Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте еліміздің орманды-далалы алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Осы бойынша баяндама жасаған Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Валерий Петров қазіргі уақытта еліміздегі өрт қауіпсіздігі жағдайы күрделі күйінде екендігін жеткізді. Оған биылғы жаздың ыстық және құрғақшылықты болуы үлкен әсер етуде. Вице-министрдің айтуынша, үстіміздегі жылдың 7 айының ішінде елімізде 363 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 12-сі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, 243-і жергілікті органдардың қарауындағы далалық аумақтарда болған. Өрт 4 мың гектар жерді шарпыған. 35 миллион теңгенің зардаптарына ұрындырған. Өрт шығу оқиғаларының саны былтырғы жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен 10 пайызға азая түскенімен, өрттің таралу ауқымы 19 пайызға көбейген.
Синоптиктердің болжамына қарағанда, үстіміздегі жылдың тамыз-қыркүйек айлары құрғақшылық жағдайында өтпек. Демек, осы уақыт аралығында өрт қауіпсіздігі мәселесі барынша қарастырылуы керек. Өкінішке орай, көптеген облыстарда бұған сайма-сай әзірліктер жасалынған жоқ. Мәселен, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстары өрт сөндіруге қатысты жалпы жиыны 43 миллион теңгенің техникаларын сатып алуды жоспарласа, қалған облыстар бұл мәселеге мән бермеген болып шықты.
Валерий Петров қазіргі күні қолданыстағы өрт сөндіру техникаларының көпшілігі ескіргендігін, олардың көбі 70-80 жылдары шығарылғандығын айтып өтті. Сондықтан ең алдымен өрттің алдын алу шараларын мейлінше қатайта түскен жөн. Өрт қаупі барынша сақталып отырған тамыз-қыркүйек айларында халықтың орманға барып дем алуын шектей түсу қажет. Сонымен қатар орман шаруашылықтары күзет шараларын мейлінше күшейтуі, қажетті техникаларды жанар-жағармаймен толық қамтып, оларды сайма-сай әзірлікке қойғаны орынды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аман министрлікке қарайтын ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, ұлттық парктер мен қорықтарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Оның айтуынша, қауіпсіздік шараларын күшейту үшін 109 өрт сөндіру мәшинесін қосымша сатып алу қажет. Күзет шараларын күндіз-түні ұйымдастыру қолға алынуда. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігін ұшақтар арқылы бақылаудың тиімді екендігі көрініп отыр. Сондықтан өрт сөндіру қызметінің ұшақтар паркін нығайта түсу орынды болар еді.
Көлік және коммуникациялар министрлігінің ақпараттарына қарағанда темір жолдар мен автожолдардың бойында қорғау белдеуі ретінде орналастырылған ағаштардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар жүзеге асырылған. Бүгінгі күні қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 8 өрт сөндіру пойызы қызмет етуде. Автожолдардың бойындағы 32 мың қураған ағаш кесіліп алынған.
Аталған мәселе бойынша интерактивті байланыс арқылы барлық облыстар басшылары Премьер-Министрдің алдында есеп берді.
Мәселені қорытындылаған Кәрім Мәсімов республикада және облыстарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларымен шұғылданатын штабтар құру туралы тапсырма берді. Республикалық штабты Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев басқаратын болды.
Үкімет басшысы қазіргі күні өрт сөндіру ісімен белсене шұғылданып жатқан Ресейдің тәжірибесін зерттеп, оның оңды жақтарын жеделдетіп енгізу қажеттігін айтты.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.