Көкейкесті
Трансшекаралық өзен суы азайып барады Адамзат тіршілігі үшін су қаншалықты маңызға ие болса, Батыс Қазақстан мен Атырау облысының экономикасы үшін Жайық өзені ең басты күретамыр іспетті. Жайық өзенінің суына көршілес Ресейдің өзі де тәуелді. Өйткені, Жайық өзенінің бастауы Ресейдегі Орал тауынан бермен қарай Башқортстан аумағымен, Челябі, Орынбор, Қазақстанның Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарын қуалай өтіп, Каспий теңізіне құяды. Жалпы ұзындығы 2428 шақырымға созылатын өзеннің Қазақстан аумағындағы бөлігі – 1049 шақырым. Қос мемлекетке ортақ, яғни трансшекаралық маңызға ие Жайық өзенінің су жинақтау алаңы – 237 000 шаршы шақырым. Өзеннің көпжылдық орташа ағысы Қазақстан шекарасында секөнтіне 292 текше метрді құрайды. Жайық суының 70 пайызы көктемгі су тасқынынан толығып отырады дегенімізбен, соңғы жылдары бұл соншалықты байқала бермейді. Қыс айларында қар қалың жауып, топырақтың ылғалдылығы мол болған жылдары Жайық суы Орал қаласы тұсында 500 см-ге, ал Атырау қаласы маңында 650 см-ге дейін көтеріліп, шабындық алқаптарға су өздігінен жайылатын. Мәселен, 1990, 1994, 1998, 2002, 2004-2005 және 2007 жылдары дәл осылай болғанын өңір жұртшылығы ұмыта қойған жоқ. Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының бастығы Бисен Қуановтың мәліметіне жүгінсек, соңғы үш жылда Жайық өзенінде су мүлдем азайып кетіпті. Өзен суының азаюы 1973, 1975, 1982, 1999, 2000, 2001, 2003 және 2006 жылдары да байқалыпты. Ал “Қазгидромет” мамандары соңғы үш жыл қатарынан Жайық өзеніне көктемгі тасқын су нормадағыдан 2-3 есеге аз түскен, негізгі себеп топырақтағы ылғалдың аздығы мен қардың болмауы, деген болжам айтады. Алайда, Жайық өзеніндегі судың азаюына басқа да себептер әсер ететінін жоққа шығаруға болмайды. Өзен суы негізінен Ириклинский су қоймасы арқылы реттеліп келеді. Орынбор облысындағы Ор қаласынан жоғарыға қарай 80 шақырымдық қашықта орналасқан аталған су қоймасы 1949-1957 жылдар аралығында салынған. Оны толтыру 1958 жылдың 17 сәуірінен басталып, 1966 жылдың 8 мамырында су қоймасына жинақталған су қорының деңгейі жобалық көлеміне жеткен. Су қоймасының жобалық көлемі – 3260 миллион текше метр. Міне, осы су қоймасының толық толтырылмауы Жайық өзеніне судың аз мөлшерде келуіне әсер етері даусыз. Мәселен, 2009 жылы Ириклинский су қоймасындағы су мөлшері 2410 миллион текше метрді құраған. Яғни, жобалық деңгейден 850 миллион текше метрге төмен. Ал биылғы жылы су қоймасындағы су деңгейі былтырғыдан да азайып, 1 наурыздағы дерек бойынша онда 1988 миллион текше метр су жинақталған. Демек, Орынбордағы су қоймасы өз деңгейінде шүпілдеп толып тұрған жоқ. Мамандардың есептеуінше, Ириклинский су қоймасына маусым айына дейінгі 1047 миллион текше метр су сыятындай бос орын болған. Дегенмен, Жайық өзенінің ортайған арнасы тек Ириклинский су қоймасынан жіберілген сумен толады десек, онда қатты қателескен болар едік. Рас, Жайық өзеніндегі көпжылдық орташа су шығыны секөнтіне 292 текше метрге тең болса, мұның 26,4 пайызы ғана Ириклинский су қоймасынан жіберілген су есебінен қамтылады. Ал қалған 73,6 пайызы өзге де өзендердің суымен толығады. Мәселен, Сакмара өзенінен 47,6%, Илек өзенінен 20% су Жайыққа құйылады. Сонымен бірге, Большой Кумак (3,4%), Орь (3%) өзендерінен де аз мөлшерде болса да су түсіп тұрады. Осыған байланысты Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының бастығы Бисен Қуанов мынадай тұжырым жасайды: – Жайық өзенінің су қорын тек Ириклинский су қоймасының суы есебінен реттеу Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының экономикасын өркендету үшін сумен қамту проблемасын толық шеше қоймайды. Себебі, Жайық өзеніндегі судың аздығына күзгі ылғалдың, сонымен қатар, қардың аз мөлшерде түсуі де әсер етеді. Егер Ириклинский су қоймасында күзгі-қысқы кезеңде қардың қоры қажетті мөлшерде жинақталғанда, су қоймасының бос алаңын толтырылып, Жайыққа жіберілер су Жайықтың төменгі сағасына дейін толық көлемде жетер еді. Өкінішке қарай, 2009 жылы Ириклинский су қоймасына көктемгі тасқын судан тек 175 миллион текше метр көлемінде ғана су түскен. Осы су қоймасының суы Жайық өзеніне әсіресе, жаз айларында өте-мөте қажет. Жайықтың келешегі үшін шырылдап жүргендер аз емес. Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев жақында осы мәселені көтерді. Ал Орал қаласының бұрынғы басшысы болған, бүгінде Парламент Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко жыл сайын экологиялық экспедиция ұйымдастырады. Не үшін? Әрине, жеке бас қамы үшін емес. Жайықтың арнасын ортайтпау үшін, сол арқылы экологияға зиян келмеуі үшін. Ең бастысы, Жайықтың жағасында Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының бірнеше елді мекені орналасқан. Ондағы халықтың тыныс-тіршілігі осы Жайықпен тығыз байланысты. Индер, Махамбет, Исатай аудандарының көптеген елді мекенінде тұрғындар Жайықтан бастау алатын каналдардан мал суарып отыр. Арнайы мақсаттар үшін Жайық өзенінен су алынады. Мәселен, биыл Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан экономиканың түрлі салалары үшін 820,83 миллион текше метр су алуға тапсырыс беріліпті. Мұның ішінде 48,0 миллион текше метрі ауыз суға пайдалануға сұралған. Міне, осының өзінен Батыс Қазақстан, Атырау облыстары үшін Жайық өзенінің маңызы қаншалықты екенін пайымдай беріңіз. Алайда, кезінде “Ақжайық, сенің орның алабөтен” деп ән әуелеткен Ғарифолла Құрманғалиевтай өнер тарланы жанындай жақсы көрген Жайықтың бұрынғыша жағаны ұрғылап тұрар толқыны жоқ. Өйткені, Жайықтың арнасы өз деңгейінен көп төмендеді. Оны толтырардай су қоры Ресейдегі өзендер арқылы келетінін жоғарыда айттық. Бірақ жылдан-жылға азайып барады. Себебі, Ресей алдымен өздеріндегі су қоймаларын толтыруға мүдделі болады. Мәселен, Башқортсандағы Сакмара өзенінің Жайыққа құяр сағасында 64 су қоймасы бар. Оған 225,9 миллион текше метр су жиналуы қажет. Онсыз Жайыққа су жіберілуі мүмкін бе? Күзгі-қысқы ылғалдың және қардың мөлшерден тым аз түсуі адамдардың қолымен жасалып отырған қиындық емес. Табиғаттың жазылмаған заңына шара жоқ. Ендеше, мәселеге басқа тұрғыдан қарап, көрші мемлекеттің тарапынан Жайықты шөміштен қағарлықтай қыспақтың жасалуына жол бермеген жөн. Бұл тек мемлекетаралық деңгейде шешімін табар мәселе. Жайықтың арнасы құрғап, табаны кеберсіп қалмауы үшін. Қос өңірдің тұрғындарын ауыз сумен тұрақты қамту үшін. Экологияны сақтау үшін. Экономиканың әр саласын, соның ішінде ауыл шаруашылығын өркендете беру үшін. Қысқасы, трансшекаралық маңызға ие Жайық өзеніне бір кездердегідей Арал өзенінің кебін кигізбеудің қамын бүгіннен ойластырған абзал. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.
•
07 Қыркүйек, 2010
Жайықтың жағаны ұрар толқыны қайда?
1105 рет
көрсетілді