• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Қараша, 2010

Бағдарлама оңбай, білім көркеймейді

1183 рет
көрсетілді

Біз “ҚР білім беруді дамы­ту­дың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жо­басы” туралы ой өрбіткелі отыр­мыз. Бағдарлама дегеніміз – алда атқарылар жұмыстардың нақ­ты іс-жоспары, алға қойған мақ­сат­қа қол жеткізетін құрал. Со­қа­мыз сай болмаса, егін еге ал­май­мыз, кет­пен-күрегіміз сай бол­маса, бау-бақ­ша өсіре алмаймыз. Демек, бағ­дарлама жан-жақты сауатты жа­зы­луы керек. Аталмыш бағдарламаны Білім және ғылым министрлігі дайын­дап ұсынған. Енді осы бағдарла­ма­дағы сөйлемдерге кезек берелік. Ең басында бағдарламаның мақсаты былай деп атап көрсетіліпті: “Экономиканың және азамат­тар­дың әл-ауқатының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін білім беру жүйесінің бәсекеге қабілет­тілігін арттыру, адами капиталды дамыту үшін оны түбегейлі жаң­ғырту”. Даму сөзі экономикаға қатысты, ал адамның әл-ауқатын дамыту деп айтуға болмайды. Әл-ауқат арттырылады, жақсартылады. Сөйлемді “экономиканың дамуын және азаматтардың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ететін...” – деп құрау керек еді. Сөздерді солай әркім өзінше бұзып қолдана берсе, тілімізді қалай дамытпақ­­пыз? Сосын “адами капиталды дамыту” деген де көңілге қонбай­ды. Бұл – адамды тауарға балай­тын капита­лис­тік көзқарастың бір дәлелі. Адамға тауардың бір түрі деп қа­райтын қоғамда адамның адамдық қасиеттері жақсармақ емес. “Ада­ми капиталды дамыту” дегеннің орнына “адамды рухани дамыту” деп қолданған жөн. Ру­хани жа­ғы­нан жан-жақты дамы­ған, жақ­сарған адамдар ғана қо­ғамды алға тартып, экономиканы өркендетеді. Демек, “адами капитал” деген сөзді қолданыстан алып тастау ке­рек. Маркс: “Адам – ең қымбат ка­­питал” десе, ол әлемдегі бар бай­­­­лықтан, ең қымбат заттардан, ал­тыннан адам артық деген ма­ғы­нада қолданған. Басқа еңбек­те­рінде ка­питалистердің адамға тау­ар есебінде қарайтынын әшкере­леген. Бағдарламаның кіріспесінде 30 сөйлем бар екен. Соның бір де бірі синтаксистік жағынан да, ло­ги­ка­лық жағынан да дұрыс құ­рыл­ма­ған. Адами капитал сөзін мұнда да тықпалай берген. Қазақша ба­ла­ма­лары бола тұра көптеген тер­мин­дер­дің орысшасын ала бер­ген. “Ав­тономды даму” дегенді “дер­бес да­му” деп қазақшалауды біл­меген. Сол сияқты спектор, фо­кус, эле­мент секілді сөздер өріп жүр. Ал кейінгі негізгі тарауларда: приоритет, факт, стереотип, ре­сурс, фактор, катализатор, реалды, транс­ферт, институционалды, ин­дикатор, инклюзивті, тенденция, элитарлы, сфера, компонент, ме­ханизм, эмо­ционалды, ваучерлік, провайдерлер, пилоттық жоба, транспаренттілігі, корпоративті, мо­ниторинг, вариа­тив­­тік және бас­қа көптеген шет тіл­дер­ден ен­ген сөздер орынды-ор­ын­сыз қол­да­нылған. Бұлардың көп­ші­лігінің қазақша баламалары жоқ емес, бар. Тура аудармасы болмаған жағ­­дайда жақшаға ала отырып тү­сі­ніктеме беріп отырған оңды болар еді. Бағдарлама алдымен орыс ті­лінде дайындалып, қазақшаға ора­шолақ, шалағай аударылған. Көп­теген сөйлемдердің мағына­сын әрі оқып, бері оқып мүлдем тү­сіне ал­май­сың. Мысалы, кіріс­пе­де: “зерт­теулер білімді экономи­ка тұ­рақ­тылық болатынын, білім беруді дамытуға жұмсалған қар­жы­ның ол сауаттылық кезеңіндегі фокус болсын немесе оқытудың ор­таша ұзақтығын жақсарту бол­сын өте маңызды екенін дәлелдеп отыр”, – деген сөйлем бар. Осындағы “сауаттылық кезе­ңін­­дегі фокус” деген не, ол қан­дай кезең? Сауаттылық кезеңі, са­уат­сыздық кезеңі дегендерді қай­дан тапқан? “Оқытудың орташа ұзақ­тығын жақсарту” деген де ми­ға қон­байды. Ұзақтығы деген – бұл уа­қыт. Ал уақытты қалай жақ­сар­тасыз? Оның орнына “реттеу” деген орынды сөз сұранып тұрған жоқ па. Одан әрі: “Осыған қарай жаңа ұлттық көзқарас ұсынылады: 2020 жылға дейін Қазақстан білімді мемлекет, ақылды экономика жә­не жоғары білікті жұмыс күші”, – деп нүкте қойылған сөйлемді алай­ық. Осындай да жаңа ұлттық көзқарас бола ма екен? Қарап от­ыр­сақ, Қа­зақстан бұған дейін бі­лімді мемлекет емес екенбіз, ал­да­ғы 20-жылға қарай, яғни Бі­лім және ғылым министрлігінің осы бағдарламасын жүзеге асыру барысында ғана білімді мемлекет болады екенбіз. Әзірге білімсіз мемлекет сияқтымыз. Жо­ғарыда білімді экономика десе, енді ақылды экономика деген жаңа сөз тіркесін қолданыпты. Қазіргі жағ­дайда ақылсыз экономика ке­зеңінде өмір сүруде екенбіз. Мына сөйлемді аттап кетуге болмас. “Азаматтық қатысудың үлкен үлесін, жоғары әлеуметтік тығыздылық және интеграцияны, төменгі деңгейдегі құқық бұзушы­­лықты қамтитын қоғамның – әлеуметтік капиталдың қалыпта­суы­на ықпал етеді”. Бүкіл сөйлем дұрыс аударылмай, өрескел қатеге ұрынған. “Төменгі деңгейдегі құ­қық бұзушылықты қамтитын қо­ғам” деген қоғам бола ма? Бұлай деп тіпті, айтуға болмайды ғой. Кіріспенің ең соңында: “...бі­лім беру жүйесінің өңірлік да­муындағы сәйкессіздік мәсе­ле­лерін қамтама­сыз ететін білім беру жүйесінің барлық субъектілеріне бағытта­л­ған” – деген сорақы сөй­лем тұр. Сәйкессіздікті бол­дыр­май, түзеп, жоюдың орнына, оны керісінше қамтамасыз ететін білім жүйесінің керегі қанша деген сұрақ тумай ма? Сонымен бірге министрлік қандай аудармашылар ұстап отыр деген де сауал көл­денеңдейді. Осы­ған қарап ол аударма­шы­лар­дың қазақ тілінде дұрыс сөйлем құ­рай алмайтынын былай қой­ған­да, көптеген қазақ сөздерінің мағынасын түсінбей­ті­нін көреміз. Мұның бәрі бағдарламаның бір беттен сәл асатын кіріс­пе­сін­дегі өрескел қателер. Кеңес кезінде мұндай қателер саяси қатеге жат­қызылып, дайындаған кісілер де, жариялаған басылым да жазаға тар­тылған болар еді. Ал бүгінде мұн­дай сорақылықтарға ешкім мән бермейтін болған. Сол кезде де ондаған қаулы-қарарлар, ше­шім­дер, бағдарлама-жоспарлар жария­ланып жататын. Онда да орыс тілінен аударылатын, бірақ бір сөй­лемінен ақау таппай­тын­сыз. Сон­дай аудармашылар қайда? Олар­дың көпшілігі қазір арамызда жоқ. Бірақ көзі тірі зейнеткер, мық­­ты ау­­­дар­машылар бар. Неге со­ларды жұ­мыс­қа тартпасқа? Тым болмаса осын­дай мемлекеттік аса маңызды құ­жат­­­тар­ды жариялар алдында сон­дай журналист аудар­ма­шыларға ақы­­сын төлеп, редак­циялатып-тү­зет­­тіріп алуға болар еді ғой. Мы­са­лы, Астанада Мыр­за­бай Кең­бейі­лов, Мәткәрім Әкім­жанов, Көш­кін­бай Кенебаев және басқа да бі­лікті аударма­шы­лар тұ­ра­ды. Өзіміз де көмек бере алар едік. Аталмыш бағдарлама көлемі – 37 бет. Егер соның бәріндегі син­таксистік қателерді, яғни қисын­сыз, түсініксіз сөйлемдерді теріп дәлел­деп берсек, мақаламыздың көлемі бағдарламаның жартысына жуықтар еді. Мұндай жауап­сыз­дыққа қалай жол берілген? Мем­лекеттік тілді бұлай қорлауға бола ма? Басқа басқа болсын, дәл Білім және ғылым министрлігінің бұл жауапсыздығына таңданбасқа болмайды. Республикамызда білім беруді дамытудың 2011-2020 жыл­дарға арналған осынау бағдар­ла­масы айлар бойы талқылануда. Солардың бәрі дерлік аударманың сапасыз­дығына мән бермей, басқа да кемшіліктерін көрсетпей, бі­рыңғай мақтай берген. Соған қа­рағанда сапасыз, шалағай аудар­ма­ларға елдің еті өліп кеткенге ұқсайды. Бұл бағдарламаны кітапша етіп шығарса, оның көлемі екі есе­ле­ніп кемі 80 бет болар еді. Көп сөз­ділікке жол берілген. Қайталаулар көп. Кейбір сөйлемдер әр тарауда әлденеше қайталана береді. Бағ­дарламаны осынша көлемге созуға бола ма екен? Үштен бірін қыс­­қартып, жұмырлауға әбден болар еді. Мысалы, 11 бет шамасында “Жоғары, жоғары білімнен кейінгі білім және ғылым” деген тарау болса, 32 бетте “Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру” деген тарау және бар. Біз бұл мақаланы тиісті ор­ын­дар бағдарламаның мемлекеттік тіл – қазақ тілінде қалай ауда­рыл­ғанын байыппен оқып көріп, оны қайта дайындап, түзеуге пәрмен береді деген сеніммен әрі тілек­тес­тік пейілмен, жанашырлықпен жазып отырмыз. Бұдан былай біз жоғарыда ұсыныс айтқанымыздай, министрліктің аударма қызметіне білікті, тәжірибелі аударма­шы­ларды тартады деп те сенім білдіреміз. Жұма-Назар СОМЖҮРЕК, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, әдебиет сыншысы.