• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
08 Қыркүйек, 2010

Нан бағасы қымбаттамайды

472 рет
көрсетілді

Оңтүстікке Ауыл шаруашылығы министрі А.Күріш­баев бастаған делегация келді. Астық атасы – нан. Биылғы қуаңшылықты пайдаланып пайда табу үшін нан өнімдері бағасын көтеріп жіберуге болмайды. Ал, бағаны ырықтан шығармауға мүмкіндіктер бар. А.Күрішбаев Елбасының тап­сыр­масына сәйкес “ҚазАгро” АҚ, “Азық-түлік келісім-шарт корпо­ра­ция­сы” АҚ қатысуымен астық өсір­мейтін және осы дақыл жеткі­зілмейтін аймақтарды қамтамасыз ету жөнінде меморандумға қол қойылатындығын айтты. Әкімдіктер астықты мақсатты пайдалануды қамта­ма­сыз етіп, нан өнімдерінің бағасына бақылау жасап отыруы керек. Сонда ғана ішкі рыноктағы астықтың бағасына тәуелділікті ырықтандырып, бағаны тұрақты ұстай аламыз. Аймақтарды қажетті өнімдермен қамта­ма­сыз еткеннен кейін астық өндірушілер өз өнімдерін шетелдерге әлемдік рынок бағасы бойынша сатуға шығара алады. “ҚазАгро” АҚ басқарма төраға­сы Асылжан Ма­мыт­беков “Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы” АҚ қорынан операторлардың белгіленген баға мөлше­рінде астық ала алатынын айтты. Министрдің айтуы бойынша, Қазақстанның осы өнімдерге қажеттілігі 3,5 млн. тонна. Кор­по­рацияда өт­кен жылдардан қалған 1.5 млн. тонна қор бар. Ендігі мін­дет, тоннасын 180 долларға ба­ға­лап, астық өндіруші өз диқанда­рымыздан 2 млн. тонна дәнді дақыл сатып алынса, ішкі рынокты толық қамтамасыз етуге болады. Ал Оңтүстіктің жылдық қажеті 439 мың тонна. Яғни, ай сайын 34 мың тонна астық кестеге сәйкес жеткізілуі керек. Осы орайда “Амангелді ұн” корпорациясының пре­зи­денті Нұрлан Құралов “ҚазАгро” АҚ басшысына астықты екінші дәре­желі банк кепілдігі арқылы сатып алуды ұсынды. Өйткені, шаруа­лар­дың қолында көтерме бағамен са­тып алатындай қаржы жоқ. “Қаз­Агро” басшысы екі жаққа да тиімді ұсынысты қолдады. Облыс басшысы Асқар Мыр­зах­метов облыс диқандары өндірген бидайдың да ішкі қажеттілікті өтеуге жұмсалатынын айтты. Жиын соңында тараптар мемо­рандумға қол қойды. Биылғы күз оңтүстіктік диқан­дар  шамамен 266,2 мың тонна ас­тық жинап алды. Гектар түсімі 15 цент­нерден айналды. Бұл өткен жылға қарағанда төмендеу болға­ны­мен басқа өңірлермен салыстыр­ғанда көңіл тоғайтатын мөлшер. Бүгінде облыс диқандары күзгі ас­тық үшін жер айдауды бастап кетті. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.