Оның қазақ хандығы дәуіріндегі атаулары
«Шығыстың шынары» деп әнге қосып айтатын Шымкент қаласының тарихы тым әріде, кем дегенде, 2200 жылды құрайтыны ғылыми негізде анықталды. Археолог Бауыржан Байтанаев жетекшілігімен Шымкентте жүргізілген қазба жұмыстары барысында көнелігіне осындай айғақтар табылды. Бұл біздің археологиямыздың үлкен табысы деп білеміз. Қазба материалдарымен шегенделген бұл қаланың «өмір жасы» әлі де ұзара түсуі мүмкін. Мұндай жорамал айтуға негіз жоқ емес.
1890 жылы «Дала уалаяты» газетінде «Ташкент қаласы тұрасынан ташкенттік Рақым-қожа Ғали-қожа ұғлының айтқаны» атты мақала жарияланды. Бұл Шымкент қаласы атының қазақ газеті бетінде тұңғыш аталуы болса керек. Онда ерте ықылым заманда Қазақстан мен Орталық Азияда қалалар болмағаны, қала, кенттерді Афрасияб салғызғаны айтылады: «Сол уақыттарда Түркістан жақтарында үлкен-кіші қалалары болмай, ол уақыттағы халықтардың бәрі де шаһар-күрке, жер үйлерде тұрған екен. Осылай қылып Тұран халықтары неше жылдай тұрыпты... Салар-Түркан, яғни Афрасияб дегендер келіп Түркістанды бұлардан тартып алып өздеріне мүлдем қаратып алған соң бек көп халықтар жиылып, арнап арықтар шығарып, қанша қыстаулар, кенттер болмағына себеп болды... Мұнан соң Түркістанда көп кенттер салып, әрқайсысының бас-басына былай деп ат қойыпты: Зәркент, Фаркент, Піскент, Шымкент, Фанакент, одан өзге кенттер».
Міне, осы аңызға қарасақ, Шымкент қаласының негізін сонау атақты қаһарман Афрасиябтың өзі қалаған және қаланың атын тарихи тұлғаның өзі қойған болып шығады. Бұл аңызда Афрасиябтың аталуы Шымкентті сонау атақты тұрлар дәуіріне апарады, яғни қала іргесінің қалануы 2200 жылдан да әріге кетіп қалады. Тұрларды парсы деректері сақтар, грек жазбалары скифтер деп атағаны белгілі.
Көптеген көне қалалар ескі деректерде бірнеше атаулармен белгілі болған. Мысалы, Отырар – Фараб, Түркістан – Ясы, Азрет, Хазретті Түркістан, Тараз-Талас – Әулиеата, Ташкент – Шаш, Самарқанд – Мараканда. Біз әдетте Шымкенттің бір ғана атауын білеміз. Осы атауды да бастапқыда кейбір зерттеушілер Ташкент – «тас қала» үлгісінде пайда болған урбоним, яғни «шымнан салынған қала» деп қате түсіндіріп келді. Шымкент урбонимі «шымнан көтерілген қала» деген мағынаны білдірмейді, оның «жасыл қала», «шым жерде орналасқан қала» екенін кейінгі ғылыми еңбектерде жер атауларын зерттейтін бір топ маман дәлелдеді.
Шымкенттің ерекше жасыл қала екенін Кеңес өкіметі орнамай тұрып-ақ шыққан жарияланымдарда атап өтіледі. Мысалы, 1915 жылы жарық көрген «Қазақ» газетінде Зәкір Ғайсин деген зиялы азамат Шымкенттің егінге, бау-бақшаға жайлы екенін қызыға жазады: «Шымкент қаласы – ауасының тазалығы, жерінің егіске қолайлылығымен Сырдария облысында бірінші жер. Қаланың оңтүстік жағында үш шақырым шамасында Қошқар ата дейтін әулиенің зираты бар. Соның түбінен аққан күмістей жылтыраған таза бұлақ суы бұралып қаланың тап ортасынан жарып өтеді. Құдайдың адам балалары үшін тегіс пайда көріп, бау бақша өсіріп, қаланы безендіріп көркейткен халық – орыстар, одан кейін сарт бауырларымыз екен. Ал біз мұнда 25 февральда болып едік. Қаланың сырт жағына шығып жүрдік. Жер жүзі түрлі шөптер бәйшешектермен қапталып, масатыдай құлпырған. Аспанға қарасаң түрлі-түрлі әнге басқан құстар. Мұның бәрі бізге май айын еске түсірді».
Қалада алғаш болған осы автордың негізгі ойына қосыла отырып, бірақ оның Шымкентті жасыл қала еткен орыстар деп жазғаны тарихи деректерге қайшы келетінін айта кеткен жөн. Шымкенттің бау-бақшалы шырайлы мекен екенін Ресейге енді қараған кезде-ақ, яғни ХІХ ғасырдың екінші жартысында қалада болған орыс саяхатшылары атап өтеді. Мысалы, 1866 жылы Шымкентте болған жазушы А.К. Гейнс қаланы былай сипаттайды: «Шымкенттің сыртқы көрінісі өте қызық... Әрбір үй айналасына ағаштар егілген. Олар шарбақ сыртына шығып көше бойы арнайы отырғызылған аллея сияқты. Кейбір көшелерде биік теректердің, сәмбіталдардан түскен қою көлеңке үнемі болатын сияқты. Шымкентті аралап шығып талы, ағашы жоқ бірде бір ауланы кездестірмедім». Одан бір жыл кейін келген атақты суретші В.В. Верещагин қала туралы мынадай жазба қалдырған: «Шымкент баулардың астында қалған. Алыстан тек ағаш теңізі және жартылай бұзылған қамал басы көрінеді». Шымкенттің орыстар келмей тұрғанда да баулы жасыл қала болғанын осы жазбалар айғақтап тұр.
Шымкент қаласының атауы алғаш рет ХV ғасырда «Зафар-наме» атты Шараф ад-Дин Али Йаздидің жазба нұсқаларының беттеріне түскені белгілі. Шығыстанушылардың пікірінше, бір қолжазбаларда Чими-Кент, екіншісінде Чаманкент болып жазылыпты. Соңғы үлгідегі «чаман» сөзі тәжік пен парсы тілдерінен аударғанда «шым», «алаң» дегенді білдіреді екен. Қазіргі қазақ тілінде бұл сөзге жақын «шабын, шабынды, шабындық» деген сөздер бар. Яғни, кейбір көне нұсқалардағы Шымкенттің Чаманкент атауы да шымды, жасыл қала дегенді білдіреді. Шымкент атауының екінші бөлігі – кент сөзі туралы ғылыми әдебиетте аз жазылмаған. Түркі тілінде алғаш кент сөзінің мағынасын түсіндірген Махмұд Қашғари болатын. Ол оғыздарда елдімекен атауы, ал жалпы, түрік үшін бұл ұғым қала дегенді білдіреді деп көрсетеді. Кент сөзінің этимологиясы туралы жазғандардың барлығын қайта тізіп келтіріп жатуды артық көріп отырмыз. Біз тек Құрбанғали Халидидің «Тауарих хамса» атты еңбегіндегі мына пікірге назар аударғымыз келеді: «Қазақтар қоршаулы елді «қорған», базарлы жерді «кент» дейді». Яғни, аймақтың сауда-саттық орталығы болып табылатын елді мекендерді қазақтар осылай атаған. Жалпы, Қазақстан аумағында сонау қола дәуіріне жататын алғашқы қала іспетті (протогород) ескерткіш орны Кент деп аталатыны жәйдан-жәй болмаса керек.
Кейбір ғылыми зерттеулерде Шымкент қаласының орыс деректерінде алғаш аталуын әдетте ХІХ ғасырға жатқызады. Бұл – қате көзқарас. Біз осыдан 20 жылдай бұрын көрсеткеніміздей, Шымкент қаласы алғаш 1691 жылы орыс құжатына Чимыгэт үлгісінде қағаз бетіне түскенін жазған болатынбыз (Қожаев М. Шымкент ХVІІ ғасырда // Жібек жолы журналы, 1994, № 13-17). В.А.Моисеевтің 1991 жылы жарияланған «Джунгарское ханство и казахи ХVІІ-ХVІІІ вв.» атты монографиясында жоңғар мен қазақ хандықтары арасындағы соғыстар сипаттала келе, 1691 жылдың наурыз айында жоңғар елшілері Аюка-Кашка мен Очин-Кашканың Иркутск қаласының бастығы Л.И. Кислянскиймен болған әңгіме баяндалады. Онда елшілер жоңғар қонтайшысы Қалданның ламаистік дінді тарату мақсатымен қазақ жеріне жасалған жорығын баян етеді. Аюка-Кашка мен Очин-Кашка осы соғыс барысында қазақ ханы Тәукенің бірнеше қаланы басып алғаны, олардың ішінде Сайрам, Менкент, Қараспан, Чимыгэт, тағы басқалар екені аталады. Осы он бір қала тізімінде бесінші болып аталған «Чимыгэт» Шымкент екені күмән тудырмайды. Оның атауы дерекке бұрмаланып түскен деп санаймыз. Жоңғарлардың Түркістан қаласын онда Тәуке ханның өзі әскермен отыруына байланысты ала алмағаны, Ташкент өз еркімен қақпасын ашып алым салық төлегеннен аман қалғаны, елшілер басқа аталған қалалардың барлығы қарсылық көрсеткен соң талқандалғанын, тұтқынға Тәуке ханның бір ұлы түскенін хабарлайды. Яғни, жоңғар шапқыншылығы кезінде шымкенттіктер басқа қалалықтар сияқты жаумен аянбай соғысып сол үшін қаланың қиратылғанын байқай аламыз. Осы деректе – Шымкент ауыл-қыстақ емес, қала, шаһар ретінде аталуымен құнды.
Оңтүстіктегі қалалардың өркендеуіне Тәуке хан тұсында көп жағдай жасалса керек. Бүкіл қазақтың мемлекеттік мәселелерін талқылау үшін қазақ элитасы Түркістанда, Шымкент, Сайрамның қасындағы Мәртөбеде жиналып отырған. Н.И. Гродековтың қазақ билерінен жазып алған мәліметтерінде «Үш жүздің үшеуі де жыл сайын кеңесу үшін Мәртөбенің басына жиналатыны» айтылады. Яғни, Шымкент қаласы орыс деректерінде Қазақ хандығы дәуірінде, дәлірек айтсақ, ХVІІ ғасырда, Тәуке хан кезіндегі оқиғаларға байланысты аталған тәрізді.
Шымкент ХVІІІ ғасырдың басында Ташкенттік саудагер Н.Алимовтың мәліметінде Сайрамнан кейін аталған Чимин атты қала болып келтірілген. Чимин Шымкенттің қағазға бұрмаланып түскен атауы. Онда ол Ұлы жүз ханы Жолбарыс (1720-1739) алым-салық жинайтын қалалар тізімінде аталады. Мұны біз қазірше орыс деректеріндегі Шымкенттің екінші аталуы деп түсінуіміз керек. Бұл қала ХVІІІ ғасырда да қазақ хандарына қарасты болғаны құжаттарда нақты көрсетуімен де маңызды. Ал 1758-1759 жылдары Қазақ еліне келген қытай өкілдерінің есептерінде Ćimken үлгісінде жазылған.
Қазақ ауыз әдебиет үлгілерін жинаушы Әбубәкір Диваев атақты қазақ ақыны Майлықожадан жазып алған «Шора батыр» туралы тарихи әңгімеде Шымбастау деген жерді атап, оны Шымкент қаласы деп көрсетеді. Осы шығармада әулие Мұхаммет Дәруіш ата аталады. Мұндай әулиенің кесенесі Шымкент шаһарында болғанын, кеңестік дәуірде оны жермен жексен етіп бұзып тастағанын көпшілік біле бермейді. Шымбастау да жасыл, шымды жер екені, оның Шымкенттің бір атауы екені байқалады. Яғни, жоғарыда келтірілген мысалдардың барлығы Шымкент атауының шығуы, оның тіршілікке өте жайлы суы мол, шымды жерде орналасқанын көрсетіп тұр.
Шымкент атауы Кенесары көтерілісіне қатысты 6 маусым 1840 жылғы жазылған құжатта кездесетініне де назар аударғымыз келеді. Бұл орыс әкімшілігіне Токин болысы сұлтанының хат жазушысы Құдайқұл Майлыбаевтың Кенесарыда тұтқында болғаны, осыдан Созақ, Ташкентке қарасты біраз жерлерді шарлап шыққаны баяндалатыны оның жазбаша түсінігінде кездеседі. Осы құжатта ол «бүлікшіл» Кенесары қазір Чим қаласында деп көрсетеді. Құжат тілімен сөйлесек, «Мятежник Кенесары, как он слышал, удаляется ныне в пределы Хивы, опасаясь преследования отрядов, и находится ныне в городе Чиме». Біздің пікірімізше, осы жерде аталған «город Чим» деген атау Шымкентке сай келеді. Қазір де Шымкентті Шым қала деп атау кездеседі.
Ал ХІХ ғасырдағы қоқандық «Тарих-и Шахрухи» атты жазба деректе «Ескі-Шымкент» аталады. Осыған қарағанда Ескі Шымкентпен қатар Жаңа Шымкент болуы тиіс. Бұлар қазіргі Шымкенттегі жаңа шаһар мен ескі шаһар сияқты қала бөліктері болған деп түсінуіміз керек.
Шымкент қаласының ертедегі аты кейбір зерттеушілердің пікірі бойынша Нуджикент (кейде Нужкет үлгісінде), қытай деректерінде осы қала орналасқан аймақ шаһар атымен Нучицзянь деп аталыпты. «Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелерінің» І томында «Да Тан Сиюй цзи» атты еңбекті аударушы және түсініктемелерін жазған С.Сұңғытайдың пікірінше, Нучицзянь, Нушицзе, Синьчэн, Сяошиго (Кіші Шаш) атауы араб-парсы деректемелеріндегі Nujakath (жаңа қала), Nujabahkend (ақсүйектер қаласы) дегендерге сай келеді. Бұл қала орны қай жерде, қазіргі қай қалаға сай келеді деген сұраққа қытай ғалымдары қазіргі Шымкент немесе Ташкент түбіндегі Ханабад қаласы болуы мүмкін деп жорамалдайды екен.
Шымкент қаласының көне атауларына назар салғанда атақты ақынымыз Майлықожаның мына жолдарына ерекше көңіл бөлу керек:
«Жеті кенттің біреуі
Шымкент пенен Сайрамы».
Шымкент қаласын Жеті кенттің біреуіне жатқызу – бұрын зерттелмеген мәселе. Алайда, нақты деректердегі мәліметтер Жетікент біздің Оңтүстік Қазақстан аймағында болғанын көрсетеді. Оны Шәді төренің Абылай хан Ташкентке жорық жасамай тұрып Жеті кентті өзіне қаратқаны төмендегі өлең жолдарынан байқалады:
«Ташкеннің Шымкент шаһары жолында еді,
Әкімі өзі бастап алып келді.
Ордаға Абылай ханды түсіріп,
Неше күн бар қосынға тағам берді.
Шымкентте қарар алып аз күн тұрып,
Одан да жүріп кетті жолға кіріп.
Ташкенде фарманашы Абылай ханнан,
Тұрады жансыздардан хабар біліп.
Ханменен ұрыспаққа көңілі кетті,
Бекітіп дарбазасын меһкам етті.
Шаһардың әр шетіне топ орнатып,
Әр түрлі аспаптарын құп түзетті.
Бағзының ұрыспаққа көңілі кетті,
Бағзысы қарамақты қабыл етті.
Ат қойған Хожанияз бір қариясы,
Бұл түрлі халық ішінде сөз көрсетті.
Абылай хан жеті кентке бұрын келді,
Ұрыспай оның халқы үкіміне енді».
Ш.Уәлиханов Абылайдың Ташкент және Ходжентпен соғысы барысында оның Жеті кентті алғанын жазды: «увенчалась взятием семи городов». ХІХ ғасырдың басында орыстар жасаған және «Изображающую степь прилегающую к Российской границе и занимаемую Киргиз-кайсаками большой, средней, и малой орды...» деген картада Арыс пен Бадам өзені ортасында қала белгісі салынып оны «гор. Житы Кент» деп көрсеткен. 1867 жылы Шымкент уезі туралы жазылған орыс тілді бір мақалада осы аймақта «Джетыкенд (семиград)» атты қалалардың бары, оларға Шымкент, Сайрам, Манкент, Қарабұлак, Қарамұрт, Султанрабат, Джанганглык жататыны көрсетіледі. Яғни, Жетікент деп Шымкент және оның айналасындағы елді мекендер аталған.
Жетікент атауын Мұхаммед Хайдар Дулати шығармасынан да кездестірдік. «Тарих-и Рашиди» еңбегінде темірлік билеуші Әбу-Саид Моғолстанда өзін жақтаушы Жүніске 1457-1458 жылдары иелікке Йатикентті бергені айтылады. Ғылыми әдебиетте бұл қала Ферғананың шығысында деп саналады. Ферғанада шынымен аттас қала болған, ол соғдыша Хафт-дех, яғни «Жеті елдімекен» делінген. Алайда, Орталық Азияның ортағасырлық тарихында аттас қалалар, аймақтар кездеседі. Мысалы, Отырардағы Фарабтан басқа Ферғанада тағы Фараб қаласы болған.
Қадырғали Жалаири еңбегіндегі Йетти-Кент атты қала туралы мәтінге қарасақ, (Н.Н. Минғулов аудармасы бойынша) онда Шу, Талас, Ыстықкөл, Текелік, Алмалық, Іле, Қаратал атты су-өзендер аталып, Йетикент сол тарапта деп көрсетіледі. Аталған өзендердің бірде-бірін Ферғанаға жатқызу мүмкін емес. Яғни, бұл жерде аталып отырған Йетикент-Жетікент Талас аңғарына, Жетісуға жақын. Расында, Шымкент пен оның айналасында орналасқан ескі қалалар аймағы Талас өзені орналасқан Жамбыл облысымен шекаралас жер.
Біздің пікірімізше, Жетікент деп бір қаланы емес, көп қалалар шоғырланған аймақ аталған. Қазақстанда Жетіжар деп нақты жетіден көп жары бар жерді, Жетікөл деп көп көлдер бар жерді белгілеген. Жетісу деген атаудың өзі нақты жеті өзені бар өлкені белгілемейді, ол суы, өзені көп аймақты белгілейді. Арыс пен Бадам арасы көне қалашықтар қалдықтары көп аймақ екені белгілі.
Буддалық монах Сюань-Цзанның 629 жылы Үндістанға жасаған саяхатының жазбаларына назар салсақ, Тараз, Ақсу, Күнгу мен Ташкент арасындағы аймақты сипаттай отырып, мұны Нуджекет мемлекеті деп суреттейді. Қытай деректемесі бойынша, «Жері құнарлы, егіншілікке қолайлы, от-шөп, орман-тоғай, гүл-бәйшешек пен жеміс-жидекке аса бай, сондай-ақ, тым құнды бағаланатын жүзім де көп өндіріледі. Бұл елде жүзге тарта елді мекен (кент) бар, олардың әрқайсысының өз билеушісі бар. Әр қаланың (кенттің) өз билігі өзінде, бір-біріне өзара тәуелді емес. Әр қаланың өз алдына жеке шекарасы болғанымен, алайда, олар біртұтас Нужкет мемлекеті деп аталады». Табиғи ортасы Шымкент қаласы мен оның айналасына дәл келетіні байқалады.
Таяуда шығыстанушылар Атығаев пен Жандосова Иранда сақталған Алам-ара-йи Шах Исмаил Сафави қолжазбасында қазақтың ханы Қасым «мыңдаған қала мен елдімекендер бар» аймаққа өз әкімдерін қояды және ол далалық аймақтың оңтүстігінде, Ташкент пен Баркентке дейінгі аумақта деген мәлімет тапты. Яғни, бұл «мыңдаған қала мен елді мекендер бар» аймақ Ташкентпен шекаралас жатқан қазіргі Оңтүстік Қазақстан жері, оның қалалары.
Енді мына байланысқа назар салайық. Ескі қытай жазбаларындағы «жүзге сай елдімекені – кенті бар аймақ» – Нужкет, қазақтың көнекөз зиялылары айтқан көп кентті, көп елді мекенді аймақ ұғымын білдіретін Жетікентке, оның бірі болған Шымкентке сай келіп тұр. Яғни, орта ғасырдағы деректерде кейде нақты Шымкент деп аталмаса да Жетікент деген ұғым ішінде Шымкент қаласы бар деп санауға негіз бар.
Сонымен, Шымкент қаласының ортағасырлық және Қазақ хандығы дәуіріндегі атаулары мыналар деп айта аламыз: Чими-Кент, Чаманкент, Шымбастау, Чимыгэт, Чимин, Ćimken, Шымқала, Нучицзянь, Нушицзе, Синьчэн, Сяошиго, Nujakath, Нужкет, Жетікент, Йети-Канд, Йети-Кент. Бұл атаулар шетелдік елшілердің, саяхатшылардың, қызметшілердің тілдеріне орай өзгертіліп отырған. Жаңа табылған деректер Шымкент қаласының Қазақ хандығы құрамына ХVІ ғасырда Қасым хан тұсында қарағанын көрсетеді. Қазіргі белгілі болған тарихи мәліметтер Шымкенттің Тәуке хан, Жолбарыс хан, Абылай хан билік жүргізген кезеңдерде белгілі қала болғанын айғақтап тұр.
Мұхтар ҚОЖА,
тарих ғылымдарының докторы,
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры,
Ержан ЕСЖАН,
тарих ғылымдарының кандидаты, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының директоры.
Оңтүстік Қазақстан облысы.