• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2010

Әлем үшін, қауіпсіздік үшін айрықша маңызды шешім

604 рет
көрсетілді

Алатау баурайындағы “Ақбұлақ” кешенінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммитін өткізу туралы түпкілікті ұйғарымға алғышарт жасалған болатын Үстіміздегі жылдың 16-18 шілдесі күндері Алматы түбіндегі “Ақбұлақ” спорт-сауықтыру кешенінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға (ЕҚЫҰ) мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі болып өткені белгілі. Бұл алқалы жиынға “бейресми” деп айдар тағылғанымен, оның салмағы кейбір “ресми” деп аталатын басқосулардан айтарлықтай артықтау шықты. Өйткені, Ұйымға мүше елдердің бәрінен өкілдер келгені өз алдына, осы ауқымды кездесуде биылғы жылы Қазақстанда ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшылары саммитін ұйымдастыру қажет деген ұйғарым жасалып, алдағы желтоқсан айының 1-2-сі күндеріне белгіленген жоғары деңгейдегі басқосуға негіз қаланған болатын. Сөйтіп, еліміздің Еуропа төріндегі төбебилігі тамаша табысқа жеткізетіні, ЕҚЫҰ-ның жаңа мыңжылдықтағы, яғни ХХІ ғасырдағы Мемлекет басшылары деңгейіндегі алғашқы саммиті Қазақстан төрағалығы тұсында өтетіндігі күмәнсіз ақиқатқа айналған еді. Бұл жәйт Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей ұсыны­сы­мен және басшылығымен Ұйым төр­ағасы ретінде Қазақстан жүргізіп жатқан іс-әрекеттер әлем елдері тарапынан қол­дау тауып отырғанының айқын көрінісі де болатын. Осы қатарда мемлекеттер ара­сын­дағы даулы мәселелерді шешуге қос тарапты да иліктіруге ұмтылыс, Қыр­ғыз­стандағы төңкерістен кейін қалыптасқан шиеленісті жағдайды сабасына түсіру, Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру үшін қам жасау, бұдан жиырма жылдай бұрын өзінің тікелей үлгі-өнеге көрсе­туімен ядролық қауіпсіздікке бар мүм­кіндігін жұмсай отырып үлес қосу және нақты нәтижелерге қол жеткізу, өз төр­ағалығын пайдаланып, Еуропа мен Азия­ның, Еуропа мен мұсылман әлемінің ара­сын жақындату сияқты іс-шараларды атай кеткен жөн. Жалпы, еліміз бүгінде алыс-жақынды елеңдеткен елеулі тірліктер атқарып жа­тыр. Отанымыз, тұтастай алғанда, жақсы да жағымды кезеңдерді басынан өткізуде. Тәу етер тәуелсіздігімізге қол жеткіз­гені­мізге бар-жоғы 19 жыл енді толатынын ескерсек, мемлекет болып қалыптасу жо­лын­да алған асуларымыз бен бағын­дыр­ған биіктеріміз аз емес екенін айқын ұғынамыз. Осы орайда, мемлекет те адам сияқты деген қағидат еске түседі. Демек, мемлекеттің де өз мінезі, жаратылысы болуы тиіс. Бір адамды танып-білудің өзі оңай шаруа емес, ал мемлекетті тану, та­ны­ту қиынның қиыны болса керек. Қазіргі кезде Қазақ елін дүние жүзі тани­ды десек, ақиқаттан тым алшақ кетпе­ге­ні­міз. Мұның сырын бүгінде Отанымыз­дағы еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін анық біліп, түсінеді. Яғни, осының бәрі сұңғыла саясаткер, Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың еліміздің бүгіні мен ер­теңі үшін тер төге еткен еңбегінің нақты нәтижесі болып табылады. Басқасын айтпағанда, Қазақстан бас­шысының әлемдегі қауіпсіздік мәселе­леріне байланысты батыл қадамдары мен тың бастамалары жаһандағы аса ірі деген мемлекет басшылары тарапынан, Біріккен Ұлттар Ұйымының биік мінберінен қол­дау тауып келеді. Осындай игі де тағдыр­шешті бастамалардың арқасында еліміз ЕҚЫҰ сияқты әлемдегі беделді ұйымға төрағалық етіп қана қоймай, 11 жылдан бері өтпей келген ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммитін ұйым­дастыратын болып отыр. Қазақстан Президенті Ұйымға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі шеңберінде өткен үлкен конференцияда сөйлеген сөзінде ЕҚЫҰ Саммитін өткізу “Ядролық полигонды бірінші болып жауып, ядролық қарудан толық бас тарт­қан біздің халқымызға деген құрметтің көрінісі болар еді”, деген-тін. Әлемдік қоғамдастық шын мәнінде Қазақ еліне, халқына үлкен құрмет көрсетті. Және де осы арқылы жауапкершілік те жүктеді, сенім де артты. Ал Отанымыздың бұл үдеден шығатынына еш күмән жоқ. Мемлекет басшысының тікелей бас­тамасымен Қазақстанның ЕҚЫҰ секілді беделді халықаралық ұйымға төрағалық етуі – еліміз тұрғындары үшін қайта­лан­бас қазына. Нұрсұлтан Әбішұлының өзі айтқандай, 1975 жылы әлемнің карта­сы­нан дербес мемлекет ретінде орын алып үлгермеген Қазақстанның 35 жылдан кейін оны басқаратыны, сірә, ешкімнің қиялында да болмаған нәрсе. Ұйымға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің соңғы бейресми кездесуіне келген мәр­тебелі меймандар мен лауазымды адамдар ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасап отырған елі­мізге өздерінің жүрекжарды лебіздерін біл­дірді. Өйткені, Қазақстан дүние жүзін өз төрағалығының алғашқы күндерінен бас­тап белсенді әрекеттерімен тәнті етті. Яғни, төрағалық ету – тек төрде отыру емес екенін, өзінің бұл лауазымға сол үшін ғана келмегенін дәлелдеуге ұм­тыл­ды. Мұндай белсенділік халықаралық қоғам­дастық тарапынан оң бағасын алып отыр. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің Алматы түбіндегі бейрес­ми басқосуы Қазақстанның әлем мем­ле­кеттері алдындағы беделін одан бетер көтере түсті. Біздіңше, бұған дейін Ұйым­ға төрағалық еткен ешбір ел әлемдік мә­се­лелерді дәл Қазақстан секілді ауқымда қамти алған жоқ. Ал Қазақстан төрағалық тізгінін қолына алысымен, өз міндетіне бел шеше кірісіп кетті. Таулы Қарабақ, Днестр жағалауы, Қап тауы, Ауғанстан проб­лемаларын оңалтуға ұмтылыс таныт­ты. Шетін жағдайлардың күрделенбеуі, шиеленісті ахуалдардың ушықпауы үшін жұмыстанды. Жанжалдасушы тараптарға бәтуа ұсынды. Ең бастысы – Қырғыз­стан­дағы сәуір төңкерісінен кейін елді төніп тұрған төте қатер – азамат соғы­сы­нан сақтап қалды. Одан кейінгі жағ­дайды да өз бақылауында ұстап келеді. Төңкерісшіл қырғыз халқына алғаш болып жәрдем қолын созған да Қазақ елі болды, яғни 11 миллион доллардың гуманитарлық көмегін жөнелтті. Ақиқатында, мына аумалы-төкпелі заманда бейбіт өмірден қымбат ешнәрсе жоқ екені – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Адамзат атаулының бір-бірімен жауласпай, тату-тәтті, ынтымақта бол­ға­нына ештеңе жетпейді. Ал әлем елдерінің достығын, ынтымағын қалыптастыру саясаткер еңбегінің, оның саяси қыз­ме­ті­нің бір қыры десек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында үлкен өзгерістерге бетбұрыс жасауға ұмтылыс танытып ке­леді. Мұны халықаралық беделді ұйымдар мен көптеген мемлекеттердің басшылары, аузы дуалы саясаткерлері мойындап отыр. Бұл айтылғандардың барлығы Ұйымға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің “Ақбұлақ” спорттық-сауықтыру кешенін­де ұйымдастырылып, өзіміз куәгері болған бейресми кездесуінде айшықтала түсті. Осы бейресми кездесуге арнайы келіп қа­тысқан ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Пер­рен де Бришамбо былай деген болатын: “Мүдделердің шешімділігі мен ортақтығы Ұйымға қатысушы мемлекеттер арасын­дағы қарым-қатынастың тиімділігі мен жиілігін талап етеді. Осындай жоғары бел­сенділікті өзінің ЕҚЫҰ-ға төраға мәр­те­бесі және “Корфу үдерісі” арқылы әрекет жасай отырып, Қазақстан көрсетіп келе­ді”. Бұл пікір өте орынды білдіріліп отыр. Өйткені, Ұйымның Іс басындағы төр­ағасы, Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік хатшысы – Сыртқы істер ми­нистрі Қанат Саудабаев нақ осы “Корфу үдерісін” белсенді түрде ілгерілетуде. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның қағидат­та­ры аясындағы іс-әрекеттері мен белсенді қызметі, тұтастай алғанда, өз міндетіне үл­кен жауапкершілікпен қарауы Ұйым­ның келесі және одан кейінгі төрағалы­ғын атқаратын елдерге үйренетін үлгі болатыны күмәнсіз. Осы орайда ЕҚЫҰ-ның келесі төрағасы – Литва мемле­кеті­нің сыртқы істер министрі Аудрониус Ажу­балистің: “Шынымды айтсам, мен Қазақстанға Алматыда өтетін бейресми кездесуге қатысу үшін ғана емес, сонымен бірге, Литвамен тығыз қарым-қатынас­тағы, достық пейілдегі елге шын жүректен шыққан ізгі тілекпен де келіп отырмын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың саммит өткізу туралы бастамасы әлемдік қоғамдастық тарапынан қолдау табатыны сөзсіз. Себебі, соңғы 11 жыл бедерінде әлемдегі әлеуметтік, саяси-эко­номикалық ахуал айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Осының бәрі жоғары деңгейде реттестіруді қажет етеді. Сондай-ақ, Қа­зақ­­­станның өзге де ұсыныстары Еуро­одақ­тың қару-жараққа бақылау жасау, Ауғанстандағы жағдайды реттеу сияқты және тағы басқа бағдарламаларымен сәйкес келеді. Ең бастысы – Қазақстан және менің әріптесім – ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев Қырғызстандағы дағдарыс кезінде іскерлік танытып, оған БҰҰ, Еуроодақ сияқты халықаралық ұйымдарды тарта білді және ондағы азамат соғысының одан әрі белең алуына тосқауыл қоя алды”, деп шынайы көзқарасын білдіруінен осыны аңғарамыз. Иә, Ұйымға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші елдің басшысы ретінде биыл Астанада Ұйым Саммитін өткізудің ұтымды тұстарын жан-жақты түсіндіріп берген болатын. Және мұндай таңдаудың жәй ғана бір кезекті таңдау емес екенін ұқтырған еді. Бүгінде біз 11 жылдан кейін өткелі отырған саммит шын мәнінде тарихи таңдау болды деп нық сеніммен айта аламыз. Қазақстан басшысының “Біз қиын таңдау жасадық” деген осы бір қысқа да нұсқа ой түйінінің арғы түкпі­рін­де он ойланып, жүз толғанған, нәти­жесінде Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу қажеттілігіне өзінің де, өзгенің де көзін айқын жеткізе білген көл-көсір көрегендік жатқаны тағы күмәнсіз. Өйткені, не нәрсеге де аргумент, қисын мен айғақ керек. Мұнсыз кез келген идея, бастама немесе қолға алған іс ілгері жылжымайды. Ал ЕҚЫҰ Саммитін кезекті бір қара­пайым идея, қарабайыр бастама деп айта алмасақ керек. Керісінше, мұны ұлы идея, ұлы бастама дегеніміз жөн. Елбасы тарапынан көлденең тартыл­ған дәлелді айғақтар мен ойлы ұсыныс­тар, пайым-парасатқа толы ұстанымдар бейресми саммитке қатысушылардың көңілдеріне қонғаны айқын көрінді. Яғни, “Ақбұлақ” кездесуінде Астанада Ұйым Саммитін өткізу жөніндегі шешімнің қабылдануына басты алғышарт жасаған Қазақстан басшысының шегелей айтқан орнықты да орынды, тиянақты да тұжырымды ұстанымдары болды. Міне, нақ осы себепті бастама бейресми кездесуге қатысушылар тарапынан толық қолдау тапты. Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлының Еуропа үшін бір саясат, Азия үшін мүлдем басқа саясат әзірлеудің мүмкін еместігі жөніндегі ой-тұжырымдары да “Ақбұлақ” кездесуін мазмұн жағынан байыта түсті деп санаймыз. Сонымен бірге, Қазақстан Президентінің дағдарыстан кейінгі әлемнің ортақ та біртұтас картинасын жасауға талпыныс танытқаны да бейресми басқосудың мәртебесін биіктетті. Осы арқылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы сол кездің өзінде-ақ жаңа бір мазмұндық сатыға көтерілді. Нұрсұлтан Назарбаев бейресми кез­десу­де сөйлеген сөзінде қазіргі кездегі ха­лықаралық қоғамдастықты алаңдатып отыр­ған проблемаларға жан-жақты тоқ­тала келіп, оларды шешу жолдарын қарас­тырудың маңызы аса зор екенін де атап көрсетті. Осы тұрғыдағы өзінің ой-пайым­дарын да бүкпесіз ортаға салды. Қазақстан басшысы сөзінің қорытын­ды­сында былай деді: “...ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммитін 2010 жылы өткізу біздің халықтарымызға және әлемдік қоғамдастыққа Ұйымның “Хельсинкиден Астанаға дейінгі” эволю­ция­сын көрсетуге бірегей мүмкіндік береді. Біз өткенді өзгерте алмаймыз. Бірақ та біз одан тағылым алуға және болашаққа де­ген ортақ көзқарасымызды анықтауға міндеттіміз. ЕҚЫҰ “қырғи-қабақ соғыс” уақы­тын­да ғана емес, сонымен бірге, бүгінгі күні де тиімді болып, осы заманғы жаһандық сая­сат пен экономиканың жанды жасу­ша­сына тығыз тоқылғандығын дәлелдеуі тиіс. Бұл саммитті өткізу... сонымен қатар, ЕҚЫҰ-ның еуропалық және азиялық бөліктерін біріктіру факторына айналар еді”. Жоғарыда айтылғандардың бәрін түйіндей келгенде, жоғары деңгейдегі кез­десу, яғни ЕҚЫҰ-ға мүше Мемлекеттер басшыларының Астана Саммиті Ұйым­ның осы заманғы сынақтар мен қауіп-қа­терлерге бейімделуіне қуатты серпін беріп қана қоймай, сонымен бірге, ЕҚЫҰ-ның өзінің беделін арттырып, оның еуропалық және еуразиялық қауіпсіздік архитек­турасындағы рөлін күшейтеді деп нық сеніммен ой түюге болады. Ал ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төраға­сы, Қазақстан Республикасының Мем­ле­кеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бейресми кездесудегі сөзінде Ұйымға мүше және әріптес ел­дерден келген ұзын саны 67 өзінің әріп­тесі мен олардың мәртебелі өкілдері пост­кеңестік кеңістікте, Еуразия кіндігінде өтіп отырған осындай кең көлемді бас­қосуға тұңғыш рет жиналғанына назар аудартты. Және кездесуге қатысу­шылар­дың ой-ниеттері мен ұстанымдарын Алатаудың тамаша, мөлдір ауасы секілді таза да кіршіксіз деп санайтынын жеткізе келіп, Қазақстан Көшбасшысының Еуро­атлантикалық және Еуразиялық орасан зор кеңістікте қауіпсіздік пен ынтымақ­тастықты одан әрі нығайту жолдарына, ЕҚЫҰ-ны осы заманғы нақтылықтарға, сынақтар мен қауіп-қатерлерге бейімдеуге деген стратегиялық көзқарасы кездесулер барысындағы пікірталастарға айрықша маңыздылық, жоғары шынайылық бере­тініне сенім білдірді және үлкен жауап­кер­шілік те жүктейтінін қаперге салды. Содан кейін жиналғандар алдында “Корфу үдерісі” аясында қол жеткізілген прогреске баға беру және оны одан әрі дамытудың перспективасы мен нақты өлшемдерін анықтау, ЕҚЫҰ-ның жауап­кершілік аймағындағы қауіпсіздіктің ба­рынша өзекті проблемаларын талқылау, және ең бастысы, үстіміздегі жылы Аста­нада Ұйым Саммитін өткізу және оның күн тәртібі жөнінде шешім қабылдау міндеттері тұрғанын атап көрсетті... Бей­ресми кездесу соңында Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл халықаралық қоғам­дас­тық үшін аса маңызды шешім – 2010 жылы Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Мемлекет басшылары деңгейіндегі сам­ми­тін өткізудің қажеттілігі туралы бір­ауызды шешім қабылданған болатын. Бейресми кездесуге жиналғандар оның алдында Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төр­ағалығына аса жоғары баға берген еді. Мұны біз еліміздің атқарып келе жатқан жұмысына берілген лайықты баға деп қабылдағанбыз. Тегінде, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету оңай іс емес. Ал жоғары деңгейдегі саммит ұйымдастырып өткізу – одан да қиын шаруа екені айтпаса да түсінікті. Дегенмен, Қазақстан Отанымыз үшін жауапкершілігі ұшан-теңіз міндетті абыроймен атқарады деп сенетінімізді тағы да қайталағымыз келеді. Самат МҰСА.