Мұның алдындағы хабарымызда 8 қыркүйек күні қатты соққан желден Шарбақты және Лебяжі аудандарына қарасты орман шаруашылықтары қызыл өртке оранып, 6 адам қаза болғанын, Жабағылы, Бейімбет, Көкжал ауылдарының тұрғындары көршілес Беген, Төсағаш ауылдарына уақытша көшірілгенін жазған едік. Қазір өрттен қорқып қашқан тұрғындар ауылдарына оралды. Жағдай тынышталды. Орманның іргесінде отырған ауылдарда болсын, орман шаруашылықтарында болсын өртке қарсы дұрыс техника, құрал-жабдықтардың болмауы апаттан қорғана алмаудың тағы бір себебі, жыл сайын орман үшін қаншама қаражат бөлінеді, олар қайда кетеді деген осы жерде тағы да заңды сұрақ туындайды. Әрине, өрттен кейінгі үрпиісіп, үркіп қалған ауылдың жағдайы белгілі. Күнде көріп араласып жүрген көршілері, ауылдастары қаза болды. Осыдан бір ай бұрын шалғайда жатқан осы Жабағылы, Шоқтал, Мерғалым ауылдарына облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев келіп, елдің жағдайымен танысып қайтқан болатын. Ауылда орын алған әлеуметтік жағдайларға көңілі толмай, “алыстағы болашағы жоқ деп біз далаға қалдыра алмаймыз, он үй болса да бізден қамқорлық күтеді, он үй отырса да елдің бір бұрышын сақтап отыр” деп жергілікті әкім-қараларды сын тезіне алған еді. Іле, елдің жағдайына назар аудара қоймаған әкім-қараларды облыстық әкімдіктің үлкен залына жинап, ауыл — қазақтың алтын бесігі, сол қазықты мықтап ұстау, сақтау — сендердің қолдарыңда деп тағы да тапсырмалар берілді. Амал қанша, онсыз да “болашағы жоқ” деп айдар тағылып көзден таса, көңілден шет қалып жүргенде ауылдарға орман өрті қайта айналып соқты. Оқыстан келген өрт малды да, жанды да аяған жоқ, адам шығынымен қатар, ауылдың 10 ірі қара малы, бір жылқысы жанып кеткен.
Орман өрті орын алған аумаққа Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко және облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев сол күні-ақ келіп жетіп, қиындықта қайда барарларын білмей абдырап қалған ауыл халқымен бірге болды. Сол жерде жедел түрде өртті ауыздықтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі штаб құрылды. Барлық техникалар жұмылып, ұшақтар келіп, өртті сөндіруге әскерилер, құқық қорғау орындары, төтенше жағдай, өрт сөндіру қызметтерінің және жергілікті әкімдіктер тарапынан бүкіл күш-қуаттар жұмылдырылды. Астанадан осы салаға қатысы бар министрлік өкілдері де келіп жетті. Лебяжі аудандық ауруханасында облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан барған жедел санитарлық бригадалар өртке күйіп жараланған орманшыларға, ауыл адамдарына күні-түні көмек жасады.
Қапыда қаза тапқан адамдардың отбасыларына облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша облыстық әкімдік 6 миллион теңге қаражат бөлді. Әр отбасына 1 миллион теңгеден. Марқұмдарды соңғы сапарға шығарып, жерлеу рәсімдерінің шығындарын да жергілікті атқарушы билік орындары және “Ертіс орманы” резерваты әкімшілігі өз мойындарына алды. Лебяжі ауданының әкімі Серік Әпсалықовтың айтуынша, қазір өрттен жапа шеккен ауылдарға жан-жақтан көмек келуде. Қыс болса жақындап қалды. Ауылдардың мая-мая үйген шөптері жанып кетіпті. Әр үйде 30-40 мал бар, қазір мал қоралары жем-шөпсіз қалған үйлерге шөп жеткізілуде. Облыс аудандары Жабағылы мен Бейімбет ауылдарына жан-жақтан көмек қолдарын созуда. Ал орманды өрттен қорғап қаламыз деп арпалысқа түскен орманшылар еліміздің жоғары марапаттауларына ұсынылатын болады.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.