• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2010

Әлем өткен аптада

399 рет
көрсетілді

КОРОЛЬ – ЕЛ БІРІКТІРУШІ Бельгия королі Альберт екінші бұрындары биылғы жылы жел­тоқ­санда өз тағын үлкен ұлы Филип­пке бермек ойын хабарлаған еді. Бірақ бір жай оны райынан қайтуға мәжбүр етті. Әңгіме мынада. Елде көптен бері елді тіліне қарай екіге бөлу жо­лында “күрес” жүріп келеді. Әсі­ресе сол идеяны жақтайтын “Жаңа фламанд альянсы” партиясы жеңіске жеткен соң фламанд тілді және француз тілді болып екіге бөлінуге шақ тұр. Ал король Альберт екінші екі жаққа да беделді қайраткер. Ол ел бірлігін сақтап қалу үшін орнында болуы тиіс. БОЛАШАҚ БАСШЫ Өткен аптада Қытай Компар­тия­сы Орталық Комитеті өзінің пленумында ҚХР Төрағасының орынбасары Си Цзиньпинді Ор­талық Комитеттің Әскери кеңесі төрағасының орынбасары етіп тағайындады. Сарапшылар бұл тағайындауды болашақ Қытай басшылығына апаратын баспалдақ деп есептеп отыр. Бұл елде осындай дәстүр бар. Бірінші басшыны алмастыратын адам күні бұрын белгілі болады. Цзянь Цземин де, қазіргі басшы Ху Цзиньтао да билікке солай келген. Ху Цзиньтао 2012 жылдың аяғында партия басшылығынан, ал 2013 жылы ел төрағалығынан кететіні жарияланып қойған. ТЕКЕТІРЕСТІҢ ЗАРДАБЫ Францияда зейнетақыға қатысты қақтығыстар басылар емес. Қарсыластардың, әсіресе, отын-энергетика саласындағы әрекеттері елдің экономикасына айтарлықтай нұқсан келтіретін түрі бар. Президент Николя Саркозидің айтуынша, ол экономиканы тұралатуы әбден мүмкін. Соған қарамай, Саркози үкіметтің зейнетақы реформасынан бас тартпайтынын мәлімдеді. Екі жақ та бір-бірін тыңдағысы жоқ. Бұл текетірестен ел экономикасы зардап шегеді. “БҰРЫНҒЫЛАРДЫҢ” ЕЛШІЛІГІ АҚШ-тың бұрынғы президенті, Нобель сыйлығының лауреаты Джимми Картердің бітімгершілік қызметі әркез нәтижелі. Ол әр ел­дерге барып, олармен тіл табысып, біраз мәселенің бітімгершілік жо­лын тауып жүреді. Бітімгер өз қа­сына біраз “бұрынғыларды” ертіп Израильге келді. “Бұрынғылар” то­бында Ирландияның экс-прези­денті Мэри Робинсон, БҰҰ-ның жоғарғы комиссары болған үндіс­тандық құқық қорғаушы Эла Бхат, Алжирдің экс-сыртқы істер министрі Лахдор Брагими бар. Бірақ оларды Иерусалимде қолайсыз бір жай қарсы алды. Әлде бір жүргізуші бұлардың көлігін тап­тап кеткісі келген. Қорғаушылары әупірімдеп оған жол бермеген. Ал “бұрынғылар” өздерінің елшілік ісіне кірісіп кетті. ЧАВЕС – АХМАДИНЕЖАДТЫҢ БАУЫРЫ Венесуэла президенті Уго Чавес сапарға бір шықса, барлық достарын түгендеп қайтатын әдеті. Мәскеуден кейін Минскіге барып, Александр Лукашенкомен төс түйістірген соң, Теһранға тартқан. Иран президенті Махмуд Ахмади­нежад ресми түрде оған “бауырымсың” деп құшақ жайды. “Бауырымен” 11 келісімге қол қой­ғаны өз алдына, Чавес Иран президентімен “Жаңа әлемдік тәр­тіп” құруға келісті. Бұл тәртіп, олардың ойынша, ескі тәртіпті күй­рететін көрінеді. ТИМОШЕНКОНЫҢ БЫЛЫҚТАРЫ Украинаның бақылау-тексеру басқармасы бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенко каби­неті­нің қызметіне жасалған аудит­тің нәтижесі бойынша қомақты қаржыны теріс пайдаланушы­лық­тың орын алғанын анықтады. Оның көлемі 6,6 миллиард доллардан асады екен. Оның біразы мемлекеттік бюд­жеттен алынып, Тимошенконың президенттік сайлау науқанына жұм­салыпты. Сондай-ақ біраз мү­лік сырттан артық бағамен алынған көрінеді. Одан түскен пайда біреудің қалтасына түсері белгілі. ШАХЗАДАҒА ДА СОТ БАР Лондон соты Сауд шахзадасы Сауд бин Абдул-азиз бин Нәсір әл-Саудты өз қызметшісін өлтіргені үшін өмірбақилық түрмеге жабу жазасына кесіпті. Оның 20 жыл отырғаннан кейін босату жөнінде өтініш беруіне құқы бар. Шахзада да өз қылмысын осы жылғы ақпан айында Лондондағы қонақ үйінде жасаған екен. Алды­мен қызметшісін таяққа жығып, сонан соң буындырып өлтірген көрінеді. Бұл екеуі әдепсіз қарым-қатынаста болса керек. 29 МЫҢ ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ Оңтүстік Африка Республика­сын­да қаржылық пирамида құрып, 30 мыңдай адамды тақырға отыр­ғызып, 220 миллион доллардай ақшаны қолды еткені үшін Маритье Принслудың және оның бұрынғы күйеуінің, қызының, баласының, немере туысқанының ісін қараған сот оларды жалпы көлемі 29 мың жылға соттаған көрінеді. Сот оларды 395 мың тармақ бойынша айыптапты. Сотталғандардың өздеріне тағылған айыппен танысып шығуға да өмірі жетпейтін шығар. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.