• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2010

Ел экономикасының өсімі – 8 пайыз

541 рет
көрсетілді

Үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айларында еліміздегі инфляция деңгейі 5,2 пайыз болды. Осы мерзімде өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,4 пайызға артты. Бұл туралы кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлім болды. Өткен тоғыз айдың қорытын­ды­сы бойынша баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова ел эко­номикасының негізгі алты сала­сы­ның: өнеркәсіп, ауыл шаруашы­лығы, сауда, құрылыс, көлік және байланыс салаларының даму динамикасын сипаттайтын қысқа мерзімді экономикалық индикатор өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға өскенін атап өтті. Осы кезеңде өңдеу өнер­кәсібі өнімдерінің көлемі 19,1 пайызға, тау-кен өнеркәсібі өнім­дерінің көлемі 5 пайызға артты. Есепті кезеңде ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің жалпы көлемі 9 айда өткен жылдың сәйкес мер­зі­мімен салыстырғанда 4,1 пайызға төмендеген. Оған негізінен биылғы жылғы ауа райының қолайсыз­ды­ғына байланысты егіншілік са­ла­сында қалыптасқан келеңсіздіктер себеп болып отыр. Өнеркәсіп са­ласының қарқынды дамуы көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалдау көлемінің 18,7 пайызға, байланыс қызметінің 4,9 пайызға және сау­да­ның 12,9 пайызға өсуіне ықпал етті. Әлемдік дағдарыс қыспағынан ел экономикасының серпінді даму қарқынымен шыға бастағанын дәлелдейтін тағы бір игі жетістік – тұрғындарымыздың тұтынушылық сұранысының өсуі. 2010 жылдың 9 айында ішкі сауда айналымы өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыс­тыр­ғанда 13 пайызға артқан. Ал биылғы қаңтар-тамыз айлары аралығында еліміздің сыртқы тауар айналымы 54 млрд. 967 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда үш есе көбейген. Оның ішінде экспорт көлемі 38,4 млрд. доллар, импорт 16,6 млрд. долларды құрап отыр. Сөйтіп, сауда балансының оң сальдосы 21,7 млрд. АҚШ дол­ларын құраған. Еліміздің сыртқы сауда айна­лы­мындағы жоғары жетістіктерге 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұ­мыс істеп тұрған Кеден одағының айтарлықтай ықпал еткендігін атап көрсету керек. Осы есепті кезеңде Ресеймен сауда айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 11,8 пайызға, Беларусьпен 5,6 пайызға артқан. Жоғарыда аталған экономи­ка­лық даму жетістіктермен бірге, елі­міздің бұдан да жоғары қарқынмен даму мүмкіндіктерінің бар екендігін атап айтқан жөн. Мәселен, биылғы жылдың 9 айында негізгі капиталға салынған инвестиция мөлшері өт­кен жылдың 9 айымен салыстыр­ғанда 2 пайызға азайып кеткен. Соны­мен бірге ел экономикасына салынған банк несиелері үстіміздегі жылдың тамыз айының соңында жыл басымен салыстырғанда 2,5 пайызға немесе 193 млрд. теңгеге төмендеген. Қаржы министрінің мәлім­деуінше, 2010 жылдың 9 айында мемлекеттік бюджетке 2 995,6 млрд. теңге қаржы түскен. Бұл есепті кезеңдегі жоспардың 97,8 пайызын құрайды. Осы мерзімде бюджет шығыны 3 443,1 млрд. теңге болды. Бюд­жет тапшылығы 447,5 млрд. тең­гені құрады. Мемлекеттік бюд­жеттің кірісі 2 992,9 млрд. теңге болып, өткен жылдың сәйкес мерзіммен салыстырғанда салық түсімі есебінен 16,2 пайызға артқан. 9 ай ішінде бюджеттік салық тү­сімдері 1 970,5 млрд. теңге болып, өткен жылдың сәйкес мерзіммен салыстырғанда 406,5 млрд. теңгеге артқан. Биылғы жылдың қуаңшылы­ғына қарамастан, еліміздің аграрлық саласындағы бұрынғы даму қар­қы­ны біршама сақталған. Ауыл ша­руашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың мәлімдеуінше, биыл астықтың бункерлік салмақтағы жалпы түсімі 13,6 млн. тонна бол­ған. Өткен жылдан қалған асықты есепке алғанда бұл еліміздің ішкі қа­жеттілігін толық қанағаттан­ды­руға және жылдық орта экспорттық әлеуетті сақтауға мүмкіндік береді. Соңғы айлардың өзінде еліміз сыртқы рынокқа 2,2 млн.тонна астық, оның ішінде 42 пайыз ұн экспорттаған. Майлы дақылдар түсімі 788 мың тонна болса, 415 мың тонна күріш жиналған. Бұл елі­міздің ішкі қажеттіктерін қана­ғаттандыруға толық жетеді. Мал ша­руашылығы саласында да тұрақ­ты даму қарқыны сақталып отыр. Есепті кезеңде ет өндіру көлемі 4,1 пайызға, сүт – 1,5, жұмыртқа – 12,6, жүн шығару 3,6 пайызға өс­кен. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында да сенімді тұрақтылық орын алған. Мұнда 9 ай ішінде өндіріс көлемінің өсімі 14 пайызды құраған. Өкінішке қарай, бүгінге дейін мемлекеттік қорға бар болғаны 547 мың тонна ғана астық сатып алын­ған. Нан бағасын тұрақтандыру жөнінде Үкімет тапсырмасымен қол қойылған меморандумдардың шарттары өз дәрежесінде орындал­май отыр. Қол қойылған меморан­думдарға сәйкес, әкімдіктер қазан айына 223,0 мың тонна бидай алуға келісім-шарт жасаулары қажет еді, іс жүзінде 118 мың тоннаға ғана келісім-шарттар жасалған. Оның өзінде 45 мың тоннаға немесе 20 пайызға ғана ақша төленген. Ал Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жам­был, Қостанай облыстары және Астана қаласы тұрақтандыру қоры­нан астықты әлі сатып алған жоқ. Нәтижесінде дәл осы аймақтарда нан бағасының көтерілуіне жол берілген. Биылғы жылдың қаңтар-қыр­күйек айларында Қазақстанның мұнай және газ экспорты 5,9 пайызға артқан. Мұнай өндіруші компаниялардың дерегі бойынша, 2010 жылдың 9 айында 58,9 млн. тонна мұнай және газ конденсаты өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 104,8 пайызды құрайды. Осы мерзімде еліміз бойынша 52,9 млн. тонна немесе өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көлемнің 105,9 пайы­зына тең мұнай және газ экспорт­талған. Тоғыз ай ішінде Қазақ­станда 27,2 млрд. текше метр газ өндірілген. Болжам бойынша, жыл аяғына дейін елімізде 37 млрд. текше метр газ өндіріледі деп күтілуде. Еліміздің барлық өңірлерінде “Жол картасы”, “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламалары ой­да­ғыдай жүзеге асырылуда. Мәсе­лен, 2010 жылдың 9 айында “Жол картасы” шаралары үшін өңірлерге 91,5 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бүгінге дейін оның 96,9 пайызы немесе 88,7 млрд. теңгесі игерілген. Елімізде есепті кезеңде халықты әлеуметтік қорғау мақсатында бел­гіленген бағдарламалар ойдағыдай жүзеге асырылуда. Тұрғындардың аз қамтамасыз етілген топтарына әлеуметтік қолдау көрсету мәселе­лері де оң шешім тапқан. “Жол картасы” бағдарламасының шеңбе­рін­де өңір тұрғындарын жұмыспен қамту шаралары қолға алынып, елімізде жұмыссыздар санын азайту мақсатында едәуір игі нәтижелерге қол жетті. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.