• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Тамыз, 2010

Кәсіпкерлік кедергісіз дамуы тиіс

522 рет
көрсетілді

Ақтөбеде  Экономикалық даму және сауда министрлігі, Ақтөбе облысының әкімдігі және “Даму” кә­сіпкерлікті дамыту қорының ұйым­дастыруымен “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын жүзеге асыру барысы және әкімшілік кедер­гілерді қысқарту” атты республи­ка­лық көшпелі кеңес өтті. Оған  Пре­мьер-Министрдің орынбасары Ер­бол Орынбаев, облыстық әкімдік­тер­дің өкілдері, аудан әкімдерінің орын­басарлары, жеке кәсіпкерлер, қаржы және банк саласының қыз­мет­керлері қатысты. Кеңесті облыс әкімі Елеусін Сағындықов кіріспе сөз сөйлеп ашты. Облыс басшысы­ның айтуынша, өңірдің экономи­ка­лық даму қарқыны тәуір. Үстіміздегі жылдың жеті айында өнім өндіру анағұрлым артты. Сондай-ақ, салық және басқа төлемдердің түсімі де арта түскен. Облыста тұрғын үйді пайдалануға беруде де ілгерілеушілік бар. Тұтыну бағаларының индексі де республикалық деңгейден біраз төмен. Биыл облыс ішкі жалпы өнім өндіруді 6 млрд. АҚШ долларына жет­кізуге бағыт ұстауда. Облыста “Бизнестің жол картасы-2020” бағ­дарламасын жүзеге асыруға тыңғы­лықты дайындықтар бар. Биыл 43 индустриялық-инновациялық жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Орта және шағын бизнесті дамыту, ин­дус­триялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру арқылы 25 мың жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде. Кеңесте сөз алған  Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев республикалық кеңесті  өткізуге Ақтөбенің таңдалуының  өзіндік мәні бар екенін атап өтті. Облыс “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын жүзеге асыруда  еліміздегі бірден-бір көшбасшы өңір, деді ол. Биыл осы мақсатқа бөлінген 629 млн. теңге қаржының 405 млн. теңгесін игеру көзделуде. Экономикалық даму және сауда  вице-министрі Марат Құсайынов­тың айтуынша, “Бизнестің жол картасы-2020”  бағдарламасын жү­зеге асыру жаңа бизнес бастама­ларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру және экспортқа бағдар­ланған өндірісті қолдау бағыттары бойынша  жүргізілмек. Бағдарламаның үш бағыты бой­ын­ша екінші деңгейдегі банктердің қа­рауы­на жалпы сомасы 231,4 млрд. теңге құ­райтын 481 өтінім түсіпті. Бүгінгі күн­ге дейін барлық үш бағыт бойынша жал­­пы құны 41,14 млрд. теңге мөлше­рін­дегі 55 өтінім өмірге жолдама алыпты. Содан кейін сөз алған “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Ибрагимова қордың жұмысы және оның мүмкіндіктері туралы әң­гіме өрбітті. Бағдарламаны жүзеге ас­ырудың кейбір мәселелерін қоз­ға­ған Қазақстан Қаржыгерлері ассо­циа­циясының төрағасы Серік Аха­нов шағын және орта бизнесті қар­жы­ландыруға тоқталды. Жиында екін­ші деңгейдегі банк өкілдері және мақұлданған жобалардың басшы­ла­ры да өз ойларымен бөлісті. Содан кей­ін  Астана және Алматы қалала­ры мен облыстар әкімдерінің орын­ба­сарлары­ның бағдарламаны жүзеге асыру барысы туралы есептері тыңдалды. Кеңесте Үкіметтің әкімшілік кедер­гілерді қысқарту және бизнес ахуалды жақсарту бағытында жүргізіп отырған жұмыстары да  жан-жақты әңгіме өзегіне айналды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ.