Суға жүзу саламатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізе алатын спорттың тамаша түрлерінің бірі. Су спортын серік еткендер көбіне алпыс, жүз метрлік қысқа қашықтықтарда бір-бірімен жарыса жүзіп жатады. Мұның бәрі, әрине, рұқсат етілген арнайы орындарда, жабық жүзу бассейндерінде жүзеге асырылады.
Жүзудің де жүзуі бар. Ұзындығы ондаған, жүздеген шақырымдарға созылатын ашық су айдындары мен көлдерге шығып оны жүзіп кесіп өтуге екінің бірінің тәуекелі жете бермесе керек. Батыс Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің бастығы Ә.Мауқұловты осындай жүрегінің түгі бар азамат деп айта аламыз.
Ол кәсіби жүзгіш емес. Тіпті керек десеңіз Әмірхан өзен-көлі жоқ жерде туып-өсіпті. Суға жүзуді беріректе, он тоғыз жасында үйреніпті. Оның бір бақыты Якутияда қызмет істеп жүрген кезінде суда балықша жүзетін кәнігі спортшылардан тәлім-тәрбие алғандығы.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз алғаш рет Саха Республикасындағы Яна өзенінің 8 шақырымдық деңгейін жүзіп өтіпті. Сондай-ақ, қызмет бабымен Көкшетау өңіріне ауысқан кезде осы аймақтағы бірі 4, екіншісі 6 шақырым болатын кіші Шабашы және үлкен Шабашы өзендерін бағындырыпты.
Ал оның Батыс Қазақстан облысы аумағындағы Шалқар көлін бір деммен жүзіп өткеніне тікелей өзіміз куә болдық. Шалқар көлінің бұған дейінгі ұзындығы 17, ені 14 шақырым делінетін. Соңғы жылдары көлдің суы әжептәуір тартылып қалды. Соның өзінде де оның ең алшақ жағалауы 12 шақырымға жетіп жығылатынын арнайы өлшеуіш құрал – навигатор арқылы анықтаудың сәті түсті.
Шалқар көлінде жел жиі соғып тұрады. Ә.Мауқұлов оны кесіп өтпек болған күні де желдің күштілігінен толқындар көл жағалауына екілене соғып жатты. Қарсы беттен соққан қатты желдің басылатын түрі байқалмайды. Желге қарсы жүзу – кім кімге де оңай соқпайтыны белгілі. Сондықтан Әмірхан да оның басылғанын күте тұратын шығар деп ойлағанбыз. Жоқ, олай болмады. Ол бұл ойымызды мүлдем теріске шығарып:
– Ағалар, сіздер яхтамен алға кете беріңіздер. 2-3 шақырымнан кейін күтіп аларсыздар. Мен жүзуді бастай берейін, – деді де толқындары тайдай тулап жатқан үлкен көлге қойып кетті.
Міне, осылайша ол алғашқы 2600 метр қашықтықты тұп-тура үш сағат 22 минөтте жүзіп өтті. Яхтаға көтеріліп көзілдірігін ауыстырып су ішті. Екі минөттен кейін қайтадан суға күмп берді. Содан кейін жүрек жұтқан жігіт бір деммен тағы да 3 шақырымды артқа тастады. Бұл жолы Әмірханның үзілісі үш минөтке созылды. Осы қысқа уақыттың ішінде үш дана өрік жеп, су ішті.
...Міне, марафоншы 9-шы шақырымға да шаршамай жетті. Қуырылған картоп пен ет жеп, сәл жүрегін жалғап алған соң суға қайта секірді. “Ағалар, маған енді алаңдамай-ақ қойыңыздар. Көлдің арғы жағалауынан бір-ақ күтіңіздер”, – деді ол бізге өзіне-өзі сенімді түрде.
Ініміздің айтқанын орындауға тура келді. Соңғы үлгідегі “Аквалайн” яхтасымен Шалқар көлінің қарсы жағалауына зыр етпей, сыр етіп жетіп бардық. Көлдің арғы беті өте терең екен. Жағасы сыңсыған қамыс пен қоғадан көрінбейді. Апырмай, Әмірхан, шаршап қалмас па екен? Аман-есен жағалауға жетсе жарар еді, – деп іштей алаңдап отырмыз. Таңертеңгілік екілене соққан жел саябыр тапқан. Айдын бетінде білінер-білінбес майда толқындар ғана жүгіреді. Бір кезде жолбасшымыздың: “Әне, Әбекең де көрінді. Қол соғып қарсы алайық”, – деп саңқылдай шыққан дауысы айналаны жаңғыртып жіберді.
Міне, осылайша облыстың бас кеденшісі ұзындығы 12 шақырымға жуық Шалқар көлін 9 сағат 3 минөтте жүзіп өтті. Тұщы сумен салыстыра қарағанда, тұзды суда жүзу әлдеқайда ауыр соғатыны су спорты тәжірибесінде дәлелденген. Шалқар көлінің суы тұзды екені белгілі. Бұл жүрек жұтқан жігітке әжептәуір салмақ түсіріп, кедергі келтіргенін, сондықтан да оған күш-жігерді екі есе артық жұмсауға тура келгенін де айтқан жөн. Әйтсе де тәуекелі тастай азамат бұл ауыртпашылыққа мойымады. Соған бола жігерін жасытпады. Шалқар көлінен біз осыған куә болып оралдық.
Әмірхан Мауқұловтың ендігі жерде алға қойып отырған мақсатының бірі – Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстары аумағындағы әйгілі Алакөлді жүзіп өту. Ал оның ұзындығы 108, ең жалпақ ені 52 километр, ең терең тұсы 54, орташа тереңдігі 22 метр екенін ескерсек – бұл мақсаттың іске асуы оңайға соқпайтыны бірден көрінеді.
Дегенмен, табанды мінезінен таймай келе жатқан жүзгіш жігіттің бұл қашықты да бағындыра алатынына сенім мол.
Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.
Суреттерде: Әмірхан Мауқұлов Шалқар көлін осылайша жүзіп өтті.