Шекарадағы жүк көліктері жүргізушілерінің сөздеріне құлақ түрейік: “Менің бетке алған елім – Өзбекстан. Ресейдің Қараөзектегі кеденінен 2-3 сағатта оп-оңай еш қиналмастан өткенбіз, ал Қазақстан кеденінен өте алмай тұрғанымызға бүгін төртінші күн”, – деді біреуі дауыс көтере сөйлеп
Үстіміздегі жылғы маусым айының 1-інен бастап Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістердің қозғаушысы Н.Ә.Назарбаев ұсынған көршілес жатқан Ресей мемлекетімен Кеден одағы ашылып, жұмыс өз қарқынында жүріп кетті. Сондай-ақ Белоруссиямен де Кеден одағы өз жұмысын бастағаны белгілі.
Ағымдағы жылдың 30 маусымында төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясының жабылуында да бұл мәселе сөз болғаны мәлім. Сессия жұмысының қорытындысы мен алдағы міндеттер туралы баяндамасында Мәжіліс Төрағасы, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджанов: “Осы мемлекетаралық Кеден одағы бірлестігінің тиімді жұмыс істеуі үшін Парламент шамамен 40 заңнамалық акт қабылдады”, – деді. Яғни, бұл мәселе мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау тапты.
Кеден одағы іске қосылғаннан кейінгі барлық жағдайды өз көзімен көріп-білу үшін жуырда ауданымызға Парламент Мәжілісінің депутаты Ирак Елекеев сапармен атбасын тіреген болатын. Мәжіліс депутатының ауданға арнайы келуінің нақ бір себебі осы шекара мәселесі еді. Сонымен, Кеден одағына байланысты кеден бекеттерінің жұмысы нешік, қандай проблемалары бар? Қабылданған заңдарымыздың орындалу сапасы қалай? Кеден қызметкерлерінің, қарапайым халықтың көзқарасы қандай және олардың көңілінен шығып отыр ма?
Ирак Елекеев бастаған делегация құрамында “Нұр Отан” ХДП Құрманғазы аудандық филиалының төрағасы Төреміс Шәріпов және аудандық мәслихат хатшысы Рифхат Сұлтанияев болды.
Тұрмыс-тіршілігі Ресей мемлекетімен бірге астасып, біте қайнасып жатқан Байда ауылдық округінде орналасқан Кеден бекетінде қарқынды жұмыс жүріп жатқандығы байқалды. Шекарадан өту мақсатында автокөліктер кеден бекетінің екі тұсында тізіліп тұр. Автокөліктердің көбін үлкен жүк көліктері құрайды.
Келген делегацияны кеден бекеті бастығының орынбасары Олег Макпузов шекара қызметшілерінің атқарып жатқан қызметімен толықтай таныстырды. Кеден бекеті бастығы орынбасарының айтуынша, шекарадан өту жүйесіне Кеден одағы заңнамалары қабылданғанымен, көп өзгерістер жоқ. Яғни, тек тауармен келген көлікке құжат толтырылмайды, ал қалған қызметтердің барлығы да сол қалпында. Жолаушылар терминал қызметінен және өздерімен бірге қоса әкеле жатқан жүктері рентген аппаратынан өтуге тиісті. Ал көлік жүргізушілері темір тұлпарларымен қоса, тіркелу қызметінен өтуге міндетті. Яғни, көлік жүргізушінің құжаттары тиісінше болып, көлік ішіне тексеру жүргізгенде барлығы өз сапасында болса ғана, еш проблема туындамайды. Ресей мемлекеті территориясындағы Қараөзек кеден бекетінде де нақ осы қызмет жұмыс жасап келеді.
Кеденшілер “Рапискан” атты рентген аппараты үнемі бақылауда болатынын айтты. “Жолаушылардың сөмкесін тексеретін бұл аппарат көптеген қызметтерді өздігінен атқарып, біздің жұмысымызды едәуір жеңілдетеді. Оның жолаушы сөмкесіндегі заттардың барлығын да компьютер мониторында көзге айнадай көрсететін тамаша қасиеті бар. Осы құрал арқылы үстіміздегі жылдың наурыз айында Ресейден келе жатқан жолаушы сөмкесінен 3 тапанша табылды. Ал есірткі заттарын тасымалдау әлі күнге дейін орын алып көрген жоқ. Тек Ақкөл кеден бекетінде есірткі тасымалдаушы адамдар ұсталған жәйттер кездесті”, деді Олег Макпузов.
Сонымен қатар, көрші елден келе жатқан өнімдерді, мәселен, ет өнімдерін, пайдалану мерзімі өтіп кеткен азық-түліктерді тексеру мақсатында ауруға қарсы фитокарантин қызметі де жұмыс жүргізеді екен. Осы күнге дейін елімізге келген өнім ауру туғызатындығын байқатпаған.
Кеден бекетінде 2 кинолог үйретілген иттер- мен көліктерде тексеру жұмысын жүргізеді. Иттің біреуі бельгиялық “овчарка”, ол есірткі заттарын тексеретін болса, екіншісі орыс “спаниелі” – жарылғыш заттарды тексереді. Олег Макпузовтың сөзіне қарағанда, бұл иттер Ақкөл бекетінде де сұраныс бойынша тексеру жұмыстарын жүргізуге жәрдемдеседі. “Ал Құрманғазы шекара бақылау бөлімшесінде бұдан бөлек төрт кинолог маман үйретілген иттерімен тексеру жұмыстарын атқарады.
Бұған қоса, шекараны қиып өтетін көлік жургізушілері үшін едәуір қиындық туғызатын бір мәселе бар. Ол – автокөлікті сақтандыру мәселесі. Олег Макпузовтың айтуына қарағанда, екі елдің де бірде-бір көлік сақтандыру компаниясының мөрі басылған құжаты шекарадан өткенде екі тұста да жарамсыз болып табылады. Сондықтан әр жүргізуші сол елдің территориясында орналасқан сақтандыру компаниясының бөлімшелерінен уақытша өтуге міндетті. Ал егер жүргізушілер көліктерін сақтандырмаса, онда олармен жолшыбай жол полициясы қызметкерлері айналысатын болады.
Жалпы, бір көлікті иесімен және жолаушыларымен қоса толық тексеріс жүргізіп, шекарадан өткізіп жіберу үшін 1,5-2 сағат шамасындай уақыт қажет. Ал Кеден одағы ашылмастан бұрын әр көлік шекара бекетінде ең кем дегенде 3 сағат көлеміндей тұратын еді. Міне, көлікке құжат толтырмаудың пайдасы осында жатыр.
Енді шекарадағы жүк көліктері жүргізушілерінің сөздеріне құлақ түрейік: “Менің бетке алған елім – Өзбекстан. Ресейдің Қараөзектегі кеденінен 2-3 сағатта оп-оңай еш қиналмастан өткенбіз, ал Қазақстан кеденінен өте алмай тұрғанымызға бүгін төртінші күн”, – деді біреуі дауыс көтере сөйлеп. “Шынымды айтсам, бұл шүкіршілік қой, қасымдағы кейбір жүргізушілер бір аптадан бері тұр. Мамандар жұмыс жасамай отыр деп айта алмаймыз. Өйткені, қызметкер орнынан тұрмастан қызметін тиісінше атқаруда. Дегенмен, дәл осындай кеденнен 2-3 сағатта өткенде, нақ осы қызметті атқаратын екінші кеденде жеті күн бойы шекарадан өте алмау сұмдық қой”, – деді екіншісі ренішті үнмен. Иә, қарап отырсақ, “аспан жерге түскен” жаздың ыссы күндері жеті күн бойы шекара бойында тапжылмай тұру кім-кім үшін де оңай нәрсе емес екені анық. Жүк көліктері Ресеймен жалғайтын көрпірдің үстінде тізіліп тұрғанда, жеңіл көліктер өздерінің кезектерімен өтіп жатқанын байқадық. Сондықтан бұл жағдайдың мәнін түсінуге тырыстық.
Кеден бекеті бастығы орынбасарының айтуына қарағанда бұл мәселеде олардың ешқандай кінәлары жоқ. “Біздер осы жылдың қаңтарынан бастап келген әр жүк мәшинесіне “Жол жүруге рұқсат” қағазын толтырамыз. Бұл қағаз екі жыл бойына өз күшінде болады. Ал бізде бұл қағаз қазіргі таңда таусылып қалды. Қызметкерлеріміз кезекте тұрған осы жүргізушілерге келген бойда осы жағдай турасында хабарлаған еді. Бұл қағаз ҚР Көлік және коммуникация министрлігі тарапынан жіберіліп отыруы тиіс. Біз бланкі таусылар бойда дереу облыстағы Кеден басқармасына осы рұқсат қағазына сұраныс жасау керек екені жөнінде де хабарладық. Ал олар өз кезектерінде министрлікке шыққан-тын. Неліктен екенін білмейміз, жол жүруге рұқсат қағазы әлі күнге дейін келмей жатыр. Облыстағы қызметкерлерге де күн сайын телефон шалып отырмыз, алайда бәрі нәтижесіз. Сондықтан, кезекте тұрған жүргізушілердің наразылық білдірулері, әрине, орынды. Өйткені, бір парақ қағаз үшін жеті күн бойы далада тұру, әрине, әр адамның жүйкесін жұқартады”, – деді Олег Макпузов. Біреудің жоғын біреу ысқырып жүріп іздейді деген осындай-ақ болар.
Сондай-ақ көлік жолаушыларымен пікірлескенбіз. Ресейден Ақтауға бара жатқан жолаушы әйел былай деді: “Меніңше, Кеден одағы дұрыс шешім сияқты. Өйткені, арғы тұстағы Қараөзек кеденінен бері өту тез іске асқан болатын. Ақтаудың теңізін жаныма жақын тұтып, осымен екінші рет сапар шегудемін. Алдыңғы ретте кезек күтіп қалған едім, ал қазір өзіңіз көріп тұрғандай, жолаушылар тез-тез өтіп жатыр. Тек көлік жүргізушісін кішкене күте тұруға тура келеді. Ал жалпы жұмыс алға басқан секілді”.
Құрманғазы ауданында жеке кәсіпкерлер саны жетерлік. Олардың көбі Астрахань қаласынан тауар тасып, тұрғындарға ресейлік өнімдерді ұсынып келеді. Аудан орталығындағы “Адай” дүкенінің иесі Ербол Кәрімовтен тауармен шекарадан өту мәселесі жайлы сұрағанымызда, ол: “Жолаушыларға үлкен ықпалы тиіп жатқан шығар, ал тауармен өтуді қадағалау қызметі күшейе түскен. Сонымен қатар, екі кеденнен өтуге біршама уақыт кетеді”, – деді.
Осы сапарда байқағанымыз, кеден бойын жағалап ақша айырбастау мақсатында жүрген әйелдердің қылығы көрген адамды қынжылтады. Тіршілік қамы десе де, көліктердің жүруіне мүмкіндік бермей, беттерін орамалмен жауып жол бойына тұрып алған ондай жандар өзге елден келгендерге жағымсыз әсер қалдыратыны анық. Мәселен, басқа елдерде кеден территориясында осындай жұмыспен айналысып жүрген бірде-бір адамды кездестірмейді екенсіз. Кездессе, дәл сол бойда-ақ ұсталып, сотталады екен. Өйткені, ол жақта заң сондай. Біздіңше, мемлекетаралық мекеме алаңында мұндай көріністер орын алмауы тиіс. Өйткені, жолаушылар үшін арнайы ақша айырбастайтын бөлімшелер бар. Сондықтан жүргіншілерге ақшаларын ауыстыру ешқандай қиындық туғызбайды. Бұл мәселені реттеу жөнінде капитан Жайық Жүсіповке ұсыныс жасалды. Ол жөнге келтіру шараларын қарастыратынын айтып, уәдесін берді.
Су мәселесі де назар аударарлық. Ол кеден қызметкерлеріне едәуір қиындық тигізіп тұр. 500 шаршы метр жер көлемін алып жатқан кеден бекетінің территориясына тіпті бірер тал егуге мүмкіндік жоқ. Шеттен келген жолаушылардың Қазақстан туралы алатын алғашқы әсері, міне, осындай. “Көрші Кудряшов ауылында жұмыс жасайтын су айдағыш құрал арқылы жіберілетін су да бұл жерге жетпейді”, деп Олег Макпузов мән-жайды түсіндірді.
Осы жайлардың бәрін тыңдай келе Ирак Қасымұлы: “Жоғарыда айтылған проблемалардың шешу жолдарын қарастыратын боламыз”, – деді.
Жалпы, Ресеймен арадағы Кеден одағының іске қосылуы екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түседі деуге негіз бар.
Айгүл ЕРТІЛЕУОВА, журналист. Батыс Қазақстан облысы, Құрманғазы ауданы.