20 қыркүйекте Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Бас Ассамблеясының 65-ші сессиясы ашылды. Бұл сессияның ең басты ерекшелігі, осыдан 10 жыл бұрын Нью-Йоркте БҰҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен өткен ұйымның Мыңжылдық саммитінде қабылданған мыңжылдықтың даму мақсаттарына қатысты жалпы пікірсайыс (дебат) болмақ. Ол 20-25 қыркүйек аралығын қамтиды. БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бастаған қазақстандық делегация да қатысуда. Ал сессияның төрағасы болып Швейцария өкілі Иозеф Дайс сайланды.
Биылғы жылы әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, елдер арасында ынтымақтастықты дамыту мақсатында қызмет етіп келе жатқан беделді халықаралық ұйым – БҰҰ-ның құрылғанына 65 жыл толады. Ұйымның мерекелік осы сессиясында Мыңжылдықтың даму мақсаттарымен қатар, халықаралық және өңірлік ұйымдардың қатысуымен көптеген іс-шаралар өткелі отыр. Солардың бірқатарына Қанат Саудабаев қатысады және сөз сөйлейді деп жоспарланған.
БҰҰ Бас Ассамблеясының өткен жылғы 64-ші сессиясында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау, БҰҰ Бас Ассамблеясының жұмысын жандандыру, ұйымның әлемдік аренадағы беделін және көшбасшылық рөлін нығайту, климат ауытқушылығы мен кедейшілікке қарсы күрес, сондай-ақ адам құқығын қорғау мәселелеріне баса назар аударылған болатын. Ал ұйымның бұл сессиясында жоғарыда атап өткен Мыңжылдықтың даму мақсаттары, оның ішінде жаһандық қауіпсіздік, әлемдік қаржы дағдарысының салдарын еңсеру, тағы басқа да жалпыға ортақ өзекті де өткір мәселелер талқыланады.
Осыдан 10 жыл бұрын, 2000 жылдың қыркүйегінде Нью-Йоркте БҰҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен өткен жоғары деңгейдегі Мыңжылдық саммитінде “Мыңжылдық және мақсаттарға жетудегі дамуды, жеделдетудің келісім шаралары” декларациясына (оны “Мыңжылдықтың даму мақсаттары” деп атайды) қол қойылған болатын. Сонымен қатар, декларацияда 2015 жылға дейін Мыңжылдықтың даму мақсаттарын жүзеге асыру бойынша міндеттемелер көрсетілген-ді. Жоғары деңгейде өткен сол саммитке Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысқан еді. Қазақстан – БҰҰ-ның мүшесі. Сондықтан да бұл міндеттемелерді орындау Қазақстанға да қатысты. Ал ұйымның осы сессиясында Мыңжылдықтың даму мақсаттары құжатын жүзеге асыру барысында 10 жыл ішінде атқарылған жұмыстарға қорытынды жасалады.
Қазақстан Мыңжылдықтың даму мақсаттарын жүзеге асыруды бастапқы кезде-ақ қолға алды. Мысалы, еліміздің Үкіметі 2000 жылдан бастап БҰҰ-ның Елдер командасымен өзара әріптестік жағдайда үш есебін дайындады. Сонымен қатар, кедейшілікті қысқартып, азаматтардың жалпы білім алуларына қолжетімділік жағдайлар жасады. Бұлардан бөлек Қазақстан Үкіметі 2007 жылы Мыңжылдықтың даму мақсаттарының күн тәртібі бойынша мемлекеттік бағдарламаларға негізделген ұлттық басымдықтарды талдауға, ұлттық статистикаға, тағы басқа да мәселелерге қатысты құжаттар қабылдады. Ал 2010 жылы Үкімет өңірлік бағдарламаларды дамытудың индикаторларын енгізу жұмыстарын қолға алды.
19 қыркүйекте түстен кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті. Кездесуде тараптар алдымен Орталық Азиядағы, одан кейін Қырғызстан мен Ауғанстандағы жағдайларды талқылады. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстан ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде төңкерістен кейін Қырғызстанды тұрақтандыруға жан-жақты экономикалық көмек көрсетіп жатқанына ризашылық білдірді. Қырғызстанға Қазақстан тарапынан көрсетілетін көмектің жалпы көлемі 10 миллион доллардан асады. Бүгінде бұл елге көмір, цемент, құрылыс материалдары, азық-түлік жеткізіліп жатыр.
Бас хатшы, сондай-ақ Қазақстанның Ауғанстан жастарын еліміздің жоғары оқу орындарында оқыту үшін 50 миллион доллар бөлгеніне де разылық танытты. Сонымен қатар, Пан Ги Мун еліміздің ядролық қару түрлерін кезең-кезеңімен қысқарту бастамасына да жоғары баға берді. Бас хатшының атап өтуінше, Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығын жоғары деңгейде атқарып келеді.
Кездесуде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунға осы жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі саммитіне қатысуға шақырған хатты табыс етті. Қанат Саудабаевтың атап өткеніндей, БҰҰ халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін әлемдегі ең беделді ұйым болып табылады.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 65-ші сессиясы әлемде қаржы-экономикалық дағдарыс әлі аяқтала қоймаған тұста өтіп отыр. Ал Қазақстан БҰҰ аясында өзінің сыртқы саясатын қазақстандық бағыт пен басымдықтарға сәйкес табысты жүргізіп келеді. Еліміз ұйымға мүше болған 1992 жылдан бергі кезеңдерде халықаралық қоғамдастықпен ойдағыдай интеграцияланып қана қоймай, бейбітшілік сүйетін, қауіп-қатердің кез келгеніне қарсы тұратын мемлекет ретінде әлемдік қоғамдастықтан өзінің лайықты орнын ала білді. Оның үстіне Қазақстан халықаралық деңгейде бастамалар көтеріп, оларды жүзеге асыру арқылы да кеңінен танылды. Осының барлығы БҰҰ тарапынан әркез жоғары бағаланып келеді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, “Егемен Қазақстан” – Нью-Йорктен.
Суретті түсірген Ілияс ОМАРОВ.