• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Тамыз, 2015

Жер шарын қауіпсіз мекен жасайық

565 рет
көрсетілді

Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялағаны мәлім. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздану идеясының аясында атомды бейбіт мақсатта қолдану шаралары жыл өткен сайын жанданып, тамырланып келеді. Әсіресе, елімізде атаулы күн қарсаңында түрлі іс-шаралар өтіп жатады. Осы орайда Курчатов қаласының әкімі Нұрбол НҰРҒАЛИЕВПЕН әңгімелескен едік.

Келешегі кемел Курчатов

– Нұрбол Жолдасбекұлы, өзіңіз жетекшілік ететін Кур­чатов қаласы бүгінде ядролық саланың ғылыми орталықтарының біріне айналды. Бұл бағытта қалада қандай нақты жобалар қолға алынды? – Курчатовта еліміздің Ұлттық ядролық орталығы орналасқанын білесіздер. Аталған орталық «Атом саласы және өнеркәсіптің өзге салаларының ҒЗИ мен РАҚ қайта өңдеу және ұзақ мерзімді сақтау бойынша республикалық орталығын құру» жобасы бойынша жұмыс жүргізуде. Жобаның мақсаты – радиоактивті қалдықтар мен иондалушы сәулелену көз­дерінің қоршаған ортаға ықпалын төмендету болып табылады. 2016-2019 жылдар аралығында жүзеге асатын жоба негізінде қосымша 100 жұмыс орнын құру көзделген. Тағы бір маңызды жоба – қала­да дозиметрияның кешенді республикалық орталығын құру бойынша жұмыс басталды. Бұл жоба Қазақстанның 2020 жылға дейінгі кезеңін есепке ала отырып, 2011-2014 жылдарға арналған атом саласының даму бағдарламасына және моноқалаларды дамыту бағдарламасына енгізілген. Ин­вестициялық жоба Қазақстан аза­маттарының радиациялық сәу­лелену дозасын есепке және бақылауға алады. Жоба құны – 3,1 млрд. теңге. – Курчатов қаласының жанындағы жер телімдерінің радиациялық әсері толық зерттеліп болды ма? – Елбасының 1992 жылғы 15 мамырдағы «Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Ұлттық ядролық орта­лығы және атом энергиясы бойын­ша агенттігі туралы» №779 Жарлығына сәйкес Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталығы құрылып, жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда Ұлттық ядро­лық орталық құрамына 4 бөлімше кіреді, олардың үшеуі Курчатов қаласында орналасқан. Атап айтқанда, «Атом энергиясы институты», «Радиациялық қауіпсіздік және экология институты» және «Байкал» кәсіпорыны бөлімшелері. Ал «Жарылыс жұмыстарын жүргізудің Қазақ мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығы» бөлімшесі – Алматы қаласында. 2004 жылдан бері «Радиация­лық қауіпсіздік және экология институты» Ұлттық ядролық орталықтың өзге институттарымен бірлесе отырып, «Қазақстан Республикасы аумағында радиациялық қауіп­сіздікті және бұрынғы Семей сынақ полигонының қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізеді. Бағдарламаның мақсаты  – бұ­рынғы Семей сынақ полигоны аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.  2008 жылдан бас­тап аталған аумақта полигонның жер телімдерін шаруашылыққа пайдалануға беру мақсатында кешенді радиоэкологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Кешенді экологиялық зерттеуді Қазақстан Республикасы Тәуел­­сіздігінің 30 жылдығы мере­келенетін 2021 жылы аяқтау жоспарлануда. Қазіргі таңда сынақ полигонының жалпы аумағы 6060 шаршы шақырымды құрайтын 30 пайызына зерттеу жүргізілді. Бұл жерлер ауыл шаруашылығына жарамды ма деген сауал бар. Жер телімдеріне зерттелгеннен кейін бірқатар іс-шаралар кешені жүргізілуі тиіс. Яғни, құзыретті органдардың қорытындылары, қоғамдық тыңдаулар, Үкімет қаулысы сынды шаралардан кейін ғана полигон аумағындағы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына ауыстыру мәселесі шешілетін болады. – Қаланың әлеуметтік-эко­номикалық дамуында қандай шаралар атқарылуда? – Курчатов – еліміздегі белсенді дамып келе жатқан жас қалалардың бірі. Моноқалаларда өнеркәсіп өндірісінің көлемін арттыруға «зәкірлі» инвестициялық жобалар арқылы қол жеткізу жоспарланып отыр. Соның бірі, кесек әктас өндірісін ашу. Құны 1114,3 млн. теңге тұратын жобаны жүзеге асыру арқылы 157 жұмыс орнын құруға болады. Сондай-ақ, әктасты ұсақтау-іріктеу кешені арқылы 10, 20 және 100 миллиметрлік бөл­шектерге бөліп, шикізат түрінде өткізу жоспарланған. Толық қуа­тына жеткен кезде жылына 99 мың тонна әк және 53 мың тон­на ұнтақталған әктас өндіру қарастырылған. Курчатов қаласында Ин­дус­трия­ландыру картасы шең­берінде «Радиациялық тігілген полиэтилен және термоқондыру манжеттері мен таспалары өндірісін құру» инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобаға «Kazfoam» ЖШС кәсіпорыны қатысуда. Ал «Рекорд ЛТД» ЖШС «Шина зауытын және резина-техникалық өнімдер комбинатын салу» сынды тартымды жоба ұсынып отыр. Жалпы құны 200 млн. долларды құрайды. Жобаның негізгі мақсаты нарықты жергілікті өнімдермен толтыру және аталған өндірістік кешеннен табыс табу. Курчатов қаласы әкімдігі мен «Рекорд LTD» ЖШС арасында ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру мақсатында екі жақты меморандумға қол қойылды. Аталған серіктестік 56 адамды түрлі мамандықтарға оқыту үшін Бейжің қаласына жібермек. Өндірістік кешен өз қуатына жеткен кезде түрлі мамандықтары мен біліктіліктері бар үш мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылады. – Елімізде атом стансасын салу жөніндегі бастамаға байланысты Курчатов реакторлары пайдаланыла ма? Бұл қан­шалықты қауіпсіз деген сұрақ көпшіліктің көкейінде жүр... – Курчатов қаласы АЭС са­лу мүмкіндігі бар алаңдардың бірі ретінде таңдалып алынды. Ал қаладағы ескі реакторларды іске қосу атом стансасын салу жоспарымен байланысты емес. Бұл реакторлар мүлдем басқа мақсатта құрастырылды, яғни зерттеушілік мақсаттағы реакторлар. Қазіргі таңда Ұлттық ядролық орталығы қолда бар реакторлардың толық пайдаланылуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Жаңа АЭС салу үшін реакторлардың екі түрі қарастырылған: ФИЦК 1350 және AP 1000. Дәл осындай реакторлардың Жапония­да бесеуі, Тайвань мен Қытайда екеуі бар және АҚШ-та салынуда. Реакторлардың қауіпсіздік деңгейі III+. Сондықтан, қоршаған орта үшін қауіпсіз. Жалпы алғанда, әлемде 388 энергетикалық ядролық реакторлар жұмыс істейді. АЭС қауіпсіздігінің жоғары деңгейі көптеген факторлар арқылы қамтамасыз етіледі. Негізгі­лері – реакторлық қондырғының өзін өзі қорғай алуы, қауіпсіздіктің бірнеше деңгейлерінің болуы және қауіпсіздік арналарының бірнеше мәрте қайталанып отыруы. Сондай-ақ, белсенді (демек, адамның араласуын қажет ететін және энергиямен қамтамасыз ету көзі бар) және пассивті (оператор мен энергия көзінің араласуын талап етпейтін) қауіпсіз­дік жүйелерінің де қолданылаты­нын атап өтуіміз қажет. Сонымен қатар, стансаларда уақыт айналымы­ның барлық кезеңдерінде қауіпсіз­дік жүйесі әрекет етеді. Яғни, алаңды таңдап алудан бастап, атом қуатын пайдалануға дейінгі аралықты қамтиды. Атом қондырғыларының тіке­лей өзіне байланысты ядролық қауіпсіздік туралы айта алмай­мын. Бұл – жеке тақырып. Реак­тор­лардың жетілдірілуінің арқасында олардың қауіпсіздігі өте жоғары деңгейге жетті. Қалыпты режім­де жұмыс істейтін АЭС-тің ра­дио­активті қал­дықтары рұқ­сат етілетін дең­гейден ондаған, жүздеген, ал кей жағдайларда тіпті миллиондаған есе төмен бо­лып табылады. Осы жағы­нан алып қарағанда, АЭС іс жүзінде экологиялық таза өндіріс болып табылады. Әңгімелескен Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан».  Шығыс Қазақстан облысы, Курчатов қаласы.