Отандық жоғары оқу орындарының тәжірибесінде тұңғыш рет Қамқоршылар кеңесі жүзеге асты. Қамқоршылар кеңесі – әлемдегі дамыған елдерде негізінен білім ордаларының жұмысын жетілдіру әрі тиімді ету мақсатында құрылған орган.
Аталмыш кеңесті Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков басқарады. Сонымен бірге, еліміздің ірі жоғары оқу орны Қамқоршылар кеңесі мүшелерінің қатарында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Премьер-Министрдің орынбасары — Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің төрағасы Қуаныш Сұлтанов, ҚазҰУ ректоры, академик Бақытжан Жұмағұлов, еліміздің ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі, ақын Олжас Сүлейменов, “Capіtal Partners” компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Сержан Жұмашев, Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев, тағы да басқа мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық жетекшілері бар.
Кеңестің бірінші отырысында негізгі екі мәселе қарастырылды. Бірі ҚазҰУ-дің болашағы мен дамуы болса, енді бірі Қамқоршылар кеңесінің жұмыс жоспары. Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып өткеннен кейін, ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұловтың бірінші мәселе бойынша есебі тыңдалды.
“Қазақстандық жоғары оқу орындары арасында Қамқоршылар кеңесі институтын ҚазҰУ бірінші болып ұйымдастырып отыр. Мұндай кеңес әлемдік университеттер тәжірибесінде бұрыннан бар. Кеңесте университеттің келешекте дамуы мен ғылым және білім салаларындағы көп мәселелер қаралатын болады”, деген ол. Университеттің оқу үдерісі, әлеуеті, тыныс-тіршілігі, жоспарларымен таныстыра келіп, басты мақсат: білім ордасын заманауи-инновациялық зерттеу орталығына айналдыру екендігін алға тартты. Ал Талғат Мұсабаев: “Қамқоршылар кеңесі әлемдік университеттерде елу жылдан аса уақыттан бері жұмыс жасап келеді, аталмыш игі істің отандық оқу ордасында көрініс табуы мені қуантып отыр. Себебі, біз кеңес жұмысын жақсарта отырып, әлемдік деңгейдегі міндеттерді атқаруды қолға аламыз”, десе, “Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі ғылым, біліммен тығыз байланысты. Сол себепті, әлемдік тәжірибені қолдана отырып, бұл игі істі жүзеге асыруымыз университеттің дамыған елдер қатарында бәсекеге төтеп беруін арттыра түседі”, деді сенатор Қуаныш Сұлтанов.
Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев бұл бастама Қазақстан білімінің дамуына зор үлес қосатынын, Әкімшілік тарапынан Қамқоршылар кеңесіне қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Саягүл ӘЛІМБЕКОВА.