Алдағы желтоқсан айынан бастап елімізде телеарналар тұңғыш рет спутниктік сандық желі бойынша көрсетілетін болады. Мұндай қол жеткен заманауи мүмкіндікті алғашқы болып қанатқақты жоба түрінде біздің облыс тұрғындары көре алады. Облыстың шалғайдағы аудан орталықтары мен ауылдарына отандық телехабарларды жеткізетін озық үлгідегі байланысты тәжірибе жүзінде қолданысқа енгізуге орай екі жақты серіктестік туралы меморандумға кеше, еліміздің әрбір облыс басшылары орынбасарларының қатысуымен өткен сандық телехабар тарату жөніндегі селекторлық кеңесте, облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев пен Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев қол қойды. Облыс басшысы атап өткендей, бүгінде облыс тұрғындары негізінен “Қазақстан”, “Хабар”, “Ел арна”, “Евразия” телеарналарын көреді. Ал, шалғайдағы ауылдарда отандық телеарналарды толықтай көре алмай отырғандар да бар. Сондықтан облыстың жалпы саны 14 мыңға жуық тұрғыны өз еліміздің емес, Ресейдің телехабарларына тәуелді. Және де облыстың 70-ке жуық ауылы қуаты әлсіз телеқұрылғылар арқылы сапасыз телехабарлар көруде.
Мұндай жағдай еліміздің басқа да өңірлерінде кездеседі. Сондықтан осындай өзге елдің хабарларына телмірген ақпараттық тәуелділіктен құтылу мақсатында Елбасы тапсырмасы бойынша алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде спутниктік сандық жүйе негізінде телехабарлар тарату ісі жүзеге асырылады. Енді бұдан былай қалалықтармен бірге, шалғайдағы ауылдар да спутниктік жүйе бойынша таратылатын хабарларды көре алады. Әзірге осы қанатқақты жоба бойынша алғаш рет 2 мың облыс тұрғыны жаңа желіге қосылады деп күтілуде. Солардың ішінде 600 аз қамтамасыз етілген отбасына арнайы құрылғылар облыстық бюджет есебінен тегін орнатып беріледі. Осылайша, облыста алғаш рет сандық негізде “37+1” атты жоба жүзеге асады.
Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, сандық телеарна жалпы бұл салада бұрын-соңды болмаған зор мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Яғни, ел телеарналарын көруге асығып отырған ауылдықтардың да жолы болады деген сөз. Бұл – бір. Екіншіден, бұл тек облыс тұрғындарына ғана емес, көршілес елдің шекаралас аудандарында тұратын қазақтарға да үлкен игілікті іс болмақ. Облыспен көршілес Омбы, Новосібір облыстары мен Алтай өлкесін мекендейтін қазақ диаспорасы мұндай жақсы да жағымды жаңалықты күткелі қашан. Енді қандастарымыз да спутник бойынша таратылатын еліміздің телехабарларын көре алады. Үшіншіден, сандық формат біздің облыстық телеарнаның да көрсету, хабар тарату мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл уақытта жергілікті “Қазақстан-Павлодар” телеарнасын ауылдар тәулігіне бір сағат көретін болса, алдағы уақытта облыстық арнаны 14 сағаттай көреді. Бұл мақсат “37+1” атты жобада толық ескерілген.
Фарида БЫҚАЙ. Павлодар.