Қиыр қонып, шет жайлаған ауылдарда шағын және орта бизнесті қалай дамытуға болады? Жалпы, елді мекендерде қандай кәсіппен айналысқан дұрыс? Әрине, халыққа күнделікті тіршілікте қажетті шаштараз, наубайхана, балабақша, дәріхана секілді бизнеспен шұғылданған пайдалы. Дүкен ашып, сауда-саттықпен айналысқанның да жөні бөлек. Дұрыс делік. Енді ой бар, мақсат бар. Бірақ қаржы жоқ. Сонда ауылдағы ағайын кәсіпкерлікпен айналысу үшін не істеуі керек? Құр қиялдың жетегіне еріп жүре беруге және болмайды. Нақты іспен айналысу үшін алғашқы капитал қажет. Мәселенің бәрі қаржыға келіп тірелгенде тығырықтан шығар жол жоқтай боп көрінетін. Дегенмен, мұның да реті табылды. Мысалы, Қызылорда облысында соңғы үш жыл бойына «Ақниет» бағдарламасы іске асып келеді.
Бағдарлама елді мекендерде бизнеспен шұғылданғысы келетін адамдарға арналған. «Ақниеттің» тікелей өмірге келуіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мұрындық болды. Ал «Лукойл Оверсиз Сервис Б.В» мұнай компаниясы қаржылай көмектеседі. Аталған бағдарлама бойынша ауылдағы ағайын 1 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы ала алады. Бастысы, өз кәсібінің пайдалы екенін дәлелдесе болғаны. Айталық, 2013 жылы «Ақниет» бойынша 77 адам арнайы грант ұтып алды. Бүгінде олардың жұмысы дөңгеленіп жүріп тұр. Ал былтыр бұл көрсеткіш 20 адамға ұлғайды. Яғни, 97 тұрғын нақты кәсіпкерлікпен айналыса бастады. Ал биыл 94 адамның бизнес жоспары мақұлданып, 1 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз ақша берілді. Сонда үш жылда 268 адам грант алып отыр екен. Бұл осыншама кәсіпкерлік нысан ашылды деген сөз. Аз ба, көп пе?
Бұрнағы күні «ЛУКОЙЛ Оверсиз Сервис Б.В.» мұнай компаниясы қаржыландыратын «Ақниет» әлеуметтік-серіктестік бағдарламасы аясында жеңімпаз атанған 94 кәсіпкерге грант куәліктері табыс етілді. Марапаттау рәсіміне Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, «Лукойл Оверсиз Сервис Б.В.» компаниясының Қазақстандағы филиалының директоры Андрей Кириллов және аудан әкімдері қатысты. Осы салтанатты шара барысында 2013-2014 жылғы жеңімпаз жобалардың көрмесі ұйымдастырылды.
Талпынысы зор болғанымен, қолдың қысқалығынан іс бастай алмай жүрген 94 азаматтың бизнес жоспары мақұлданып, 1 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы берілді. «Ақниет» бағдарламасы бойынша пайызсыз әрі қайтарымсыз үлестірілген қаражатқа Қармақшы, Жалағаш пен Сырдария ауданының тұрғындары қол жеткізді. Байқауға мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғызбасты аналар, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар мен 18-ден 30 жасқа дейінгі жастар қатысқан болатын. Аймақ басшысы жеңімпаздарды құттықтап, оларға сертификаттар табыстады.
– Облыс халқының 60 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Қайтарымсыз несие – ауылдық жерде кәсіп бастауға үлкен көмек. Сондықтан, ауылдың әл-ауқатын көтеру арқылы біз өңірдің әлеуметтік экономикалық ахуалын жақсартпақпыз. Кәсіпкерлер – елдің тірегі. Сіздерге жағдай жасау – біздің міндетіміз. Шағын және орта бизнес дамыса, кәсіпкерлік өркендесе, елде экономикалық даму да, тұрақтылық та болары сөзсіз,– деді Қырымбек Елеуұлы.
«Ақниет» бағдарламасының Қызылордада жүзеге асып жатқанына биыл үшінші жыл екенін, осыған дейін бағдарлама аясында 174 азаматтың өз кәсібін ашқанын айттық. Бүгінде олар ашқан шаштараз, наубайхана, балабақша, жиһаз және кондитер цехы, дәріханалар, тіс емдеу кабинеттері, балаларды сауықтыру орталығы, компьютерлік орталық, тігін цехы секілді халыққа қажетті қызмет түрлері ел игілігі үшін жұмыс істеп тұр. Жоспары мақұлданып, қаржысы қолына тиген мына 94 адамның да бизнес нысандары алдағы уақытта халық мұқтаждығы үшін жұмыс істейді деген ойдамыз.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.