• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
21 Қыркүйек, 2010

Бұл баяғы Атырау емес

842 рет
көрсетілді

Баспасөз-2011 Шындығында солай. Баяғы балшығы белшеден келетін Атырау мен бүгінгі жаңарған, жаңғырған Атырауды салыстыру мүмкін емес. Дәулеті бұрынғыдан да артты, соған сай сәулеті келіскен Аты­рауда жыл сайын сан алуан өзге­ріс­тер болып жатады. Еңсесі тік­тел­ген жұртшылық та, іскерлік байланыспен, ағайындық аралас­тықпен келген қонақтар да зәулім ғимараттар, әсем тұрғын үйлер секілді алуан айшықтармен ай­шық­талған Атыраудың келісті келбетіне қызыға қарайтын болды. “Бұл баяғы Атырау емес, тіптен керемет өзгеріпті”, дейді бәрі. Халықтың әлеуметтік тұр­мысын жақсартуға, экономиканы өркен­детуге бағытталған өзге­рістер бұл. Мәселен, бұрын қаланың шеткі көшелерін айтпағанда, орталығы­ның өзі желімдей жабысқан бат­пақ­тан арылмаушы еді. Жаяу жүр­гінші түгілі көліктің өзі әрең жүретін. Енді бәрі басқаша. Облыс орталығымен бірге, алыс елді ме­кендерде де асфальт жолдар салы­нып жатыр. Аудандардағы елді ме­кен­дерге табиғи газ, таза ауыз су желілері тартылуда. Өңірдің бір қиы­рындағы Қызылқоға ауданына да жан жылытар табиғи газ, мейір қандырар мөлдір ауыз су жетіп, ондағы ағайындардың көпшілігі шелек-шелек күл шығарып, тезек жағу азабынан құтылды. “Көгілдір отын” рахатын тек армандаумен күн кешкен қызылқоғалықтардың бүгінгі қуанышында шек жоғын айтқан ләзім. Қызылқоға жұртшылығын қуа­нышқа бөлеп, жанын жадыратқан жарқын істер өзге аудандарға да тән. Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында да асфальт жол­дар салынып, абаттандыру жұ­мыстары қолға алынды. Ауыз су же­лісі жаңғыртылуда. Индер ауда­нында Жайық үстінен салынған көпір құрылысы пайдалануға бе­рілді. Мақат ауданына ауыз су же­лісі тартылды. Өткен жылдары Құрманғазы, Мақат аудандарында, жақында Жылыой ауданында сәні мен салтанаты жарасқан мәдениет үйі ашылды. Биылғы оқу жылында Индер, Исатай, Махамбет, Құр­манғазы аудандарында бір-бірден жаңа мектеп ғимараты оқушыларға есігін айқара ашты. Әлі де салынып жатқан білім ордалары, денсаулық сақтау ғимараттары жетерлік. Жас­тар­дың саламатты өмірге бет бұ­руына жол ашқан спорт сарайлары ашылып жатыр. Әлеумет әлеуетін арт­тыратын осындай алуан-алуан әлеуметтік жобалар, әрине, өңір экономикасының қарқынды да­муының жемісі. Мәселен, биылғы қаңтар-тамыз айларында өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындары 1 941 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 17,2 пайызға артық. Демек, осы деректің өзі мұнайлы Аты­рау экономикасындағы қар­қын­ның бәсеңдемегенін аңғартады. Қазынаға түсер салық түсімі де молайды. Өңірде бірнеше индустриялық жобаларды іске асыру көзделсе, олардың кейбірі қазірдің өзінде жұмыс істей бастады. Елімізде ме­дициналық шприцтер шығаратын алғашқы зауыт Атырауда өнім шы­ғаруды қолға алды. Оңтүстік Корея технологиясымен шығарылған шприцтер сапасы өте жоғары. Баға­сы шетелдік өнімнен, мәселен, Гер­маниядан тасымалданатын шпирц­терден әлдеқайда арзан. Импорт алмастыруға таптырмай­тын шприцтерге отандық меди­ци­надан ғана емес, көршілес елдерден де сұраныс бар. Яғни, қазақстан­дық шприцтердің экспорттық көк­жиегі кеңейе түспек. Сонымен бірге, жеңіл панель шығаратын зауыт­тың келешегіне үміт артуға болады. Бұл, алдымен, отандық құрылыс индустриясының қарқын алуына серпін бермек. Екіншіден, құрылысқа қажетті осы өніммен түрлі ғимараттарды сапалы әрі тез салуға болады. Экономиканың барлық саласында оң өзгерістерге бастайтын жобалар жетерлік. Мұ­най-газ өнеркәсібінің көшбасшы кәсіпорны – Атырау мұнай өңдеу зауытында хош иісті көмірсутектер шығаратын кешен құрылысының алғашқы қадасы қағылды. Балық өнімдерінің түр-түрін шығаратын “Атыраубалық” үлесі мемлекет меншігіне қайтарылып, осы кәсіпорын негізінде “Жайықбалық” кәсіпорны жұмыс істей бастады. Өткен сенбіде облыс әкімі Бер­гей Рысқалиев мұнайлы Атырау­дағы осындай өркенді өзгерістер мен келешек жобалар, сонымен бірге, кейбір проблемалық мәсе­ле­лер туралы “Егемен Қазақстан” РГ” АҚ президенті Сауытбек Аб­драхмановты 1,5 сағаттай уақытқа со­зылған қабылдау кезінде әңгі­ме­леп берді. Әсіресе, Жайық өзеніне Ресей өзендері арқылы құйылатын су мөлшерінің тым-тым төмендеп кетуі алаңдатады. Көрші мемлекет Ириклинский су қоймасын, Сакмара өзенінің Жайыққа құяр сағасындағы 60-тан астам су қоймаларын толтырып алмай, су жібермейтін болды. Жайық суының тартылу қаупі жағадағы Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының елді мекендерін ауыз сумен қам­туда, сондай-ақ, бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашуына кедергі жасау ықтималдығын кү­шейтеді. Өйткені, Каспий бекіресі Жайық өзені бойымен Орал қа­ласына дейінгі аумаққа уылдырық шашады. Ал өзен суы жылма-жыл азайып, Жайықтың кейбір жер­леріндегі тереңдігі 50 см-ден аспауға айналды. – Атырау – ежелден қаймағы бұ­зылмаған қазақы өңір, – деді әкім Бергей Сәулебайұлы. –Ал­ғаш­қылардың қатарында іс-қағаз­дарын мемлекеттік тілге көшірді. Қазір өңірдегі шетелдік кәсіпорын­дарда ағылшын тілінен тікелей қазақшаға, қазақ тілінен тікелей ағылшыншаға аудару үрдісі қалып­тасты. Мемлекеттік тілдің қанат жаюымен бірге, ұлттық баспасөздің таралымы да молайды. Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы –“Егемен Қазақстанға” ықылас ерек­ше. Алдағы жылы да “Еге­меннің” таралымы көбейеді. Бас басылым басшысы Сауыт­бек Абдрахманов алаш арыстары негізін қалаған “Егемен Қазақ­станның” оқырманға мемлекеттік саясатты жеткізудегі, қазақ қо­ғам­ының рухани қажеттілігін өтеудегі орны мен маңызына тоқтала келе, келер жылы басылымның Атырау­дағы таралымы 10 000 данадан кем болмайтынына сенім білдірді. Соңғы екі жыл қатарынан “Аты­рау-ақпарат” КМК баспаханасында басылатын газет сапасы жақсарып, оқырман қолына бұрынғыдай кешікпей, тез жететін болды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.