Қоңыр күз түсе бірқатар тауарлар бағаларының өзгерістерге ұшырайтыны дағдылы көрініске айналды. Сол әдет биыл да қайталанып отыр. Өкінішке қарай, бағаның төмендеуі емес, көбіне-көп жоғарылауы және кейде негізсіз жоғарылауы орын алып жатады.
Олай болса, биылғы күздегі ахуал қандай? Төменде беріліп отырған топтамадан осы сауалға белгілі бір дәрежеде жауаптар табуға болады.
АСТАНА____________________________________________
Әдетте күзгі жиын-терім толық аяқталып, жиналған астық қамбаға құйылып алынған бойда азық-түлік тауарларына, соның соңын ала азық-түлік емес тауарларға қойылатын бағалар күрт қымбаттап кетуші еді. Ал биыл бидай бағасының науқан мәреге жетпей жатып-ақ тауар биржаларында көтеріле түскенін еске алсақ, сарапшылар күткен қымбатшылықтың басталып та кеткеніне келісер едік. Бірақ бұл дүрбелеңнен еліміздің тұрғындарын Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдын-ала жасаған қамы – Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының астық бағасын қазіргі мөлшерінде ұстап тұру жөнінде өндіруші шаруашылықтармен жасасқан келісім-шарты ғана сақтап қалды.
Дегенмен, шілде айындағы қымбаттаушылықтың сұраусыз кетпегенін де айтып өтейік. Бәсекелестікті қорғау (монополияға қарсы) агенттігі нан бағасын негізсіз көтеріп жіберген оңтүстік өңірлердегі бірқатар кәсіпорынмен соттасқалы отыр. Аталмыш ведомство қымбаттаушылықтың неден шыққанын өздігінше тексеріп көрген. “Біз жүргізген зерттеу жұмыстары бағаның өсуіне объективті себептердің болмағанын көрсетті, – деп мәлімдеді агенттік төрағасы Мәжит Есенбаев таяуда Үкімет отырысында. – Өндірісшілер нанның бағасын бір мезгілде бірдей деңгейде көтеріп жіберген. Сол уақытта олардың көпшілігінде бұрынғы бағамен сатып алынған ұнның қоры болған. Былайынша айтқанда, олар мұны өзара келісіп алып істеген”.
Осы жиында М.Есенбаев наннан бөлек, ұнның бағасын негізсіз көтеріп жібергендердің де анықталғанын айтты. Ведомство бұл деректер бойынша Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Қарағанды облыстарының 22 рынок субъектісін тексеріп шыққан.
Өндірісшілер жұмыстарындағы монополияға қарсы заңнаманың бұзылған деректері дәлелденер болса, агенттік айыпты тұлғаларға айтарлықтай қатаң шаралар қолданбақ.
Үстіміздегі жылғы құрғақшылық бидаймен бірге қарақұмық өніміне де қатты залал келтірді. Соның салдарынан бұл дақылдың құны әуелі Ресейде шарықтай жөнелді. Содан соң қымбаттау үлесі бізге де келді. Бұл өз кезегінде республикадан қарақұмықтың сыртқа көптеп кетіп қалу қаупін туғызды. Осыған орай кезекті Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев өсімдік майының барлық түрлерін, сондай-ақ зығыр мен рапстан басқа өсімдік майы дақылдары тұқымдарын сыртқа шығаруға уақытша тыйым салу мәселесінің қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова өз тарапынан өсімдік майлары мен қарақұмық жармасын өндіру үшін керекті тұқымдарды сыртқа шығаруға уақытша тыйым салатын үкіметтік шешімдердің жобалары дайындалып жатқанын жария етті.
Осының соңын ала жанар-жағар май бағаларына да үстеме қосылатыны туралы хабар шықты. Оны Мұнай және газ министрлігі мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуандық Құлмұрзин баспасөз мәслихатында мәлім етті. Дәл есебі, бензин литрінің бағасына қазанның басында екі теңге қосылған. “Баға ай ішінде жоспарланған шектеулі-көтерме цифрдан, яғни АИ-92 бензинінің литрі – 90 теңгеден, АИ-80 бензині 72 теңгеден, ал дизель отыны 73 теңгеден өсе қоймайды деп ойлаймын”, – дейді Қ.Құлмұрзин. Ал көрші Ресейде 92-ші бензиннің құны жоғарырақ, онда ол 20 рубль тұрады. Бұл біздің ақшаға шаққанда, 95-96 теңге шамасында. Олай болса, бізде алдағы уақытта бензин бағасының бүгінгіден өсе түсуіне себеп те, салдар да бар...
Осылардың қабатында бүкіл әлемде киім бағаларының күрт қымбаттайтыны туралы да дабыл қағылып жатыр. Мұны сарапшылар мақта-мата өнеркәсібі саласында тұрақты орын алған инфляциямен байланыстырып отыр. Соңғы оншақты жылдың ауқымында Азия құрлығын басып қалған су тасқыны шитті мақтадан алынатын өнімнің үштен бірін кемітіп қойған. Нәтижесінде мақта бағасы биыл қатты көтеріліп, өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға артқан.
Жалпы, күзгі қымбаттаушылықты сарапшылар екі түрлі тұрғыдан қарастырып отыр. Оның біріншісі биылғы қуаңшылық жағдайына байланысты өнімнің жылдағыдан кем жиналуына телінсе, екіншісі кәдімгі алыпсатарлық үстеме жүйесінің қатты айналым алып кетуінен туындаған.
Серік ПІРНАЗАР.
ҚОСТАНАЙ_______________________________________
Қостанайдағы дүкен сөрелерінен қашан іздесең де табыла кететін кәдімгі қарақұмық жармасы бүгінде қат және қымбат азыққа айналып шыға келді. Бұрын килосы 100 теңгеден аспайтын қарақұмықтың бағасы бұл күнде базарда 230-240 теңгеге жеткен. Тұрғындар өсімдік майының, ет пен сүттің, ұнның қымбаттағанын да сезініп отыр. Облыс әкімі Сергей Кулагин жақында ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді, ұқсату кәсіпорындары басшыларын және сауда қызметкерлерін жинады.
– Биылғы егін енді ғана жиналып, қамбаға түсті. Ұқсату кәсіпорындарының дүкендерге шығарып жатқан өнімі өткен жылдың қорынан алынып отыр. Сонда бағаның шарықтауына жол болсын? – деді облыс басшысы.
Биылғы қуаңшылық ұқсату кәсіпорындары мен саудадағылардың бағаны көтеруіне оңтайлы “ұтыс” болып тұрған сыңайлы. Облыстағы қымбатшылыққа қуаңшылықтың зардабын қатты көрген көрші Ресей рыногындағы бағаның қымбаттауы да әсерін тигізді. Дегенмен, Ресейдегі алаңдаушылық облыстағы қымбатшылықтың негізі болмауға тиіс. Облыс әкімінің орынбасары Нұралы Сәдуақасовтың айтуына қарағанда, келесі жиын-терінге дейін өзімізге молынан жететін өнім жиналды. Қуаңшылыққа қарамастан, озық технология мен жаңа техниканың арқасында диқандар 3 миллион 471 мың тонна жоғары сапалы бидай жинады. Қамбада былтырдан қалған қор тағы бар. Бұрнағы жылдары облыста майлы дақылдар алқабы 100 мың гектарға да жетпейтін. Биыл ол 153 мың гектарға егілді. Ал жармалық дақылдар бұрынғыға қарағанда екі жарым есе көп себілді. Биылғы қымбатшылық жырының “кейіпкері” болып отырған қарақұмықтың гектары да екі жарым есеге көбейген. Майлы дақылдардан 60 мың тоннадан аса, жармалық дақылдардан 8,6 мың тонна өнім жиналады.
Биылғы қуаңшылықтан картоп шығымдылығының нашарлағаны қатты білінді. Қостанай ауданындағы картоп егумен айналысатын шаруашылықтар биыл күзде гектарынан 16-17 тонна өнім жинады, ал алдыңғы жылдары бұл көрсеткіш 33 тоннадан кем түспейтін. Облыс аудандарында “екінші нан” 108 мың тонна жиналады деген мамандардың болжамы бар. Бірақ бұл ішкі рынокқа олқылау болатын сыңайлы. Облыста жалпы пайдалануға жыл тәулігінде 62 мың тонна картоп қажет. Көрші Ресейдің, Қазақстанның солтүстігіндегі облыстардың Қостанайға сұраныс жасауы өзі аз өнімнің тапшылығын тудыратын түрі бар.
Облыста ет пен сүттің бағасы да көтерілді. Етті базардан алатындар бұрынғы бағаға 150 теңге қосылғанын байқады. Тамыз айынан бастап пастерленген сүт 15 пайызға, айран – 18, жұмыртқа – 17, жоғары сортты ұн – 7, макарон 5 пайызға, ал сары майдың бір килосы 78 теңгеге қымбаттады. Ауылда жем-шөптің тапшылығына байланысты сүттің сатып алу бағасы 20-26 пайызға көтерілді. Міне, осы кезде қаладағы ұқсату кәсіпорындары да сүттің бағасын 15-20 пайызға көтере қойды. Олар шикізаттың 70 пайызын жеке тұрғындардан, қалған 30 пайызын ғана шаруашылық нысандарынан сатып алады екен. Тұрғындар сүт зауыттарына 3,4-3,5 пайыз майлылықтағы сүттің литрін 55-60 теңгеден өткізеді. Ал дүкендерде майлылығы 2,5 пайыз ғана сүттің литрі 150 теңгеден төмен емес. Сүтті сұйылтқаны үшін бағаны осынша көтеру қаншалықты қисынға келеді?
Ет және сүт өнімдерінің, жұмыртқаның қымбаттауына осы өнімдердің тапшылығы себеп деуге болмас. Өңірде қуатты ұқсату кәсіпорындары іске қосылды. “Алтын май” кешені тәулігіне 300 тонна ұн, 4 тонна өсімдік майын өндіре алады. Ал облыс орталығы іргесінен ашылған “Қарасу ет” ет өңдеу кешені жылына 5400 тонна ет және түрлі шұжық өнімдерін шығарады. Қостанай ұн комбинатынан жылына 30 мың тонна макарон шығаратын шетелдік құралдармен жабдықталған кәсіпорын ашылды. Осының барлығы да алдымен облыстағы базар мен дүкен сөрелерінің молшылығын жасауға атсалысады.
Облыс әкімі Сергей Кулагин биыл қуаңшылық болғанмен, бағаны қымбаттатудың экономикалық негізі болуы керектігін айтты. Әдетте, бағаны рынок реттейді. Олай болса ұқсату кәсіпорындарының шығынына жататын газға, электр энергиясына, жанар-жағар майға баға өзгермей тұрып, бірінші кезектегі қажетті азық-түлік түрлеріне бағаны қымбаттату қисынға келіңкіремейді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
АҚТӨБЕ__________________________________________
Азық-түліктің жеткілікті, бағаның бақылауда екені облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың төрағалығымен өткен тұтыну рыногындағы бағаны тұрақтандыру жөніндегі облыстық штабтың кеңейтілген отырысында мәлім етілді.
Мәжілісте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Ерсайын Әжібаев тұрғындарды азық-түліктік астықпен қамтамасыз ету және ұн мен нанның бағасын қалыпты ұстауға байланысты атқарылған жұмыстарды саралай баяндады.
– Қуаңшылықтың келеңсіз салдарларын жою және облыста ұн мен нан бағасын қалыпты ұстау мақсатында осы жылдың 4 қыркүйегінде Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ақтөбе облысының әкімдігі, “ҚазАгро” АҚ, “Қазақстан Астық одағы” және “Өңдеушілер Одағы” заңды тұлғалар бірлестіктері арасында бекітілген меморандумға сәйкес облыс тұрғындарының қажеті үшін бір тоннасы 26500 теңге тұратын 131,3 мың тонна азық-түліктік астық жеткізіледі, – деді ол.
Облыстық әкімдік пен ұн және нан-тоқаш бұйымдарын өндіретін “Рамазан”, “ЖаңаӘлжан”, “Степное”, “Иран фирмасы”, “Ақтөбе нан өнімдері комбинаты”, “Ақтөбе-нан”, “Тағам-аймақ” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сияқты өндіруші кәсіпорындар арасында 2011 жылдың 1 қазанына дейін бірінші сортты ұнның, нанның, макарон бұйымдары өндірісінің көлемін қысқартуға жол бермеу және қалыпты бағаны қолдау туралы меморандумға қол қойылды. Тұрғындарды ұн және нан тағамдарымен тұрақты қамтудың ерекше әлеуметтік маңызын ескере отырып, бұл мәселені облыстық әкімдік тұрақты бақылауда ұстайтын болды.
Азық-түліктің мол қорын жасау және олардың бағаларын тұрақтандыру астық дайындауға, мал санын қысқартпауға да тәуелді. Ал оның өз кезегінде мал азығының жеткілікті болуын қажет ететіні белгілі. Бүгінгі күнге облыста 1355,2 мың тонна немесе қажеттілікке шаққанда 115,1 пайыз пішен дайындалған. Мал азығын дайындау әлі де жалғасуда. Аудандардың және сауда-саттық құрылымдарының күшімен алдағы қысқа қажетті 71,4 мың тонна жемнің 60 мың тоннасы дайындалса, “Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы” АҚ арқылы қосымша 30 мың тонна жем жеткізілмекші.
Тағы бір бағасы қатаң бақылауға алынып отырған тағам түрі — өсімдік майлары. Аймақ тұтынушыларын бұл өнім түрімен негізінен бұрынғы “Туркуаз” компаниясы қамтамасыз етіп келген болатын. Атауын өзгерткен “SavoІa Foods CІS” ЖШС басшысының айтуынша, күнбағыс өнімін жинар алдында зауыт өндірісі шикізат ретінде жартылай фабрикатты пайдаланған. Ал ол күнбағыс өніміне қарағанда қымбатқа түскен. Сол себептен қыркүйек айында босату бағасы 8,8 пайызға көтерілген. Жаңа егіннің жиналу қорытындысымен байланысты өсімдік майының да бағасын реттеуге мүмкіндік туады деген үміт бар.
Кеңес жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Елеусін Сағындықов бағаны қалыпты ұстауды, халық тұтынатын азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермеуді қадап тапсырды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.