51 МЛРД. ТЕҢГЕ
Батыс Қазақстан облысында биылғы сегіз айда осыншама сомаға құрылыс жұмыстары атқарылды
Облыстық статистика департаментінен газет тілшісіне хабарлағанындай, осы кезеңде 889 жаңа ғимарат пайдалануға берілді.
Биылғы сегіз айда тұрғын үй құрылысына 4,5 млрд. теңге жұмсалды. Жалпы алаңы 98,4 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, бұл өткен жылғыдан 7,7 пайызға кем. Жергілікті қазына есебінен 20,5 мың шаршы метр, республикалық бюджет қаржысына 0,3 мың шаршы метр жалгерлік, 0,2 мың шаршы метр несиелік, ал тұрғындар есебінен 77,4 мың шаршы метр үй бой көтерді.
Батыс Қазақстан облысында биылғы сегіз айда инвестиция көлемі 141,4 млрд. теңгеге жетті. Оның 74,7 пайызы өнеркәсіпке бағытталса, 8,6 пайызы көлік пен қойма, 5,3 пайызы денсаулық сақтау, 4 пайызы жылжымайтын мүлікпен жұмыс, 1,7 пайызы – білім, 1,2 пайызы сауда мен ауыл шаруашылығына жұмсалып отыр.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.
* * *
191 МЛРД. 335 МЛН.ТЕҢГЕ
ұсынылған өзгерістерді қоса есептегенде бюджет көлемі осыншама теңгені құрап отыр
Өңір экономикасы қаржы дағдарысына қарамастан, жыл сайын толығуда. Оны облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының дерегінен анық көз жеткіземіз.
Алматы облысының 2010-2012 жылдардағы бюджетіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жобасында халықты әлеуметтік жағынан қолдау, білім және денсаулық салаларын дамытуға қомақты қаржы бөлінгенін байқау қиын емес. Сондай-ақ көлік және коммуникация басқармасы бойынша өңірдегі маңызы бар жолдарды күрделі және орташа жөндеуден өткізуге 400 млн. теңге, ал аудандық маңызы бар жолдарға 151 млн. теңге бағыттау қарастырылуда. “Балапан” бағдарламасына 426 млн. теңге бағытталған.
Өзгерістерді қоса есептегенде бюджет көлемі 191 млрд. 335 млн. теңгені құрады.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы
* **
139 000
Облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының мәліметтерінше, облыс бойынша осынша адам өздері қалайтын спорт түрлерімен шұғылданады
Жоғарыда аталған адамдар қатарының 45 мыңы ауылдық жерлерде тұрады.Қалалар мен аудан орталықтарында, ауылдарда тұрып жатқан спортпен айналысушы тұрғындарға облыс бойынша 2205 жаттықтырушы-маман қызмет жасайды. Облыста 3089 спорт кешені бар. Ал, облыс орталығында жасанды алаңы бар 5 минифутбол стадионы, 2 теннис корты, 5 хоккей алаңы, 9 жүзу бассейні, 3 шаңғы базасы, 28 атыс тирі, “Құлагер” ипподромы, 130 спорт залы жұмыс істейді.
Бұларда бір мезгілде 25 мың адам жаттыға алады.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы.