-ау. Құттыгерей СМАДИЯР, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.