Жетпіс жылдан кейін батыр Баукеңнің ескерткіші болып еңселенді
Талғарда даңқты қолбасшы, атақты жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына арналып: “Хас батыры бар халықтың арманы жоқ” атты салтанатты іс-шара өтті.
Атап айтқанда, М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің алдында “Ерлік елеусіз қалмасын” дейтін ер Баукеңнің ескерткіш-мүсіні салтанатты жағдайда ашылды. Бұл үшін батырдың ғасырлық тойына орай аудан жұртшылығы тарапынан 1 миллион теңге қаржы жинақталып, осынау игілікті іске жұмсалған көрінеді. Сонымен қатар нақ осы күндерде Талғар қаласында Бауыржан Момышұлы атына көше беру ұсыныстары да аудандық ономастика комиссиясының отырысында тезінен қаралып, оң шешімін таппақ.
Батыр Баукеңнің ұрпаққа ерлікті меңзеген өр кескінді мүсін-ескерткішінің ашылу рәсімінен кейін жиылған қауым колледж тарихының мұражайын, ондағы мағлұмат-дерегі мен жәдігерлері мол батыр бабаға арналған ауқымды бұрышты және Бауыржан Момышұлы атындағы алғашқы әскери дайындық кабинетін аралап көріп, ұрпаққа ұран болған ұлы есімді қастерлеу мен құрметтеу орайындағы осыншалықты ұқыптылық пен ұсынықтылыққа алғыс-ризашылықтарын жасырмады. Бақытжан Момышұлы ағамыз: “Әкеміздің аты халықтың жады мен жүрегінде қалғаны ең үлкен марапат деп есептеймін. Сол үшін халыққа басымды иемін. Жүз жылдық тойдың алғашқы жиынын да Алматы облысы бастап берген болатын. Әкеме деген Талғардың бүгінгі құрметінен де туыстық жылылықты сезінгендеймін” деп толқи сөйледі. Зейнеп апай болса: “Жас ұрпағымыз Баукең аталарындай елім-жерім дегенде қабырғасы қайысатын ержүрек те елжанды болып өссін” деген тілекпен колледж мұражайына Б.Момышұлының 30 томдық шығармалар жинағын тарту етті.
Бүгінде Бауыржан аты бар қазаққа мерейлі. Десек те, осы толағай тұлғаны Талғар топырағына жақындатып, алабөтен қымбат етіп тұрған жайларды аз да болса таратыңқырап айтқан жөн сияқты. 1941 жылдың шілдесінде генерал Панфиловтың басшылығымен Алматыда 316-шы атқыштар дивизиясы ұйымдастырылғанда, оның 1073-ші атқыштар полкі Талғарда жасақталады. Ол кейін “Талғар полкі” деп аталып кетеді. Бауыржан Момышұлы өз батальонын Талғардағы ауыл шаруашылық техникумына орналастырып, тау бөктеріндегі “Солдат сайы” шатқалында жауынгерлерге соғыс өнерін үйретіп, ұрыстың әдіс-тәсілдеріне машықтандырып шыңдаған. Баукең бұл жайында “Біздің генерал” атты кітабында баяндап өткен. Ал “Москва үшін шайқас” кітабында майданға Талғардан аттанғанын еске алады.
Олай болса, Баукең есімін, өмірін, шығармашылығын, жауынгерлік һәм жазушылық ерліктерін дәріптеуде Талғар да жолдан жығылып жатқан жоқ. Әсіресе, соңғы он жылда асыл туған ардагерді ардақтау орайындағы игі істерге бұрынғы Талғар ауыл шаруашылық техникумы – қазіргі агробизнес және менеджмент колледжі ұйытқы болуда. Колледж директоры Нәйлә Үмбетова Баукең рухын қастерлеуден рахат табатын жандардың бірі десек, артық айтпаспыз. Батырдың 90 жылдығынан бермен қарай жыл сайын Б.Момышұлы атындағы атаулы стипендия тағайындалып келеді. Оқушылар Бауыржан батырдың ерлік өнегесіне тәрбиеленуде. Жеңістің 60 жылдығына орай колледждің әскери-патриоттық тәрбие кабинетіне Б.Момышұлы аты берілген-ді. Колледж студенттері жыл сайын батыр бабаның туған күні қарсаңында Кеңсайдағы зиратына барып тағзым етуді дәстүрге айналдырған. Олар “Талғар полкінің маршын” шырқайды, жас талапкер ақындар батыр ата рухына өлеңдерін арнайды. 2010 жылы колледжде Бауыржан Момышұлы жылы деп жарияланып, осыған байланысты көптеген игі іс-шаралар атқарылыпты. Осы орайда Баукеңнің Мәскеудегі қызы Елена Коркинаның арнайы шақырылып, колледж қонағы болуы елең еткізерлік оқиғаға айналды. Елена Бауыржанқызы әкесінің ізі қалған Талғар көшелерін аралады, Талғардың шыңына тебірене көз салып, сонау бір шақта сардар әке әскерлеріне ұрыс тәсілдерін үйреткен “Солдат сайының” аңғарында сағынышты ой құшағына бөленді.
Демек, Баукеңнің 100 жылдығы аясындағы мына іс-шара жай науқаншылдық емес, талғарлықтардың біртуар батырға деген жүрек түкпірінен шыққан шынайы құрмет-сүйіспеншілігінің анық белгісі дер едік. Мәдениет үйінде “Қазақтың Бауыржаны” атты деректі фильм көрсетілді. Колледж көркемөнерпаздарының 1941 жылдың шілдесінде Талғар полкінің жасақталуы кезіндегі өмір-тынысын бейнелейтін театр қойылымы сәтті шықты. Салтанатты жиында жазушы Әзілхан Нұршайықов, “Бауыржантану” орталығының жетекшісі, ғұлама ғалым Мекемтас Мырзахметұлы және басқалар айтқан ұлағатты лебіздер соқпағын Талғардан тартқан ерлік рухын, ердің аруағын тағы бір тербетіп, ұлт батыры Баукеңнің мәңгілікке жалғасқан екінші өмірін аялай айғақтап тұрғандай болды.
Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.