• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2015

Бекем бірліктің белгісі

263 рет
көрсетілді

Облыс 70-ке жуық алыс-жақын мемлекеттер­мен өзара тиімді қарым-қатынас орнатқан. Олар­дың ішінде Еуразиялық экономикалық одақ кеңіс­тігіндегі басты әріптесіміз Ресеймен арадағы экономикалық-сауда байланысы жыл өткен сайын нығайып келеді. Былтыр Кеден одағы елдерімен жалпы тауар айналымы 800 миллиондай АҚШ долларын құраса, 70 пайызы алып көршімізге тиесілі. Облыстың негізгі экспорты – ұн мен бидай. Ол жақтан машиналардың құрал-жабдықтары мен қосалқы бөлшектері, химиялық бұйымдар, тамақ өнімдері әкелінеді. Бұл орайда, шекаралас аймақтардағы делегациялар алмасу тәжірибесі, өзара ынтымақтастық туралы меморандумдардың маңызы зор, берері мол. Былтыр шілде айында түмендіктер келіп, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және басқа салалар бойынша  бірқатар келісімдер жасасқан болатын. Бұл жолы солтүстікқазақстандық делегация Түмен облысында болып, Мемлекет басшысы белгілеп берген сарабдал саясат пен бекем бірліктің белгісі ретінде достық уағдаластықтарға қол жеткізді. Ірі кәсіпорындарды аралау барысында алдымен Антипин мұнай өңдеу зауытына атбасын тіреді. Мұнда өңделетін «қара алтынның» сапасы «Еуро-5» стандартына сәйкес. 143 миллиард рубль мөлшерінде инвестициялық қаржының құйылуына қарап-ақ әлеуетінің қаншалықты екенін шамалай беруге болады. «Бентек» ААҚ-тың бас директоры Олег Федоровских Қазақстанның батыс өңірлерін мұнай-газ қондырғыларымен қамтып отыр екен. Делегация жолай тақтай зауытына соқты. Оның өзіндік себебін кәсіпорынның басшысы Тамара Кушманова тарқатып айтып берді. Ол Астанада құрылыстың кең құлаш жаюына байланысты сұраныстың өскенін, Қазақстан нарығындағы үлес 20 пайызға жетіп, 231 миллион рубльді құрағанын ризашылықпен атады. – Көрдіңіздер ме? – деді осы кезде аймақ басшысы Ерік Сұлтанов жиналғандарға қарап. – «Араласпаса ағайын да жат болады» деген. Тату екі ел арасындағы тартымды инвестициялық ахуалдың оң үрдістерін шамалау қиын емес. Бизнес қауымдастығының, кәсіпкерліктің жан-жақты тамыр жаюына Қазақстанда дұрыс ахуал қалыптасқан. Елбасы Н.Назарбаев негізін қалап, әрі қарай дамуына ұйытқы болған Еуразиялық экономикалық одақтың арқасында қай салада болсын бізде шетелдіктер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. Түмен облысының губернаторы Владимир Якушев солтүстікқазақстандық іскер топты жарқын жүз­бен қарсы алды. Күн өткен сайын әлемді қусы­рып келе жатқан дағдарыс қиындықтарына қа­ра­мастан Қазақстанды тығырықтан аман алып шы­ғу­дың дұрыс экономикалық бағытын ұстанған Н.На­зар­баевтың орнықты саясатын жоғары бағалады. – Екі тарап та шағын және орта бизнесті жан-жақты жандандыруға, инвестиция құюды экономиканың күретамырына айналдыруға мүдделі. Бұл орайда үш мемлекет арасында жасалған өзара экономикалық келісім, тың нарық көздері жаңа мүмкіндіктерге кең жол ашары сөзсіз. Қазақстан қашанда тұрақты әрі сенімді серіктесіміз болып табылады. Бүгінде өзара тауар айналымы 132,5 миллион долларды құрайды. Бұл меже – шек емес, – деді губернатор. Ерік Хамзаұлы Солтүстік Қазақстан экономикасына қаржы салудың тиімді тұстарын атап көрсетіп, түмендік кәсіпкерлерді түрлі саланы инвестициялауға шақырды. Бұған Қызылжар өңірінің табиғи ресурстары да, өндірістік қуаттары да жеткілікті. Ең бастысы, елімізде отандық бизнес­ке басымдық беріліп, серпінді өзгерістерге ие болды. Қаржылық қолдау шаралары үздіксіз көрсетіліп келеді. Қорғау тетіктері де жүйелі қарастырылған. Кездесу барысында тараптар әлемдік дағдарыс жағдайына қарамастан ынтымақтастықты жаңа салалар аясында да жалғастыру қажеттігін атап өтті.  Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер тарапынан ағаш өңдеу, машина жасау салаларына деген қызығушылық көбірек байқалды. Түмендіктерді агроөнеркәсіптегі, оның ішінде, асылтұқымды ірі қара малын өсірудегі, репродуктор шаруашылықтар құрудағы, астық өндірісіндегі жетістіктер бей-жай қалдырмады. Өңіраралық ынтымақтар аясын кеңейтуге уағдаластық жасалып, меморандумдарға қол қойылды. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларында берік түсіністік орнайтын болды. Жұмыс сапарының екінші күні делегация  мүшелері шетелдік инвесторлармен өзара іс-қимылдың алдағы межелерін талқылаған дөңгелек үстелге қатысты. Оны Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының төрағасы Сергей Нарышкин жүргізіп отырды. Жиынға келген 26 мемлекеттің өкілдері бизнестік және инвестициялық ахуалды жақсарту, күшейту мәселелерін талқылады. Е.Сұлтанов инвесторларды қолдаудың қазақстандық тәжірибесімен бөлісті. – Қазақстанда кәсіпкерлікті өрістету мемлекеттік стратегия саналады. Шағын және орта бизнеспен шұғылданатындар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында айрықша қолдауға ие. «Kyzylzhar invest» халықаралық инвестициялық форумын өткізу қорытындысында 50 миллиард теңгеге инвестиция тарту жобаланғанын айтсақ та жеткілікті. Облыстың Ресеймен әріптестігі одан әрі жалғасын табады. Оған 2016 жылы Петропавл қаласында Мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының ХІІІ форумы айтарлықтай ықпал ететін болады, – дей келіп, Ерік Хамзаұлы Президенттің қазақстандық өнімді сатып алу жөніндегі бастамасы кең қолдау тауып отырғанын жеткізді. Түмен драма театрында «Инвестиция. Индустрияландыру. Өңірлер. Ұшқырлық қисыны» II инвестициялық халықаралық форумы ұйымдастырылып, дүниежүзілік дағдарысқа қарсы әрекет ету, қолайлы экономикалық байланыс жолдарын іздестіру шаралары кеңінен сөз етілді. Осында сөйлеген сөзінде «Опора России» қоғамдық ұйымының президенті Александр Калинин Қазақстандағы тұрақтылықты жоғары бағалай келіп, инвесторлар құйған қаржының бір бөлігін мемлекеттік қазынадан қайтару тәжірибесін Ресейге де енгізу керек деген бастама көтерді. Оның бұл ойын пленарлық отырыс­та сараптау кеңесінің мүшелері, тағы басқалары қолдады. «Оцелот» өндірістік-сауда кәсіпорны ассоциациясының президенті Руслан Цицкиев Қазақстанда бірлескен өндіріс ошақтарын құрудың тиімділігіне жиналғандардың назарын аударды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.