Биыл да Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) науқаны өтті. Мұғалімдер қауымы, мектеп бітірушілер, олардың ата-аналары өз балаларының он бір жыл алған білім деңгейін анықтады. Жалпы, Ұлттық бірыңғай тестілеу үдерісін тек талапкерлер мен олардың ата-аналарына, мектепке ғана қатысты шаруа деп қарамау керек, оны үлкен әлеуметтік сипаттағы құбылыс деп бағалаған жөн. Оған басты дәлел – Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталысымен, барлық БАҚ-да басталатын және ол туралы Парламент депутатынан бастап, атақты ғалымдар мен қарапайым жұртқа дейін жарысып пікір айтатын, талапкерлерге ұсынылған тест тапсырмалары мен оны ұйымдастыру айналасындағы ойлар мен әр алуан пікірлер жеткілікті. Айтылған пікірлердің басым көпшілігімен толық келісуге болады. Әрине, талас тудыратындары да бар. Бірақ пікір білдірушілердің басым көпшілігі тест тапсырмаларындағы қателіктерді тізумен ғана шектеліп, туындаған проблемаларды шешу жолдарын ұсынбайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әр жылғы Қазақстан халқына арналған жолдауларында білім мен ғылымға үлкен көңіл бөлетіні белгілі. Өйткені, қазіргі заманғы қоғам мен халықтың тұрмыс тіршілігінің дамуына осы екі фактордың қосатын үлесі зор. Қазіргі заман талабын қанағаттандыратын, жаңа экономикалық қатынастарға бейім, кәсіби біліммен терең қаруланған білікті мамандарды дайындаудың алғашқы сатысы орта мектепте қалануы тиіс. Орта мектеп оқушыларының пәндер бойынша теориялық білімі мен оны практикалық мақсаттарда қолдану қабілеті жоғары болуы керек. Ал мұндай көрсеткіш тек білімі терең оқушыларға тән. Сол білімі терең оқушылар ғана жоғары оқу орнына қабылдануы керек екені айтпаса да түсінікті. “Парадигма” газетінің 2010 жылғы наурыз айындағы №2 санында Ұлттық тестілеу орталығының директоры И.Сағындықов өз сұхбатында “...ҰБТ орта білім беру жүйесіндегі білім сапасының объективті жай-күйін білу, мектеп бітірушілердің мемлекеттік білім беру стандарттарының талаптарын игеруін бағалау, ҰБТ нәтижесін білім беру мекемелерін аттестаттауда пайдалану және т.б...” деген ой айтыпты. Сұхбаттан ҰБТ нәтижесі оқушы білімінің көрсеткіші деген ойды байқамадық. Онда ҰБТ нәтижесі арқылы орта мектеп бітірушілердің арасынан алдын-ала белгіленген деңгейге сәйкес келетін мектеп оқушылары құрамын анықтау деген ой қылаң береді. Менің ойымша, қазіргі ҰБТ технологиясы оқушыларды білімі бойынша таңдауға, оқушының шынайы білім деңгейін анықтауға мүмкіндік бермейді. Оның бірнеше себептері бар.
Осыдан біраз жыл бұрын Білім және ғылым министрлігінің өкілі ретінде мектеп бітірушілерден ҰБТ қабылдауға қатыстым. Тест қабылдау мен тапсыруды ұйымдастыруда, оны өткізуде Ұлттық тестілеу орталығы көп еңбек еткенін, ең бастысы тест тапсырушылардың жауабына “сырттан ықпал етіп, оны жөндеудің” мүмкін еместігіне көз жеткіздім. Шын мәнінде бұл жағынан орталық көп жұмыстар жасағанын баса айтуымыз қажет. Дегенмен, “грантқа ілінген талапкердің білім дәрежесі толық тексерілді ме, жинаған балы оның білімінің толық көрсеткіші бола ала ма?” деген сұраққа жауап таба алмадым.
Мен осы жағдайларды зерттей келе, жоғарыда аталған кемшіліктерден арылған тест жасаудың жаңа технологиясын жасап, 2004 жылы ҰБТ орталығы мен Білім және ғылым министрлігіне ұсынған болатынмын. Өкінішке орай, ондағы мамандар менің ұсынысыма қызығушылық білдірмеді. Сол жылы Ресей оқу министрлігі шығаратын “Вопросы тестирования в образовании” атты журнал тест жасаудың мұндай әдісін өте жоғары бағалап, өз басылымдарында жариялады (Новая технология составления тестовых заданий по методу Байзакова: многоступенчатый тест, №10, 2004 ж. ).
Көптеген елдерде студенттер мен оқушылардың білім деңгейін, оны меңгеруін, т.б. көрсеткіштерді тест тапсырмалары арқылы анықтау кең тараған педагогикалық әдіс. Тест жүйесін білім беру үдерісіне ендіру күрделі педагогикалық проблемалар қатарына жатады. В.С.Аванесов өзінің “Теоретические основы разработки заданий в тестовой форме” атты еңбегінде тест тапсырмаларын дайындауды үлкен шығармашылық өнерге балайды және тест тапсырмаларын 5 түрде дайындаудың технологиясын ұсынған.
Қазіргі кезеңде осы ұсынылған әдістердің ішінен білім беру саласында ең көп қолданылатыны “5 жауапты тапсырма” немесе “5 жауаптың бірін таңда” технологиясы бойынша дайындалатын тест болып отыр, мұндай тест тапсырмалары жоо, орта мектептерде, Ұлттық бірыңғай тест орталығында (ҰБТ), т.б. кеңінен қолданылуда.
Жалпы, тесті қолдану арқылы біз студенттің немесе оқушының белгілі тақырыпты, тарауды немесе пәнді жүйелі түрде, толық меңгеру деңгейін, тапсырмаларды орындау барысындағы талапкердің логикалық ойлау қабілетін, оны іске асырудағы іс-әрекетін, меңгерген теориялық білімі мен практикалық дағдыларын және әдістерін пайдалана алуын бағалауға тиіспіз.
Қазіргі қолданыстағы кең таралған “5 жауаптың бірін таңда” технологиясы бойынша дайындалған тест тапсырмалары арқылы мұндай көрсеткіштерді жүйелі түрде анықтау мүмкін болмай отыр. Біздің зерттеулеріміз аталған кемшіліктердің пайда болуының ең басты себебі ретінде тесті дайындау технологиясы екендігін анықтады, яғни аталған кемшіліктерден арылу үшін тест тапсырмаларын дайындауды өзгертіп, жаңа технологиялық іс-әрекеттерге көшу қажет.
Енді тест қабылдау кезінде кездесетін кейбір кемшіліктердің пайда болу механизмін қарастырайық және оларды жою жолдарын көрсетейік. Жалпы, оқушының немесе студенттің білімін бағалау белгілі бір тәртіппен жүргізіледі. Мысалы, оқытушы студенттің немесе оқушының берілген тапсырманы немесе тақырыпты меңгергенін анықтау мақсатында оған белгілі жүйемен сұрақтар қояды. Көбіне бұл педагогикалық іс-әрекет мына түрде жүргізіледі: тақырыпта қаралатын құбылыстың теориялық негізін, одан туындайтын заңдылықтар мен оны сипаттайтын өрнектерді (формулаларды) және оларды қолдануды, т.б. анықтайды. Осы мәліметтерге толығымен жауап алынған соң ғана оқытушы студенттің берген жауабына сәйкес білімін бағалайды. Ал тест қабылдауда білімнің осындай жүйелілік қағидаты сақталмай отыр. Оның бірнеше себептері бар:
l тақырып бойынша белгілі бір жүйемен құрастырылған тест сұрақтары жеке-жеке варианттарға бөлінеді, ал компьютер ол тапсырмаларды араластырып, тест тапсыратын талапкерге оның бір немесе бірнеше сұрағын ғана ұсынады, соған сәйкес берген жауабы тақырыптың бір элементі болмағандықтан, оның тақырыпты қаншалықты терең меңгергенін анықтай алмаймыз;
l қазіргі тест дайындау технологиясы берілген жауаптың жүйелілігін қамтамасыз ете алмайды.
Осы кезге дейін тест қабылдауда шешімін таппай келе жатқан тағы бір күрделі мәселе талапкердің тест тапсырмасын орындауда қолданған теориялық мәліметі мен оны практикалық іс-әрекетте қолдану арасындағы байланыстың деңгейін анықтау, яғни студенттің (оқушының) берілген тапсырманы орындаудағы логикалық ойлау қабілетін тест тапсырмалары арқылы анықтаудың мүмкін болмай отырғандығы. Мысалы, талапкер тест тапсырмасында берілген есептің жауабын дәл анықтады делік, осы шаманы анықтауда ол қандай теориялық мәліметтерге немесе заңдылықтарға сүйенді және соған сәйкес қандай практикалық іс-әрекет жасады. Қазіргі қолданыстағы тест тапсырмалары арқылы оны бақылау немесе анықтау мүмкін емес.
Қазіргі қолданыстағы тест тапсырмаларының жауабын кездейсоқ дәл анықтаудың мүмкіндігі жоғары, ол 20 пайызға тең. Бұл 125 сұрақтың 25-нің жауабын кездейсоқ дәл анықтай алуы мүмкін деген сөз.
Тест тапсырмаларын дайындауда кездесетін күрделі проблемалардың бірі ретінде гуманитарлық пәндер (философия, социология, тарих, т.б.) бойынша тест сұрақтарын құрудың қиындығын атауға болады. Бұл пәндердің сұрақтарына жауаптарды бір сөз немесе қысқаша сөйлем түрінде тұжырымдау қиын. Соның әсерінен тақырыптағы негізгі ой бір тест сұрағына сыймайды, оны бөлшектеуге тура келеді, яғни теориялық тұжырым бірнеше тест түрінде дайындалады. Өз кезегінде компьютер бұл тапсырмаларды жеке-жеке варианттарға бөліп, оның тек біреуін студентке немесе оқушыға береді, нәтижесінде берілген эпизодтық жауап арқылы студенттің немесе оқушының аталған теориялық тұжырымды қаншалықты меңгергенін анықтау қиын.
Тест жасаудың біз ұсынып отырған жаңа әдісі бұл проблемаларды жеңіл шешуге, сол арқылы қойылатын сұрақтарды және оған берілетін жауаптарды жүйелі түрде ұйымдастыруға толық мүмкіндік береді. Ең бастысы, студенттің немесе оқушының бүкіл тақырыпты немесе белгілі бір тұжырымды толыққанды меңгеру деңгейін анықтауға қол жеткіземіз.
Ұсынып отырылған жаңа әдіс – сатылы тест деп аталынады. Ол оқытушының оқушыдан сабақ сұрағаны тәріздес, тест сұрақтары бір бірімен тығыз байланысқан сатылар (блоктар) түрінде ұсынылады, соған сәйкес жауаптары да сатылы болып келеді және бір тест тапсырмасына бір тақырыпты толығымен сыйғызуға болады.
Тест сұрағының бірінші сатысындағы жауаптары (дұрысы да, қатесі де) осы тақырыппен байланысқан, ондағы құбылыстарды талдауды одан ары дамытатын келесі сұрақпен аяқталады, ал оның жауаптары (дұрысы да, қатесі де) екінші сатыда орналасады, ол өз кезегінде тақырыптағы құбылыстарды нақтылайтын келесі сұрақпен аяқталады, ал оның жауабы келесі сатыда. Ол да сұрақпен аяқталады, осылайша сатылап “жауап – сұрақ” түрінде тақырып толығымен қамтылады.
Студент әр сатыдағы дұрыс жауаптарды бір біріне тіркей отырып, қойылған сұрақты толық қанағаттандыратын жауапты құрастырады. Тестің дұрыс жауабы тек жалғыз ғана болады және оны дәл анықтау тақырыпты толығымен меңгерген студенттің ғана қолынан келеді. Мұндай тесте алдын ала дайын жауап шаблоны берілмейді, студент тест тапсырмасына жауапты өзі құрастырады.
Сонымен қатар бұл әдіс, тест сұрағының күрделілігіне (қиындығына) байланысты оны сан түрінде сипаттауға мүмкіндік береді. Ол сатылар (блоктар) санына тікелей байланысты болады, саты саны көбейген сайын дұрыс жауапты құру да қиындай береді. Тест қиындығы “n” деген шамаман сипатталады. Егер n=1 болса, онда тест жауабы бір-ақ сатыдан тұратын жауаптардан құралады, оған дәстүрлі “5 жауаптың бірін таңда” технологиясы бойынша құрылған тест жатады, егер n=3 болса, онда тест жауабы 3 сатыдан түратын жауаптардан құралады. Біз ұсынған сатылы тестің негізгі артықшылықтары мыналар:
l тақырыпты толық меңгерген талапкер ғана тест сұрақтарына толық және дұрыс жауап береді;
l бүкіл тақырыпты бір тест тапсырмасына сыйғызуға болады;
l тест нәтижесі арқылы студенттің тақырыпты қаншалықты терең меңгергенін анықтауға болады;
l тест тапсырмасын анықтаудағы студенттің іс-әрекетін, логикалық ойлау қабілетін бақылауға мүмкіндік береді;
l тест сұрақтарын дайындауға “көнбейтін” қиын пәндер бойынша тест тапсырмаларын жасауды жеңілдетеді;
l тест тапсырмасының жауабын кездейсоқ анықтау көрсеткіші өте төмен.
Тест жасаудың осыған ұқсас түрлері де кездеседі, оған атақты тестолог В.С.Аванесовтың тізбекті тест жасау әдісін келтіруге болады, бірақ мұндай тест тізбектері бір бірімен қатаң байланыспаған, соның әсерінен тізбектегі бір-екі сұрақтарға қате берілген жауапқа қарамастан, қорытынды баға оң нәтижелі болуы мүмкін.
Тест жасаудың жаңа сатылы әдісінің қазіргі кезеңде кең таралған “5 жауаптың бірін таңда” әдісінен артықшылығын көрсету үшін бір тақырып бойынша тест тапсырмаларын жаңа технологиямен қиындығы n=4 тең болатын тест тапсырмасын құрастырайық. Мысал ретінде ойдан құрастырылған тақырыптың мынандай бір фрагментін алайық және студенттің немесе оқушының берілген тақырыпты меңгеру көрсеткіші ретінде мәтіндегі асты сызылған мәліметтерді білсе жеткілікті деп санайық.
ҚР бас қаласы – Астана
…Қазақстанның алғашқы астанасы Орынбор қаласы болғаны тарихтан белгілі. Кейін астана Қызылорда қаласына, онан соң Алматыға көшірілді. Қазір Қазақстан Республикасының бас қаласы — Астана. Географиялық орналасуы бойынша Орталық Қазақстанға сәйкес келеді. Қазір қала халқының саны 650 мыңнан асты. Астанада ҚР Президентінің резиденциясы — Ақ Орда, ҚР Үкіметі, Сенаты мен Парламенті, министрліктер орналасқан........
ҚР бас қаласы............................
1 саты
А. Ташкент, географиялық орналасуы бойынша........
B. Алматы, географиялық орналасуы бойынша........
C. Қызылорда, географиялық орналасуы бойынша........
D. Орынбор, географиялық орналасуы бойынша........
E. Астана, географиялық орналасуы бойынша........
(осы сатыдан сұрақтың дұрыс жауабын тауып, оның жалғасы болатын келесі сұрақтың жауабын 2-сатыдан ізде)
2 саты
1. Солтүстік Қазақстанға сәйкес, қала халқының саны.......
2. Орталық Қазақстанға сәйкес келеді, қала халқының саны........
3. Шығыс Қазақстанға сәйкес келеді, қала халқының саны...
4. Батыс Қазақстанға сәйкес келеді, қала халқының саны......
5.Оңтүстік Қазақстанға сәйкес келеді, қала халқының саны......
(осы блоктан сұрақтың дұрыс жауабын тауып, оның жалғасы болатын келесі сұрақтың жауабын 3-блоктан ізде)
3 саты
a. 450 мыңнан асты, Астанада.....................
b. 800 мыңнан асты, Астанада....................
g. 500 мыңнан асты, Астанада.....................
j. 500 мыңнан кем, Астанада.......................
k. 1 млн. жақындады, Астанада...................
4 саты
L. ҚР Президент резиденциясы Ақ-Орда, ҚР Үкіметі, Сенат, Парламент, министрліктер орналасқан.
K. ҚР Үкіметі, Сенат, Парламент, шет ел елшіліктері орналасқан.
M. ҚР Президентінің резиденциясы Ақ-Орда мен Сенат орналасқан.
N. Сенат, Парламент, министрліктер орналасқан.
C. ҚР Президентінің резиденциясы, министрліктер орналасқан.
Тест тапсырмасының дұрыс жауабы: E, 2, g, L. Бұл жауап қалайша құралды? Жоғарыда айтылған тәртіпке сәйкес берілген тест сұрағының бірінші сатыдағы дұрыс жауабы “Е” болсын, осы жауаптың жалғасы түрінде берілген сұрақтың дұрыс жауабын екінші сатыдан іздейміз, ондағы жауаптардың арасынан “Е” жауапты толықтыратын тек “2” жауап, осындай әдіспен үшінші сатыдан – g, төртінші сатыдан – L жауаптарды анықтаймыз. Осылайша тапсырманың толық жауабы анықталады.
Жауаптардың мұнан басқа варианттарының барлығы қате немесе толық болмау себепті саналмайды. Берілген жауаптар белгілі жүйе бойынша құралғандықтан, студенттің берілген тақырыпты толық меңгергенін байқауға болады және жауаптың өте көп вариантының болуы оның кездейсоқ анықталмағанына кепіл.
Тест жасаудың дәстүрлі әдістері арқылы студенттің берілген есепті шығару әдісін немесе практикалық тапсырмаларды орындаудағы қолданған іс-әрекетін бақылау мүмкін болмайтын, ал жаңа әдіс бізге ондай мүмкіндік береді. Осы айтылған ойды тест жасауда қалай қолдануға болатындығын көрсетейік.
Тест сұрағы төменде берілген есеп түрінде болсын делік: Үдемелі қозғалыстағы дененің жылдамдығы 10 с. ішінде 50 м/с артқан, ол қандай үдеумен қозғалған?
Есеп шартына сәйкес, тест жасаудың сатылы әдісімен құрылған тест тапсырмасы мына түрде беріледі.
Дене қозғалысының үдеуі….
1 саты
А. 500 м/с2 тең, оны...............
Б. 5 м/с2 тең, оны..................
В. 250 м/с2 тең, оны..............
Г. –5 м/с2 тең, оны...............
Д. 0.5 м/с2 тең, оны...............
2 саты
1.Dv/t өрнегімен анықтаймыз. Бұл физикалық шама..............
2.v/t өрнегімен анықтаймыз. Бұл физикалық шама..............
3.- Dv/t өрнегімен анықтаймыз. Бұл физикалық шама..............
4.Dv2/t өрнегімен анықтаймыз. Бұл физикалық шама..............
5. v/t2 өрнегімен анықтаймыз. Бұл физикалық шама..............
3 саты
a. бұрыштық үдеу деп аталады.
b. үдеу деп аталады.
g. импульс деп аталады
j. қозғалыс мөлшері деп аталады
k. нормаль үдеу деп аталады
Дұрыс жауабы: Б, 1 және b. Тапсырма үш сатылы, студент тек үдеудің сан мәнін ғана анықтап қойған жоқ, сонымен қатар ол үдеуді қандай физикалық өрнекпен анықтағанын және оның қандай физикалық шама екендігін де көрсетті. Осы іс-әрекет арқылы студенттің теориялық мәліметті саналы түрде практикада қолдана алатындығына көз жеткіземіз.
Біздің ойымызша, тест тапсырмалары 2 сатылы болғаны дұрыс, ал 3-4 сатылы тестке жауап беру күрделі болатынын ескеріп, оларды элиталы оқу орындарына түсетін талапкерлерге, сонымен қатар магистранттарды, мемлекеттік қызметкерлерді іріктеуде қолданған жөн.
Тест қиындығына байланысты әр дұрыс жауап құны әртүрлі болуын қарастырған жөн. Мысалы, дәстүрлі “5 жауаптың 1 дұрыс” (n =1) тестің әр дұрыс жауабы үшін 0.5 балл деп есептелсе, онда жаңа әдіспен сатылы түрде құрастырылған, қиындығы n =2 тең тестің әр дұрыс жауабы 1.0 балл болсын, ал n =4 болса, онда әр дұрыс жауап үшін талапкерге 2.0 балл берген жөн сияқты.
Бұл айтылған ойлар мен ұсыныстар тест проблемасын толық шешті деп санау артық болар, бұл ойларды осы проблемаларды шешудің бір жолы деп санаған жөн, өйткені мұнан да басқа ұтымды ұсыныстар мен ойлардың болуы әбден ықтимал.
Үсен БАЙЗАҚ, педагогика ғылымдарының докторы.
ТҮРКІСТАН.