Имам – халықтың руханиятына жауапты адам. Сондықтан, халық имамның бойынан бірегей құндылықтар, яғни көркем мінезді, әдептілікті, парасаттылықты, зеректікті, білімділікті көргісі келеді. Осы қасиеттерді бойына жинаған, діни білімі терең, көкірегі ояу дін өкілі ретінде жамиғаттың санасын мазалаған күрделі де сан түрлі сауалдардың жауабы үшін қиын да сынды, жоғары жауапкершілік жүгін жіті сезініп, өңірімізде уағыз-насихатымен көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүрген жас өкіл имам Нұрлан Асанов туралы айтқым келеді. Сұрастыра келсем, өкіл имам Жамбыл облысының тумасы, діндар отбасында дүниеге келіп, тәрбие алған. Нұрлан Мерке ауданында 14 жасынан қажы атанып, имам болуды мойнына жүктеген азамат. Қырғыз Республикасының мұсылмандар діни басқармасы алдындағы Қарабалта “Хазіреті Осман” ислам институтын 2006 жылы тәмамдапты. Әрі Тұран университеті мен кейіннен Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің ашық мәдени білім беру орталығының куәлігіне ие болған қос білімді имам екен. 2008 жылдан бері Жезқазған өңірі бойынша дін өкілі және Жезқазған мешітінің бас имамы. Мардымды жұмыстарымен бірден көзге түсті. Әрине, екі жыл көп уақыт емес. Әйтсе де ізгілікті шаруа тындырғаны және ақиқат.
Жезқазған мешіті қаланың шеткері орамында орналасқан. Ауасы кең, тамаша жазық мекенді алып жатыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2007 жылғы шешімімен өз заманының қайраткері, “Қазақ” газетін ұйымдастырушы, өңіріміздің оқымысты ғалымы, имам, қари Ахмет ишан Оразайұлының есімі берілді. Өзгеріс мешіттің кіре берісінен басталды. Айналасы тегістелініп, асфальт жолдары төселінді, жайқалған талдары күтімге алынып, бұрынғыдан да жасара бастағандай. Аспанға қолын созған мұнарасынан бұрын-соңды естіле бермейтін азанның үні жарқын шығады. Қасиетті Рамазан айында жаңғырған Құранға құлақтарын тігіп, тарауық намазынан кейін түннің бір уағына дейін орамның тұрғындары рахаттанып отырады. Мешіттің михрабын кейінгі үлгіде қалатып, мінбары мен жайнамаз түстес кілемдерді жайғызып, жаңартты. Мұның бәрі қай-қайсымызды болса да қуантты. Мешіт жанынан мұсылмандар асханасының қабырғасы көтерілді. Әрине, ішкі-сыртқы жабдығы түгелденбеген, дегенмен қала жұртшылығының азды-көпті жағдайын шешуге септігін тигізуде. Қаражаты жоқ, не артында қарауы қалмаған жанды арулап, ақтық сапарға шығарып салу – мешіттің бірінші озық көмегі. Жеңілдіктер жасап не болмаса қажетті жағдайды мешіт өз мойнына алуда. Жаңа мәйітхана салу жоспарда.
Мешіттің діни қызметін жастар қатары басқара бастады. Жаңа топтағы жас буынның бірлігі байқалады. Жастың аты жас, қадамының жастығынан жүйрік ойлар мен істер туындайды емес пе, арнайы құран оқытуға барсаң, күлімдеп қарсы алып, ілтипатпен шығарып салады. Мұсылмандықтың иісі аңқиды. Бұл мешіт қызметкері мен халық арасындағы тиімді тәсіл, әрине имандылықтың жемісі, басқарушы имам қызметінің бір қыры. “Алланың берген ырзық-несібесіне тәубе, барымызға шүкір, кем-кетігімізді жөндеп, халықты, оның ішінде жастарды мешітке тарту, жамиғаттың діни сауаты, кітапхана ашу және т.б. толып жатқан мақсаттарымызға Жаратқан Ием, Алла жәрдем берсін”, – деген өкіл имамға Ұлытаудан Балқашқа дейінгі мешіттердің діни жұмыстарын жолға қойып, халықтың руханиятына жауаптылықпен қарау оңайлыққа түсіп те жатқан жоқ.
Қарап отырсам, Жезқазған аймағында бұрын-соңды болып көрмеген Құран жарысы – игі істерінің алғашқы бет пердесі екен. Құранда 114 сүре, 6666 аят бар. Осы сүрелерді санасына жинақтаған балғын жасөспірімдердің келешегі жарқын. Бірден “Құран жарысы болады!” деген дүмпу хабарға қала жұрты елең етті. “Құдайым-ау, мұндай да жарыс болады екен-ау” деген таңданыстар да болды. Сайыстың басты талабы кез-келген сүрені мәнермен жатқа оқу үлгісі. Жастар бағын сынамақ болды. Ескеретін жайт, өкіл имам сахнадағы сайыскерді халықтың қошеметіне бөлендіре келе, бірден өзінің ойындағы сүрені айтып беру тосын талабы көрерменді таңқалдырды әрі қызықтырды. Әрине, бұдан сайыскер шыңдалатын болады. Жарыстан озып шыққан 9 жасар намазхан жас Елдосқа сүйсіне қарадық. Біз үшін бұл өзгеріс балаларымыз бен немерелеріміздің келешегіне жаңа бастау әрі өңіріміздегі бірнеше жерлерде өткізілуіне мұрындық болды. Біртін-біртін аймақтағы мешіттер Құран жарысын өткізуді үрдіс етсе, мен мұны мұсылман жас өреннің санасына себілген нұр сәуле деп ұғамын.
Ислам діні – бейбітшілік діні. Адам санасына имандылықты иіріп, әсіресе шынайы ислам дінінің өсиетіне әрбір жүректі әсерлі уағызбен ұйыта білу – екінің қолынан келе бермейтін қасиет. Бұрынғы жылдарға қарағанда, жұма намазына жиналатын жамағаттың саны екі есе. Яғни, имам халықты жинай біледі, әдемі насихатымен жұртты тарта біледі. Нұрлан Байжігітұлы жұма сайын тіршіліктегі ісіміздің, жұмадан жұмаға дейінгі аралықтағы әрекетіміз бен сөзімізді сараптауға, Алла алдында жауап беруге дайындық сезіміне бөлейтін тамаша уағыздарымен баурап алады. Әсіресе, балаларды діни білім алуға бағыттау, дінге бет бұрған баласына әке-шеше қарсылығының үкімі, ата-ананың балаға, баланың ата-анаға деген міндеттері мен борышы туралы тұрақты уағыздары әр отбасының тәрбие өзегіне айналды. Елді күлдіре отырып, ашық-жарқын көңілмен, жылы қабақпен жеткізгеннен болар, санамыздан орын алғанын сезбей, сүйсіне тыңдап, бір уақ жұбанып қаламыз. Нәпсі, халал мен харам, жақсы мен жаман пиғыл, алауыздық пен бірлік, сенім мен күмән, күдік пен ақиқат және т.б. тақырыптарының жоғарғы сатысында Аллаға деген адалдық пен сенім тұрады.
Бір кездері екі қатарды құрайтын, бүгінде жұма намаздарда қысы-жазы, күннің ыстық-суығына қарамай жамиғат қатары мешіт ауласында. Діни мерекелерде мешітке қарай жаяу ағылатын халықтың саны да өсті.
Жетім балаларға көмек беру, кітаптар тарату, жағдайы нашар не жалғызілікті адамдардың көңілін сұрау мен өтініштеріне көңіл бөлу, медресе шәкірттеріне көмек, ауыл мешіттерінің жағдайына қарасу және т.б. сол сияқты істерді атқаруда. Бұл да бір Алланың күш-қуаты шығар. Соңынан ерген имамдардың білімін қолға алғаны байқалады. Жұма намазында өзінен кейінгі жас буын имамдарды халық алдында уағыз айтқыздырып, өзі жамиғатпен бірге отырып тыңдайды. Және жиналған көпшіліктің көңілін қашанда уағызға аударып отырады. Халық алдында өзін мәдени ұстауы, тосын шариғат сұрақтарына жауап беруі мен уағызды мәнерлі де жетік тілмен жеткізуінің өзі бір үлгі емес пе? “Аймаққа қарасты мешіт имамдарының білімін таразылау, кем-кетігін түзеп, жетілдіріп, толықтыру мен жаңартуда елімізде не шетелде болсын, жыл сайын өтіп жатқан имамдардың діни білімін жетілдіру курстарынан қалдырмауға зор мән беремін”, – дейді өкіліміз.
Мәселен, таяуда наиб имамы Айтжан Аққошқаров Түркияның Болу қаласында болса, сәл ертеректе “Балмағамбет Балқыбайұлы” атындағы Сәтбаев мешітінің наиб имамы Бекзат Сейітжаппаров сол елден оралыпты. Сәтбаев, Ұлытау, Талап, тіптен 11-ші экспедиция елді мекенінің молдасы еліміздегі имамдардың білімін жетілдіру ислам институтында білімін жетілдіріпті. Бұл имамдардың білімін ширату мен шыңдауына жасап жатқан жағдайы.
Жезқазған қалалық оқу орындарда қала жастары, студенттер мен мектеп оқушылары жаңа имаммен әңгіме-дүкен құрып, дөңгелек үстел, пікір алмасуды дәстүрге айналдырды. Онымен қоса, қазақ-орыс мектептері, аурухана мен әскери бөлімше, қарттар үйі, жетім балалар үйінде насихат жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі қазақ қыздары мен мұсылман діні немесе қазақ жастарының өміріндегі дін туралы тақырыптар тілге тиек болып жүр. Бүгіндегі “Дінтану” пәні оқушының діни көзқарасын алғаш қалағанмен әрі қарай дамытуда осындай жүздесулер қажет деп ойлаймын. Толып кеткен діни басылым мен кітаптар жөнінде түсінік беруді де назардан тыс қалдырмайды. Имам кездесулерде нысанаға түрлі діни ағымдар жетегінде жүрген жастарды алады. Осы бір күрмеуі қиын күрделі жұмыстың оң шешуін табуға қала, аудан әкімдері, ішкі саясат бөлімі, ақсақалдармен бірлесе отырып, шешуге кірісуде. Және ол түрлі секта мен діни ағымдар күрмеуіндегі мұсылман қазақ жастарын дәстүрлі дінімізге қайтару тек мешіт имамы мен дін өкілінің ғана емес, барша мұсылман қауымының алдындағы үлкен міндет екенін жалықпай айтып келеді.
Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, жаңа имамның жас қадамымен үлкен жұмыстар атқарылуда, дін мұсылман қауымында серпіліс бар. Бұл жерде имамның еңбегі зор, оны атап көрсеткеніміздің еш әбестігі жоқ. Қасиетті дінімізді жандандыруда Нұрлан қажының сіңіріп жүрген еңбегі бар. Көпшілікті соңынан ерте білген азаматты құрметімізге бөлеген жөн.
Әли қажы ҚАҢТАРБАЕВ, Жезқазған.