Уәлиханов – 175
Үздік ақыл-ой әрекетімен адамзаттың интеллектуалдық тарихында өшпес із қалдырған тұлғалар көп емес. Сол азшылықтың ашқан жаңалықтары, материалдық және рухани құндылықтарды игеруге серпін берген қайраткерлігі, байлам-тұжырымдары ғасырлардан ғасырларға жалғасып, қалың көпшілік игілігіне айналғанына қоса, талапты жанның жасампаздық қабілет-қарымын арттыруға да қызмет етеді екен. Ғылыми таным көкжиегін кеңейткен осындай мәңгі жарық жұлдыздар шоғырында қазақ ұлтының абзал перзенті Шоқан Уәлиханов бар.
Шоқанның тарих, этнология, тіл, әдебиет, география, шығыстану, әскер ісі, өлкетану, т.б. салалардан қалдырған ғылыми мұрасы күні бүгінге дейін зерттелу үстінде, теориялық, методологиялық, танымдық, қолданбалық әлеуеті бір мысқал кеміген де жоқ. Қытай да, орыс та, өзбек пен қырғыз да, ұйғыр мен татар да, неміс пен француз да Шоқанды оқи отырып, одан өзіне қатыстысын, керегін табуда және кәдеге жаратуда.
Шоқан ғылым тарихындағы ұлы тұлға ғана емес, тарихтағы ұлы тұлғаны ғылыми танудың үздік үлгісін көрсеткен жасампаз ойшыл. Түптеп келгенде, оның бірде біршығармасы – қандай тақырыпқа жазылса да адамнан тыс емес, адам мәселесін айналып өткен емес. Бес томдық шығармалар жинағына енген әзірге мәлім 100-ден астам еңбегінде 3 мыңға жуық адам есімдерінің кездесуі, әрқайсысына мәлімет-сипат берілуі тарихтағы адам факторын мейлінше қастерлегенін көрсетеді. Әрине, бұлардың бәрі тұлға деңгейіне көтерілгендерге жата бермейді, қарапайым еңбек адамдары да аз кездеспейді.
Шоқанның тұлғатануға тереңдеп енуіне себеп болған факторларға келсек, ең алдымен, көктей шолып қарайтын болсақ, арғы қазақтар дәуірінен тартып Отан тарихында тұлғалар жалғастығының үзілмегені. Парсы әскерін шөл далада адастырған Шырақ та, күй атасы Қорқыт та, ғылым куып қиырға кеткен Әл-Фараби да, азаттық жолында құрбан болған Махамбет, Кенесары, Қайрат Рысқұлбеков те шынайы тұлғалар. Тұлға дегеніміз – өзіне тәуелді емес объективті әлемдегі (ортадағы) қажеттілікті (экономикалық, ғылыми, саяси, өндірістік, т.с.с.) практикалық-қолданбалық, теориялық-шығармашылық жаңашылдықпен шешкен (жүзеге асырған) немесе шешу (жүзеге асыру) жолын дұрыс нұсқаған әлеуметтік субъект. Тұлға дәйектеген ізашарлық нәтижені замандастары, кейінгі ұрпақ та кәдеге жаратады. Демек, Шоқан – олардың жалғасы.
Келесі фактор – Шоқанның өз заманындағы танымал саясаткерлермен, әйгілі ғалымдармен, жоғары мәртебелі әскери мамандармен, мемлекеттік қызметшілермен, зиялы қауыммен, қазақ қоғамының елтұтқаларымен етене араласқаны. Мұндай аралас-құралас бір елдің, бір халықтың ауқымымен шектелмей, іргелес мемлекеттер мен халықтарды қамтып жатқандықтан ғылыми ой-танымға қажет деректер мен дәйектер Шоқанның зерек ақылын байытпай тұрмады.
Және ескеретін мәселе – дәстүрлі қазақ қоғамының бел баласы Шоқан еуропалық жан-жақты білім алып, алыс-жақын елдерге барғанда әралуан өркениеттерді салыстыру арқылы адамнан адамның, жерден жердің, салт-дәстүрден салт-дәстүрдің несі артық екенін дөп басып танитын қабілетін ұштай түскені.
Тұлғатануда Шоқанды шыңдаған іргелі фактор оның жастайынан, Омбы кадет корпусын бітірген сәттен аса жауапты тапсырмаларды орындауға тартылғаны. 19 жасар жігітке жарты Қазақстанды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Батыс Сібір генерал-губернаторының адъютанты, ерекше тапсырмалар офицері қызметтерін ешкім кездейсоқ тапсыра салмағаны өз алдына, оған әлеуметтік-кәсіби, мәдени-имандық, азаматтық зор жауапкершілік те жүктелді. Әйгілі ғалым Ә.Марғұлан жазғандай, 20-дан енді ғана асқан шағында Шоқан Ұлы жүз қазақтарын, қырғыздың бұғы, сарыбағыш, солты тайпаларын бейбіт жолмен Ресейге қосу мәселесін шешуге араласқан екен. Бұған қоса Орталық Қазақстанға, Жетісу мен Тарбағатайға, қырғыз Ыстықкөлі мен Орталық Тянь-Шаньға ғылыми экспедицияға шығып, күні бүгінге дейін маңыздылығын жоймаған материалдар жинағаны, айталық, “Манас” эпосын ішінара орыс тіліне аударғаны, Құлжада Қытай үкіметі өкілдерімен келіссөздер жүргізіп, Ресей мен аспан асты елі арасындағы сауда қатынастарын реттегені бар. Осының бәрі кәсіби біліктілікпен ғана біте салатын іс емес. Істің басы-қасында жүрген үлкенді-кішілі жауапты адамдардың тілін табумен, осал тұстарын көздеген мақсатына пайдалана білумен, үздіксіз ізденіспен, адам факторын тереңнен ұғынумен шешіледі.
Құлжаға барған сапары жайлы Шоқан “Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы” шығармасын жазған еді. Еңбек кейіпкерлерге толы, әрқайсысына интеллектуалдық сипаттама берілген. Тіпті базардағы адамдарға дейін: басына сәлде ораған ортаазиялық, әдеміше келген қашқарлық, тоз-тоз киінген тараншы, көзін ұйқы басқан маньчжур, қысық көз қытай, қамытаяқ қалмақ – бәрі Шоқанның назарына іліккен. Осы орайда ол қытайлар халықты екіге бөлетінін: қара халықты – мин, қызметшілерді, патшаның жұмсауындағыларды – чен деп атайтынын алға тартады. Демек, адамтану мен тұлғатанудың әр елде, әр халықта өзіндік ерекшеліктері бар екенін қуаттайды.
Тұлғатануда Шоқан ұстанған теориялық-методологиялық қағидаттарды жүйелеудің маңызы зор. Олардың маңдай алдысы – нақты орта мен уақыттағы ахуалдық сұраныс тұлғаны тарих сахнасына шығаратынын анық та қанық дәйектегені.
Осынау қағидат ұлт тарихының тағдыр анықтағыш екі сәтіне байланысты: бірі – Қазақ хандығының шаңырағын көтеруге, екіншісі – “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” қасіретін жеңуге араласқан хандар, билер, батырлар, жыраулар еңбегі мен тағдырын бағалағанда ерекше қолданылған.15 ғасырды, Керей мен Жәнібек хандар билеген жылдарды “алтын ғасыр”, басты идеологы Асан қайғыны “философ” десе, 18 ғасыр басын “қанды қырғын”, “жантүршігерлік”, “жаугершілік” деп сипаттайды.
Ұлт тұлғаларын қалыптастыру мен жасампаздық қабілет-қарымын ашуда 15 және 18 ғасырлардың алар орны ерекше екенін “Қазақ хандары мен сұлтандарының шығу тегі”,“18 ғасыр батырлары туралы тарихи аңыздар”, “Абылай”, т.б. еңбектерінде негіздеген. Дегенмен, нақтылауды қажет ететін сұрақ бар. Ол – тұңғыш қазақ ханы Керейге мән бермей, Жәнібек ханды ғана атауы. Шоқан Қазақ хандығының шаңырағын көтерген Керей мен Жәнібек сұлтандар екенін білмеді емес, білді. Бұған айғақ-дәлел іздесек, ол ғалымның 5 томдығының 4 томында тұр. Мұнда Шоқанның қаламынан тууы мүмкін деген жорамалмен “Географическо-статистический словарь Российской империи” басылымындағы “Киргиз-кайсаки” мақаласы берілген. Мақалада екі сұлтанның 1465 жылы Моғолстанға жылжығаны, Есен бұғадан жер алғаны, хандық құрғаны, халқы 200 мыңға жетеғабыл болғаны көрсетілген. Осының бәрін біле тұра, қазақтың тұңғыш ханы ретінде Жәнібекті ғана атауы Шоқан мұрасын әлі де тереңдете зерттей түсуіміз қажет екенін білдіреді.
Тұлға танудағы Шоқан ұстанған теориялық-методологиялық келесі қағидат – тұлға тындырған істің уақыт пен орта сұранысынан да асып түсіп, болашаққа қызмет етуін саралауы. Ғалымның “18 ғасыр батырлары туралы тарихи аңыздар” мақаласында ірілігі мен ерлігі ұлықталған Абылай хан, Жантай, Бөгенбай, Сырымбет, Баян, Малайсары, Байғозы, Жәнібек, Оразымбет, Елшібек батырлар, Бұқар, Тәттіқара жыраулар, Қазыбек би қазақ халқын жойылудан сақтап қалған тұлғалар.
Тұлға қатарына қосатын қасиеттер жайлы ойлары да құнарлы. Ондай болу үшін ақыл да, қайрат та, тапқырлық та, ержүректілік те, мінез де үйлесіп, ұштасып жатуы керек. Шоқанның: “Смутные обстоятельства того времени дают возможность Аблаю выказать свою храбрость, сметливость и ум самым блестящим образом”, “....басентинец Малайсары по богатству, храбрости и по характеру и уаковец Баян по уму и храбрости стоят выше всех” деген сөздері тұлғаның басқаларға ұқсамайтын ерекшеліктерін, қасиетін бірінші орынға қойып тұр. Шоқан тұлға мәселесін көтергенде олардың жасына қарай шектеу қоймайды. Абылайдың бекзаттық болмысы бала жасында, кісі қолында жүргенде-ақ байқалғанын айтуы бекер емес.
Кейбір халықтың ауыз әдебиетінде әспеттелген батырлары 33 жыл пештің үстінде жатумен есейсе, қазақ батырлары күн санап, сағат санап өскенін аңыздардан, айталық “Алпамыс батыр” жырынан жақсы білеміз. Бұл әсірелеу емес, өмір шындығы. Әке мен баланың дұшпанға қарсы бірлесе соғысқаны Шоқан еңбектерінде де айтылған. Ақиық ақын М.Мақатаевтың “Райымбек, Райымбек!” поэмасында Райымбек алғаш ерлік жасағанда қыршын жас, сонысына қарамай баршаны елең еткізді делінеді.
Жайына қалып, өлі аруақ пен тірі аруақ,
Келеді бала есімін өзі ұрандап.
Тірілер шошып, жағасын ұстап, тұр аулақ,
Өлгендер көрде түскен де шығар бір аунап,
Келеді қыршын есімін өзі ұрандап, – деп толғаныпты Мұқағали. Осы орайда ақынның іле-шала айтқан мына сөздеріне мән беру керек:
Он үшке толған Түкенің ұлы Райымбек,
Албанға алғаш өстіп өзін танытты!
Көзге түсудің, жақсы атын шығарудың мұндай тәсілін арнайы зерттеу нысанына айналдырған жөн. Абылайдың да осы тәсілді қолданғаны кездейсоқтық емес әрі халық санасына орныққаны соншалықты, оның азан шақырып қойған Әбілмансұр есімі ығысып, тарихқа атасының есімімен енген жоқ па?! Ұлылар бірін бірі қайталамаса да, қайраткерлікте, ойшылдықта, жаңашылдықта жастайынан ортақ ұқсастық, сергектік көрсететіні болады екен. Бұл – бір.
Екіншіден, 18 ғасыр батырларының ерлігін суреттегенде Шоқан олардың бес қаруын, қарсы келген жауын найзамен іліп түсіргенін, үстем шыққанын үлкен патриоттық сезіммен жазады. Ал енді 8 ғасырдың мұрасы Күлтегін тасындағы жолдарды оқып көрейікші. Мәтінде Күлтегін ерлігі былайша дәріптелмейді ме: “Күлтегін жаудың әскеріне опыра шабуылдады. Оң-тұтық басшыларын жарақты қолымен қоса бағындырды.... Жиырма бір жасында Чача-сеңүнмен соғысты. Ең ілкі рет Тадықын-чордың боз атын мініп айқасты... Екінші рет ышбара Ямтардың боз атын мініп айқасты. Ол ат онда өлді. Үшінші рет Иегін-Сіліг-бектің кежімді торы атын мініп айқасты. Ол ат онда өлді. Жарағына, қалқанына жүзден артық оқ тиді. Дулығалы басына бірін де тигізбеді.... Күлтегін байырқудың ақ айғырын мініп, опыра шабуылдап, бір ерін оқпен ұрды. Екі ерін қуалап шаншыды.... Күлтегін ол соғыста отыз жаста еді... Алты ерін шаншыды... жетінші ерін қылыштады”, – делінген мәтінде.
Екі шығарманың арасын мыңдаған жылдар бөліп жатыр. Бірақ көз алдымызда бір ғана шайқастың суреті тұрған тәрізді. Дұшпаны ұшына ілінген сол найза, жарқылдаған сол алмас қылыш, жеңіске жеткізген сол әбжілдік. Қарсыластарының да осал болмағанын ескертеді. Ерлік елге – мұра, ұрпаққа – ұран деген қағида осындайдан шыққан болар, сірә.
Шоқан еңбектерін оқу барысында тұлғаның пайда болуына қоғамдағы табиғи-ырғақты даму септесетінін көре аламыз. Олардың қайнар көзі халық пен мемлекеттілікте, азаттық пен еркіндікте жатыр. Шоқанның ғылыми көрегендігі өмірде дәлелденді. Қазақ хандығы тұсында табиғи-ырғақты жолмен өсіп-өнген тұлғалар халықтың жадында мәңгіге сақталса, патшалық отарлау тұсында шынжыр балақ, шұбар төс атанған жалдамалы елтұтқалар С.Мұқанов әшкерелеген “итбайлардың” қатарын толықтырды. Соның өзінде халықтың қамын жеген тұлғалар шықпай тұрмады. Әрине, қазақ хандығындағы элита мен отарланған Қазақстандағы элита арасындағы айырмашылық жер мен көктей болатын. Біріншісі, туған елінің нығаюы мен қауіпсіздігі үшін жан алып, жан беріссе, екіншісі империяның табанына түскен елі мен жерін аман сақтап қалудың жолын іздеді. Керей, Жәнібек, Тәуке, Абылайлар дәстүрлі, саяси, әлеуметтік, құқықтық негізге сүйенді, ал ХХ ғасыр басындағы Әлихан, Сәкен, Мұстафалар тапқа, руға, жүзге жіктелісі деформацияланған, әлемдік өркениеттен кенже қала бастаған қазақты оянуға шақырды. Қазақ хандығының элитасымен Ресей де, Қытай да, ортаазиялық билеушілер де есептесуші еді. Енді әлемнің алпауыттары қазақтың элитасына үлкен ойынға қажет кіші құрбандық ретінде қарайтын болды.
Жинақтап айтар болсақ, ғұлама ғалым Шоқан Уәлихановәлем мен қазақ халқының соңғы 3 мыңжылдық тарихына еркін бойлап, оның әр кезеңі мен дәуірінде ілгерілеудің де, іркілістің де тұтқасы адам қолында қала бергенін қапысыз дәйектеді.
Ханкелді ӘБЖАНОВ, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.