• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Қазан, 2010

Италия. Сицилия. Палермо

800 рет
көрсетілді

КЕЗІНДЕ МАФИЯ ҰЯСЫ АТАНҒАН ҚАЛАДА ЕҚЫҰ ПАРЛАМЕНТТІК АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ КҮЗГІ МӘЖІЛІСІ ӨТУДЕ Палермо десе не еске түсетін? Сицилия. Сицилия десе не еске тү­сетін? Мафия. Мұны неге өт­кен шақпен айтып отырмыз? Адам­зат санасына әбден сіңіріліп қалған стандарттар мен схемалар аз емес. Солардың бірі – Си­ци­лия ма­фия­­сы. Атын атағаннан-ақ сици­лиялықтардың сай-сүйегі сырқы­райтын бас мафиози Кар­леонеге осы аралдағы бір шағын қала­шық­тың аты берілгенінен-ақ жал­пы Италияда, соның ішінде осы Сицилия аралында ұйымдас­қан қылмыстың халықты қандай­лық қан қақсатқанын ғана емес, ма­фияның өңір өміріндегі алған ор­нын да шамалауға болады. Бірақ бүгінде бұл өткен күндер еншісі. Қазір Палермодан мафия ізін көр­гіңіз келсе, қаланың ор­талық бө­лі­гіндегі қара обелис­кі­ден басқа еш­теңе таба қоймай­сыз. Ол ес­керт­­­­кіш мафиямен  күрес құрбан­дарына арналған. Сицилия мафиясының жүген­делгеніне жақсы дәлелдің бірі – Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымы Парламент­тік Ассамблеясының күзгі мә­жі­лісін Италия оңтүстігіндегі осы арал­дың астанасы Палермода өт­кізу жөнін­де ұйғарым жасалған­ды­ғы. Арал­дың шығыс жағалау­ын­да, Пеле­грино тауының таби­ғаты тамыл­жыған беткейінде ор­наласқан Палермо жерінде грек­­тер, арабтар, римдіктер, норман­ндар қалдырған өркениеттер қазынасы аса мол. Палермоның талайлы тағдырын шамалау үшін аралдың 400 жыл бойы испан корольдігінің бір бөлігі болып кел­генін айтудың өзі жеткілікті. Қаланың қақ ортасында парла­мент­тік Ассамблеяның мәж­і­­лісі өтіп жатқан сарайдың дәл ірге­сін­дегі алаңда испан королі  Фи­липп VІ-ға еңселі ескерткіш тұр. Оны алып тастайық деп жанығып жүрген жұрт жоқ. Жалпы, мына дүниеде біреуге бодан болып көр­меген елді табу қиын, сондықтан заманында ор­ысқа күніміз қара­ған екен деп қа­радай қысылып-қым­ты­рылудың жөні шамалы. Әлем тү­гелге жуық отарланған ол ғасыр­лар былай тұр­сын, кешегі жи­ырмасыншы ға­сырдың орта­сы­на дейін мына тұр­ған ұлы Қы­тайдың біресе мань­­­чжурлық­тар­дың, біресе жа­пондардың қол ас­тын­да келгені, елдің қолы тәуел­сіз­дікке 1949 жы­лы ғана жеткені белгілі. ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ас­самблеясы 1991 жылы Мадридте құрылған. Бүгінде бері қойғанда қос құрлықтың өміріне нақты ықпал жасап отырған аса беделді ұйымның белді институты сана­латын бұл құрылымға 56 елдің 320 парламентарийі мүше. Ұй­ым­ның “парламенттік өлшемін” қам­тамасыз ететін Ассамблея ЕҚЫҰ кеңістігінде демократияны дамыту жолындағы парламен­та­ралық үнқатысуды жолға қоюды басты міндеттердің бірі санайды. Қақты­ғыстардың алдын алу мен реттеу тетіктерін жасап, жүзеге асы­рады. Қысқы мәжілістер дәс­түрлі түрде ақпан айында Венада шақырылса, қыркүйек пен қазан айларының бірінде күзгі мәжі­ліс­тер өткізіледі. Былтыр осындай қоңыр күз күн­де­рінде Грекия ас­танасы Афина­дағы мәжіліске қатысқанымыз бар еді, келесі күзгі мәжілістің орны Палермо болып сонда белгіленген. Ассам­блеяның тағы бір беделді мінбері – жыл сайынғы сессиялар. Соңғы сессия Ослода болды. Он­ың алдындағы, рет саны бойы­н­­ша 17-ші жылдық сессия 2008 жыл­дың 29 маусымы мен 3 шіл­десінің арасында Астанада өтке­нін, ол фо­рум жұмысына Еуро­па­ның, Азия мен Американың елуден астам елінің, көптеген ха­лықаралық және парламенттік ұй­ымдардың 600-ге жуық деле­гаты қатысқанын өзіңіз біліп от­ырсыз. Сол жиынның ұйым­дас­ты­рылу деңгейі, ең бас­ты­сы – Ел­басымыз Н.Ә.Назарбаев­тың кең құлашты сөзі Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы ке­зекті төрағалық болып қалмай­тынына, ТМД елдері арасынан, бүкіл мұсылман жұрты мен түркі тілдес мемлекеттер арасынан мұн­дай биікке алғаш қол жеткізген ел­дің Ұйым тыныс-тіршілігіне соны серпін қосарына сендірген еді. Солай болып шықты да. Қазақстан делегациясы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының мәжілістеріне дәйім-ақ қатысып келеді. Ал биылғы жылдың, еліміз Еуропа төрінде тұрған жыл мә­жілістерінің жөні тіпті бөлекше. Еліміз бұл жиынға қос қырынан қатар қатысып отыр. Бірінші қыры – Парламенттік Ассамблея мүше­ле­рінен құралған делегация. Оның құрамында сенаторлар Қуаныш Сұлтанов, Әділ Ахметов, Бақберген Досманбетов, Мәжіліс депутаттары Әмзебек Жолшы­бе­ков, Светлана Бычкова, Төлебек Қосманбетов бар. Депутаттар бұл жаққа осыдан үш күн бұрын ұш­ып шыққан. Аста­надан Венаға, одан Венецияға, одан Римге, одан Палермоға жеткен ха­лық қалау­­лылары кеше ашылған ПА мәжілісіне қатысуда. Біз бортына аз ғана адам сыя­тын арнаулы шағын ұшақпен ке­ше Астанадан Палермоға тіке тарт­­тық, аспанда алты са­ғат бо­лып, Сицилия аралына түс әле­тінде топ ете қалдық. ЕҚЫҰ-ның Іс басын­дағы төраға­сының жұмыс ырғағы қазір осындай. Қауырт. Алғашқы күні Жерорта теңізі форумының аясында Сицилия­ның Өңірлік ассамблеясының тө­рағасы Франческо Касцио, ЕҚЫҰ Парла­менттік Ассамблея­сы­ның төрағасы Петрос Эфти­миу, Италияның сыртқы істер ми­нистрі Франко Фраттини сөз сөй­леді. ЕҚЫҰ-ның келесі жыл­­ғы төрағасы ретінде Лит­ва атынан сол елдің сыртқы іс­тер министрі Аудронюс Ажубалис, өткен жыл­ғы төраға ретінде Грекия атынан сыртқы істер министрі Георгиос Папандреу сөз алғанын да айта кету керек. Демек, осындай сөзді келесі жылы Қазақстан сырт­қы саясат ведомствосының басшы­сы да айтуға тиіс. “Қылмысқа қарсы күресте экономикалық және эко­ло­гиялық ықпалдастықты ны­ғай­­­ту”, “Мәде­ниет пен қоршаған орта мәселе­ле­ріндегі ынтымақ­тас­тық – Жерорта теңізі өркениеті­нің көрінісі” деп атал­­ған сессия­ларда тыңдаған жанға көп ой салатын баяндамалар жасалды. Күзгі мәжілістің күн тәртібін­­­дегі басты мәселе – трансұлттық ұйымдасқан қылмыс пен сыбай­лас жемқорлықпен күрестің про­бле­­малары. Бүгінгі ол конферен­цияда Қазақстан атынан Парла­мент Се­натының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік коми­тетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов сөз сөйлейді. Мұндағы парламентарийлер ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төра­ғасы, Қазақстан Республика­сы­ның Мем­ле­кеттік хатшысы – Сыр­тқы істер министрі Қанат Сау­дабаевтың кон­­ференцияны ашар­­дағы сөзіне ор­ынды қызы­ғу­шылық танытуда. Сен­бідегі жиын жайында газеттің ке­лесі нөмірінде әңгімелейтін боламыз. Сауытбек АБДРАХМАНОВ,  “Егемен Қазақстан” – Палермодан.