• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Қазан, 2010

Төрағалық тағылымы

587 рет
көрсетілді

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға жетекшілігіне арналған халықаралық конференция аяқталды 2009 жылдың желтоқсанында Мәскеуде Еуропа және Азия ме­диа­форумы өткізілген. Оған бұ­рын­ғы кеңестік кеңістіктегі елдер бұқа­ралық ақпарат құралдарының жүз­ден астам жетекшілері шақырылған еді. Сонда Ресей Президенті Д.А.Медведев: “ЕҚЫҰ-дағы төр­аға­лықтың Қазақстанға өтуі бұл ұйымға өмір сұранысына ие халық­аралық институттар арасынан өз орнын табуына көмектеседі”, деп мәлімдеген болатын. Айтқаны ай­дай келді. Төрағалық мерзімі 31 желтоқсанда аяқталады дегеніміз­бен, Қазақстанның Ұйымға же­тек­шілігі жемісті шыққанын қазірдің өзінде ауыз толтырып айта аламыз. Бұл баға Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассам­блеясының аясында Санкт-Петербургте ұйымдастырылып, “ЕҚЫҰ мен ТМД: жаңа мүмкін­діктер мен перспективалар” тақы­рыбымен Қазақстанның Еуро­па­дағы қауіпсіздік пен ынтымақ­тас­тық ұйымына төрағалығына ар­налған халықаралық парламенттік конференцияның алдыңғы күні қабылданған декларациясында да берілді. Оның преамбуласында  “Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы 2010 жылғы төрағалығын атқару жөнін­дегі қызметін, соның ішінде 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Аста­нада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу жө­нінде шешім қабылданғанын жо­ға­ры бағалай отырып” деп келетін сөз­дер бар, “алдағы Астана Сам­миті Ұйымның әскери-саяси инструментариясын күшейтуде елеулі ілгерілеушілікке қол жет­кізілетініне сенім көрсетіледі” деген тұстар бар, Қазақстан төрағалы­ғы­ның Қырғыз Республикасындағы  саяси дағдарысты еңсеруге қосқан күш-жігерін жоғары бағалаған жолдар бар. Бұл жайында конфе­рен­цияда Ресей Федералдық Жи­налысы Федералдық кеңесінің Төр­ағасы С.Миронов, Украина Жоғарғы Радасының Төрағасы В.Лит­вин, Беларусь Республикасы Ұлт­тық жиналысының Өкілдер палата­сының Төрағасы В.Андрейченко, Тәжікстан Республикасы Маджли­сі­нің Төрағасы Ш.Зухуров, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Төраға­сының орынбасары Р.Миглиори, Қауіпсіздік пен қорғаныс жөніндегі Еуропа Ассамблеясының Төрағасы Р.Уолтер сияқты көптеген лауазым­ды тұлғалар әр қырынан толықтыра айтты. “Еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік”, “Әлемдегі экономикалық тәртіптің жаңа архитектурасы”, “Адамдық өлшем” деп аталған үш үлкен секцияның (конференцияның тек баяндама­шы­лардың лауазымы мен  сөйлер тақырыбы  жазылған бағдарлама­сы­ның өзі тұтас 11 бетті алып жа­тыр) қатысушылары да бізге Қазақстан төрағалығына разылы­ғын ауызға алмай сөйлеген шешен­дер аз болғанын айтып жатты. Сол үш секцияның үшеуінде де қазақ­стандық депутаттар (Қуаныш Сұл­танов, Ахан Бижанов, Әмзебек Жолшыбеков) модераторлық етке­ні, сенатор Әділ Ахметов, Мәжіліс депутаты Камал Бұрханов, сенатор Анатолий Башмаков, Білім және ғылым министрлігінің Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркіт Аяған баяндама жасағаны біздің бұл конференцияға қан­дай­лық белсене атсалысқанымызды көр­сетіп тұр. Танымал тарихшы Бүркіт бауырымыздың айтуынша, оның Қазақстанның индустриялық дамуы жөнінде жасаған баяндама­сында келтірілген сандық көрсет­кіштер ТМД елдеріндегі әріптес­те­рін қайран қалдырған. “ЕҚЫҰ және ТМД: жаңа мүм­кіндіктер мен көкжиектер” деп аталған халықаралық парламенттік конференцияда Мәжіліс Төрағасы О.Б.Мұхамеджанов баяндама жаса­ды. Орал Байғонысұлы сөзінің басында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ниеті алдымен Ресей тарапынан қолдау тауып,  Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің арасынан ұжымдық кандидат ре­тін­де ұсынылғанын разылықпен еске салып өтті.  Қазақстанның эконо­ми­кадағы табыстары ел қоғамының өмірін одан әрі демократия­лан­дыруға алғышарттар жасады. Бү­гінгі таңда біз Қазақстан дұрыс таңдалған стратегияның арқасында серпінді даму үстіндегі демокра­тия­лық мемлекетке, халықаралық аре­надағы беделді де сыйлы әріптеске айналды деп айта аламыз, деді О.Мұ­хамеджанов. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы осы Ұйымның өзіне де абырой қосты, оның Венадан шығыс жақ беттегі ықпал аумағын кеңейтті. Біз бұл жайды стратегиялық ұлттық жоба, елдің өсе түскен халықаралық бе­делінің белгісі деп қана қара­май­мыз, бұл жай Ұйымға тың тыныс қосып, жаңа леп ала келгенін де қоса айтамыз. Оның үстіне Қазақ­станның төрағалығы тұсында әлем­де көптеген маңызды оқиғалар орын алды, олар біздің еліміздің саяси кемелділігіне үлкен сын бол­ды. Жаһандық қаржы дағдарысы, ланкестік, діни экстремизм, табиғи және техногендік катаклизмдер, азық-түлік пен ауызсудың жетіс­пеуі, этносаралық және дінаралық негіздегі қақтығыстар сияқты әлем­дік қоғамдастық тарапынан көп күш-жігер жұмсауды күтіп отырған осы заманғы өркениет қатерлері аз емес. Қазақстан төраға ел ретінде салған беттен ЕҚЫҰ қызметінде түбегейлі өзгерістер жасап тастауды мақсат еткен жоқ. Сонымен бірге кезекті төрағалық рөлін атқарып өте шығуды қанағат тұтпайтынын, жаңашылдық пен тың идеяларға арқа сүйейтінін аңғартты. Төр­аға­лықтың алғашқы күндерінен Қа­зақстан Ұйымды тең дәрежелі үн­қатысу алаңы ретінде нығайтуды, оның тиімділігі мен қазіргі қатер­лерге сайма-сай жауап беру қабі­летін арттыруды, еуропалық қауіп­сіздік архитектурасын бекемдеуді, транзиттік-көліктік әлеуетті кү­шейтуді, кеңестен кейінгі кеңіс­тік­тегі созылмалы қақтығыстарды реттеуге, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға септесуді, еуроат­лан­тикалық және еуразиялық ке­ңістікте төзімділік пен бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарын орнық­ты­руды ойластыратын қадамдарды жүзеге асырды. Біздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалы­ғы­мыздың дара белгісі жекелеген мәселелер бойынша кеңесуден нақ­ты келіссөздерге көшуден көрінді, деп қадап айтты Орал Байғонысұлы. “Корфу үдерісін” алға жылжыту, еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздіктің болашағы туралы үнқатысу нақ Қазақстан төрағалығы тұсында нақты пішінге ие болды. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер ми­нистр­лерінің Алматыда өткен бейресми кеңесінде қауіпсіздік көкейкесті мәселелері жөнінде  кең тұрғыдан пікір алмасылды. Қазақстанға ЕҚЫҰ көшбасшысы ретінде елеулі сынаққа айналған Қырғызстандағы жағдай еліміздің кемелдену кезеңіне көшкенін кү­мәнсіз көрсетті. Қазақстан басшы­лы­ғының жағдайға сай тез әрекет етуінің және Біріккен Ұлттар Ұйы­мының, Еуроодақтың, АҚШ пен Ресейдің белсенді көмегінің арқа­сында шиеленісті одан әрі өршіт­пеу­дің, елдегі жағдайды тұ­рақ­тан­дырудың орайы келді. Оған қоса, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға ел ретінде Қыр­ғыз­стан­ның бауыр­лас хал­қы­на экономикалық тұр­ғы­дан барынша көмек көрсетіп ке­леді. Орал Мұхамед­жа­нов кеңестен кейінгі кеңістікте шоғы қоз­дап жатқан қақты­ғыс­тарды реттеуге де Қазақстан төраға­лы­ғы­ның ықпалы ти­ге­нін нақты мысал­дар­мен айта алды. Биылғы мамыр айында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасының аясында Прид­не­стро­вье проблемасы бойынша “5+2” пішінінде консультациялар өт­кізілді. Бұл жайдың өзі Аста­на­ның осы қақтығысты реттеуге тек қана бейбіт, дипломатиялық құ­ралдармен, үнқатысушы жақтар­дың мүдделерін ескере отырып кіріскенін көрсетеді. Орал Мұ­хамеджанов, әрине, Ауғанстанға Қазақстан төрағалығының ықпалы жөнінде де айтты. “Бүгінде еуро­палық қауіпсіздік ұғымы құрлық аумағынан асып, Еуразия кеңісті­гін қамтып отыр. Міне, сондықтан да Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төр­ағалығы Ауғанстанға ерекше көңіл бөледі”, деген болатын Мемл­е­ке­тіміздің басшысы. Қазақстанның бұл мәселедегі қағидатты ұста­нымы күрестің әскери-полицейлік әдісте­рінен ол проблемалардың туындау себептерін жоюға көбірек назар аударудан көрінеді. Сон­дық­тан да біздің еліміз Ұйымның күш-жігерін алдымен осынау азап­кер елді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан сауықтыруға салдыртып отыр. Мәжіліс Төрағасының конфе­рен­циядағы баяндамасында Қазақ­стан төрағалығының Ұйымның үш себетін қатарынан толтыруға нақ­ты әрекет жасауы оны ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің құрметіне бөлегені де айтылды. Расында да, ЕҚЫҰ десе тек сайлау, тек демократия, тек адам құқы есімізге түсетіндей болып бара жатыр еді ғой. Қа­зақстан бұрын көп ауызға алына бермейтін экономикалық себетке көбірек көңіл бөлудің себепкеріне айналды. Біздің еліміз трансқұр­лық­тық көлік дәліздерін дамыту жөніндегі жобаларды алға жыл­жытуда, ұлттық көлік жүйелерін бір-біріне жалғастыру бойынша ке­ліссөздерге қозғау салуда, жо­лау­шылар мен көліктердің еркін қозғалуына жағдай жасау үшін күш-жігер жұмсауда. Қазақстан төрағалығы тұсында жалпы құны 3,4 миллиард АҚШ долларын құрайтын “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” жолының құрылысы бас­талды. ЕҚЫҰ-ның экономикалық өлшеміне ІІІ Астана экономи­калық форумы қосымша серпін берді. Ол форумда Қазақстан Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаев толыққан­ды Еуразиялық ықпалдастық идея­сын жаңаша көтерді, оның негізгі қағидаттары мен бағыттарын ай­қындайтын ортақ құжат жасау қажеттігін дәлелдеді. “Соңғы рецес­сияның тағылымдары бұл бастаманың қаншалықты көкей­кесті екенін қолмен қойғандай көрсетіп берді”, деп түйді өз ойын Орал Байғонысұлы. Мәжіліс Төрағасының сөзінде Қазақстанның Ұйым жетекшісі қызметінде ұлтаралық және мәде­ниетаралық үнқатысуды барынша алға жылжытуға тиісінше көңіл бөліп отырғаны да айтылды. Еур­азия құрлығының қақ ортасында, әлемнің ежелгі өркениеттерінің, Шығыс пен Батыс арасындағы әлеуметтік, экономикалық, мәде­ни, идеологиялық байланыс­тар­дың тоғысқан тұсында орналасқан  Қазақстанның діни төзімділік пен кеңдік жөнінде жинаған баға жет­пес тәжірибесі бар. Осы тәжіри­бенің арқасында Қазақстан әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының үш съезін өткізе алды. Орал Мұхамеджановтың кеңдік тақырыбын Қазақстан­ның 2011 жылы Ислам Конфе­рен­циясы Ұйымына төрағалық етуімен де бай­ланыстыра қозғаға­ны өте орын­ды шықты. “Кеңдік” сөзін контексте “толеранттылық­тың” ба­ламасындай қолданып отыр­ға­ны­мызға таңданудың жөні жоқ сияқты. Атамыз қазақ толе­рант­тылық ұғымының бар мәнін “Кең болсаң, кем болмайсың” деген қыс­қа мақалдың қауызына сый­ғызып жіберген емес пе? Әрине, репортаждық сипаттағы мақалада Орал Мұхамеджановтай ойлы азаматымыздың алқалы жиын­дағы айтқандарының негіз­гілерін қамтып өту де оңай емес. Шарт та емес. Соның өзінде де бұл сөзде Астанадағы Саммитте әр­түрлі әскери-саяси блоктарға енетін ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің ара­сындағы алшақтықты жақын­да­туға алдымен көңіл бөлу керектігі айтылғанын келтіре кетуді артық көрмей отырмыз. 56 ел делегация­сын қатар қанағаттандыратын құ­жат қалыптастыру қиынның қиы­ны. Ондай тұста ешкім қарсы келе алмайтындай, жалпыадамзаттық тұжырымдарға салмақ салған жөн болар. “Қазақстан мұндай ауқым­дағы іс-шараны ойдағыдай өт­кізуге бар күш-жігерін жұмсайды. Біздің әлемнен үйренеріміз көп. Сонымен бірге біз де әлемге жа­һан­дық қоғам құрылымын өз­гер­туге әсер ететіндей жаңалықтар қосуға қабілеттіміз”, деді Орал Мұхамеджанов. Халықаралық парламенттік конференцияны төраға ел Парла­менті Мәжілісі Төрағасының қо­рытқаны да жарасып тұрды. Қо­ры­тынды сөзде Қазақстан төраға­лығының ЕҚЫҰ-ны жаңғырту жөнінде бастаған үдерісі тек 2010 жылмен тоқталып қалмайтыны айтылды, алыс және жақын шет елдердегі парламентарийлерге Қазақстан төрағалығына берген жоғары бағасы, біздің еліміздің осы Ұйымға жетекшілік етуіне жасаған қолдауы үшін алғыс біл­дірілді. Кеше Мәжіліс Төраға­сы­мен қысқа-қайырым сөйлесіп қа­лудың сәті түскен, сонда біз Оре­кеңе осы конференцияның мате­риалдарын жеке жинақ күйінде жарияласа жақсы болар еді деген ойды айтып қалдық. Ұсынысымыз қолдау тапқан сияқты. Елбасымыздың Брюссель мен Парижге сапары соншалықты сәтті болғанын мына жақта Ин­тернет арқылы оқып, ЕҚЫҰ Сам­митінің алдында төраға елдің тө­бе­билік деңгейден тағы да табыл­ғанына қуанып жатқанымызда, жеңісті де жемісті жолымыздың жақсы жалғасуына  әркім өзінше, қал-қадерінше, қолынан келге­нін­ше көмек көрсетуі керектігі ойға оралды. Осы тұрғыдан қарағанда, Қазақстан Республикасы Парла­менті делегациясының Санкт-Петербургте кеше өз жұмысын аяқтаған ТМД Парламентаралық Ассамблеясының, ЕурАзЭҚ Пар­ла­ментаралық Ассамблеясының, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Парламентаралық Ассамблеясының іс-шараларына  қатысуы қай жағынан да тамаша табысты болды дей аламыз. Бұл сапарды ел Парламентінің Қазақ­станның ЕҚЫҰ-дағы төрағалы­ғына, жақында өткізілетін Астана Саммитіне дайындыққа қосқан үлкен үлесі деп бағалаудың жөні бар. Еліміздің ең биік белестегі қызметіне арналған халықаралық парламенттік конференция мін­бе­рінен көптеген мемлекеттердің заң шығарушы органдарының басшы­лары Қазақстанның Еуро­па­дағы қауіпсіздік пен ынты­мақ­тастық ұйы­мына жетекшілігі жай­ында жақ­сы-жақсы сөздер айтты, мем­лекетіміздің мерейін тасытты. Егер халықаралық парламенттік конфе­ренция қатысушыларының Қазақ­стан төрағалығы туралы ойларын түйіндеп сөйлесек, ол ойлардың дәні біздің еліміз ЕҚЫҰ-дағы төрағалық ұғымына жаңа сипат бере алды, Ұйым беделін арт­тырды дегенге саяды. Сауытбек АБДРАХМАНОВ, “Егемен Қазақстан” – Санкт-Петербургтен. ---------------------------------- Суреттерді түсірген Сайлау МАЙЛЫБАЕВ.