• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
21 Қыркүйек, 2010

Із қалдырар ізденіс нәтижесі

479 рет
көрсетілді

Қазақстан ЕҚЫҰ-ның берік емес беделін нығайта алды ма немесе Хельсинкиден Астанаға дейінгі ұзақ жол хақында бірер сөз Халықаралық сарапшылардың пікірінше, өзінің демократиялық жетістіктерін орынды мақтан ете алатын бүгінгі Қазақстан өрлеу баспалдақтарына ілкімді істерімен ілінді. “...олай болса ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Қазақстан әлемдік демократия мектебінде ұялшақ жаңа оқушыдай көрінбейтін болады”, деген саясаттанушы Юрий Солозобовтың сөзімен осы пайымдардың ақиқаттығын ақтарып көрелікші. Тақырыпқа сұранған сауал, яғни  “ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі Қазақстан Ұйымның бұрынғы КСРО кеңістігіндегі сондайлық берік емес беделін нығайтатын бо­лады”,  деген сәуегей сөз рас­та­лып келеді. Өткен жылы Мәс­кеуде өткен  “Қазақстанның халық­аралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру жөніндегі бастамалары” деп аталатын дөң­гелек үстелде ТМД саясаткерлері “Қазақстан Республикасы мұны атқара алады, өйткені, бүгінде бұл ел бүкіл Орталық Азияның көш­басшысы ретінде қабылданады және Еуроодақтың өңірдегі ше­шуші әріптесі болып табылады. Бейнелеп айтқанда, Қазақстан­ның төрағалық етуімен ЕҚЫҰ ескі проблемаларда  жаңа көз­қа­расқа және жаңа “еуразиялық бейнеге” ие болады. Қазақстанда ЕҚЫҰ-ның қатысуымен қазірдің өзінде құрылып қойылған қауіп­сіздік тетіктеріне құрметпен қа­райды. Бірақ, Астана оларды жаң­ғырту қажеттігін айқын түсініп отыр”, деген жоқ па еді?! Ал ол кезде Қазақстанның  аталған Ұйымға төрағалығы екі­ұдай болып тұрған-ды, Астана Сам­митін өткізу туралы ой сая­саткерлердің үш ұйықтаса тү­сіне де кірмеген. Оның үстіне елі­міздің төрағалығына сын болған қырғыз оқиғалары да орын алмаған, болуы болжанбаған  тұс еді. Сындарлы сәтте салиқалы ше­шімге бара алған, оңтайлы қа­дамдар арқылы көршілерде тұ­тануға шақ қалған азамат соғы­сының алдын Қазақстан туралы, соңғы шиеленістер туралы сөз айтпай қалу мүмкін емес. Мұсылман және еуропалық қоғамдастықтар арасында дәнекер болып үлгерген Астананың көп­те­ген жанжалдарды шешуге қа­білетті екендігі бұрын да айтылып келген. Ал Қазақстанның саяси басшылығы өзінің басты тарихи миссиясы – Батыс пен Шығыс арасындағы көпір болуды әл­деқашан түйсінген. Сондықтан да Еуропаның кін­ді­гінен алыста жатқан Астананың ЕҚЫҰ төрағаға таңдалынып алуы кездейсоқтық еместігін қаперде ұстаған жөн болар. Оның үстіне аталған Ұйым бастама­шылдыққа келгенде “шаршап қалды” деген пікірлер жиі айтыла бастағанда Қазақстанның – тәуелсіз тың елдің төрағалығынан күтетін соны қадамдар легі көп еді.  Нақты іс тындырғаннан гөрі, қадағалаушылық қана әрекетке көшкен ЕҚЫҰ-ның келешегі күмәнді көріне бастағаны және аян. Бәрін қойып, гуманитарлық себеттің ішін зерттеуге үйір бо­лып алды дейтін Ұйым өзінің ең басты миссиясын – әскери-саяси және экономикалық бағыт­тарын ұмыт қалдыра бастағаны кеше еді. Қазақстан төрағалығы ЕҚЫҰ-ны созылмалы дағдарыстан шы­ғара алды ма? Мұны өзіміз емес, өзгелер айтқанда былай: “ЕҚЫҰ – өте-мөте бюрократиялық ұйым. Мен Қазақстан оған жұ­мыс істеу үшін өзінің ең күшті дип­ломаттарын жібергенін, сон­дай-ақ Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде ЕҚЫҰ-дағы жұ­мысқа жауап беретін жоғары са­наттағы білікті де шебер маман­дарды тағайындағанын білемін. өзімнің жеке тәжірибеме орай, сіз­дердің дипломаттарыңыз өте күшті екенін атап өткім келеді және сол үшін мен оларды құр­меттеймін”, деген АҚШ-тың Қа­зақстандағы елшісі Р.Хоугланд. Хоугланд мырза бұл пікірді  айт­қанда, төрағалықтың алғашқы үш айында-ақ ЕҚЫҰ-ның Іс басын­дағы төрағасы – Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Сауда­баев­тың 15 қатысушы елде болып, оның ішінде жанжалдар орын алған мемлекеттерді де арала­ғанын меңзесе керек. Ұйымның беделін көтеру де­ген мәселеден туындайды, азуын айға білеген державалардың өзі нақ Қазақстанның Халықаралық ядролық отын банкін орналас­тыру үшін бірден-бір үміткер ел екендігі кездейсоқ еместігін ашық мойындайды. “Атом сынақтары­ның қасіретін өз басынан кеш­кен, ядролық қарудан жария түр­де бас тартқан Қазақстанның қа­русыздану мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау режімін тү­бе­гейлі күшейту саласында қазір­гіден әлдеқайда табанды іс-әре­кетті талап етуге толық мораль­дық құқығы бар”, деген жоқ па еді Ресей сарапшылары. Күмәншілдер Қазақстан төр­аға болуға жас ел, еуропалық ас­та­налардан тым шалғайда орна­ласқан деген қисық уәждерін алға тартып жатқанда, ТМД елдері тү­гел тұрып, жауап ретінде төмен­дегі тарихи мысалды, “қырғи-қабақ” соғыстың ең қызған ша­ғын­да Еуропаның шетінде ор­на­лас­қан кішкентай елге – Фин­ляндияға мүмкін емес дерлік нәр­се­ні істеудің сәті түскенін еске сал­ды. Ол келіссөздер үстеліне  жанжалдасушы ұлы державаларды отырғызып, оларды әйгілі Хель­синки актісіне қол қоюға келіс­тірді. Осы арада 1975 жылы фин астанасында Еуропадағы қауіпсіз­дік және ынтымақтастық жөнінде конференция өтіп, ЕҚЫҰ дү­ние­ге келгенін айтудың сәті түсіп тұр. “Кім білген, бәлкім, Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы­нан кейін саясатшылардың сөз тіркесінде “Астана рухы”  ұғымы кі­ретін шығар” деген үмітті сәуе­гейліктің үдесінен Астана Сам­миті шыға ала ма? Батыс пен Шығыстың лидер­ле­рімен тең сөйлесетін, өзінің демократиялық сенімдерін жасы­рып жатпайтын Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың  беделіне шүбә келтірмейтін ха­лықаралық сарапшылар мен саясаткерлер Астана Саммитінің өту-өтпеуі белгісіз тұста да осы­лай иек артқан болатын. Кей­бі­реу­лердің геосаяси картасында әбден мүмкін болатын “отты нүк­те” ретінде белгіленген көпэтнос­ты еліміздің ұлтаралық және кон­фессияралық қатынастарды жолға қою тәжірибесінің иесі ретінде танылғанына тәнті болып, осыны Қазақстанның адамзаттық ауқым­ға шығара алатынына сенгендері болар! Яки тарихтың тезінен өт­кен, халықаралық ұйымдарда көп жұмыс істеген, келіссөздер бары­сында көп тәжірибе жинақтаған, ауызбіршілікті алдыңғы кезекке қойған тәуелсіз Қазақстанның ұс­танған саясатын үлгі тұта бас­тағаны шығар! Ендеше, Астана Саммиті күн тәртібіне қандай көкейкесті мә­се­лелерді шығарады? Әрине, мін­дет­ті түрде Астана нақты мәсе­ле­лер­ді шешу жолдарын ұсынады. ЕҚЫҰ-ның осы уақытқа дейін шарасы табылмаған жанды жері – Ауғанстан.  ЕҚЫҰ-да мұсыл­ман мемлекеттері аздығын ескер­сек, бітімгерлікке шақырған Қа­зақ­станның бұл мәселеде сөзі өтім­ді болады деп есептеу керек.  Оның үстіне араағайындық ісінде Қазақстан қол қусырып қарап отырған жоқ. Өз жауапкершілігін нақты білетін Қазақстан Ауған­станға  50 миллион доллар көле­мін­де көмек көрсетуді мойнына алды. Отыз жылға жуық соғысып, лаңы бітпеген елде бүтін бір ұрпақ дүниеге келіп, кәсіпсіз-жұмыссыз отырғанын да жақсы біледі. Сондықтан да осы елде мамандар даярлау ісіне еліміз қол­ұшын беріп жатқанын ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер көріп отыр. Мыңнан астам ауғандық Қазақ­станның жоғары оқу орын­дарында білім алып, ізгілік пен бейбітшілікті өз елдеріне егу үшін оралады. ЕҚЫҰ төрағалығы барысында Қазақстан айналып өте алмайтын тағы бір мәселе – Таулы Қарабақ дауы. Оның үстіне алып дер­жа­ва­лардың өзі тағы ұзақ уақытқа дейін қауіпсіздік саласында Аста­на Саммиті сынды үнқатысу мүм­кіндігінің тумайтынын түйсініп отыр. Және соңғы жылдардың бедеріндегі саяси шиеленістер мен қақтығыстарды тек қарудың күшімен, қоқан-лоқымен реттеу­дің мүмкін еместігі көрінді. Төскейде малы, төсекте басы қосылған  Қырғызстандағы мем­лекеттік төңкеріс те Қазақстан төрағалығының қаншалықты тұрлаулы екендігіне сын болды. Қазақстан бұл мәселеде ЕҚЫҰ-ға төраға болмаса да, бауырлас елдің басына түскен келеңсіздікке бей-жай қарай алмасы ақиқат еді.  Қазақстанның сыртқы саясаттағы көпқырлылығы және Ресеймен, Батыспен де жақсы қарым-қаты­насы, халықаралық ұйымдармен бірлестігі айыр қалпақты ағайын­ның келешегіне игі ықпалын ти­гізері күмәнсіз.  Іргесі лаң болып жатқанда қарап жатпаған еліміз қырғыздың тауқыметін бір кісідей бөлісті, көмегін берді, қаржысын бөлді. Ықпалын танытты! Сырттағы саясаткерлердің: “Осы заманғы Қазақстан өзінің миллиондаған азаматтарына “Мем­лекет деген – бұл біз!” деп мақтанышпен айтуға мүмкіндік беріп отыр”, деп берген бағасы Астана Саммитін лайықты  қарсы алуға жол ашатынына, адамзат­тық ынтымақтастық тарихында өз ізін қалдыратынына сеніңіз.  Бұл – біздің Қазақстанымыз, бұл – сіздің Отаныңыз! Айнаш ЕСАЛИ.