Еліміздің жоғары білім беру жүйесі Болон процесіне қосылды. Осыған орай бүгінде жоғары оқу орындары зор ізденіс үстінде. Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде де жаңашыл өзгерістер қолға алынуда. Болон процесінің стандарттары зерттеліп, олар факультеттердің білім беру жүйесіне, оқу процесіне қарқынды енгізіле бастады.
Осы орайда халықаралық стандарттағы жоғары оқу орны ретінде бізге білім берудің мазмұны мен сапасын жақсартуға, білікті де білімді, жаңа тұрпатты мамандар даярлауды инновациялық негізде жүзеге асыруға тура келіп отыр. Бұл бағытта, жоғарыда айтқанымыздай, 3 жылдық стратегиялық жоспар жасалып, тек сапалы маман даярлауға басымдық берілуде. Тұтынушылардың сұранысына сай мамандар даярлау мақсатында көп деңгейлі жоғары білім беру, кәсіби біліктілігі жоғары, заман талаптарына сай мамандар әзірлеу, жаңа стандарттар мен бағдарламалар жасау, жаңа мамандықтар ашу, университеттің халықаралық жүйесін қалыптастыра отырып, оқу орнының қажеттілігіне байланысты оқу үдерісіне инновациялық сипаттағы жаңа пәндерді енгізу, ақпараттық технологияларды пайдалану, мамандар дайындау жүйесін әртараптандыру – осының барлығы стратегиялық жоспарымызда кеңінен орын алған.
Ел Президенті ағымдағы жылы оқу орнымызда болғанында жоғары білім сапасының халықаралық стандарттарға жауап беруге тиістілігін, бұл үшін жоғары оқу орны әлемнің жетекші университеттерінің қатарына енуге ұмтылуы міндетті екенін атап көрсеткен еді. Оқу орнымыздың 2010 жылдың қорытындысы бойынша Тәуелсіз Қазақстан агенттігі анықтаған Қазақстанның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бас рейтингінде 5-орынды иеленуінің өзін Елбасы тапсырмасын орындау бағытында атқарылған алғашқы қадам деп есептеуге болады. 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында айтылған “Жоғары білім берудің мақсаты – қоғамның, мемлекеттің және жеке тұлғаның сапалы білім алуға деген мүдделерін қанағаттандыру” деген қағиданы басшылыққа ала отырып, білім беруді инновациялық тұрғыдан дамытуға баса мән бере беретін боламыз.
Әрине, бізде үлкен жаңалықтар бар. Сапалы білім беру осы бағыттың бастамасы болып отыр. Әсіресе білікті профессорлар мен доценттер өте жоғары деңгейде тәжірибелер жинақтауда.
Рейтингтік модель біздің білім беру жүйемізге мықтап енді. Бұл модель студенттің оқытушыға қоятын талабы жағынан, мемлекеттік стандарттың орындалу деңгейі қаншалықты дәрежеде жүріп жатқандығын анықтауда үлкен рөл атқарады.
Бір айта кететін жайт, білім сапасын біз тек қана грант иегерінің санымен есептейтін болсақ, онда білім жүйесі үлкен қателікке ұшырайды. Сапа – ең алдымен сол грантқа ие болған студентке қаншалықты білім бере алатынымызбен көрінуі тиіс. Білім сапасы дегенде екі нәрсені ескеруіміз керек. Біріншісі, әрбір студенттің өз қабілетіне және қабілетінің ең жоғары деңгейіне сәйкес білім берілуі керек. Екіншіден, ол білім қазіргі қоғамның қойып отырған талабына жауап беретіндей болуы тиіс.
Соңғы 15-20 жылда оқу орынымыз өзінің халықаралық ерекшеліктеріне сай жоғары білім беру жүйесін дамытуда бірқатар инновациялық жаңалықтар ашты. Заман талабы әрбір оқытушының, әрбір студенттің жеке тұлға ретіндегі дамуын қамтамасыз етті. Бұл дегеніміз, білім инновациясының негізгі қағидасы. Кеңестік жүйеде қалыптасқан білім беру саласында Түркия мемлекетімен біріге отырып, біз үлкен жаңалықтар, табанды реформалар жасадық. Енді әрі қарай реформа жасау үшін, жаңалықтар енгізу үшін, Болон процесін пайдалана отырып, өзге елдердің де жеткен жетістіктерін көріп талдай алуымыз керек.
Жамбыл Айменов, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті.
Түркістан.