Еуроодаққа жақындаған
Украина президенті Виктор Януковичтің айтуынша, өздері Еуроодаққа ассоциациялық мүше болып кіруге жақын. Бұрын- соңды дәл осындай жақын болып көрмепті. Президент елде қалыптасып отырған жалпы тұрақтылықты, саяси жүйенің орнықтылығын, экономиканың қарқынды дамуын алға тоса отырып, Еуроодаққа кірігудің алғышарттары жасалғанын мәлімдеді. Сірә, сол еуропалық құрылыммен әңгіме де жүргізілгенге ұқсайды. Әйтпесе бұлай мәлімдемес еді ғой.
Бурджанадзе – Үміткер
Грузияның бұрынғы парламент спикері Нино Бурджанадзе ел президенті қызметі үшін күреске қосылатыны жөнінде мәлімдеме жасады. Кезінде қазіргі президент Михаил Саакашвилидің билікке келуіне атсалысқан ол енді қазіргі билікке басты оппонент болып отыр. Оның осынау күресте мүмкіндігі қандай дегенде, Бурджанадзенің Мәскеумен жақындасу саясаты оны қолдаушылар санын көбейтеді деу қиын. Жұрт осыдан екі жыл бұрынғы соғысты ұмыта қойған жоқ. Біраз адам оның Ресей басшыларымен кездесуін де құптамаған.
Екі жылға қам қыл
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон халыққа үндеу тастап, екі жылға жететін азық-түлік қорын жасауға шақырды. Мұны ол биылғы құрғақшылыққа, соған байланысты болатын қымбатшылыққа орай жасады. Қор жасаған жақсы-ау, бірақ жоқтан қалай жасайды? Бұл елде бір жылға қажеттісі 1,4 миллион тонна астық болса, өздерінің өндіретіні – 1 миллион ғана. Сырттан сатып алуға мәжбүр. Ал үкіметтің де, халықтың да қаржысы тапшы.
Тіл – түсіністік көпірі
Израиль үкіметінің шешімі бойынша елдің мемлекеттік мектептерінде араб тілін оқыту міндетке айналды және мектеп бітіргенде оқушылар бұл пәннен емтихан тапсырады. Тағы бір атап айтарлық жай – бұл елде араб тілі екінші ресми тілдің бірі саналады. Сарапшылардың пікірінше, бір-бірінің тілін білу адамдарды жақындастырады. Араб тілінен сабақ беретіндердің көпшілігі еврейлер көрінеді.
Картер – арашашы
Солтүстік Корея үкіметімен тіл табысу қиын екендігі әлем жұртшылығына белгілі. Өздерінің оңтүстік жақтағы қандас бауырларымен дүрдараздығы өз алдына, әлемнің жетекші елдерімен де келіссөз жүргізуге келіспей қырсығып жатады. Сондықтан да, сондай елдің басшылығымен АҚШ-тың 39-шы президенті 85 жастағы Джимми Картердің тіл табысып, өз елінің 8 жылға кесіліп, түрмеде жатқан азаматы 31 жастағы Айхолан Мали Гоместі алып қайтқаны талай адамды таңдандырды. Сірә, оған халықаралық шиеленістерді бейбіт жолмен шешуге қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығының берілгені де жайдан-жай емес-ау дейсің.
Кастроның сөзі көбейді
Кубаның көсемі, бұрынғы Мемлекеттік кеңестің төрағасы Фидель Кастро жақында телеарнадан сөз сөйлеп, әлемдегі №1 лаңкес саналатын Усама бен Ладенді АҚШ Орталық барлау басқармасының (ОББ) агенті деп мәлімдеді. АҚШ-ты да, оның ОББ-сын да сынауға да, мінеуге де болар, бірақ жоғарыдағыдай мәлімдеме жасау өзін сыйлайтын қайраткерге жараспайды-ақ.
Қашқындар ұсталмай тұр
Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ең мықты деген қамағынан 25 аса қауіпті қылмыскер қашып кеткенін әркім әртүрлі әңгіме етіп жатыр. Біреулер елдің құқық қорғау орындарының әлсіздігі десе, екіншілері қашқындардың жанкештілігі дейді. Оларды елдің Жоғарғы соты қашып кетерден бір-ақ күн бұрын 10 жылдан бастап, өмірлік түрмеге жабу жазасына кескен екен. Оларға мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті үшін айып тағылған. Жедел шаралар белгіленгенімен, қашқындар әлі қолға түспеген.
Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.