Адамдық айнасы
Тараз – талай жиһанкездерді тамсандырған, талай ғалымдардың атын төрткүл дүниеге танытқан, талай спорт саңлақтарын баптап, қияға ұшырған шаһар! Тараз – алтын құрсақты анадай талай таланттардың маңдайын жарқыратып, дүние жүзіне әлі де таныта беретін аруана шаһар!
Ал қазақ халқының басы ноқтадан босағалы бері Тараз, тіпті, жасарып кеткендей. Әл-Фараби бабамыздың “Қайырымды қала басшысы туралы” трактатын оқып туғандай өзін кілең кісілігі мен кішілігі мол басшылар басқарды тағы.
Кісілік пен кішіліктен шығады, мысалы, кейбір басшыларға қызмет бабымен телефон шала қалсаң, құлағына мақта тығып алғандай, қоңырауыңа былқ етпейді, ал зәуімен кездесе қалып, әлгі қылығын бетіне бассаң, албастының алпыс алты айласына салып, “естімедім”, “білмедімге” көшеді. Ірілі-ұсақты билік дәліздеріндегі “тоңмойындық” деп аталатын бұл емі жоқ ауру, абырой болғанда, Ертарғын Астаев мырзаға жұқпапты. Қашан көрсең елгезек, қашан көрсең қарапайым.
Арада тоғыз ай өтсе де әсері әлі есте... Тараздықтар жаңа жылды қарсы алуға дайындалып жатқан. Достық алаңына орнатылған шырша маңы ығы-жығы халық. Үлкені де, кішісі де Аяз атаны асыға күтіп тұр. Әсіресе, бүлдіршіндерде тағат жоқ. Бір кезде қызыл бөрікті, ақ шапанды, ақ сақалды Аяз ата да жетті-ау қоржын-қосқолаңын арқалап! Жете сала өзін асыға күткен халықпен аңқылдай амандасып, саңқылдай сәлемдесіп, жаңа жыл түнінің думанын қыздырып жібергені. Сыйлықтарында да қисап жоқ. Аяз атамен қол ұстасып, шыршаны айнала ән салған бүлдіршіндер, тіпті, бақытты. Бір кезде біреу құлағыма сыбырлады.
– Аяз атаның кім екенін танып тұрсыз ба?
– Театр әртістерінің бірі шығар. Жылда солар болушы еді ғой.
– Жоқ, қаланың жаңа әкімі.
– Рас па?!.
Сыбыр еткен “дәл солай” дегенді көзімен айтып, қабағымен түсіндіріп, жылыстап кетті. Мен таңғалдым. Таңғалдым да, жаңа әкімнің халық жүрегіне жол табудың жаңа түрін ойлап тапқанына іштей риза болдым.
Жақында тағы бір қырынан таныдым. Дастарқан басындағы кейбір басшылардың, әдетте, қарапайым халықтан көрінеу үркіп, көрінеу шеттей беретіні бар. Өздерінің “қара тобырдан” жоғары екенін жария түрде жарнамалағандай оқшаулана ошарылып, темекі шегісерін қайтерсің тіпті. Ал елден оқшаулану, жұрттан жырылу деген жаман әдет ойы тұрмақ түсіне де кірмейтін Ерекең... Блоктың өлеңін жатқа оқиды. Бейімбеттің кім екенін білмейтіндер “Блоктың, мысалы, достық, адалдық, сатқындық туралы мынандай өлеңі бар” деген кезде, айтарға сөз таппай сасады әуелі. Сол-ақ, бір қарағанда қарапайым, қасқалау келген маңдайына сұйықтау келген шашын жапсыра тараған қызыл шырайлы қағылез адам көпшіліктің алдында рухани тұрғыдан биіктей бастайды. Қала “қоржынына” қанша қаржы түсіп, қанша қаржы шыққанын, тұрғындар кәсібі мен нәсібінің халі нешік боп жатқанын, бәрекелді, денсаулық пен білім, тазалық пен тәртіп деген сияқты басқаларын да бір өзі үйлестіріп, ұйымдастырып, қадағалап отыратын басшының ақындардан, анау-мынау емес, поэзия аспанындағы жұлдыздардың жырларынан жатқа өлең оқып тұрса, қалай таңғалмайсың!
Бір байқағаным, жақсы адамдар қарапайым болады екен. Ертарғын да қарапайым. Бұрын қанша жұмыс істесе де байқала бермейтін, бірақ келе сала көп үміткер ішінен осы азаматты дәл танып, Тараз қаласының әкімі етіп тағайындаған Жамбыл облысының жас басшысы Қанат Бозымбаев болды. Көптеген салада қызмет атқарған, әсіресе, қала шаруашылығын жүргізуде тәжірибесі мол Ертарғын Астаев оған дейін орынбасар болып жүрді. Жазушы, журналист Әзілхан Нұршайықовтың “Редактор жиналыста жүреді, орынбасар қиналыста жүреді” дейтін әдемі әзілі бар еді, орынбасар кезінде, несін айтасыз, Тараз қаласының “отымен кіріп, күлімен шықты”. Ол “қызметінен” әкім болған кезде де құтылған жоқ. Бұл, әрине, бейнелі сөз. Оны растау үшін, қаланың экономикасы мен әлеуметтік жағдайын көз алдымызға әкелетін есепке де ептеп жүгініп қоялық.
Мысалға, ағымдағы жылдың сегіз айын алып қараңыз. Біреуге көп, біреуге аз болар, бірақ Тараз қаласында 40 миллиард 965 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліпті. Бұл шындық. “Таразкожобувь” ЖШС тері және былғары аяқ киім өндіруді дамыту үшін италиялық технологиямен жабдықталып, жұмыс істеп жатыр. Сөйтіп, көп жылдан бері тоқтап тұрған комбинат (80-жылдың соңында, 90-жылдың басында болар, бір туфли алғаным есімде) іске қосылды. Нәтижесінде 150 тараздық жұмысты болды.
Жақында ғана облыс орталығына Елбасы келіп кетті. Елдің индустриялық-инновациялық дамуына баса назар аударды. Облыс, қала басшыларының өңір мен өнеркәсіпті, дала мен қаланы өркендетіп жатқанына риза болды. Тараз қаласының индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде биыл үш жоба: “Химпром-2030” ЖШС мен “Запчасть” АҚ аумағында жаңа металлургиялық өндірісті іске қосу, “Фабрика ПОШ-Тараз” ЖШС-да топс өндіру (жүнді шүйкелеу) жүзеге асырыла бастады. Бұл игілікті іс барысында 2643 жұмыс орны ашылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, әсіресе, “Фабрика ПОШ-Тараз” ЖШС-ның топс өндіру ісін көріп, іс басындағы іскер азаматтарға сәттілік тіледі.
Даму бағдарламасы бұлармен шектелмес. Оны толық жазу үшін көп көлем керек. Сондықтан, Елбасы тапсырмасына сәйкес, шағын бизнестің саны мен сапасы өскенін және қазіргі таңда олардың ұзын саны 1068 болғанын айтып, әңгімені осымен тоқтата тұралық.
Айтпақшы, Тараз қаласының халқы мен аумағы да ұлғайып келеді. “Астана”, “Бәйтерек” шағын аудандары қала сәулетін аша түскен. Мұнда қазір көп пәтерлі тұрғын үй құрылыстары жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр. Қаланың бас жоспарына сәйкес алдағы уақытта қала келбеті бұрынғыдан да түрлене түспек.
Сөз соңында Ерекеңнің ақынжандылығы тағы да еске түсіп отыр. Неге? Ел журналистеріне сұхбат берген сайын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қойылатын дәстүрлі сауалдардың бірі “Қандай кітаптар оқисыз?” деген тұрғыда болып келеді. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы: “Стоик”, “Финансист”, “Титан” (Теодор Драйзер) романдарын оқыдым деп бастап, журналистердің өздері естіп-білмеген классиктердің аты-жөндерін тізе жөнелетіні бар. Әріптес ағайымыз Сейітқазы Матаев тоқсаныншы жылдары баспасөз хатшысы болып жүргенде Президенттің “Абай жолын” сұратып алдырғанын айтып қалғаны және бар. Сондықтан, уақытының тапшылығына қарамастан Елбасының әлемдік арғы-бергі саясаткерлердің еңбектерімен бірге көркем әдебиетті де құмарта оқитынына риза болып, ал кейбір үлкенді-кішілі әкімдердің мұрындарына осы дүниелердің иісі де бармайтынына қатты қынжылушы ем. Ал Ерекең, айттым ғой, Абай, Мұқағалимен бастайды да, Есенинмен аяқтайды. Әрине, Пушкинді де ұмытпайды...
Бәрін айт та, бірін айт, “әкім бол, халқыңа жақын бол” деген жақсы тілекті айтқанда, төрде отырған төренің үлде мен бүлдесін ғана емес, адамгершілік қасиеттері мен рухани байлығын да ғибарт етуді ұмытпасақ екен, ағайын.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.
Суретте: Тараз қаласының әкімі Ертарғын Астаев.