• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Тамыз, 2010

Ықпалдастыққа ынталылық

475 рет
көрсетілді

Сәрсенбі күні Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шарт ұйымы Дайындық комиссиясының Атқарушы хатшысы Тибор Тотты қабылдады. Кездесу кезінде Қанат Саудабаев өз сөзінде 29 тамыз күнінің терең астары бар екенін, себебі, 1949 жылдың дәл осы күні Семей полигонында алғаш рет ядролық қару сынағының басталған­дығын, ал 1991 жылы дәл осы күні Ел­ба­сының шешімімен полигонның мүлдем жабылғандығын айрықша атап өте келе, бұл ретте Астанада Халық­аралық Жаппай қырып-жою қаруы­нан бас тартудың Бүкілдүниежүзілік күніне орай ұйымдастырылған халықаралық кон­ферен­цияның маңызына тоқталды. Қ.­Саудабаев сонымен қатар, әңгі­мелесуші тараптың назарын 2009 жылы наурыз айында күшіне енген Орталық Азияда Ядролық қарудан азат аймақ жасау жөніндегі келісімге аударды. Оның сөзіне қарағанда, бұл Келісім ай­мақтағы елдердің ядролық қаруды тарат­пау тәртібін нығайтуға және Ядро­лық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шартта белгіленген тапсыр­маларды жүзеге асыруға қосылған айрықша үлес болып саналады. Бұл ретте ол ядролық қаруды таратпау тәртібі және ядролық қарусыздану саласындағы тиімді құралдардың бірі ретінде Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шартқа шынайы қолдауын білдірді. Өз кезегінде сөз алған Атқарушы хатшы Тибор Тот Қазақстан мен Яд­ролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шарт ұйымы арасын­да орнаған қарым-қатынас деңгейіне жоғара баға беріп өтті. Сондай-ақ, Қазақстанның ядролық қарусыздану және оны таратпау жөніндегі жаһан­дық үдеріске қосқан үлесі үшін риза­шылығын білдірді. “Қазіргі таңда Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шарт ұйымының белсенді мүшелерінің бірі”, – деді бұл жөнінде Тибор Тот. Бұл күнгі кездесу аясында тарап­тар өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту, соның ішінде ядролық мо­ниторинг пен инспекциялық қызмет мәліметтерін сараптау жөніндегі Аймақтық оқыту орталығын құру, мо­ни­торинг мәліметтерін кешенді түр­де сараптай отырып, анықтау, зерт­теу жұмыстарының жобаларын дай­ындау мен жүзеге асыруға Қазақ­станның қатысу мәселелерін талқыға салды. “Мен Қазақстанның ядролық қарусыздану мен таратпау жөніндегі батыл бастамаларын жоғары баға­лаймын. Бұл тек Семей ядролық поли­гонын жабу үдерісіне ғана емес, сонымен қатар, оның ядролық арсеналдан бас тарту жөніндегі бастамасына қатысты. Сол себепті, мен Қазақстанның бұл қадамдарына өз ризашылығымды білдіріп, қол­дайтындығымды жеткізгім келеді”, – өз сөзінде Т. Тот. Оның сөзіне қа­рағанда, ядролық қарудан бас тарту жеке бір елдің ғана емес, әлемнің әр қиырында жатқан мемлекеттердің болашағы үшін маңызды. “Ол үшін осы үдеріске мүдделі кез келген ел белгілі бір мақсат жолында күш бі­ріктіріп, дұрыс қадамдарға баруы қа­ж­ет. Әрине, бұл оңай емес. Бірақ оны іс жүзіне асыруға болады. Бү­гін­де Қазақстан өзінің бастамалары мен қадамдары арқылы мұндай сенімсіздіктерді сейілтуге күш салып келеді. Бұл ретте біздің Ядролық сы­нақ­тарға жаппай тыйым салу жөнін­дегі шарт ұйымының да атқарып отырған жұмыстары орасан дер едім. Болашақта бір бағытты көздейтін іс-шараларды одан әрі ширата түсуіміз қажет”, – деді Тибор Тот. Оның сөзіне қарағанда, 13 жыл ішінде аталған ұйым ядролық қарусыздану бағытында оң қадамдарға барған. “Бүгінде 15З мемлекет қолдау-көмек танытуда. Бұл жылдар ішінде біз ядролық сынақтарға байланысты халықаралық мониторинг жүргізу жүйесін енгіздік. Қазіргі таңда бұл жүйе нәтижелі түрде жұмыс істеп келеді”, деді Тибор Тот өз сөзінде. Сондай-ақ, оның айтуынша, бүгінде Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі Келісімге қосылмаған елдер де бар екен. “Біз үшін Сол­түс­тік Корея, Индия және Пәкстан мем­лекеттерінің шартқа қол қою­лары аса маңызды. Сондай-ақ, оны Қытай, Египет, Иран, Израиль, Ин­донезия мемлекеттері ратифи­каци­я­лауы қажет. Бұл шартты ратифи­ка­цияламаған елдердің арасында АҚШ та бар. Бірақ та, біз жақын бо­лашақта әлем елдерінің ұжымдық қауіпсіздік саласында бір-біріне өзара қолдау танытатынына сенім білдіргіміз келеді. Қазақстан бұл орайда көпке үлгі бола білді. Қандай нақтылы қадамдарға бару қажеттігін көрсетіп берді”, деп атап өтті ол. Кездесу соңында Ядролық сы­нақ­тарға жаппай тыйым салу жө­нін­дегі шарт ұйымы Дайындық ко­мис­сиясының Атқарушы хатшысы Ти­бор Тот журналистермен кездесіп, олар­дың қойған сауалдарына жауап берді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ