• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Қыркүйек, 2010

Күш біріктіргеннен күтер нәтиже көп

570 рет
көрсетілді

Америка-Қазақстан энергети­ка­лық әріптестігі аясында ҚР Индустрия және жаңа технология­лар министрлігі мен АҚШ-тың Энергетика министрлігі бірлесіп қайталама қуат көздерін дамыту мен қуат тиімділігі кедергілерін еңсеру және ынталандыру бой­ынша семинар өткізді. Екі күнге созылған басқо­суға АҚШ Энер­гетика министрлігі жанындағы Қайталама қуат көздері ұлттық зертханасының, Джорджия штаты технология институты мен Hudson Technologіes ком­паниясының сарапшылары қатысты. Қазақстан тара­пынан семинар жұмысын Үкімет,  өнеркәсіп кәсіп­орындары мен өзге де ұйымдардың өкілдері тыңдады. Басқосу барысында АҚШ тарапының табыстары, таза энергетикалық технологиялар енгізуде қандай кедергілерге кездескені жан-жақты айтылды. Қайталама қуат көздері мәселелері бойынша пікір­таластарда аталған саладағы Қазақстанның әлеуеті, осы бағытта ілгері жылжи отырып, ықтимал кедер­гі­лер­ді қалай еңсеруге болатыны, жел энергиясын пайдалану ісінде мүмкіндікті айқындау үшін карта жасауда талдамаларды қалайша кәдеге асыруға болатыны туралы әңгіме қозғалды. Қуат тиімділігі мәселелерімен айналысатын топ қуат басқару бағдарламаларын жүзеге асыру жолдарын оқып, өндірістік қуат тиімділігі стандарттары бойынша шо­лулар өткізді. Екі тараптан қатысушылар таза энергияны дамыту үшін стратегия жасау қажеттігін атап көрсетті. Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан энер­гетика саласында ұзақ уақыттан бері ынтымақтасып келеді. Үстіміздегі жылдың 11 сәуірінде АҚШ Прези­денті Барак Обама мен Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте кездескен болатын. Сол жолы екі жақты мәлімдеме қабылданып, онда ядролық қауіп­сіз­дік пен таратпау, Орталық Азиядағы өңірлік қауіп­сіздікті күшейту мақсатында екіжақты ынтымақ­тас­тықты арттыру атап көрсетілген еді. Оның ішінде мемлекет бас­шылары Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы 15 жылдық тығыз ынтымақтастық тәжірибесі ядро­лық қаруды қол­дану қатерін қысқарту ісінде табыс әкелгеніне ек­пін түсірген-тін. Сондай-ақ ядролық энергетика сала­сында және қуаттың баламалы көздері бойынша ын­ты­мақтастықты ны­ғайтуға ниеттестік танытқан болатын. “Егемен-ақпарат”.