• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Тамыз, 2010

«Алатауды айналсам Алғадайды табам ба?..»

2039 рет
көрсетілді

Жыр алыбы Жамбылдың ұлы Алғадайдың Ұлы Отан соғысында қаза тапқанын естігенде шығарған ұзақ жоқтау-зары осылай басталатын еді. Бауыр еті баласынан мәңгіге айрылып, тым болмаса оған туған жерден топырақ бұйырмай, басына бір белгі де қоя алмай, аңырап қалған атаның зарын Жәкең осылай толғаған. “Аққан бұлақ, жанған шырақ, Жалғыз күнде құрыдың” дегендей, ұлы кеудеде кеткен шер де осы шығар, бәлкім... Сол Алғадайдың Украинаның Си­нель­ников қаласы үшін болған ұрыста қаза болғаны, сүйегі осы қаладағы бауыр­ластар зиратына қайта жерленгені 1998 жылы белгілі болып, қуанышты хабар қазақстандық газеттерге жарияланды. Жамбылдың немересі Әлімқұлдың баласы Мұратхан сол жылы алдымен барып, ата­сының басына зиярат етеді. Ал 2005 жылы, Ұлы Жеңістің 60 жылдығында Алға­дайдың басына ескерткіш қойылған екен. Оған Қазақстанның Украинадағы елшілігі (елші Амангелді Жұмабаев) белсене атсалысып, Алғадайдың басына қойылатын тас-белгіні Қазақстанда жаса­тып, батырдың басына салтанатты түрде қойғызған. Осы салтанатқа Днепропетров облысының губернаторы Юрий Ехануров бастаған жергілікті басшылар, қоғам қайраткерлерімен қатар, Қазақстаннан Алғадайдың немере інісі, ақын Әлімқұл Жамбылов та қатысқан екен. Жуырда, Днепродзержинск қаласына барған сапарымызда Синельников қала­сындағы Алғадай жерленген бауырластар зиратында біз де болып, батырдың басына зиярат еттік. Синельников қаласы 32 мыңға жуық тұрғыны бар шағын қала. Ал енді сол шаһардың қалалық кеңесінде 33 деп­утат бар екен. Біз қалалық раданың хат­шысы Виктор Бутлименкомен кездесіп, әңгімелескен едік. Ол өздерінің қаласы үшін болған ұрыста қаза тапқан 67 қазақ жауынгерін де ардақ тұтатындықтарын, олар қаза болған Тихий көшесін Алғадай­дың есімімен атау жөнінде әңгіме көте­ріл­генін айтты. “Бірақ, – деді ол, – жер­гілікті әкімшіліктің басшысы көше аты емес, тұрғындар демалатын “Дружба-Достық” атты жаңа саябақ ұйымдастыру керек деп шешті. Оған кететін шығын­ның жартысын Қазақстан жағы көтеретін болып шешілді”. Егер біздің жер үшін украинның Жамбыл тәріздес ақынының баласы қан төгіп, қаза болса, біз сол бойда ескерт­кішін де орнатып, көше атын да көп сөз­ге келмей бере салар едік. Ал украиндық ағайындар сендердің адамдарың екен, ендеше саябақтың жарты құнын сендер төлеңдер дейді. Бәлки, бұл дұрыс та шығар, әр халықтың өзіндік мінезі бар ғой. Жұрттың бәрі өзгелерге жыртыла беретін қазекем дейсің бе?.. Біз Алғадайдың қалай қаза болғанын анықтап, сүйегін тапқан қаладағы №5 мек­тепке де бардық. Осында қазақстан­дық жауынгерлерге арналған арнайы мұражай бар екен. Оны да Қазақстан елші­лігінің көмегімен мектеп ізшілдері ұйым­дастырыпты. Шағын бөлме болса да алыс­тағы Қазақстанның аралы секілді ортаға тап болдық. Өйткені, мұндағы экспонаттардың көбі Қазақстаннан жеткізілген. Соның ішінде қазақтың құтысы, ою-өрнектері, тұрмыстық бұйым­дары да тұр. Біз осы жерде ізшілдердің басшысы, мектептің әскери ісінің мұғалімі, запас­тағы подполковник Евгений Трушенко­мен ұзақ әңгімелесіп, оның Алғадайдың сүйегін қалай анықтағаны туралы білдік. – Синельников қаласы 1941 жылдан 1943 жылға дейін немістердің қоластында болды, – деп бастады әңгімесін Евгений Григорьевич. – Сталинград түбіндегі жеңіс­тен кейін Кеңес армиясы Украина­ны босатуға қатты кіріскен болатын. 1943 жылдың ақпан айындағы азат ету операциясы Снельниково-1 стансасынан басталған. Бұл қаланың Шығыс жақ беті. Кеңес әскерлері сол кезде Синельниковтың жанындағы Вольное селосына жа­қындаған. Әрі қарай Е.Трушенконың әңгімесі­нен төбе шашың тік тұратын бір факті естідік. “Шабуылға шыққан біздің әскер­лер­дің оқ-дәрімен қамтамасыз етілуі мүл­де төмен болған екен. Біз қазба жұмыс­тары кезінде көптеген жауынгерлердің оқсыз патронмен қаруланғанын анық­та­дық”, – деді ол. Сөйтіп, жаудың мұздай қаруланған әскеріне қарсы кеңестік командирлер кейбір жауынгерлерін оқсыз патронмен айдап салыпты. Осы әскердің арасында 19-шы гвар­диялық кавалеристік полк те болған. Онда Алғадайдан басқа да 67 қазақ жауын­гері болғандығы анықталыпты. Ста­линградтағы ірі жеңістен кейін ет-қызумен “уралаған” кеңес әскерлері Синель­ников қаласын жаудан азат еткен. Бірақ немістер олардың оқ-дәрімен қам­тамасыз етілуі мүлде төмен екенін сезіп қалып, стратегиялық тұрғыдан маңызды нысан болып есептелетін Синельников стансасын қайтару үшін үлкен күштер төгеді. Соның ішінде Запорожье қаласын­да тұрған “СС”-тің бас сүйектің қаң­қа­сын жауынгерлік туларына белгі еткен қаныпезер дивизиясын, авиация мен ар­тил­лерия күштерін де осындағы соғысқа тартып, жойқын шабуыл бастайды. “Пулеметші Алғадай Жамбылұлының жасы сол кездерде 40-тан асқан (1901-1943), ол бірнеше рет командирлерінің алғысын алып, жас жауынгерлерге үлгі етілген. Бұлар туралы артынан, полк ар­хивінен табылған материалдар растайды. Сталинград қырғынын бастан кешкен ол бұл кездерде соғыс ісіне барынша төсел­ген жауынгер болатын. Сол кездегі әске­ри газеттерде де оның ерлігі жайлы жа­зыл­ған деректер бар”, – деді Е.Тру­шенко. Немістердің ұлан-асыр шабуылынан кейін Синельников қаласын ұстап тұру мүмкін емес-тін. Соған көзі жеткен полк командирі әскерге қаланы тастап шығуға бұйрық береді. Ал жаралылар мен жүкте­рін арқалап, шегінген әскерді өкшелеп қуған жаудың жолын бөгеу үшін бірнеше жауынгерді қалқанға қалдырады. Соның ішінде пулеметші Алғадай Жамбылов та бар еді. Олар үйдің төбесіне бекініп алып, өңмеңдеген фашистердің алдына тосқау­ыл болады. Өздерінің бәрібір қаза бола­тынын білсе де, біреуі де позициясын тастамай, соңғы демі қалғанша айқасып, екі-үш шабуылдың бетін қайтарады. Бірақ күш тең емес еді, жау қызыләс­керлер бекінген үйді ала алмаған соң, олар­ды танкімен атып, тегіс қырып сала­ды. Жауынгерлер өздеріне жүктелген міндетті орындап, негізгі әскердің ше­гінісін қамтамасыз етіп, ерлікпен көз жұмады. ...Наурыз айы болып, күн жылына бас­тағанда, немістер жергілікті тұрғын­дар­ға қалада қалған кеңестік жауынгер­лердің мәйітін жерге көмдіреді. Әрине, олар қабір қазып, жерлеу салтын сақтап жерлемеген, сол жердегі снаряд қазған, окоп болған шұқырларға көме салған. “Біз қызыләскерлердің мәйітін сондай шұқырлардан қазып алып, қайта жер­ледік. Көптеген жауынгерлердің құжат­тары болмады, болса да олары шіріп кеткен болуы керек. Ал кейбір пышақ, ине, ұстара секілді заттардың тот басқан сұлбасы табылды. Соның ішінде, – деді Евгений Григорьевич бір тот басқан пы­шақты көрсетіп, – мына пышақ жауынгердің аяғына байланған болды. Өзінің ұстарасы өткір екендігі білініп тұр. Иесі онымен сақал-мұртын да қырып отырған болуы керек. Біз анықтаған ар­дагерлер мұндай пышақтар қазақтардың қонышында жүретіндігін айтты. Қазақтар оларын күтіп ұстап, көбінесе қайрап оты­ратынын жеткізді көз көргендер. Сондай-ақ темекі қорабынан қазақтың ұлттық оюын таптық. Сол жерден біз барлығы 200-дей мәйітті қазып алып, бауырластар зиратына салтанатты түрде жерледік. Содан кейін Қорғаныс министрлігінің Подольскідегі архивіне барып жұмыс істеп, олардың аты-жөндерін анықтадық. Айта кететіні, Алғадай қызмет еткен 19-шы гвардиялық кавполк осы жерде толы­ғымен құртылған екен. Полктың туы да қолды болған сияқты, өйткені тірі қал­ғандарын басқа бөлімшелерге ауыстырып жіберіпті. Біз қазақ фамилияларын қазақстан­дық газеттерге жіберген едік, ұзамай Қа­зақ­станнан қуанышты хабар келді. Жау­ын­герлердің бірі – аты бүкілодаққа мәш­һүр болған Жамбылдың баласы болып шықты. Біз де бұған қатты қуанып қал­дық. Содан кейін қазақстандықтардың бізге келуі жиіледі”. 1996 жылы Жамбылдың 150 жылдық тойы болғанда Евгений Трушенко қонақ ретінде арнайы шақырылып, үлкен құрметке бөленген екен. Ол сол жолы Алғадай жатқан жер­дің бір уыс то­пырағын ала барып, Жәкеңнің зиратына салыпты. Сөйтіп, “Алатауды ай­нал­сам, Алғадайды та­бам ба, Жетісуды жеткерсем, Алға­дайды табам ба?” деп жоқтап кеткен ұлы ақынның рухы ұлының соңғы демі шыққан жердің то­пы­рағын иіскеп, тыныштанған сияқты... Евгений Тру­шен­ко осы қызмет­тің бәрін жергілікті өкімет тарапынан қолдаған жігіттердің арасында Василь Черноморды айрықша атап, оның үлкен көмегіне ризашылығын білдіріп отырды. Сөйтіп, украиналық жігіттер біздің азаматтарымыздың рухтарының тыныш болуына үлкен жәрдем еткен екен. Мектептегі мұражайды ұйымдастыруға да Василь Черномор үлкен еңбек сіңіріпті. Ол Қазақстанның Украинадағы елшілі­гімен бірлесе отырып, музейді қазақстан­дық экспонаттармен толтырысқан. Міне, осылайша алыстағы Украинада қазақ баласының қаны төгілген жерді, Қазақстанның бір бұрышы дерлік орынды көріп қайттық. Жақсыбай САМРАТ. ---------------------------------- Автордың Алғадайдың басына гүл шоқтарын қойып жатқан сәті. Мектептегі мұражайда: әскери киімді Е.Трушенко және В.Черномор.