• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2010

Тағылымды тұлға еді

637 рет
көрсетілді

Өмір көшінде ұзақ жылдар таныс-біліс болған адамдар туралы жазудың қиындығы сол, анталаған көп ойлар мен көзбен көрген сан-алуан оқиғалардың, бастан кешкен ыстық- суық күндердің, өтіп кеткен сағынышты сәттердің қайсысының жалынан ұстарыңды білмей қалады екенсің. Талай адаммен сапарлас, қызметтес, аралас-құралас өмір кешіп келеміз. Бірінен ұзын жолдың үстінде көз жазып қалсаң, енді бірі жолайырықта, бел-белестің арасында сағымдай бұлдырап қалып қояды. Осы реттен алғанда ерекше жадымда қалған, кезінде ағалы-інідей сыйлас, сыралғы дос болған, ұрпағы ұлағат тұтып, туған елі құрмет көрсетер азаматтардың бірі және бірегейі, бүкіл саналы ғұмырын Қазақстанның өсіп-өркендеуіне арнап, атақ пен даңқ қумай, шындық пен әділдікті ту еткен, нар тұлғалы азамат Сәбит Мұқанұлы Байжанов еді. Ол Ақмола өңірінде өмірге келіп, туған жерінде, Қазақстанның әр аумақтарында, Мәскеуде жоғары дәрежелі қызметтер атқарған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Біздің таныстығымыз оның республиканың байланыс министрі қызметінде жүріп, Маң­ғыс­тау ауданынан, Х-шы шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кан­дидат болып тіркеліп, өлкемізге келген сапа­ры­нан басталды. Бұдан кейін ол ХІ-ші шақырыл­ған Кеңестің депутаттығына да осы ауданнан сай­лан­ған болатын. Мен сол кездері аудандық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істегендіктен Сәбит ағамен аудан ішін­де, облыс көлемінде, әлденеше рет Алматы қа­ла­­сында бірге жүріп, ол кісінің көп сырына қа­нықтым, азаматтық биік тұлғасын танып-білдім. Біздің, маңғыстаулықтардың, Сәкеңе ерек­ше тәнті болатынымыз, біріншіден, аса бір адами қарапайымдылығы, екіншіден, көтеріл­ген мәселенің қандайын да тез шешкірлігі бо­латын. Депутат министріміздің қабылдау бөлмесінде ауырып-сырқап барған, жатақхана мен мейманхана іздеген, демалыс орнына ор­на­ласуға, елге қайтуға ұшаққа билет алуға, т.б. жәрдем сұраған маңғыстаулықтардың барлы­ғы­ның шаруалары лезде шешіліп жататын. Тіпті, басқа министрліктерге байланысты жұмыстар да, сол тәңірі жарылқағыр Сәбит Мұқан­ұлы­ның арқасында біте беретін. Маңғыстау ауданы әуелде Гурьев облысына қараған, мал шаруа­шылығымен ғана айналысатын, шет аймақ болғандықтан, қай тұрғыда болмасын шешуін күт­кен күрмеулі істер көп болатын. Басқаны қойғанда, аудан орталығының өзіндегі жоғары кернеулі электр жүйелері тозған, көшелер жол­сыз, мектеп пен балабақшалар жеткіліксіз, дәрігерлік орындар, аудандық мекемелер ескі ғимараттарда орналасқан, байланыс желісі жүйесіз, теледидар дегенде жалғыз канал ғана жұмыс жасайтын. Тұрғын үй тапшылығы, ауыз су жетпестігі, мәдени ошақтардың кемістігі қатты сезілетін. Егер аудан орталығындағы жағдай осындай болса, онда ауылдағы тірліктің қандай екендігін өздеріңіз де сезіп отырған боларсыздар. Осындай сан алуан өмірлік мәні бар тұр­мыстық мәселелерді шешу үшін тосын қадам жа­сауға тура келді. Сондағы ойлап тапқаны­мыз, сол кезде аудан орталығы Шетпе посел­ке­лік кеңесінің 72 жастағы төрағасы, ұзақ жыл­дар Маңғыстау ауданын абыроймен басқарған, Д.Қонаевтың өзі жақсы білетін, Қағазов Төлеген ағамыздың беделін пайдаланып, ҚКП Орталық Комитетіне сол кісінің атынан хат жазып, оны обкомның бірінші хатшысы Са­ламат Мұқашевпен келісіп алғасын, Димекеңе Төкеңді жіберіп алдық. Хатта ауданның эко­номикалық-әлеуметтік қиын жағдайын жан-жақты көрсетіп, көмек сұраған болатынбыз. Ол кездегі партиялық этикада облыстан асып, Орталық Комитетке шығу Ю.Гагариннің космос кеңістігіне ұшқанымен пара-пар, шын­туайтқа келгенде күмәнділеу іс болатұғын. Де­генмен хаттың жазылуы, ондағы мәселелердің орнымен көтерілуі және оны жеткізушінің шеберлігі үйлесімін тапқан болар, ең бастысы Димаш Ахметұлының жағдайды бағалағандығы ма, әйтеуір, хат бетіне республикалық Жоспар­лау комитетінің төрағасы атақты Мұхамед-Рахимовтың атына; “Қарауыңызды сұраймын, Д.Қонаев” деген қол шегілді. Содан хат иесі Төкеңді алға салып, мал иесі біздер Мұхамед-Рахимовпен кездесіп, әуелі шекісіп бастап, артын тәтті аяқтап 10 күн тапжылмай сол мекемеде жұмыс істедік. Оның 17 бөлімінің әрқайсысымен, 12 министрлік пен комитеттермен талқылап, әке-көкелеп жүріп 5 беттік қағазға 18 пункттен тұратын Маңғыш­лақ облысы, Маңғыстау ауданының 1985-1990 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын, қабылданып жатқан респуб­ликаның 5 жылдық жоспарына қосымша енгізу жөніндегі хаттамалық шешім өмірге келді. Бұл бұрын-соңды кездеспеген жайт екен­дігін сол кезде ғана білдік. Қалыптасқан тәртіп бойынша Госплан төрағасының орынбасары кез келген министрді, ал бөлім бастықтары тиісінше министрлердің орынбасарларын өздеріне шақырып, тапсырма беретін. Бізге мұның көп септігі тиді. Оның үстіне жарықтық Сәкең әріптестерінің алдында беделінің қандай екендігін жан-жақты жарқыратып көрсетті. Министрдің де, оның орынбасарларының да алды бос бола бермейтіні және қайдағы бір шалғай ауданның жоспардан тыс бірдеме сұраған мәселесі кімге қызық дейсіз, алайда Байланыс министрі Байжановтың бір телефон шалуы іздеген адамымыздың алдына кідіртпей жеткізіп, өз тарапымыздан біз де тіршілік иесі екендігімізді көрсетіп, әйтеуір сол шешімді тәбәріктей тәу етіп елге оралғанбыз. Бұдан кейін облыстық атқару комитеті тиісін­ше қаулы шығарып, нәтижесінде 5 жыл ішінде ауданда 4 мектеп, 8 балабақша, кино­театр, 2 клуб, тұрмыстық қызмет көрсету ком­би­наты, 5 ауылдық-поселкелік кеңес ғимарат­тары, көптеген сауда, мәдени-тұрмыстық құры­лыс нысандары, қаншама тұрғын үй салынды. Бүкіл аудан көлеміндегі елді мекендерді электрлендіру аяқталды. Шетпеден Қызан, Тұщықұдық, Шайыр, Жармыш, Онды, Ұштаған, яғни барлық кеңшар орталықтарына дейін қатқыл табанды, қайсы­біріне асфальтті жол салынды. Аудан орталы­ғын асфальттандыру басталды. Ал, осы есте­лік­тің басты кейіпкері Сәбит Мұқанұлының шешімділігінің куәсі – оның ауданымыздың байланыс жүйесін жетілдірудегі ерен еңбегі. Аудан орталығынан Жармыш, Қызан, Тұщы­құдық, Шайыр, Жыңғылды, Ұштаған бағыт­та­рына тегістей жер асты байланыс кабелі салы­нып, бұрынғы бағаналар арқылы тартылған сым желілер алмастырылды, 4 елді мекен мен аудан орталығында жаңа АТС салынды, 2 жерде кеңейтілді. Аудандық байланыс үйі әуелі күрделі жөнделіп, кейіннен типтік жобамен салынған жаңа ғимаратқа көшті. Ақтау мен Шетпе аралығына 3 нүктеге тұңғыш рет рес­пуб­ликамызда күн көзінен қуат алатын аралық қондырғылар орнатылған телебағандар салы­нуы арқасында қосымша 2 телеканал пайдала­нуға берілді. Жүздеген шақырымға жеткен жерасты кабельдерінің ақауларын анықтайтын аппарат орналасқан арнаулы және қызметтік автокөлік, жер қазатын техника, т.б. керек-жа­рақты құрал-жабдықтар мейлінше тез бөлініп, жеткізіліп отырылды. Байланыс техникумына аудан жастары алғаш рет оқуға түсті. Депутат болған 6 жыл ішінде көрсеткен жәр­демінің арқасында Маңғыстау ауданы рес­пуб­ликада ауыл шаруашылығымен айналыса­тын аудандар арасында байланыс жүйесі бой­ынша алға шықты. Сәкеңнің ерекше қасиеті сол, келген бойда әуелі аудандық байланыс үйіне келіп, амандық-саулық сұрасқасын, қан­дай мәселеміз барын сұрайтын. Тыңдап алға­сын сол бойда Алматыға телефон соғып, ми­нистрліктегі тиісті қызметкерлерімен сөйлесіп, қойылған мәселелердің қашан және қалай шешілетіндігін айтатын. Орындалмай қалады-ау деген уайым бізде болмайтұғын. Сол кезде министрлерді орысшалап айтқанда: “обещаю­щий, долгоиграющий и решающий” деп бөлетін, ал Байжановтың орны қай кезде де соңғыларының қатарында болатын. Басқа атқарған жоғары лауазымды қызмет­терінің бәрінен де оны елге танытқан ең жұлдызды шақтары, меніңше, Байланыс ми­нистрі болып жұмыс жасаған кездері ғой дей­мін. Маңғыстаулықтар оны мақтаныш сезіммен “өз министріміз Байжанов” дейтін. Жұмыс бабымен Алматыға барып жүргенде талай рет министрлікте, оның қала сырты санаторийінде, үйінде болып айдай сұлу жеңгеміздің қолынан дәм татуға жазыпты. Көктөбедегі өзі салдырған сүйікті телемұнарасының ашылуының куәсі болдым. 1985 жылы туған кенже баламның атын Сәкеңе деген достық ықыластың құрметі есебінде әрі сондай асыл азаматтың жолын қусын деген қазақы ырыммен Сәбит қой­ған­быз, қазір ол университет бітірген, жоғары білімді мұнайшы. Биыл ұлтымыздың ұлы, халқымыздың шын мәніндегі құлы бола білген бір кездегі республикамыздың Байланыс министрі, Талдықорған, Жамбыл облыстарының атқару және партия комитеттеріне жетекшілік еткен, КПСС Орталық Комитетінің инспекторы, ҚКП Орталық Комитетінің хатшысы, Одақ және республика Жоғарғы Кеңестерінің депутаты болған нар тұлғалы азаматтың тірі тұрғанда 70 жастық мерейтойын атап өтер едік. Алайда оның таңдайындағы бұл дүниелік тіршілік дәмі таусылып көз жұмды. Бүгінде мәңгілік мекенінде екінші өмірін жалғастыруда. Құдайға шүкір, соңында осындай абзал әкенің қадір-қасиетін, бекзаттық болмыс-бітімін өздеріне үлгі етіп ұл-қыздары өсуде. Лайымда оларды Жаратушымыз аман еткей! Туған жері мен тумысы бөлек болса да, біздің өлкенің азаматтарының туысындай болып кеткен Сәбит Мұқанұлының рухын 360 әулиелі, киелі Маңғыстаудың шарапаты риза қылғай, тіршіліктегі атқарған келелі істерінің сауабы тигей, алыстан бағыштаған дұғамыз қабыл болғай, – деп естелігімді аяқтағанды жөн көрдім. Сақып КЕРЕЛБАЕВ. Ақтау.