“Нұр Отан” ХДП Ақтөбе облыстық филиалы ғимаратында екі күн бойы “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын жүзеге асырудың бірыңғай қабылдау күні өткізілді. Оған облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Абай Байжомартов, “Даму” қоры АФ директоры Жеделбай Мурзағалеев, облыстық экономика және жоспарлау басқармасының бастығы Қуантқан Әлімов, облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының бастығы Марат Балмұқанов және екінші деңгейдегі банктер басшылары, кәсіпкерлер, депутаттар қатысты.
Бірыңғай қабылдау күнінің ашылу рәсімінде сөз алған “Нұр Отан” ХДП Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев акцияның мақсатына тоқталды. Екі күн бойы шағын және орта бизнес өкілдерін қабылдау жоспарланғанын ескерте келіп, осы мерзімде кәсіпкерлікті дамытуға байланысты толғақты мәселелерді ортақ ойласып шешудің мүмкіндігі туғызылып отырғанына баса назар аударды.
Облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының өңірдегі жүзеге асырылу барысынан хабардар етті, осы мақсатқа бөлінген қаржының игерілу жайымен таныстырды. Оның мәлімдеуінше, бағдарлама шеңберінде облыс әкімдігі мен Экономикалық даму және сауда министрлігі арасында 629,7 млн. теңге сомасында мақсатты трансферттер бөлу туралы келісімге қол қойылыпты. Оның ішінде 197,9 млн. теңге пайыз ставкаларын субсидиялауға, 140,8 млн. теңге несиелерді кепілдендіруге, 25,0 млн. теңге сервистік қызметтерге, 50,0 млн. теңге экспортқа бағытталған өндірісті қолдауға және басқа кәсіпкерлік шаруаларға қарастырылған көрінеді. Бүгінгі таңда мемлекеттен қолдау көру үшін кәсіпкерлерден облыс әкімдігі мен екінші деңгейдегі банктерге 788.9 млн. теңгеге өтініш түскен.
“Нұр Отан”ХДП Ақтөбе облыстық филиалының “Бинестің жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша өткізген бірыңғай қабылдауына екі күнде отыз адам өздерін толғантқан сауалдарымен келіп, олардың екеуінің кәсіпкерлікті дамытуға байланысты мәселелері нақты шешімін тапты. Қабылдауға келушілердің бірқатарына бизнеспен айналысудың заңдылықтары туралы толық түсінік берілді. Мысалы, өзіне тиесілі наубайхананы кеңейтіп, торт өнімдерін шығаратын өндірістік желі алуға несие сұраған “Бихамбетов” жеке кәсіпкерлігіне бизнес-жоспар жасалып, оған қажетті қаржы 3 млрд. теңге екені анықталды. Оған 12 пайызбен несие берілетін болды. Оның 7 пайызын кәсіпкер өзі төлейді, ал қалған 5 пайызы мемлекет есебінен жабылатын болады.Өз өнімдерін Ресейге экспортқа шығаруға талаптанып жатқан “Бал-Юн” ЖШС-нің бастамасы да “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасымен қуатталды. Осындай оң шешімін тапқан мәселелер кәсіпкерлерді жаңа істерге құлшындырып, өз бизнестерін дамытуға сенімдерін нығайта түсті.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.