• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Шілде, 2010

Солтүстікқазақстандық жоба

403 рет
көрсетілді

демографияны деміктірмеуге арналыпты, ол өзгелерге үлгі болса, қане! Қазір көп жұрт елдің ертеңі, ұлттың болашағы, халықтың алтын діңгегі ұрпақтан гөрі бақ пен байлыққа талпынып, үй салып, оның ішін балаға емес, жиһазға толтырып, сенен кем емеспін, артықпын деген секілді бәсекелестіктің пенделік түріне бой үйретіп бара жатқан секілді. Небір алып үйлердің ауласынан бірлі-жарым бала көретін уақытқа кез келдік. Баяғыда жатаған үйлердің жан-жағында шүпірлеген бүлдіршіндер жүретін еді. Солардың арасынан шыққан небір арыстар бұл күндері қазақтың абыройын асырып, мәртебесін көтеріп жүр. Кейде төмендегідей сөзді құлақ шалатыны бар. Ол – ұрпақ өсіруде сапаны алға шығарайық дегенге саяды. Рас, сапа керек. Бірақ сан болмаған жерде сапа қайдан бола қойсын. Атам қазақ “Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар” демейтін бе еді. Ал жүз бен мың жоқ, бірлі-жарымның бәрі жүйрік пен тұлпар болады дегенге кім сене қояр екен? Кейде сол әспеттеген бірлі-жарымның арасынан сенімге селкеу түсіріп, үмітті ақтамай, әттеген-аймен тіл тістетіп жүрген жоқ па?! Осы бір қиын түйін мәселені Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі жан-жақты ойластыра келіп, жақсы жоба жасапты. Ол осы жылдың қыркүйек айынан бастап кәмелетке толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасының кәмелетке толмаған әрбір ұл-қызына банктен депозит ашып, 1500 доллар салуды жүзеге асырмақ. Бұл осыған дейінгі бастамалардың ең бір атаулысы деуге тұрарлық. Төрткүл дүниедегі біраз мемлекеттер бала тууды арттырудың әртүрлі жолдарын қарастырып келе жатқаны мәлім. Бір ел экономикалық жолымен, яғни қаржылай көмектесуді қолға алса (АҚШ, Сауд Арабиясы, Малайзия, Ресей), екінші бір ел құқықтық жағынан, яғни жасанды түсік жасауға түбірімен тосқауыл қою арқылы (Түркия), үшінші бір ел әлеуметтік жағынан ынталандырады, оған балабақша, аурухана, мектеппен толық қамтамасыз ету жатады. Міне, осындай әлемдік жөн-жоралғыны солтүстікқазақстандық азаматтар бастап, өрке­ниет­тің көшбастаушысы саналатын АҚШ-тың үлгі­сін өмірге енгізіп отыр. Мұның да өзіндік себебі жоқ емес. Отанымыз бойынша аталмыш об­лыс­та бала саны азайып бара жатқаны туралы әркез дабыл қағылатын. Мәселен, мың адамға шақ­қанда бала туу көрсеткіші онда он үш те үшті құрайды. Егер ел азаматтары жоғарыдағыдай қа­дамға қол артпаса, ол өңірдегі елді мекендер бір­те-бірте қысқара берері еш күмән туғызбайды. Қазірдің өзінде болашағы жоқ деген желеумен 50-ге жуық ауылдың тарыдай шашылып қалғаны туралы дерек ақпарат көздерінде айтылып жүр. Тіпті облыс тұрғындарының қартайып бара жатқанын да жоққа шығара алмасақ керек. Облыс әкімі Серік Біләловтің бұл бастамасын өзге де әріптестері қолдап жатса, нұр үстіне нұр. Жасыратыны жоқ, еліміздің демографиялық ахуалы кей өңірлерде әлсіреп бара жатқаны рас. Мұндай жағдайда Елбасының 20 миллиондық межесін қалай орындаймыз? Іргелес Ресейдің өздеріндегі демография туралы алаңдаушылық танытып, “Ана капиталы” атты бағдарлама қа­был­дап, алғашқы жарнасы 250 мың рубль деп бел­гілеп, оны өткен жылы 299 мың рубльге көте­ріп, үстіміздегі жылы 343 мың рубльге үсте­ме­леп жатуы тегін болмаса керек. Ал сол Ресей­мен көршілес облыстың бастамасы баянды бол­са, демографиямыз демікпейтініне, Тұңғыш Президенттің тапсырмасының орындалатынына еш шүбә жоқ. Осы арада мына бір мәселені де қозғай кетсек дейміз. Ұрпақты өсіретін де, өшіретін де ата-ана. Жақсы отбасында тәрбиеленген ұл мен қыз ұлт тірегі, мемлекет діңгегі. Кейде сол отба­сы­ның ойраны шығып, ұл мен қыз жел айдаған қаңбақтай, жетімдік күн кешетіні бар. Бұған да дәйек келтіре кетелік. Астана қаласы бойынша 1999-2009 жылдар аралығында 41 205 неке тір­кел­се, оның 13 389-ы бұзылған. Осыны жыл­дар­ға шақсақ, 2007 жылы 5 459 шаңырақ көтеріліп, 1508 ерлі-зайыпты ажырасып кеткен. 2008 жылғы бұл көрсеткіш 5 882 және 1661 болса, 2009 жылы 6707 неке тіркеуден өтіп, 2040 неке құрдымға кеткен. Түрлі жағдайларға байланысты отау құра алмай жүргендер қаншама? Бұған қоса жастардың үй болу, шаңырақ көтеру жастары да өсіп бара жатқаны туралы деректер (қыздар 20-24 жас, жігіттер 25-29 жас) үрей туғызбай қоймайды. Себебі, біразға келіп үйлі-жайлы болғандар бірлі-жарым баладан артыққа бармасы, айдай анық. Осындай сүреңсіз деректерді алға тарта отырып, бір облыстағы жақсы бастаманы жұрт болып жұмылып, халық болып қам жасап, іліп әкетіп жатсақ, байтақ жеріміз, тәуелсіз еліміз, бүгінгіден де мықты, мығым болатынына иманымыз кәміл. Сүлеймен МӘМЕТ.