“Махаббат, қызық мол жылдар”
Ағаның айтқаны
Мен 67 жылдан бері “Егемен Қазақстанның” авторымын. Оның ішінде 17 жыл тікелей редакцияда қызмет істедім. Осы газетте тәрбиеленіп, жазушылық дәрежесіне жеттім. Бірнеше деректі көркем кітаптардың авторы болдым. Сол шығармаларымның біреуі “Махаббат, қызық мол жылдар” романы.
Бұл романымның жарыққа шыққанына биыл 40 жыл толды. Кезінде ол кітап туралы оқырмандардан он мыңнан аса хат алдым. Олардың бәрі авторға шын жүректен алғыс айтты.
“Махаббат, қызық мол жылдар” романы бойынша қазақ радиосы радиоспектакль (режиссері Сапарғали Шәріпов) жасап, миллиондаған тыңдарманды тәнті етті. “Қазақфильм” студиясы ол роман бойынша деректі фильм шығарды (режиссері Халила Омаров). Қытай Халық Республикасының Шыңжан-Ұйғыр автономиялы районында араб әрпімен басылып шығып, ол романды Үрімші радиосы бір ай бойы эфирден оқып, өз тыңдармандарын қуантты. Роман кезінде Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Бірсыпыра оқырмандар жаңа туған жас сәбилеріне романның бас кейіпкерлері Меңтай мен Ерболдың аттарын қойды. Ол кездегі көптеген жас жігіттер өз Меңтайларын іздеп тауып, қосылып, бақытты ата-ана дәрежесіне жетті. Қазір сүйікті ата, әже болып отыр.
“Махаббат, қызық мол жылдар” романының оқырманға әсері әлі күнге дейін әлсіреген жоқ, 40 жыл ішінде 12 рет қайта басылып шықса да, Алматыдан алыс облыстардың оқырмандары маған телефон соғып, сол кітабымды сұрайды. Орысшасын неге қайта басып шығармайсыз деп ренжиді.
Роман баспадан шыққанына 39 жыл өткеннен кейін, былтыр Семей қаласындағы Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театры (директоры Адай Азаматов) “Махаббат, қызық мол жылдар” деген жаңа спектакль шығарды. Бұл спектакльді Семей жұртшылығы зор ынтамен көрді. Одан кейін спектакльді театр ұжымы Талдықорған, Алматы калаларына әкеліп көрсетті. Алматыда Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрында сахналанды. Одан кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Студенттер сарайында қатарынан екі күн қойылып, оны 10 мыңнан аса студент көрді. Осы университеттің филология факультетінің өмірінен алып жазылған роман бойынша қойылған бұл спектакльді көрген филология факультетінің қазіргі деканы, профессор Қансейіт Әбдезұлы Семей театрының ұжымына алғыс айтты.
– Біздің соғыстан кейінгі студент кезімізді ойдағыдай етіп көрсеткендеріңіз үшін филология факультеті атынан және университет атынан үлкен рахмет. Толқын-толқын жастарымыз үшін тәрбиелік маңызы зор бұл роман ешқашанда ескірмейді, – деді ол.
Осылардың бәрін ойлана келіп, биыл құрметті Премьер-Министріміз Кәрім Мәсімовке хат жаздым. Романымның жағдайын айттым. Соның 40 жылдығына байланысты романды орыс тілінде шығарып беруіне көмектесуін өтіндім.
Жақында Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзадан хат алдым. Ол былай деп жазыпты:
“Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі сіздің Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімовтің атына жазған хатыңызды қарап, төмендегіні хабарлайды.
Расында, “Махаббат, қызық мол жылдар” романыңыздың шыққанына 40 жыл толса да, оның өзектілігі және жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу маңыздылығы өте зор.
Осыған орай, биыл күз айларында Білім және ғылым министрлігі аталған романның аясында келесі шараларды өткізуді жоспарлап отыр;
“Махаббатсыз дүние бос...” атты шығармалар сайысы (Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті);
“Естен кетпес ерлік сабақтары” атты дөңгелек үстел (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті);
“Жалын атқан жастық шақ” атты мәдени-танымдық кеш (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті);
“Адамшылықтың алды – махаббат, әділет, сезім” атты дөңгелек үстел (І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті)”.
Міне, осындай хат алып, қуанып отырмын, құрметті жұртшылық. Енді сіздерден осы жағдайды қалың оқырманыма хабарлап, газеттен сол романға арналған бір мақала берулеріңізді сұраймын. Бұл оқиғаға менімен бірге оқырмандарым да қуанса екен деймін.
Сонымен бірге, менің романымның тәрбиелік маңызын ескеріп, ол туралы жоғары оқу орындарына арнаулы конференциялар өткізуді ұйғарғандары және ол роман бойынша фильм жасауды ойластырмақ болғандары үшін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мырзаға, министрлер Мұхтар Құл-Мұхаммед, Жансейіт Түймебаев, Асқар Жұмағалиев мырзаларға шын жүректен алғыс айтамын.
Құрметпен, Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ, Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың және А.А.Фадеев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты
15.09.2010 жыл.
* * *
Інінің ілтипаты
Қадірлі Әзаға! Сізбен алғаш рет жүздескенімнен бері аттай 37 жыл уақыт өте шығыпты. 1973 жылы маусым айында КазГУ-дің журналистика факультетін тәмамдап, диплом алып, ол қуанышымды сізбен бөліскенім, шаңырағыңыздан, яғни Халима жеңешемнің өз қолынан дәм татқаным, сонда бес ай бойы жазған диплом жұмысымды өзіңіздің қолыңызға имене ұсынғаным әлі көз алдымда.
Әр оқиғаның өз уәжді себептері болады. Мен сонда неге сіздің журналистік шеберлігіңізді диплом жұмысыма арқау етіп алдым? Тіпті, мені бұл ниеттен сіздің: “Мені қайтесің. Сен дипломды Мұқан Иманжановтан қорға. Ол – қазақ журналистикасының бір белді тұлғасы”, деген үзірлі сөздеріңіз де қайтара алмады...
...1970 жылдың қысы мен үшін аса ауыр болды. Желтоқсанның қақаған аязында асқар таудай майдангер әкем 65-ке қараған шағында ауыр науқастан көз жұмды. Сүреңсіз өтіп жатқан күндердің бірінде көшеде кездескен кітап дүкенінің сатушысы:
– Жаңа кітаптар түсті, соларды көрсеңші, – деді. Қазақ кітаптарының арасынан қолыма ең алдымен іліккені “Махаббат, қызық мол жылдар” романы болды. Оның алғашқы бетіндегі:
Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар?
Ақырын-ақырын шегініп,
Алыстап кетті құрғырлар, – деп ұлы Абайдың эпиграфқа алынған өлең жолдары көзіме оттай басылды.
Авторы менің әкем сияқты майдангер екен. Іштей жақын тартып қалдым. Жай баяндау түрінде басталатын кітап мазмұны барған сайын ширап, қызықтыра түскендей. Бас алмай әрі қарай оқи бердім.
Анам кітаптың эпилогындағы “...Анаға сүйіспеншілік, жарға құштарлық, отанға перзенттілік, туған топыраққа борыштылық сезімдердің бәрі махаббатқа байланысты. Адам бойындағы ең асыл қасиет адамгершілік сезімі де махаббатпен сабақтас. Өйткені, махаббат қадірін білмейтін адамда адамгершілік сезімі болмайды, ал адамгершілігі жоқ кісінің жүрегін махаббат мекендемейді”, деген жерін қайта оқытты да:
– Балам, осы сөздер әр уақыт есте ұстайтын, жақсы адам болуға бастайтын ғибратты сөздер екен. Сен де оларды жадыңа тұт, ұмытпа, жүрегіңнің түкпірінде сақта, – деді мейірленіп.
Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовпен сырттай етене таныстығым осылай басталып еді.
Факультеттің барлық курстары тәмамдалып, енді диплом жазатын уақыт таянды.
Кафедра меңгерушісі, жаны ізгі профессор Тауман Амандосов ағайға бардым. “Нұршайықов саған ойыншық емес, ойлан”, деді ұстазым.
Ойлана келіп, “Әзілхан Нұршайықовтың журналистік шеберлігі” деген тақырыпқа тоқтадым да бел шешіп кірістім.
... Қолжазбамды түзеп, диплом жұмысын дайын қылып, машинкаға үш дана етіп бастырып, бірінші данасын кафедраға қорғауға тапсырғанымда Алматыда мамыражай жаз да орнаған еді. Маған сарапшы болу белгілі қиялгер-жазушы, ғалым Абдул-Хамит Мархабаевқа жүктелді. Ол диплом жұмысымды оқып шығып, қорғауға жарайды деген баға берді.
Сөйтіп, “Әзілхан Нұршайықовтың журналистік шеберлігі” тақырыбына жазылған диплом жұмысым мемлекеттік комиссияның бірауыздан ұйғаруымен “бес” деп бағаланды.
– Әй, Шәйкенов, сен азырақ бөгел, – деген Темірбек (Қожакеев) ағамыздың саңқ еткен дауысын естідім.
Деканның қасына бардым. Барлық адамдар шығып, екеуміз ғана қалғанда:
– Сенің диплом жұмысың әлі де болса бір қайнауы ішінде, жетілдіруді қажет етеді. Нұршайықов – әр сөзіне мән беріп, салмақ артып, шығарманың сыртқы пішінін де, ішкі мазмұнын да бірдей ұстайтын қаламгер. Бес алдым деп кеудеңе нан піспесін. Ол – сенің емес, Нұршайықовтың бесі, – деді.
Қазақ журналистикасы мен әдебиетінің бір білікті тұлғасы, ғалым ағаның сөзін шындықтың өзі деп қабылдадым.
Диплом алу жолындағы алғашқы жетістігімді айтып өзіңізді қуантайын деп телефон шалғанымда сіз:
– Жақсы, бірақ сен мемлекеттік емтиханды тапсырғаннан кейін ғана мақтан, – деп телефон тұтқасын қоя салдыңыз.
Өрекпіп тұрған көңілім су сепкендей басылды.
Қазір ойлап отырсам, сіз сонда ол сөздерді сол кездегі жастардың бойындағы бір кінәрат мінезді жақсы білетіндіктен маған жанашыр көңілден айтқан екенсіз. Ол кінәрат – біздің сауықшылдығымыз, бір жетістік болса, соны тойлап кететіндігіміз болса керек...
...Міне, “Махаббат, қызық мол жылдарды” қолыма тағы алып отырмын. Алғаш жарық көргеніне аттай 40 жыл өтіпті. Сан парақталып, сан оқылып, сан қолдан өтіп, беттері сарғайып, көнере бастаған. Бірақ ондағы жазуларды уақыт тоздыра алмады, олар сол жайнаған, таза қалпы сананы жаңғыртып, көңілді толқытады, өмірді қалтқысыз сүюге шақырады, адамгершілікке үндейді. Бұл кітап менің алаңсыз жастық шағымның, толысып, есеюімнің, жар құшып, ұл-қыз өсіріп, немере сүюімнің, ақар-шақар бір шаңырақтың басы болуымның куәгері, қолымнан тастамас серігім. Ол жалғыз мен ғана емес, қалың оқырман қауымның іздеп жүріп оқитын сүйікті шығармасы. Кітапқа деген оқырман ықыласы бұдан 40 жыл бұрын қандай болса, бүгін де дәл сондай.
Өткен жылы жазда сіз Талдықорған қаласында Жетісу университеті студенттерінің шақыруымен кездесу өткіздіңіз. Залда ине шаншар орын болмады. Сонда қазіргі студент қауымның романға, оның авторына деген ыстық ілтипатын тағы көрдім. Жастар сол өткен ғасырдың 70-ші жылдардағы тап біз сияқты көрінді. Сізге албырт та аңғал, пәк те таза сезіммен өз сауалдарын қойып, пікірлерін, ойларын, асыл армандарын айтып жатты. Бұдан мен “Махаббат, қызық мол жылдардың” өміршеңдігін, жыл өткен сайын оның жасарып, жаңғыра беретінін анық байқадым. “Жақсының аты мәңгі, ақынның хаты мәңгі” деген осы болса керек.
Орынбай ШӘЙКЕНОВ, журналист.