Кеше “Конгресс-Холл” сарайында Батыс Қазақстан облысы өнер шеберлерінің “Туған жер – алтын бесігім” атты концерттік кеші өтті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: “ХХІ ғасыр – мәдениет, ғылым мен ақыл-ой бәсекесінің ғасыры болмақ”, деген сөзді тегін айтпаса керек. Президентіміздің бұл сөзінің мәнін терең ұғынып, түсінген өнер шеберлері өз деңгейінде еңбек етіп келеді. Мәселен, ел аузында бұл өңір ән мен күйге бай өлке деген ежелден қалыптасқан пікір бар. Сол ойдың жаңылыс айтылмағандығына кешегі концертке келген елорда жұртшылығы толық көз жеткізгендей болды. Құрманғазы, Дәулеткерей сынды күй жампоздары мен атақты Ғарифолла Құрманғалиев, бүгінгі ән серкесі Ескендір Хасанғалиев пен атақты ақын Қадыр Мырзалиев сияқты әдебиет және мәдениет қайраткерлерінің туған жері – осынау Батыс Қазақстан екендігі бүгінгі ұрпақ есіне тағы бір рет салынды.
Кеш шымылдығы Құрманғазының атақты “Сарыарқасымен” ашылды. Оны Оралдағы Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрінің ұжымы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырымгерей Қажымовтың дирижерлігімен өте әсерлі орындап шықты. Содан кейін мемлекеттік “Дарын” Жастар сыйлығының иегері Еркін Нұрымбетовтің дирижерлігіндегі көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің “Махамбет поэмасы” жиналған көпшілікті дүр сілкіндірді. Кештің ең қызықты да қызу сәті халқымыздың дәстүрлі өнері, жоғалып барып қайта табылған “Қаражорға” биімен шырқау көкке көтерілді. Бидің әуеніне қойылған хореографиялық композицияны Оралхан Ерғалиев, бимен көркемдеген “Назерке” ансамблі, туындыны сахнаға әзірлеген балетмейстерлер Мирзада Сүндетқалиев пен Ақмарал Тасболатовалардың еңбегі сахна төріндегі ғажап қимылдардан анық байқалды.
Өнер шеберлерінің жан тебірентер кеші туралы Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Асқарұлы бізге: “Бүгінгі өнер кешін облысымыздың шығармашылық жылдық есебі деуге болады. Батыс Қазақстан өңірі биылғы жылы әлеуметтік-қоғамдық және мәдени салаларда жақсы көрсеткіштерге көтерілді. Елордадағы мына концертке облыс тарапынан 200-ге жуық өнер иелері келіп отыр”, – деді ағынан жарылып. Ол осылай десе, облыстық филармонияның директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Омарғали Мақсұт: “Осы жылы облыс орталығында 12 ауданның жылдық есебі болған болса, Астанадағы бүгінгі шараны сол есептің қорытындысы дегіміз келеді. Елордада екі концерт өткізбекпіз. Оның алғашқысы бүгінгі кеш болса, екіншісі биыл Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрінің құрылғанына 15 жыл толуына орай, Қазақ ұлттық өнер университетінде өтетін ертеңгі шара”, – деді.
Жұлдыз БАЙДІЛДА, ЕҰУ студенті.