• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Қараша, 2010

Биігіміздің бірегейі

2050 рет
көрсетілді

Қазіргі заманда әртүрлі деңгей­дегі, сипаттағы, мәндегі құрылған ха­лық­ара­лық ұйымдар мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарды жақсартып, қауіп-қатерлер мен жан­жалдардың алдын алуға, бәсең­детуге, бейбітшілік пен қауіп­сіздікті сақтауға, әділет пен ынты­мақ­­тас­тық­қа, әр түрлі мемлекеттердің, ха­лықтардың жақындасу ісіне жәр­демдесуге ықпал ете алатын беделге ие болып келеді. Сондай халық­ара­лық ұйым­дардың бірі өткен ға­сыр­дың 70-жылдарының ортасынан бастау алатын Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынты­мақ­тастық ұйымы болып табылады. Бұл ұйымға Қазақстанның 2010 жылғы төрағалығы туралы көп айты­лып жатқандықтан, алдымен бұл Ұйым­ның тарихына, мақсат, міндетіне қысқаша шолу жасағанды жөн көрдік. 1972 жылы маусымда Брюссель қала­сын­да Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық жо­лында күресуші күш­тер­дің ас­сам­блеясы өтті. Бұл жиында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің не­гізгі қағидалары жарияланып, жалпы­еуро­па­лық кеңес шақыру жөнінде мәлімдеме қабылданды. 1972 жылы 22 қарашада Еуро­паның 33 елі және АҚШ пен Кана­да өкіл­дері Хельсинкиде көп жақ­ты ке­ліс­сөздерді бастады. Қатысушы ел­дер­дің он бесі НАТО, жетеуі Варшава Шарты ұйымының мүшелері, он екісі бейтарап мемлекеттер болды. Келіс­сөз­дер­ге қаты­сушылар 1973 жылы шілдеде қорытынды нұсқа­ның мәтінін жасап, оны “Көгілдір кітап” деп атады және кеңес үш ке­зеңмен өткізілетін болып келісілді. Сонымен, Хельсинкиде 1973 жылы 3 шілдеден басталып, Же­не­ва­да 1973 жылғы 18 қыркүйектен 1975 жылғы 21 шілдені қамти жал­ғас­қан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жө­нін­дегі кеңесті 1975 жылғы 1 тамызда Австрияның, Бельгияның, Болгария­ның, Вен­грия­ның, Германия Демокра­тия­­лық Республикасының, Грекияның, Данияның, Ирландияның, Испа­ния­ның, Италияның, Канаданың, Кипр­дің, Лих­тенштейннің, Люк­сем­бургтің, Мальта­ның, Монако­ның, Нидерланды­ның, Норвегия­ның, Польшаның, Португалия­ның, Румынияның, Сан-Мариноның, Қасиетті Тақтың (Вати­кан­ның), Ұлыбритания мен Солтүстік Ир­лан­дия Біріккен Корольдігінің, Аме­рика Құрама Штаттарының, Ке­ңестік Социалистік Респуб­ликалар Одағының, Түркияның, Финляндияның, Чехо­сло­ва­кияның, Шведцияның және Югославияның жоғары мәртебелі өкілдері аяқтады. Хельсинки Кеңесінің бастапқы және қорытынды кезеңінде Ұйымға қатысушылардың алдында құрметті қонақ ретінде Біріккен Ұлттар Ұйы­мының сол кездегі Бас хат­шы­сы Курт Вальдхайм сөз сөйледі. Ке­ңестің екінші кезеңінің бары­сын­да ЮНЕСКО-ның Бас дирек­торы мен БҰҰ-ның Еуропа­лық экономикалық комиссиясының Атқарушы хатшысы да қолдау біл­діріп, өз үлестерін қосты. Хельсинки Кеңесінің дайындық және екінші кезеңдерінің отырыс­та­ры кезінде Жерорта теңізі төңі­ре­гіндегі Кеңеске қатыспайтын мем­лекеттер: Алжир, Египет, Из­раиль, Марокко, Си­­­рия және Ту­нис басшылары Ке­ңестің құры­луы­на қатысты мәселелерге және күн тәртібінің әртүрлі тармақтары бой­ынша қолдауларын білдіріп, өз үлес­терін қоса алды. Алғашқыда Еуро­па­ның 33 мемлекеті (Албания мен Ан­дор­радан басқалары) мен АҚШ-ты және Канаданы бірік­тірген бұл ұйымға мүше елдер саны қазіргі уақытта 56-ға жетті. Хельсинки Кеңесінің Қорытын­ды актісіне қол қойылуының өзі де оңайлықпен келе қойған жоқ еді. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқ­талуы әлемге бейбіт өмір сый­лау­мен бірге, жаңа қауіп-қатерді де қоса ала келді. Соғыстың аяқталар қарсаңында АҚШ-тың ядролық қаруға ие болып, оның алапат күш екендігін көрсету үшін Жапо­ния­ның Хиросима және Нагасаки қалаларына тастауы, сөйтіп, өзінің үстем держава екендігін сес көрсете дәлелдеуі, 1949 жылы екінші астам держава – КСРО-ның да ядролық қаруға ие болуы, одан кейінгі жанталаса қаруланулар, дүниенің бір-біріне қарсы екі жүйеге бөлінуі, олардың әлемнің барлық түпкірлері үшін үстемдікке ие болуға ұмтылуы және т.б. адамзаттың ортақ үйі – Жер-ананы қауіп-қатерге байлады. “Қырғи-қабақ соғыстың” бір сәтте-ақ үшінші дүниежүзілік со­ғыс­қа айналып кету қаупі адам­зат­ты тағы да ойландырды. Әсіресе, екі дүниежүзілік соғыстың ошағы болған кәрі құрлық – Еуропадағы қауіпсіздік мәселесі көп­шілікті алаң­датты. Сондықтан да Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тық мәселесі алға қойылды. Екі жүйе арасындағы тайталас пен қар­сылық қаншалықты тартысты бол­са да түптің түбінде парасат-пайым, бейбітшілікке деген ұмтылыс же­ңіске жетті. 1975 жылы 1 тамызда Хель­синки қаласында Еуропадағы және тұтас алғанда, дүние жүзіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздіктің ара­сындағы тығыз байланысты мой­ын­дай отырып және өздерінің әр­қайсысы үшін халықаралық бей­біт­шілік пен қауіпсіздікті нығайтуға, барлық ха­лық­тардың негізгі құқық­тарына, экономи­ка­лық және әлеу­меттік прогресі мен өмір сүруіне жәрдемдесуге өз үлестерін қосу қажеттігін түсіне отырып, әлемнің 35 елінің басшылары Хельсинки Ке­ңесінің Қорытынды актісіне қолдарын қойды. Хельсинки Кеңесіне қатысушы мемлекеттер өздерінің бейбітші­лік­ке, қауіпсіздік пен әділетке және дос­тық қатынастар мен ынтымақ­тас­тықты да­мы­ту үдерісіне адал­ды­ғын қуаттай оты­рып, әрқайсының барлық басқа қа­ты­сушы мемлекет­тер­мен қатынаста­рын­да, олардың саяси, экономикалық және әлеу­мет­тік жүйелеріне, сондай-ақ олар­дың көлеміне, географиялық жағ­дайы­на, экономикалық даму дең­гейіне қара­мастан, барлығының да бірінші дәре­же­лі маңызы бар және өзара қа­ты­нас­тарда басшылыққа алатын негізгі он қа­ғиданы құр­меттеп, қолдайтын­дық­та­рын және орындайтындықтарын мәлімдеді. Бұл қағидалар: 1) егеменді тең­дік, еге­мендікке тән құқықтарды құр­меттеу; 2) күш немесе күш қате­рін қолданбау, қоқан-лоқы жаса­мау; 3) шекаралардың мызғымас­ты­ғы; 4) мемлекеттердің аумақтық тұтастығы; 5) дауларды бейбіт жол­мен реттеу; 6) ішкі істерге аралас­пау; 7) адам құқықтары мен негізгі бос­тандықтарды, оның ішінде ақыл-ой, ар-ождан, дін және на­ным бос­тан­дықтарын құрметтеу; 8) халықтардың тең құқықтылығы мен өз тағдырын өзі билеу құқығы; 9) мемлекеттер ара­сын­дағы ынты­мақтастық; 10) халықаралық құқық жөніндегі міндеттемелерін адал орындау болып танылды. Хельсинки Қорытынды актісі мәтінінің ағылшын, испан, ита­льян, неміс, орыс және француз тіл­дерінде жасалған түпнұсқасы Финляндия Республикасының үкі­метіне сақтауға берілді. Басқа қа­тысушы мемлекет­тер­дің әрқайсысы Финляндия Респуб­ликасының үкіметінен осы Қорытынды актінің куәландырылған көшірмелерін алды. Аталған құжатта “Осы Қоры­тынды актінің мәтіні әрбір қаты­сушы мемлекетте жарияланады, ол соны таратады және онымен мүм­кін болатын неғұрлым кең танысу­ды қамтамасыз етеді” деп баян­дал­ғанымен, Кеңес Ода­ғы мұны орындай қоймады. Қорытын­ды ак­тінің қазақ тіліндегі толық мәтіні мемлекеттік “Мәдени мұра” бағ­дарламасы бойынша жарық көрген “Әлемдік саясаттану антологиясы­ның” 10-томында, 2007 жылы жарық көрді. Қорытынды актіге қол қойыл­ғаннан кейін Еуропада және әлем­де қарусыз­дану мен бейбітшілікке қарай оң қа­дам­дар жасала бастады. Хельсинки Ке­ңесінің қорытын­ды­лары халықтардың бейбітшілікке, қарусыздануға, ынты­мақ­ты дамы­туға заңды мүдделігін бей­не­леп берді. Хельсинкиде басталған үдеріс өзара қабылдауға болатын, бар­лық мемлекеттер мен халықтарға пай­да­лы келісімдерге жетудің нақты мүм­кіндігін көрсетті. Мұны Бел­град­тағы (1977-1978 ж.ж.), Мад­рид­тегі (1980-1983 ж.ж.), Стокгольмдегі (1984-1985 ж.ж.), Венадағы (1986-1986 ж.ж.) жалпы­еуро­палық кеңес­ке қатысушы мемлекеттер­дің кез­де­сулері де қуаттап берді. 1990 жыл­ға дейін Хельсинки Кеңесі норма­лар мен міндеттемелерді әзір­лейтін кездесулер мен конферен­циялар түрін­де қызмет етті, олар­дың орындалуы тура­лы ақпараттар тыңдалып, пікірлер алмасылып отыр­ды. 1990 жылғы мем­лекет бас­шыларының жоғары деңгей­дегі Па­риж кездесуі Кеңес қызметіндегі жаңа бетбұрысты бастап берді. Па­риж хартиясында Еуропадағы та­рихи өз­ге­рістер үдерісін басқаруға үлес қосу және “қырғи-қабақ со­ғыс” аяқталған­нан кейін туындаған жаңа проблема­лар­ға жауап беру мәселесі күн тәртібіне қойылды. 1992 жылғы қаңтардан бастап Қа­зақ­стан аталған Ұйымның қаты­сушы­сына айналды. 1994 жылғы жо­ғары деңгейдегі Будапешт кезде­суінде Хель­синки Кеңесін Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тық жөніндегі ұйым (ЕҚЫҰ) деп атау туралы шешім қа­был­данды. 1991 жылы Іс басындығы төр­аға­лық қызметі енгізілді. Қазақстанға дейін жиырма мемлекет ЕҚЫҰ-ның төрағасы болды. Іс басындағы төраға мемлекет жедел қызметке жалпы бас­шы­лықты жүзеге асы­ра­ды, Ұйымның басты жетекші орган­дарының жұмы­сын үйлес­тіреді. Іс басындағы төраға ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші мемлекеттің сырт­қы істер министрі болып табы­лады. Іс басындағы төрағалық бір жылға сайланғанымен, ЕҚЫҰ төр­аға­лығын “Үштік” – алдыңғы төр­аға, іс ба­сындағы төраға және ке­лесі төраға атқарады. Яғни, ЕҚЫҰ-ға бұрынғы төр­аға мем­лекет – Грекия, қазіргі төр­аға мемлекет – Қа­зақстан және келесі төраға мем­ле­кет – Литва бірлесіп басшылық етеді. 2007 жылы қарашада Испания ас­та­насы Мадридте Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Сырт­қы істер ми­нис­трлерінің кеңесінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның 2010 жылғы төрағасы құ­қығына ие болды. Қа­зақ елінің мұндай мәртебеге ие болуы халықаралық қо­ғам­дастық тарапынан Қазақстанның аз ғана уақыт аралығында экономикалық жағынан қуатты, демократиялық тұр­ғыдан ұдайы даму үстіндегі мем­лекет құру жолындағы табыстарын, елдің өңір­лік және әлемдік қауіп­сіздікті қам­тамасыз етуге қосқан үлесін объективті бағалаудың көрінісі болып табылады. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәрте­бесіне ие болу басқа елдер үшін “жәй ғана кезекшілік” атқарғандай болып көрінсе де, бұл оқиғаның біздің жас мем­ле­кетіміз үшін ма­ңы­зы орасан зор. Бұл оқиға, ең ал­ды­мен қазақ тарихында айтулы оқиға ретінде жазылуымен бірге, әлемдік қоғамдастықтың біздің елге деген сенім білдіруі және олардың елі­міз­дің экономикалық, саяси, құқық­тық, демократиялық даму бағытына оң ниет білдіріп, мойындағаны да болып табылады. Әлемдегі Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі мәрте­белі ұйымға төрағалық ету әркімнің маңдайына жазыла бермеген. Қа­зақ­стан өзінің бейбітшіл бастама­сын, ынтымақ пен әділдікке ұм­ты­лысын тәуелсіздіктен бұрын-ақ Семей ядролық полигонын жабу ар­қылы және тәуелсіздік алған ал­ғашқы жылдары әлемдегі төртінші ядролық күш-қуаттан өз еркімен бас тарту арқылы да дәлелдеген болатын. Әлем елдерін тыныштық пен бейбіт өмірге шақыру үшін ең алдымен өз үйіңде тәртіп пен ор­нық­тылық, ты­ныш­тық пен татулық орнатып алу ке­рек­тігі түсінікті. Ал мұндай жағдай жөнінен біздің елі­міз әлем халықтарына ұялмай қа­рай алады. Қазақстанның этнос­ара­лық және дінаралық келісім жө­нін­дегі өнегелі үлгісі – сан алуан кон­фессиялардың өзара әрекеттесті­гі­нің бүкіләлемдік үдерісіне қосқан жарқын үлесі. Қазақстанның Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім ша­ралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) шақыру туралы бастама­сы қазіргі уақытта Азия құрлығын­дағы қауіпсіздік пен ынтымақ­тас­тықтың көпқырлы бірегей құралы­на айналуда. 2002 жылы 3-4 маусымда Алма­тыда АӨСШК-нің бірінші саммитінің өтуі де Қазақстан­ның бейбітшіл бастама­ларын әлемге тағы бір паш еткен еді. АӨСШК-нің пайда болуы және дамуы Азиядағы барлық елдер ха­лықтарының “қырғи-қабақ соғыс” аяқталғаннан кейінгі ке­зеңде бей­біт­шілікті сақтап, қауіпсіздікті қор­ғауға деген ортақ ниетін де білдірді. Өйткені, XXІ ғасырдың басында тұтас­тай алғанда бейбітшілік пен тұрақты­лық сақталып отырған Азия барған сайын мол әлеует мүмкін­дік­терін және даму артықшы­лық­тарын танытты. Со­ны­мен қатар, Азияның көптеген аймақ­тарындағы ахуал сенім ұялата қоймады. Атап айтқанда, Үндістан мен Пәкстан арасындағы дау-жанжал мен қақ­ты­ғыс және олардың ядролық қа­руға ие бо­луы, Иран мен Солтүстік Кореяның ядро­лық қаруға ие болу әрекеті, Таяу Шы­ғыстағы әскери қимылдар, Ауған­стан­дағы тұрақ­сыз­дық және тағы басқа­лар Азия ел­дерінің жұртшылығын да алаң­дат­ты. Сондықтан да Алматы сам­ми­тіне қатысушылар Азиядағы қауіп­сіз­дікке деген өзара сенімді нығайту және халықаралық ортақ алаңдаушылығын туғызып отырған мәселелер бойынша ын­тымақ­тастық жолындағы мүмкіндік­тер­ді кеңейту мақсатында Алматы Акті­сін және терроризмді аластау мен өр­ке­ниеттер арасындағы үнқаты­суға жәр­демдесу туралы декларация қабылдады. Алматы саммиті Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы ор­нын бұрынғыдан да айшықты та­ны­та түсті. Қазақстанның халық­ара­лық саясаттан тыс қалмайты­нын, өз аумағында ғана емес, бүкіл әлемдегі бейбіт күннің бо­ла­шағы жолында күш-қайрат жұмсай­ты­­нын, осылайша өркениетті дүниеде абыройлы міндетті атқаруға бекін­генін бүкіл әлемге жария етті. Қа­зақ­станның бастамасымен құрыл­ған бұл форум біз­дің еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі­нің ал­дын­дағы тәжірибесі іспеттес те болды. 14 қаңтарда Вена қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымы Тұрақты кеңе­сі­нің Қазақстанның Ұйым төрағалы­ғына кірісуіне арналған инаугура­циялық мәжілісі өткізілді. Әлемнің ең әйгілі және әсем сарайларының бірі – Хофбургтегі Нойер залынан интернет жүйесі арқылы бүкіл әлем­ге тікелей эфир арқылы Қа­зақ­стан Президенті Н.Назарбаев­тың еліміздің ЕҚЫҰ-ның төраға­лық қызметіне кірісуіне орай жариялаған Үндеуі таратылды. Қазақ елінің Президенті Н.На­зар­баев аталған Үндеуінде қазіргі әлемнің кейбір қырларына, халық­аралық ынтымақтастық пен қауіп­сіздіктің маңызды тетіктеріне қыс­қаша тоқталып өтті. Қазақстан Пре­зиденті, сонымен бірге, “ЕҚЫҰ-ның негізгі міндеттерінің бірі ретінде Қазақстан Ұйымды дамыту мәселесінің негізі болып табылатын кон­сенсустық (бірауыз­дылық – М.М.) алаң­ды нығайту мен кеңейтуді қарас­ты­ратындығын және ЕҚЫҰ саммитінің 10 жылдан бергі үзілісі Ұйымның кон­сен­сус­тық негізі дағдарыс жағдайында болмаса да, тоқырау ахуалында тұр­ған­ды­ғын аңғартатындығын” айта келіп, ЕҚЫҰ-ға мүше елдерді 2010 жылы жоғары деңгейдегі кездесуді өткізу туралы Қазақстанның бас­тамасын қол­дауға шақырды. Қазіргі уақытта, әрине, 55 елдің бірінші басшыларының басын бір жерге қосу, оны ұйымдастыру, қауіп­­сіз­ді­гін сақтау және өткізу оңай ша­руа емес. Әйтсе де, Қазақстан бас­шы­­лығы мұндай жоғары деңгейдегі кез­десуді өз жауапкершілігіне алып отыр. Жоғары деңгейдегі саммиттің талқы­лауына ЕҚЫҰ-ның жауап­кер­шілік аймағындағы қауіпсіздік­тің көкейкесті проблемаларын, Ауғанстандағы жағдай және толе­ранттылық мәселелерінің ұсыны­луы да маңызды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымына төраға­лық­тың Қазақстан үшін маңыз­ды­лығының түйіні де Елбасы Н.На­зарбаев атап көр­сеткендей, “ЕҚЫҰ төрағалығы біздің елімізге тек сыртқы саяси табыс қана емес, жалпыұлттық ауқымдағы құн­ды­лық ретінде қабылданатындығында”. Біздің қосарымыз, Ұйымға төр­ағалық пен саммит өткізу – Қазақ­стан­ның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген биігіміздің бірегейі. Мұрат МҰХАМЕДОВ, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, саяси ғылымдар докторы, профессор.