• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қыркүйек, 2010

Күтумен өткен ғұмыр ТІЗІМ: 1941-1945 ж.

1126 рет
көрсетілді

Әкемнің зиратын 68 жылдан кейін таптым Алысы – Американы, жақыны – Жа­понияны шарпыған екінші дүниежүзілік со­ғыс­тың аяқталғанына 65 жыл толса да, оның бітеу жарасы – әке, бауыр, туыстан айырған қайғы-қасіреті күні бүгінге дейін жүректерді сыздатады. Май­дан­герлердің үшін­ші, төр­тінші ұр­пағы жат жерден топы­рақ бұ­йыр­ған ба­бала­рының зиратын іздеп барып, туған жердің топырағын салады, хабарсыз кет­кен­дерді әлі күнге іздестіреді. Осындай жағдай арада 68 жылдан соң біздің де бастан өтті. Көп жылдар Ресейдің Подольск қала­сындағы КСРО Қорғаныс министрлігінің Ор­та­лық мұрағатына хат жазып, тиянақты жауап ала алмаған едік. Іздеген адамның анкеталық мәліметтері орфографиялық тұрғыдан қате жазылуы мүмкін деген ойға да келмеген. Жеңістің 65 жыл­дығы қарсаңында Мәс­кеудегі ТМД Атқару комитетінде жауапты қызметте жүрген балама: “Сенің маған қара­ғанда қолың ұзын ғой, мүмкін мұрағаттарды өзің ақтарып көрерсің”, – деген едім. Көп кешікпей ұлымнан сүйінші хабар да жетті. Интернет арқылы “Солдат. Ру” сайтына шығып, атасы Асылбеков Жақ­сыбекті іздей­тінін, ол Ленинград май­данында бол­ға­нын жазады. Бұл кісінің фа­ми­лиясы, аты-жөні, мекен-жайы орфо­графиялық тұрғыдан қате жазылуы да мүм­кін екен­дігін ескертеді. Кешікпей, Санкт-Петер­бург – Великий Новгород – Псков ад­ресі­мен Олег есімді (фамилиясы көфр­се­тіл­меген) және Ива­ново қаласынан На­талья Климанова байланысқа шығып, Жамбыл облысының Сарысу ауданында 1916 жылы туған Асильбеков Джаксы­бак­тың Новгород облысы (бұрынғы Ленин­град облысы) Лычково стансасы маңын­дағы шайқаста 1942 жылы қыр­күйектің 18-інде қаза бол­ғанын, стансаның оңтүстік шығысындағы 1,5 шақырым жерде жерленгенін, 1960 жылы Лычково село­сының орталығына әке­лініп, бауырластар зиратына қайта жер­ленгенін жазады. Сондай-ақ олар Солтүстік Батыс майданы­ның 34-ші ар­миясы 151-жеке атқыштар бригадасының 1942 жылғы қазанның 1-іне дейін қаза болғандардың құпия мәліметі­нің титулдық беті мен екінші парағын (ондағы тізім 15 санымен баста­лып, 28-бен аяқталады) жібереді. Машин­каға басылған титул­дық бетке (трафарет) 151-атқыштар бригада­сының штаб бастығы мен штабтың әскери комиссары қол қойған және “8 бетке жа­зылған 202 адамның атаулы тізімін жіберіп отырмын” делінген. Мұнда әкем 16-шы болып көрсетілген. Оның аты-жөні бұр­маланғаны былай, туған жерін Байкадаан (Байқадам болуы тиіс еді) деп көрсеткен. Зайыбының фамилиясы мен атының басқы әрпі мүлдем қате жазылған. Аудандық ОСАвиаХим (кейіннен ДОСААФ) төрағасы қызметінде болып, май­данға кеткен әкемнің ВКП (б) мүшесі, сапер болғанын да осы тізімнен білдік. Сон­дай-ақ, мұнда қазақстандық, өзбек­стан­дық мына жауынгерлердің аты-жөні көрсетілген: Сержант Омельченко Григорий Ми­хай­лович – Жамбыл облысының Сарысу ауданында 1918 жылы туып, осы облыстың Шу ауданынан әскер қатарына шақырыл­ған. Тізімде – 17-ші; Қызыл әскер Абдранманов Шапори (тізімде жазылуы осылай) - Жамбыл облысының Созақ ауданында (тізімде осылай жазылған) туып, армияға аталған ауданнан шақырылған. Тізімде – 19-шы; Кіші сержант Казаков Александр Ефимович – 1911 жылы туған. Алматы қаласы, Ташкент аллеясы 9.101-де тұрып, ар­мияға Түрген ауданынан шақырылған. Тізімде – 20-шы; Кіші лейтенант Саидов Рашид – Өзбек ССР-нің Бұқар ауданы, Шымдуван (?) село­сында 1910 жылы туып, әскерге Яккобин (?) аудан­дық комиссариатынан шақырылған. Тізімде – 21-ші. Бұлардың бәрі зиратқа белгісіз жауынгер ретінде жерленіп, мемориалдағы тізімге аты-жөндері кірмеген. Ұлы Отан соғысы туралы қаншама дерек­ті көркем шығармалар жазылып, кинолар түсірілгенімен, алапат соғыстың әлі күнге сирек айтылатын қалтарыс тұстары, мұрағаттарда сарғайып жатқан құпия деректері бізден кейінгі ұрпақтың да зерт­теуіне жетерлік сияқты. Соның бірі 1941 жылғы шілденің 18-інде Лычково стансасында ленин­градтық бала­лардың 12 вагоннан тұратын эшалонын неміс ұшағының бомбылауы. 1941 жылы шілде айының орта кезінде Ленинградқа немістер Финляндия жағынан шабуыл жасайды деп жоспарлаған қала басшылығы мен әскерилер құпия түрде қаладан балабақшалардан бастап, пионер лагерінде демалып жатқандарға дейін асығыс тылға көшіре бастаған. Таңертең бақшаға келген балаларға “кешке ата-аналарың басқа жерден алып кетеді” деп, лагерьдегі ересек ұл-қыздарға “басқа саяжайға көшеміз” деп у-шусыз вагондарға тиеп, облыстың шығы­сындағы темір жол бойын­дағы елді мекен­дерге кө­шір­ген. Бұл жағ­дай­дан бей­ха­бар ата-аналар кешкілік балалары­ның орнын сипап қал­ған. Осы дүр­бе­лең­ді бастан өткізген, кейін Ленинград құрсауында болған сол кезде 7 жа­сар қыз Люд­мила Пожедаева кейін 16 жасында басынан кешкен нәубеттерін оқиға-оқиға етіп естелік түрінде қағазға түсіріп, осыған байланысты суреттерді қаламмен салып, сол тақырыпқа өлеңдер циклін жазған. Кітап 2007 жылы аз таралыммен естелік үшін таратылатын әдебиет болып Санкт-Петербургтен басылып шыққан. Оны бір оқып шыққаннан кейін ондағы кез келген беттегі салынған суретті көріп, болған оқиғаны қаз-қалпында көз алдыңызға қайта елестете аласыз. Бұл Ленинград балалары туралы ащы шындықты ашып жазған сирек басылымның бірі болар деп ойлаймын. Лычководағы әскери-тарихи мұражайдың директоры Евгений Дудник “Война, блокада, Я и другие” деген осы мемуарлық шығарманың бір данасының және өзінің “Дети. Война. Жизнь” деген өлеңдер жинағын маған сыйлады. Лычково – кезінде аудан орталығы болған, бүгінде 2 мыңдай тұрғыны бар шағын поселке. Өз уағында үлкен кеңшары, жиһаз жасау фабрикасы, ағаш даярлайтын шаруа­шылығы болған мекенде бүгінде бірде-бір кәсіп жоқ. Жұмысқа жарамдылар әрісі Санкт-Петербург, Мәскеу асып, берісі – Псков, Тверь қалаларына кеткен. Аз ғана бала оқитын кәсіптік-техникалық училище, екі балабақша, биыл 10-шы сыныпты 10 бала бітірген орта мектеп, клуб бар. Есесіне, коммерциялық дүкен­дер мен дүңгіршіктер саны – 12. Ауыл­дың негізгі көлігі – рөлінің алдына шаруа­шылық заттарын салатын темір себет орнатқан велосипед. Пойыздан түскеннен кейін көзге байқала­тыны вокзал қабырғасына орнатылған, ал­дына гүл шоқтары қойылған неміс ұша­ғының эша­лонды бомбалауынан қаза болған ленин­градтық балаларға орнатылған ескерткіш тақта. Алаңда 2005 жылы мамырдың 4-інде Жеңістің 60 жылдығына орнатылған “Соғыс балалары” деп аталатын скульптуралық ескерткіш бар. Волгоградтық мүсінші, РФ ха­лық суретшісі, Социалистік Еңбек Ері Вик­тор Георгиевич Фетисов жүрек тебірентерлік әсер беретін бұл еңбегін ешқандай ақы-пұлсыз тегін жасап сыйлаған. Үлкен қызыл гранит тастың алдында көзінен бір тамшы жас үзіліп түскен, үрей билеген жүрегін сол қолымен басып аспанға шошына қараған, қысқа көйлегінің етегі желмен желбіреген жасөспірім қыздың бейнесі көңіліңізді боса­тып, жүректі шымырлатады. 2002 жылға дейін көпшілік Лычково трагедиясы туралы бейхабар болып келген. Сол жылы мамырдың 9-ында Мәскеу теледи­дарының бірінші арнасы “Қайырлы таң” бағ­дарламасында аталмыш селода ленинградтық балалардың зиратын әлі күнге күтіп жүрген 3 әйел туралы сюжет көрсет­кеннен соң бұл оқи­ғаны Ресейдің барлық басылымдары жаппай жазып, мұра­ғат­тарды ақтара бастайды. Нәти­жесі жоғарыдағы 7 жасар қыз Людмила Поже­даева куәгер болған трагедия. Құпиясы кейін ашылған дерек бо­йынша 1941 жылы мау­сымның 29-ы мен тамыздың 27-сі ара­лығында Ленинградтан 395091 бала эвакуацияланып, солардың 175400-і кейін қай­тарылған. 219691 баланың хабар-ошары белгісіз. ...Биылғы шілде айының орта кезінде ми қайнатар аптап буған Мәскеуден Псков бағытына қатынайтын купесі салқын, жай­лы пойызға отырып ұлым Әлім, немерем Шыңғыс үшеуміз жолға шықтық. Түнгі сағат 2-де Лычково стансасына түсіп, онда село әкім­ші­лігінің өкілі күтіп алып, жайлы жатақ­ханаға орналастырды. Ертесіне село әкімшілігі басшысының орынбасары Анто­нина Петровна Михайлова келіп, жай-күйі­мізді білді, кеңсеге әкеліп село жағдайымен таныстырды. Аудандық әскери комис­сариаттан тапсырма түскенін айтып, тиісті құжаттарды реттеді. Жеңіл кө­лік­пен селоны аралата жүріп, азаматтық зиратқа алып келді. Ленинградтық балалар да, сол тө­ңіректегі шағын көлемді бауырластар зиратынан қайта жерленгендер де осында екен. Биыл Жеңіс күні қарсаңында 24 жауынгердің сүйегі қазы­лып алынып, осында бөлек жер­леніпті. Солар­дың тек үшеуінің ғана аты-жөні белгілі көрінеді. Аудандық әскери комиссариат, село­дағы іздеушілер отряды аудан аумағында әлі де бірнеше зираттың бар екендігін айтады. Оларды жаппай ашып, қайта жерлеуге мүмкіншілік аз, қаражат тапшы. Сондықтан жыл сайын 1-2 зиратты ашып, Жеңіс күні қарсаңында қайта жерлеу шара­сы жасалады. Селоның өз ішінде құрылыс жүргізгендер немесе бақшалық жерін қаз­ғандар жеке-жарым жерленген жауынгерлер мәйітін бүгінде де тауып алады екен. Әскери-тарихи мұражай директоры Е.Ду­дниктің айтуынша, село маңындағы ормандарда соғыс жылдары немістер құрған миналар әлі де кездеседі. Олардың тұтан­дыру жүйесі түсті металдан жасалғандық­тан, көп жылдар жер астында шірімей жа­та­тын көрінеді. Неміс қаруларын, ордендері мен телпектерін тағы да басқа заттарын заңсыз іздейтіндер, тапқандарын “қара ба­зар­да” қымбат бағаға сататындар кездеседі. Қазір мұрағат материалдары электрон­дық жүйеге көшірілгендіктен, бұл жұмыс әлде­қайда жеңілдеген. Әр іздеуші интернет ар­қылы қажетті мәліметтерді алуына болады. Ескерткіш мемориал зиратқа кіре беріс жерге жақын қойылған. Қызыл кірпішпен тақталап өрілген шағын алаңның басында автомат қаруына сүйеніп, тізесін бүгіп отырған жауынгер бейнесі мүсінделген. Екі қап­талда әліпби ретімен тізілген 1133 жауын­гердің (барлығы 1435 адам жер­лен­ген) аты-жөні, туған жылы, опат болған күні жазылған. Жерленген басқа 302 адам­ның кімдер екені белгісіз. Мұнда Солтүстік Батыс майданының 46 және 151-атқыштар бригадасының, 837-атқыштар полкының, 163-атқыштар дивизиясындағы 529-атқыш­тар полкының, 202-атқыштар дивизия­сындағы 645-атқыштар полкі мен 652-ар­тил­лерия полкының, І Украин майданы­ның 245-атқыштар дивизиясының 898, 901 және 904-полктарының жауын­герлері жерленген. Мемориалда аттары жазылған 1133 жауынгердің 211-і түркі тілдес елдер­дің азаматтары. Олар “Егемен­нің” осы мақала шыққан бүгінгі (www.egemen.kz) сайтына салынғанын ескертеміз. Мұның тиімділігі мынада. Тізім интернетте тұрақты түрде тұрады. Жоғалмайды. Бауырластар зиратын осындағы орта мектептің оқушылары қамқорлыққа алған. Жыл сайын зират маңы тазартылып, гүлдер отырғызылады. Жеңіс мерекесі, ленин­град­тық балаларды еске алу шаралары өткізіледі. Біз Лычковоға барып қайтқан соң бір апта­дан кейін Демьянск және Маревск ау­дан­­­да­рының әскери комиссары под­пол­ковник А.В.Антроповтан электрондық пош­тамен хат ал­дық. Онда әкем Асылбеков Жақсыбектің ан­кеталық мәліметтері кезінде қате жазылып кет­кені қуатталып, Новгород облыстық әскери ко­миссариатының және Кеңес Армиясы Орталық мұрағатының рұқсатымен енді ол түзетіліп, алдағы жылы Жеңіс күні қарсаңында ме­мориалдағы тізімде 67-ші болып жазылатыны ай­тылған және сол еске алу шарасына қатысуға шақырған. Аманкелді ЖАҚСЫБЕКОВ, Астана.

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында қаза болып, Новгород облысы, Демян ауданының Лычково селосындағы бауырластар зиратында жерленгендердің жеке тізімі

(Жерленген 1435 адамның 1133-нің аты-жөні белгілі) –  паспорт №36

ТІЗІМ: 1941-1945 жылдардагы

Бізге беймәлім бейнелер Орыс отаршылдығы орныққан 300 жылға жуық уақыт ішінде қазақ халқының олардың шексіз озбырлығына қарсы бағытталған қарсылығы бір сәт толастаған емес. Мысалы, ХІХ ғасырдың 30-70-ші жылдарындағы ұлт-азаттық қозғалыстың алтын діңгегі іспетті ең ірі көтерілісті қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы (1802-1847жж.) басқарды. Мұндай күресті Жанқожа батыр Нұрмұхаммедұлы (1774-1860жж.), Садық сұлтан Кенесарыұлы (1837-1910жж.) өрістетті. Кезінде осынау ел қамын жеген қайраткерлеріміздің қасында олардың барлық игі бастама­ларына риясыз қолдау көрсетіп, қолы­нан келгенше көмек жасаған және ортақ жауға қарсы иық түйістіре ұрысқа түс­кен өз өңірлеріне белгілі тұлғалар да аз болған жоқ. Осы бағытта Сыр өңірінен шыққан Пірәлі би (шамамен 1800-1880 жж.), Түбекбай батыр (1833-1895жж.), Қожеке батыр (1814-1895жж.), Мол­дашер ахун (1825-1904жж.) сияқты адамдарды айтуға болады. Өйткені, олар туралы ел жадынан әлі жоғалмаған ауызша мұраны тарих шаңынан аршылған деректермен то­лықтырып, жарыққа шығару – ұрпақты отан­шыл­дыққа тәрбиелеу ісіне жауап бермек. Аталған арыстардың өмірінде Садық сұл­танның азаттық үшін алысқан жо­рықтағы алатын орны елеулі. Әкесі Ке­несарының Ресей империясына қарсы күресін жалғастыруды өзіне ұлы міндет санаған Садық Қазақстанның оңтүс­тігінде, Орта Азия хандықтары аумағында отарлаушыларға табанды қарсылық көр­сетті. Оның 1864-1866 жылдары Қоқан, 1867-1869 жылдары Бұхар, 1869-1973 жыл­дары – Хиуа хандықтары әскер­лерінің сардары ретінде Ресей армиясына сан мәрте соққы ұйымдас­тырып, үлкен шығын әкелгендігі туралы мысал өте көп. Талантты қолбасшы Садықты 1868 жылы маусым айында Бұхар әмірі Мұзаффар Қызылқұмдағы қазақтар мен Бұхар хан­дығының сол­үстік-батыс бөлігіндегі барлық көшпенділерге, ал 1869 жылдың аяқ кезінде Хиуа ханы Әміре Әму­дарияның шығысынан Бұқан­тауға дейінгі аралықтағы, Мыңбұлақ, Дәу­қарадағы қазақтар және қарақал­пақ­тарға басшы етіп тағайындайды. 1866-1873 жылдары Садық сұлтан Қызылқұмдағы, Жаңадария мен Қуаңдария бойындағы қазақтардан қайта-қайта қол жинап, әс­кери қорын осы өңір­дегі ат-көлік, азық-түлік, жаб­дық-сай­ман­мен толық­тырып отырғаны дәлелдеуді қажет етпейтін нақты жайттар. Ресей әскерлері тықсырған Садық 1874 жылы Қашқарияны паналайды. Осында 1877 жылдың күзінде Қытай шеріктерінің Қашқар шаһарына жасаған шабуылына қол бастап қарсы тұруы, сол қолынан алған жарақатына қарамай ұрысты аяғына дейін жал­ғастыруы саңлақ сардардың қаһар­ман­дығы мен ерлігінің тағы да бір тамаша үлгісі іспетті. Қашқар әскерлері жеңілген соң барар жер басар тауы қалмаған сұлтан 1874 жылы Ресей әкімшілігінің рақым­шылығымен Шым­кент шаһары маңа­йындағы Арыс өзені бойына қоныстанып, өмірінің ақырына дейін бейбіт тіршілік етті. Енді: “Пірәлі би, Түбекбай мен Қожеке батырлар және Молдашер ахун кімдер еді? Олардың өмір жолы қандай?” – деген мәселеге тоқталайық. Бұлардың барлығы қазақ жерінің тұтас­тығын сақтауда жоңғар-қалмақ, қара­қал­пақ, орыс отаршылдарымен болған соғыстарда аты шығып, ел билігіне араласқан арқалы да әруақты батыр Жолай жасауылдың (шамамен 1700-1770жж.) ұрпақтары. Көрнекті ғалым Ж.Қасымбаев Жолай батырдың кезінде Әбілқайыр ханның ерекше тапсыр­маларын орындайтын сенімді өкілі болғандығы туралы дерек келтіреді. Ал Республика Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі С.Толыбеков болса, өзінің “Общественно-эконо­мический строй казахов в ХVІІ-ХІХ веках” атты еңбегінде: “Кіші жүздің ірі Бекет аталығынан көрнекті батырлар мен билер шық­қан. Мы­салы батыр әрі би Кетебай, оның інілері Мыр­забай мен Енші­бай”, – деп көрсетеді. Аталған үшеуі де жо­ғарыда аталған Жолай батырдың бала­лары. Сондай-ақ, біз айтып отырған Пірәлі би Кетебай бидің, Түбекбай батыр мен Мол­дашер ахун Енші­байдың немерелері болса, Қожеке батыр Мырзабай батырдың кенжесі. Пірәлі би Өтетілеуұлы қазіргі Қызылорда облысы Қарақ тауы маңында дүниеге келеді. Әкесі Өтетілеу беделді би болған кісі. 1841 жылы хан сайланған Кенесары қазақ дала­сында сот-құқықтық реформа жүргізу бары­сында Шөмекейдің бас биі етіп Өтетілеу Кетебайұлын тағайындайды. Әкесінен кейін ел билігіне араласқан Пірәлі Қоқан, Хиуа хан­дықтарының қазақ ауыл­дарының мал­дарын барымталауы, адам­дарын тұтқындауы және басқа да өктем­діктерінен туындаған даулы мәселелерді бейбіт шешуге ат салы­сып, орынсыз қантөгісті болдырмауға ты­рыс­қан ел ағасы. Мұрағат қағаз­дарын­да қалған нақты бір дерек: Рысмұхамед бидің қазақ даласында орын алған көтерілістер жайлы Орынбор шекаралық комиссиясына 1857 жылдың 8 мамырында берген мәліметінде Жанқожа батыр Нұрмұхаммедұлының Пірәлі биге өтініш жасап Бұхар әміріне оқ-дәрі, астық сұрауға жібергені айтылады. Сондай-ақ зекет бермеген қазақтардың 1200 жылқысын айдатып алған Хиуа ханына 1858 жылғы 16 маусымда жіберілген арнайы елшілікті Пірәлі би бастап барады. 1850 жылдардың ортасында қалыптасқан әскери-саяси жағдайды пайдаланып, орыс әскері Қазақстанның оңтүстігінде белсенді соғыс әрекеттеріне көшті. Олар жаулап алған жер­лердегі қазақтардың отаршылардың қы­сымы мен жүгенсіздігінен қашып шет жер­лерге көшуі басталды. Кіші жүз қазақтары билер Пірәлі Өтетілеуов пен Әли Мүсі­репов­тің басшылығымен 200 ауыл Бұқар мен Хиуа иеліктеріне қоныс аударды. Бұл көштің 1863 жылдың маусым айында жүзеге асқаны жө­нін­дегі құжаттар мемлекеттік мұрағатта сақталуы. 1867 жылғы 3 мамырда Жаңадарияның сол жағасына Бұхар жақтан Садық сұлтан және Пірәлі би бастаған 1000 сарбаз келген. Бұларға қарсы Сыр бойындағы №1 форттан есаул Анчоковтың орыс әскері шығады. Қазалыдан 143 шақырымдай жердегі Сарбұлақтың маңайында 7-9 мамырда екі жақтың қатысуымен үлкен шайқас өтеді. Садық сұлтан мен Пірәлі би жағында шайқасқан Түбекбай, Қожеке батырлар мен Молдашер ахун, Пірәлінің баласы Алмас бастаған сарбаздар отаршыларды көп шығынға ұшыратып, шегінуге мәжбүр етеді. 1871 жылы тамыз айында Ресей билігінен бой тасалап Бұхар хандығына қарайтын Тамды өңіріндегі Ащықұдыққа келген Жапар Кенесарыұлына Пірәлі би қаржылай қолдау көрсеткен. Бұл бабамыздың ХІХ-ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамында алатын орны елеулі. Оған бидің Ресей мен Бұхар хандығы арасында жүрген керуендерге ресми рұқсат беретін мөрі (1860 жылы жасатқан) болғаны нақты дәлел. Өйткені, мөр ежелден өзін-өзі басқару дәстүрінің жарқын белгісіне баланған ғой. Келесі саңлақ тұлға Түбекбай батыр Нәзікұлы қазіргі Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген. Сыр өңіріне көз алартқан жат жұрттықтармен соғыстарда батырлығымен жастайынан көзге түскен. Ерліктері үшін алмас қылыш, дегмент белбеулермен марапатталған. 1860 жылдары Пірәлі би бастаған көш құрамында Қызыл­құмға орналасады. Бұхар әмірі Абдул Мұзаффар Түбекбай батырды мемлекеттік қызметке қабылдайды. 1869 жылға дейін Кермене, Тұзақ, Қалқан ата қалашықтарында бек лауазымдарында болғаны ұрпақ жадында. Осы кезеңде батырдың өмір жолы Ресей отаршыларына қарсы ымырасыз күрескен Садық сұлтанмен тығыз байланыста болады. Даңқты сардардың Жызақ, Самарқанд, Нұрата мен Кермене қалалары үшін орыс әскерімен болған соғыстарына Түбекбай батыр белсене қатысады. Сұрапыл шайқастар салдарынан Садық әскерінің жеңіліс тапқаны мәлім. Шегінген сұлтан Бұқантаудағы Түбекбайдың ауылында үш ай жатып, алған жарақатынан емделіп алған соң Хиуа ханы Әміреге жолығады. Түбекбай батыр да 1870-1873 жылдары сондағы Үргеніште мем­лекеттік қызметте болады. 1873 жылы мамыр айында генерал Бардовский мен полковник Ломакин бас­қарған Ресей әскерінің Хиуаға жасаған шабуылына қазақтар мен түркімендерден тұратын Садық жасақтары қарсы тұрады. Міне, осы жерде күші басым жаудан әскербасы Садықтың түбегейлі жеңіліс тапқаны ащы да болса шындық. Ақы­рында, алты жыл ат үстінде жүрген Түбек­бай батырдың сол Хиуадан Қызыл­құмдағы еліне қайтуы тарихта қалған айтулы оқиғалардың бір жүлгесі. 1880 жылдардың екінші жартысында Садық төре Шымкент уезінен Қызыл­құмға Түбекбай батырды іздеп келеді. Екеуінің дауыстап жылап көріскенін, бірі айтып бірі тыңдап ұзақ таңды көзімен атыр­ғандарын көрген қариялардың әңгі­месі әлі ұмытыла қойған жоқ. Сол келі­сінде Садық сұлтан 20 күн қонақ болып, Қызылқұмды әбден аралаған. Оның Қашқар қаласын қорғау кезінде оқ тиген сол қолының баланың білегіндей болып қал­ғанын көрген батыр жарақат орнын “періште ғой” деп ырымдап, өзінің баласы Ша­хизатқа (1885-1965жж.) сүй­гізіпті. Түбек­бай аға ретінде Садықтың алдына төрт түлік мал салып, екі күндік жерге шығарып салған. Сайын даланың ардақты ұлдарының артына қалдырған үлгі-өнегесі, міне, осындай. Қазақ жерін басқыншы­лар­дан қорғап, ел билігіне араласқан арқалы ердің тағы бірі Қожеке батыр. ХІХ ғасырда Қожеке Мырзабаев пен Пірәлі Өтетілеуов бастаған Жолай ауыл­дары Жаңадария мен Қуаң­дарияның орта және төменгі ағысындағы Ақ­арал мен Сары­өзек мекен­де­ріне қоныстанған. 1835 жылы алым-салық жинауға келе жатқан хиуалықтарды қарт Мырзабай батыр өз ауылдастарымен Қызылқұмдағы Бестөбе деген жерде тосып алып, аяусыз соққы берген. Көптеген жау жас Қоже­кенің қолынан қаза тапқан. Осыдан кейін оның батырлық даңқы елге жайылған. Қожеке батыр Жанқожа Нұрмұ­хам­мед­ұлының Қуаңдария бойындағы Хиуа бекіністеріне жасаған жорықтарында (1844ж., 1847ж.) белсене қатысқан. Ол қазақ халқының ар-намысына тиіп, шексіз озбырлық жасаған Бабажан, Қожанияз сынды бектерді лайықты жазалауды жүзеге асыру­шы­лар­дың бірі. Садық Кенесарыұлы Жаңадария мен Қуаңдария бойына (1867ж., мамыр, 1870 ж., ақпан) келгенде біз сөз етіп батыр үнемі оның сарбаздары қатарында болған. Оның қарапайым халықтың қорғаны, оларға пана болғаны жөнінде деректер мұрағаттардан алынып жарық көрген немесе ауызша әдеби мұраларда баршы­лық. Мысалы, дарабоз ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының “Көңіл гүжім дарақтай” атты туындысында мынадай жолдар бар: Би Пірәлі, Қожеке - Қаршығасы еді ол ердің, Қазға деп салса Қу алған”. Ал ақын Шегебай Бектасұлы: “Қожеке өтті, Қалдан тұр, Хан, қаралар көңілі, Қамшысынан шерленген”, – деп толғайды. Бұл айтылғандарға не алып-қосуға болады? Расы осы. Ресей билігіне түбегейлі қарсы болған тағы бір тұлға ғұлама, ағартушы Молдашер ахун Жамұратұлы қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген. Ол Бұхарадағы Көкілташ медресесін, оның жанындағы жоғары оқу орнын тәмәмдап “ахун” шатырхатын алған. Соны­мен қатар Молдашер жауырыны жерге тиме­ген балуан да. Орынбор, Ырғыздан Бұхараға қарай керуен жүргізіп отырған. Оның керуеніне ешкім жақындай алмаған. Ресей билігінің отарлау мүддесін көздейтін залым саясатына наразы болған баба 1868 жылы өзіне қарасты ауылдармен Қызыл­құмға көшіп, ел игілігі үшін тыңнан құдықтар қаздырады. Сол құдықтардың ізі әлі бар. Қай жерде жүрсе де қазақ балалары үшін мектеп ашып, молдалар ұстаған. Дәулетті және беделді кісі ретінде Ресей отарлаушыларына қарсы бағытталған Жанқожа батыр, Садық сұлтан көтеріліс­теріне материалдық және рухани көмек көрсетіп, әскерлеріне сарбаз­дар жасақтап жіберіп отырған. Молдашердің ағартушылық қызметі, отарлаушылармен күресті белсене қолдауы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысы теңізіне қосылған тамшыдай болса да үлес деп білеміз. Төл тарихымыздағы ақтаңдақтарды азайтуға, ұлттық мәдени мұраларымызды тиянақты зерттеп-зерделеуге, бұрын ақи­қатқа баланған дүниелерді жаңаша тара­зылауға, күштеп таңылған тұжырым­да­маларды қайта пайымдауға азаттықтың арқасында қолымыз жетті. Қазақстан бүгінде өрісі өркендеп, кө­се­гесі көгерген мемлекет. Асқар таудай мұ­нартып тұрған жо­ғарыдағы аталары­мыздың асқақ рухы Қазақ елі тәуелсіздігін көздің қара­шы­ғындай сақтауға шақырып тұрғандай. Қали ОМАРОВ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті. Қызылорда. Жаңғырық Әкем Мамықтың ағасы Қырбасов Садық Ұлы Отан соғысы жылдары хабарсыз жоғалып кеткенін естіп өстік. Дастарқан басында оқылатын дұғаларға әкем ол кісінің атын қосқан емес. “Ағам тірі, әлі-ақ бір хабары ш­ы­ғады”, – деп отыратын. Сенімі сондай берік еді. Кейде көңілі босап: “Пәленше айтты, поезда көріпті. Екі аяғы жоқ екен, бізді сұрапты”, – деп өзінше көңілін жұбататын. Сөйтіп бәріміздің көкейі­міз­дегі: “Тірі болса, осы уақытқа дейін неге келмейді?” – деген сауалға жауап іздейтін... Садық көкем соғыстың алдында үй­ленген екен. Әйелі Пәшира соғыс біт­кенше күтіпті. Алданыш болар бала да жоқ. Әрі: “Аға өлсе, іні мұра”, – деп менің әкеме әмең­герлікпен қоспақ болған үл­кендердің сөзіне бұл кісі: “Ағам тірі. Келеді. Кебін емес, кебенек киіп кеткен”, – деп, көнбеп­ті. Содан жұртқа көз түрткі болып қашанғы отырсын, жеңешем теңін деуге келмес, жөнін тауып, басқа біреумен бас қосысып кете барыпты. Әкемнен Садық көкем жайлы ештеңе сұрамайтынбыз. Ескі жараның аузын тырнап қайтеміз: “Тірі болса, келер”, – деп біз де сенуге тырыстық. Тұтқынға түскен сатқын деуге қимасам да мен де кейде қиялға ерік беріп: “Көкем шетелде шығар, бірде ауқатты туыстарым сол жақтан бізді іздеп келер”, – деп күтетінмін. Ғаламтордан Кырбасов Александр деген жігітті тауып алып: “Менің туысым емеспісің?” – деп сұрағанымда, ол күлген болатын... Ағасынан бір хабар ала алмай, зиратына бір уыс топырақ сала алмай, әкем де өтті фәниден... Орнына келер, келеді бәрі орнына, Жібітер уақыт жүректегі тоңды да. Алдыңғының үлгермеген істері Аманат боп қалдырылар соңғыға. Келемін, әке, соңыңнан еріп келемін, Мейіріміңе қанып өскен төл едім. “Әкең жақсы кісі еді”, дегенге, Жүрегімнен шуақ бөліп беремін..., деп тарқатқандай, әкемнің бауы­рына деген сағынышы бізге аманат болып қалды... Алты жыл бұрын елді жиып, әке-шешеме ас бергенде, Садық көкеме де қа­тым құран түсірдім. Көкемнің жұмыр жердің бетінде жоқ екенін сол жолы тұңғыш мойындадым. “Ресейдегі әскери мұрағат ОБД-ме­мо­риал сайтында Ұлы Отан соғысына қа­тысты деректерді электронды жүйеге түсір­ді”, – дегеннен бастап, мен де әкемнің ағасын іздей бастадым. Үш жылға тарта уақыт бойы ОБД-мемориалды көзден таса қылмадым. Дерек сол баяғы, “1942 жылдың желтоқсан айынан хабарсыз” дейтін жалғыз сөйлем ғана... Солай болса да: “Көкемнің бір хабары шығып қалар”, – деген үмітімді еш үзбедім. Тіпті, түсімде де іздейтін болып алдым. Кейде адам түсінігіне сыя бермейтін “кездейсоқ жайттар” да орын алып жатады. Жазылып қойған, қойған-ау, бәрі жазылып... Шарқ ұрғаныңда, шешім бір таппай сабылып, Талайды кезіп, кездестірмеген дүниең Жатады аяқ астынан кейде табылып, Жазылып қойған, қойған-ау бәрі жазылып. Иә, басқаша болуы мүмкін де емес сияқты... Бірде, күндегі әдеттен тыс, таңғы сағат 5-тің кезінде ғаламторға кірдім. ОБД-ны қарадым. Сол баяғы... Біраздан соң, менің ер­телетіп компьютерде отырғаныма таңыр­қай, күйеуім келді қасыма. Көкемді іздеп отыр­ғанымды айттым. “Соғыс кезінде құжат­тарды толтырғанда қате кетуі мүмкін-ау”, – деген ой келді бізге. Енді “Қырбасов Садықтың” орнына “Кирбасов”, “Кар­ба­сов”, “Крбасов” деп іздеп көрдік. Нәти­жесіз. Сосын көкем соғысқа аттанған Сай­рам әскери комис­сариатынан 1942 жылы май­данға кеткен­дердің тізімін сұрадық. Қиын жұ­мыс екен. Іздеуді ары қарай күйеуім жалғастырды. Таңертеңгі шай үстінде: “Бірдеңе таптың ба?” дедім. Күйеуім: “Садық” деп атын ғана беріп, іздеп көріп едім, бір кісі шықты, “Курбасов” деген. Туған жылы да сәйкес, бірақ, Ақтөбеден сияқты”, – дегені... Ол біздің ауылдық кеңес бұрын “Ақтөбелік” деп аталғанын білмеуші еді. Қуанғаннан, жылап жі­бердім. Дереу ғаламторға кірдім. “Кур­басов Садык.., Байрамский РВК.., Тува­линский район.., ст. КурКурСвай... убит в бою” – деп тұр. Көкем 1942 жылдың 27 қара­шасында Ржев түбінде оққа ұшыпты да, сол майдан даласындағы бауырластар зиратында жерленген екен... Алғашқы әсер сол, бұл кісінің хабарсыз емес екеніне, көмусіз қал­мағанына қуандым. Сат­қын ретінде атылып кет­пегенін, неміс тұт­қынында аштан өлмегенін көңіліме демеу тұттым. Құлақ тұ­натын зеңбірек дүмпуі астында қарша бораған оққа қарсы ұмтылу оңай емес шығар. Құдай оның бетін аулақ қылсын. Кө­кемнің Отан қорғау жо­лын­да шейіт болғанын мақ­т­ан тұттым, Аллаға шүкіршілік еттім... Десек те, көз жасым тиылмады. Өзім көрмеген, мен туғаннан көп жыл бұрын қаза болған көкемді іштей егіле жоқтадым. Өлгеніне 68 жыл өтсе де, оны ешкім жоқтап жыламаған еді. “Тірі” деп сенген болатын... Көкемді таптым. Ендігі ой – басына барып қайту болды. “Хабарсыз кеткен” деген жазбаны түзетпек боп, Қорғаныс ми­нис­трлігіне қоңырау шалдым. Ондағылар маған: “Тапқан болсаңыз, басына барып қайтуға үкімет жәрдем береді, жергілікті әкімдікке өтініш жазып, құжаттар өткізіңіз”, – дегені. Бұл бір үлкен демеу екен. Солай еттім. Өтініш беру мерзімін көрсетіп жатып, “кездейсоқ жайтқа” таң қалдым. 24 маусым... Көкемнің майданға аттанған күні. Ал менің шырт ұйқыдан оянып дерек іздеуімнің нәтижелі болған күні, тіпті, сағаты – соғыстың басталған күні... Мүмкін, мән беруге тұрғысыз нәрсе шығар, дегенмен, қызық... Көкем қатысып, қаза болған “Марс” операциясы туралы іздене бастадым. Сұмдық шайқас болған екен, ол қырғыннан тірі қалу еш мүмкін еместей... Қазақта “ қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз өлмейді” деген сөз бар ғой. Кім біледі, бәлкім, тірі қалғандар бар да шығар. Әйтсе де, көкем құрамында болған 20-армияның әскері түгелдей дерлік жер жастанған... Талап бойынша құжаттар жинап, үлкен ұлымды ертіп, Ржев түбіндегі Зубцов қаласына аттандым. Жергілікті әкімшілік жақсы қарсы алды. Көлік және жолбасшы бөліп, көкемнің оққа ұшқан жеріне алып барды. ОБД-да жерленген жері: “Соғыс алаңы, Холм-Березуйский деревнясынан шығысқа қарай 500 метр”, деп көрсетілген еді. Қазір ол деревня жоқ. Орны тып-типыл, егіс даласы, ну орман арасындағы ашық алаңқай. Ауылдан ала барған бір уыс топырақты шашып, құран оқыдық. Және ол жердің бір уыс топырағын ауылға деп алдық. Соғыстан кейін көптеген бауырластар зираты үлкейтіліп, мәйіттер қайта жерленген екен. Біразын араладық. Көкемнің атын ондағы тізімдерден кездестіре алмадық. Ал ОБД мәліметтерінде ол кісімен бірге жерленді деген тізімдегі қаруластарының дені Зубцов қаласындағы “Московская гора” мемориалды кешенінде көрсетіліпті. Соны негізге ала отырып, көкемнің атын да осы тақтаға жаздырттық. Бұл бір біткен шаруа болды. Зубцов қаласында іздеуші отрядтардың “Долина” бірлестігіне соқтық. Өз құрамына “Память”, “Звезда”, “Взвод” отрядтарын топтастырған олардың “Долина” бірлестігіне “Ресей патриоты” атағының иегері Беляев Григорий Николаевич жетекшілік етеді. Гри­ша ағай жасы алпысты еңселеген қағылез кісі. “Осы жұмыспен ес білгелі айналысып келемін. Әр сарбазды тапқан сайын Жеңістің оңай болмағанын түсінесің. Біз оларға мәңгі қарыздармыз. Бейбіт күніміз үшін, жасты­ғымыз үшін, ойнап-күлгеніміз үшін, еркін өміріміз үшін... Сондықтан қазу жұмыс­тарында мұқият болуға тырысамыз. Бір шұң­қырдан 70-80, кейде, одан да көп сар­базды табамыз. Әрқайсысының атын атағымыз-ақ келеді, бірақ ол мүмкін емес. Топырақты саусақ арасынан сүзгілеп өткіземіз. Солдат медальондарын іздейміз. Ол кезде сарбаздар арасында “ажал медальонын толтырған солдат тірі қайтпайды” деген наным болған. Сондықтан жауынгерлер медальонды тол­тыруға асықпаған, жаман ырымға са­наған... Қанды қырғыннан аман шы­ғамыз деген үміттерін үзбеген... Енді, міне, кім­нің кім екенін ажырату мүмкін емес. Сол 70-80 кісіден 5-6 медальон ғана таба­мыз. Оның 2-3 ғана уақыт сынынан өтіп, иесі жайлы ақпарат беруге жарамды. Қал­ғаны бүлінген болып шығады. Сарбаздар санын анықтаудың да өз қиындығы бар. Бастар­ды бөлек, аяқ-қолдарды бөлек де­гендей... Бір шұңқырдан күл-пәрше май­даланған сүйектер ғана шықты. Танк тап­тап өткен-ау”, – деп бір күрсініп алды да. Ары қарайғы әңгімені осында жаб­дықталған мұражайда жалғастырдық. Ауыр шайқастарға куә болған жәді­герлерде есеп жоқ. Біреудің қаламұшы, біреудің тасбиғы, біреудің кресі... Ал мынау образ-икона иесіне қорған бола алмаған... Мынау сабын әлі бұзылмапты. Гриша ағай француз далабын көрсетті. ““Made іn France” деп тұр. Санитаркадан табылды. Сарбаз­дардың біреуі немістерден иеленіп, қызға тарту еткен болар. Әйтпесе, ол кезде француз далабы қайдан болсын біздің санитаркада”, дейді Гриша ағай. Өз ойы ғой айтып тұрғаны. Бір әріптің қырсығынан хабарсыз боп кеткен көкемнің тарихын естіген жергілікті қарт: “Ондайлар өте көп болған. “Хабарсыз кетті” десе, отбасына жәрдемақы төленбеген. Ал ол деген соғыс кезінде көп қаражат үнемдеудің көзі еді. Сондықтан, бұл тарих – үлкен саясаттың көрінісі сияқты” дегені... Кімге – саясат, кімге – тағдыр тәлкегі десеңізші. Қайтар жолда Волоколамск қаласына соғып, даңқты жерлесіміз Баукеңнің ес­керткішіне гүл шоғын қойдық. По­дольск қаласындағы орталық әскери мұрағатқа соғып, іздестіру парағын тастадық. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай “Естелік” эстафетасын ұйымдастырып, қаржыландырып отырған Үкіметке ризашылығымыз шексіз. Сапардан алған әсеріміз мол. Перизат ҚЫРБАСОВА.