Бәрекелді!
Оңтүстік Қазақстан облысы негізінен аграрлы аймақтардың қатарына жатады. Атақты күрішші, Еңбек Ері Ыбырай Жақаев Жазушылар одағы жиындарының бірінде өзіне сөз берілгенде: “Диқанның қолынан кетпені, малшының қолынан таяғы, жазушының қолынан қаламы түспесін”, деп қысқа қайырыпты. Әлдекімдердің оншақты параққа зорға сыйғызатын ойын үш ауыз сөйлемге артқан қадірменді қарт “әркім әуейі болмай, өз ісімен айналыссын” дегенді аңғартқан сияқты.
Қазір тапқанын жылдық тамағынан арттырмайтын заман емес, диқанға да, малшыға да кәсібін өрге бастыру үшін қаржы керек. Ал, екінші деңгейлі банктер несие алу үшін кепілдеме ретінде әкесінің құнын сұрайды. Осындайда кәсіпкерлерге облыс әкімдігінің қаржы операторы “Максимум” АИО көмекке келді. Шаруа жағдайына қарайды, пайыздық жүктемесі төмен.
“Максимум” аймақтық инвестициялық орталығы 2010 жылы табысты жұмыс атқарып келеді. Олар Елбасы Жолдауында айтылған инвестициялық бағдарламалардың оңтүстік өңірде сәтті орындалуына сүбелі үлес қосуда. Былтыр жалпы сомасы 1,7 млрд. теңгені құрайтын 561 жоба белгіленсе, биыл 2,9 млрд. теңгелік 1250 жоба мақұлданды.
Жалпы, инвестициялық жобаларды іске асыру арқасында үстіміздегі жылы Оңтүстік Қазақстан облысында 3273 жаңа жұмыс орындары ашылды. Салық түсімі 321 млн. теңгеге артты. “Максимум” АИО” былтыр жыл бойына 67 млн. теңге кіріс әкелсе, биылғы жылдың небары 8 айы қорытындысы бойынша 57 млн. теңге пайда тапты.
Істің көзі табылды деген осы шығар.
Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент.