Тіл бағдарламасы жобасын талқылаймыз
Ерен талантымен елімізді сара жолға салып, жарқын болашаққа сеніммен алып келе жатқан Президентіміздің байсалды ойы мен келешекті болжай білетін даналығына қандастарымыздың да, жат жұрттық достарымыздың да көздері жеткеніне талай уақыт болып қалды. Мемлекеттік тілге қатысты да Нұрсұлтан Әбішұлы жайында дәл осылай деу тек шындыққа жатар еді. Елбасы халықаралық, мемлекеттік әр алуан басқосуларда мазмұнды сөзінің орайын келтіріп айтса да, арнайы көңіл аударса да, туған тіліміздің тағдыры мен болашағына тоқталмай өткен емес. Сол пікірлерінің қай-қайсысы да халқына деген перзенттік сүйіспеншіліктен туындап жатқан нәзік сезім мен жан тебірентерлік философиялық толғамға толы болып келеді.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қайсыбір отандастарымыз еліміздің патриоты болғансып, мемлекеттік тіл жер үстіндегі мемлекеттердің түгелге жуығында бір ғана халықтың тілі болып жатқанын біле тұра,көптілді мемлекеттік тіл болуын уағыздап, жасанды дау-жанжал ұйымдастырған сәттерде Нұрекеңнің өзі де ел ағасына лайық сабырлылық сақтады, қандастарын да тыныштыққа шақырды. Ол аз десеңіз, мұндай мәселені шешуде асығыстықтың ешқандай пайда бермейтінін, бір елдегі заңдылықты екінші елге ой таразысынан өткізбей, санаға салып ақылдаспай, қабылдай салудың қисынсыздығын, тіпті қауіптілігін ескертумен болды. Айтса айтқандай, сол тұста біздің ел ішінде де Балтық жағалауындағы мемлекеттердегі тіл туралы реформаларға таңқалушылар, Беларусьта атқарылып жатқан шараларға қуанушылар, Голландиядағы лингвистикалық полицейді хош көрушілер, әр жерде көбейіп кеткен-ді. Сондағы мақсаттары – тіл туралы заң мен тәртіпті аз уақыттың ішінде орната қою.
Қазір ше? Қазір Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың озық ойы мен салиқалы саясаты салтанат құрып отыр.
Уақыт өте келе қазақстандықтардың арасындағы татулық өз арнасына түсіп, әдеттегідей сәнімен жалғасып жүре берді. Қазақтардың саны өсті. Қазақ тілі басымдықпен даму жолына түсті. Оған өзгелердің ана кездегілердей іштарлығының, қызғанышының ізі қалмады деуге болады. Басқа этностардың тіліне қазақтардың теріс көзқарасы бұрын да болған жоқ еді, ол тілдерде сөйлейтіндер әлдекімдер таратқан “тек мемлекеттік тіл дамуға тиіс, өзге тілдердің бәрі ұмыт болмақ” деген “насихаттың” жалған екенін түсінді. Бүгіндері мемлекеттік тілді оқып-үйренуге құлықсыздық танытып, “оқу құралдары жоқ, бізге жағдай жасалмаған” дейтіндер жоқтың қасы. Ал “қазақ тілі ғылым тілі болуға икемсіз” дейтін ғалымсымақтардың да үндері өшті.
Осы жайларды ескерер болсақ, Мәдениет министрлігі әзірлеген “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы” дер кезінде жүзеге асуға тиісті ерекше мәні бар шаралардың бірі екендігіне еш дау болмаса керек. Оның маңыздылығы мынада: біріншіден, өз еліміздегі осы салада қабылданып, орындалып жатқан қаулы-қарарлар мен әр түрлі шаралар, сондай-ақ көптеген шет елдердегі осы тақілеттес заңдардың озық үлгілері мен тәжірибелері ескерілген; екіншіден, Қазақстан Республикасындағы жүргізіліп келе жатқан үлкенді-кішілі ұйымдастыру, әдістемелік жұмыстарға шолу жасалып, салыстырылған, жетістіктерімен бірге, кемшіліктері де ашып көрсетілген; нақтылы деректер келтірілген. Бұған дейін мемлекеттік тілге байланысты бұл тәріздес кең ауқымдағы терең мазмұнды бағдарлама Үкіметтің назарын мұншалықты аударып, сол деңгейде министрліктер мен ведомство басшылары, орта, жоғары оқу орындарының жетекшілері, ғалымдар, облыс әкімдіктерінің, БАҚ-тың өкілдері қатынасып, Премьердің басқаруымен талқыға түсіп көрген емес.
Бұл бағдарламаның салмағын арттырып, өмірге қажеттілігін өсіре түссе, оның құрылымы да зерделей қараған зиялы қауымды бейжай қалдырмайды. Бұл бағдарламада бұрыннан қанша сөз болып жүрсе де, іске асырудың реті келмеген іс-шаралар назарға алынып отыр. Мысалы, қазақ тілінің үздіксіз моделі жүзеге аспақ. Балабақша, мектеп, жоғары оқу орны, мемлекеттік қызмет жүйесі арқылы тілді үзбей оқыту оң нәтиже береріне дау жоқ. Өмірлік таңдап алған мамандығымыз тілге тікелей қатысты болған біздерді әңгіме арқауына айналып отырған шаралар қуантады. Тек осы салаларға жауапты адамдар үздіксіз үйрету моделінің үзіліп қалмауын тұрақты қадағаласа деймін. Сөйтіп, әкімдіктер, Білім және ғылым министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тіл мәселесіне, әсіресе мемлекеттік тілге деген қамқорлықты бірінші кезекке қойғандары жөн болар еді.
Бағдарлама “Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы”, “Мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды көпшілікке тарату”, “Дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың күш-қуаты” және “Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту” деген қадау-қадау төрт мақсаттан тұрады да, олардың әрқайсысы нақтылы міндеттерге жіктеледі. Соның арқасында жалпы мақсаттар барынша дәлденіп, атқарылар жұмыстар айқындала түседі. Демек, бағдарлама құрылымының өзі үлкен ұжымдық, кәсіби ойдың қорытындысы ретінде ұсынылып отыр. Алайда аталған мәселелер бұған дейін сөз болып келген деген пікірімізді тағы қайталауға тура келеді. Бастысы сол, құрастырушылар бұрын өмірге енгізіліп келе жатқан жайларды еске салумен шектеліп қалмай, оларды заман талабына сай жаңа қырымен сипаттап, өте орынды жасаған.
Осылайша бағдарламада айтылған тұжырымдармен толық келісе отырып, іс-шаралардың орындалуына аз да болса септігін тигізуі мүмкін деген сеніммен көңілде жүрген пікірлерді ортаға салуды жөн деп білдік.
Қоғам дамуына сай бұқаралық ақпарат құралдарының тілі, бұдан ондаған жылдар бұрынғымен салыстырғанда, әлдеқайда сұлуланып, көркемделіп келе жатыр. Бұл көп жағдайда сөйлемдер мен мәтіндердің құрылымының әр түрлі және тартымды болып келуінен байқалады. Соған қарамастан, ресми материалдардан баспасөзге ауысып отыратын, яғни газет-журнал беттерінде жарияланған сөздердегі олқылықтар мен шалалықтардың аз кездеспейтінін атамасқа болмайды. Мәселен, қайсыбір ұйым басшылары қазақтың “мәселе” сөзін “сұрақпен” қисынсыз алмастырады. “Бүгінгі жиналыста төрт “сұрақ” қаралады. Осы “сұрақтар” бойынша кімдерде “сұрақ” болуы мүмкін?” деп жатады. Сол сөздерді айтушылар, бір қызығы, таза қазақша сөйлейтіндер. Сонда солардың ана тіліміздегі осы сөздің көпмағыналы екенін түсінбегендігі бізге тіптен түсініксіз. Тегінде, бұл да болса ана тіліне жауапсыз қарауды көрсетеді. Бір танысымның айтуына қарағанда, бір университеттің ректоры есігіне “Әр түрлі сұрақтармен келушілерді қабылдау” деп тақта қақтырыпты. Шамасы, қазақ тілін білетін, мәдениетті ақыл берген бағыныстыларын тыңдамағаны ғой. Сол сияқты, “министрмен бекітілген”, “институтпен ұсынылған” дейтін тіркестер де жиілеп кетті. Осыдан екі-үш жыл бұрын ғылым саласы бойынша Мемлекеттік сыйлыққа конкурсқа түскен шығармалардың “институтпен ұсынылған” деп тізімге енгізілгенін көрдік. Бұл ыңғайда бірнеше адамның саналы түрде жіберген қателігі көзге ұрып тұрады. Олар – институт директоры, институттың ғалым хатшысы, министрліктегі жауапты адам, Мемлекеттік сыйлық беру комитетінің жауапты адамы және аудармашы. Өйткені олардың бәрі құжаттың толтырылуына жауапсыз қараған, ал аудармашы болса – бұған қоса, салақтық пен сауатсыздықты бірдей танытып тұр. Бұлайша орыс тіліндегі септіктер мен қазақ тіліндегі септіктерді бірдей деп есептеп, “книга, подаренная мною” дегенді “менімен сыйланған кітап” немесе “желаю успехов” дегенді “табыстарыңыздың тілеймін” деуіміз керек пе, “любимое мною дело” дегенді “менімен сүйетін іс” дейміз бе? Тыңдаушының нені ұғарын білмейтіні, түсінбейтіні былай тұрсын, сол тыңдаушыңыз сөйлеушінің денсаулығына күдік келтірер еді. Сөйтіп, қазақ тілінен беймақұрым аудармашы “бір қарын майды шіріткен” құмалақты еске салады. Мұндай істе аудармашы ұстаудың еш қажеттігі жоқ. Дәл осы міндетті әр министрлік пен ведомствоның құрамындағы жауапты хатшыға тапсырған ақылды көрінеді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап, ұлттық онамастика кеңістігін өзінің төл бояуларымен, нақыштарымен өрнектеуге батыл және берік бағыт ұсталды. Тек Астана қаласының өзінде, оның құрамындағы елді мекендерде 800-ден астам көшелер мен алаңдардың атаулары өзгертілді. Бас қаланың көптеген көшелері тоталитарлық кезде заңсыз аталмай, тіпті ұмыт болып бара жатқан бабаларымыздың, ұлы тұлғалардың есімдерімен аталатын болды. Жаңадан бой көтерген мәдени орындар, мектептер де қазақтың даңқты ұлдары мен қыздарының есімдерімен аталатын болды. Мұны қала әкімдігі атқарған тарихи оқиға деп атауға әбден болады.
Бұл істе де кемшілік жоқ емес. Астанамыздың басты даңғылдарының біріне КСРО Ғылым академиясының академигі атанған, Қазақ ССР Ғылым академиясын ұйымдастырып, ашушы, әйгілі қоғам қайраткері У.Черчилль өте жоғары баға берген Қ.Сәтбаев есімінің берілмеуі, басқаларды былай қойғанда, шет елдерден келіп жататын ғалымдар мен мәдениет қайраткерлерінің алдында ыңғайсыз. Бүкіл халқымыздың ұстазы болған Ы.Алтинсарин мен А.Байтұрсынұлының есімдерімен аталатын мектеп елордада жоқ. Оның есесіне, үш-төрт қала мектептерінде есімі бар ақындардың фамилиялары Астана мектептерінің маңдайшасында жазулы тұр. Көше атауларында бірізділік, стандарт сақталмаған тұстар байқалады. Кенесары көшесі, Брусиловский көшесі деуге үйреніп кеткенімізбен, күйші Дина көшесі деуіміз керек екен. Неге олай екенін ешкім ұғындыра алмайды. Бізден сұрасаңыз, ретсіздігін айтар едік. Қазақ тілін білмейтін талайлардың күйші сөзін айта алмай, қиналып жүргенін көрдік.
Мерзімді баспасөз беттерінен елді мекеннің, көшенің атауларын ауыстыра берудің мысалдарын кездестіріп жүрміз. “Егемен Қазақстаннан” оқығанымыздай, Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауылының бір “мықтысы” Құдайдың сәтті күндерінің бірінде “Менің ауылымда көше неге Мұқан Төлебаевтың атымен аталады? Оның біздің ауылға сіңірген қандай еңбегі болыпты? – деп ашуланып, аудан әкімдігіне барып, өзінің бабаларының бірінің атына өзгерткен көрінеді. “Бақсақ, бақа екен” дегендей, “бұл көшені өзім күтіп-баптап жүремін” десе, аудан әкімі өтінішті орындайтын көрінеді.
Белгілі бір мекеме, ұйым немесе әкімшілік атауларын жазуда қателікке көп ұрынып жатамыз. Біріккен сөздерден жасалған атау болса, ол сөздерді екіге, үшке бөліп, арасына дефис қою әдетке айналып бара жатыр. Астанамыз Сарыарқаға көшіп келді, Астанада Сарыарқа ауданы бар. Осындағы Сарыарқаны Сары-арқа деп жазғанды ұнататындар бар. Ақорданы да әркім әртүрлі жазады. Сонда олар қандай ережеге сүйенеді. Мұндай екі сөзден ғана емес, үш сөзден құралған атау да біріктіріліп жазылуы керек. Кейбіреулер Алатау, Көкшетау, Қаратау сөздерін біріктіріп жазады да, Сандықтауды бөлек жазғысы келеді. Атау болғандықтан бәрі де стандартқа бағынулары қажет.
Қазақтың лингвистикалық капиталын байыта түсетін, тілдің мәдениетін арттыратын, бәрімізге ортақ тілдің мәртебесі мен абыройын көтеретін іске баршаны жұмылдыратын аса құнды бағдарламаның жүзеге асуын тілейміз.
Мырзатай СЕРҒАЛИЕВ, академик.