• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Шілде, 2010

Жақсылар қашанда мәмілеге келе алады

645 рет
көрсетілді

Қазіргі заман солай ма, нығыздалған уақыт солай ма, әйтеуір, күн сайын бір жаңалық ха­бар жетеді де тұрады. Жаңалықтар көп қой, әлбет­те, еңсемізді көтеретін, көкіректе, сана­мыз­да ел үшін, халық үшін, Елбасы үшін мақ­таныш сезімін туғызатын жаңалықтың орны қашанда бөлек. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кез­десуінде қол жеткен уағдаластыққа сәйкес 56 елдің басшылары бас қосатын саммит, ЕҚЫҰ-ның жаңа мыңжылдықтағы, ХХІ ғасырдағы алғашқы саммиті Қазақстанда, Астанада өткізілмек. Бұл не деген жаңалық! Бұл не деген шешім! Осы емес пе еліміздің дүние жүзіндегі беделі мен салмағы! Осы емес пе елімізді басқарып отырған Елбасының мерейі! Әңгіме қазақ халқының кеңпейілділігі мен қонақжайлылығында емес. Мұны да жоққа шы­ғаруға болмайды. Дегенмен, әңгіме бірінші кезекте бүкіл Еуропа елдеріне төрағалық етіп отырған Қазақстанның дүние жүзінде түсіністік пен татулық, келісім мен үйлесім болуын қалайтын саясатында болып отыр. Тағы да тәнті болып отырмыз – Елба­сы­ның алға тартқан таңғажайып идеялары, баста­ма­лары бірінен соң бірі бірте-бірте жүзеге асып, шындыққа айналып келеді: 2030 жылы Қазақстан қай жағынан да мүлдем жаңа Қазақ­станға айналады – алғашқыда утопия, қиял болып көрінген осы идеяның шындыққа жа­қындығы көзі ашық әрбір қазақстандық үшін күннен күнге айқын бола бастады. Тәуелсіз, жаңа Қазақстан он шақты жыл­дың ішінде дүние жүзі таныған жаңа астанаға ие болады. Бұдан небәрі он үш жыл бұрын айтылған осы ақиқатқа бүгінде біз ғана емес, бүкіл дүние жүзі куә. Сондай-ақ Қазақстан бү­гінде бүкіл түркі елдерінің, ТМД елдерінің ара­сынан алғашқы болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. Міне, бұл мерзімнің алғашқы жартысы да артта қалды. Жыл басында, яғни қаңтар айында Венада өткен ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалық қызметіне кірісуіне орай Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арнауы жарияланып еді. Онда Елбасы 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің, жоғары деңгейдегі кез­­десуін шақыру туралы Қазақстанның бас­та­масын ұсынған болатын. Міне, кешегі күні Ақбұлақта өткізілген ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сырт­қы істер министрлерінің бейресми кезде­суінде мұндай Саммитті осы жылдың аяғына та­ман Астанада өткізу туралы шешім қабылданды. Сөйтіп, еліміз төрткүл дүниені елең еткізген оқи­ғалар мен бастамалардың ұйытқысына ай­налды. Бәрін түптеп, талдап жатпай-ақ, кей­бі­реулерін атасақ та жеткілікті. Елбасы халқы­ның басым көпшілігі мұсылман болып табы­латын Қазақ еліне әлемдегі католиктердің дінбасы, Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-ні шақырып, қонақ қылды. Сексеннің сеңгіріне шыққан, денсаулығы сыр берген әулие елімізге еріккеннен келген жоқ. Өзі айтқандай, ұлы даланың татулығы мен келісіміне таңданып, көпұлтты мемлекетте бейбітшілікті сақтауға болатынын өз көзімен көргісі келді. Қазақ даласына, Ясауи мен Абайға тағзым етіп, елімізге: “Саған Құдайдың рақымы жау­сын, Қазақстан! Сен келешекте қарыштап да­митын ел боласың!” деп, ақ батасын берді. Әлемнің жүзден астам елдерінен келген БАҚ өкілд­ері Папаның бұл сөздерін дүние жүзіне жайды. Елбасының қолдауымен Астана қа­ласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­лері­нің үш құрылтайы өткізіліп, бүкіл әлем Қазақстандағы ұлтаралық татулық пен түсініс­тіктің, рухани келісім мен өзара үйлесімнің куәсі болды. Тағы бір бастама, тағы бір жүзеге асқан идея – бұрынғы кеңестік кеңістіктегі респуб­ликалардың интеграциясы – өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Алматыда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД), 2000 жылы Ас­танада Еуразиялық экономикалық қоғам­дас­тық (ЕурАзЭҚ) құрылса, он жылдан кейін – тағы да Астанада Кеден одағы дүниеге келді. Осы бастамалардың барлығына ұйытқы болған Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Татулық пен келісім о бастан халқымыздың қанына сіңген қасиет екені белгілі. Қазақтар ешқашан басқа елдерге шабуыл жасап, басып кірген емес. Сонымен бірге көкіректерін ешкімге бастырмай, қазақ жеріне көздерінің сұғын қадаған басқыншыларға да лайықты тойтарыс та бере білді. ХІХ ғасырда өмір сүрген Майлықожа ақын өзінің бір толғауында: Өңкей жақсы қосылса, Бітіреді кеңесті. Өңкей жаман қосылса, Шығарады егесті. Мәмілемен іс бітер Бас қосып қалса көп есті, – дейді. Жақсылар, естілер әрқашан да мәмілеге, келісімге келе алады. Өйткені олар өздерінің қа­мын, мәртебесін ойламайды, халықтың қа­мын ойлайды. Қазір де дүние жүзінде осындай келісім, түсіністік, төзімділік жетіспей жатыр. Жоғарыда айтылған арнауында Нұрсұлтан Әбішұлы қазақстандық төрағалықтың ұраны ретінде төрт “Т”-ны атап өткен болатын: “траст” (сенім), “традишин” (дәстүр), “транс­паренси” (транспаренттік, яғни ашықтық) және “толеранс” (төзімділік). Бұл арада біз Елбасының әдеттегідей өмір және тарих тәжірибесіне арқа сүйегенін көріп отырмыз. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде сөйлеген сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев аталған төрт тұғырлар негізінде ЕҚЫҰ-дағы іс­те­ліп жатқан әр алуан жұмыстарға талдау жаса­ды. Атап айтқанда, “созылмалы” қақтығыс­тар­ды реттеу мақсатында Арнаулы өкіл белсенді жұ­мыс істеуде. Әзірбайжан және Армения президенттерімен Таулы Қарабақ проблема­лары бойынша бірқатар кездесулер өткізілді. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде Қырғызстандағы саяси дағдарысты шешудің әртүрлі шараларын ойластырып, жү­зеге асыруда. Қазақстан Президенті ЕҚЫҰ-ның Ауғанстанға қатысты жаңа стратегиясын құру қажеттігін атап өтті. Осы бағытта Қазақстанда ауған азаматтарын оқыту жөніндегі құны 50 миллион долларлық білім бағдарламасын іске асыру басталды. Соған сәйкес 2010-2018 жыл­дары Қазақстанда 1000 ауған студенті оқы­тылады, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Қарап тұрсақ, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ете бастаған жарты жылдың ішінде Қазақстан тарапынан атқарылған істер сан алуан екен. Бұған ЕҚЫҰ-ға мүше елу алты мемлекеттің бәрі куә болып отырғаны анық. Қазыбай БОЗЫМОВ, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор. Батыс Қазақстан облысы.