• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
05 Қараша, 2010

“Балапан” қырқынан шықты

515 рет
көрсетілді

Бесік жырын несіп жырына ұластырып, жақсы нәрсенің бәрін үлгілі ырымға жорып, оны өмір бойы жаңғыртып, ұрпақтан ұрпаққа өнеге ету жағынан қазақ жұртының өзіндік қадір-қасиеті бар. Әсіресе, бұлқынып өсіп келе жатқан бүлдіршіндерді тәрбиелеуде ұлт­тық үлгінің жөні бөлек. Баланың жаны таза, көңі­лі пәк, ниеті кінәратсыз. Ол көзін ашып көр­ген жақсылықты өмір бойы есінде сақ­тай­ды. Жүрегіне жол тапқанды, әсте ұмытпай­ды. Қызығушылығы да бөлек, үңіліп қарай­тыны да аз емес. Қазір тіпті көбейіп кетті. Телеарна­дағы қилы-қилы дүниелердің бала тәрбиесіне оң әсер ететіні де, теріс жолға тарта­тыны да аз емес. Бұл мәселе ел болғалы бері аз айтылып келе жатқан жоқ еді. Жақын­да оның да түйіні шешілді. “Үлкеннің мыңына берген­ше, баланың біріне бер”, –  деп атам қазақ тәмсіл еткендей, таза қазақ тілінде, бала­ларға арналған “Балапан” телеарнасы осы жылдың 27 қыркүйегінде үлкен жолға шықты. Ия, бұл ел өміріндегі елеулі оқиға, тарих­тың алтын парағына жазылатын ерекше сәт десек артық айтқандық емес. Сол “Балапан” бүгін қырқынан шығып отыр. Бұл Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың жүз пайыз қазақ тілінде хабар тарататын үш телеарна ашу жөніндегі тапсырмасының алғашқысы еді. Балаларға жасалған осы жақсылықтан кейінгі кезекте, сол ұрпаққа білім берудің аясын кеңей­тетін “Білім”, рухани құндылық­тары­мызға ұйыта­тын, алтын қазынамыздың өт­кені мен бүгінін жинақтап қор жасайтын “Мә­де­ниет” телеар­налары ашылады. Біз бүгін осы­дан 40 күн бұрын өмірге келіп, жанары көгіл­дір экраннан жарқ ете түскен, қырқынан шы­ғып, қырық қадам аттаған телеарна тура­лы топтаманы қалың жұртшылыққа ұсынып отырмыз. ОРЫНДАЛҒАН АРМАН “Қазақ мультфильмінің атасы” атанған біздер де тоқсанға жақын­дап келеміз. Мұндайда түрлі науқас та қыспаққа алады екен. Қазір газет қарауға, теле­дидар тамашалауға дәрмен жоқ. Бірақ, балаларға арналған “Бала­пан” деген теле­арнаның ашылғанын естіп, әбден қуандым. Бүлдіршін­дері­мізді ана тілімен сусын­датып, кейде ата-анасы бере алмаған ақылды айтып, оны жақсылыққа баулып, жа­ман­дықтан жерітіп отыра­тын дүниенің бірі теледидар болғалы қашан?! Кезінде қазақша мульт­фильм­дер саусақпен санар­лық екені айтылып, талай дабыл да қағылды, мәселе де көтеріліп жүрді. Ел ең­се­­сін тіктеген тұста, міне, “Бала­пан” да тұсауын кес­ті. Неге қуанбаймыз? Қуанамыз! Балалар арнасы шынайы беделге тәжірибе арқылы, суретші-ани­маторлардың төккен тері арқылы жетеді. Деген­мен, қазір мульт­ленталар “милы машина­лармен” жасалынатын бол­ды ғой. Баяғыда бір мульт­фильм­ді жасауға сегіз айдай уақыт кететін. Техниканың дамыған зама­нын­да балаларға арналған бағдар­лама­лар мен анимациялық туын­дылар­ды тудыруға талап пен талант және қаржылай қолдау да керек болатын. Енді осы жоқтың орны толды. Мемлекет “Балапанды” дамы­ту­ға үлкен мүдделілік танытып жатқанына да куә болатын күндер келіпті. Бұл – үлкен оқиға. Бұл – сауапты іс. Уақыт үдерістерімен қаншама қиындықтар мен өзгерістер бола берер. Алайда, ба­ла­­лық шақ деген бір орнында тұр­майды. Сәби жас кезінде көрге­нін, естігенін миына сіңіріп өседі. Осы өсіп келе жатқан ұрпақты өз рухымызбен, қазақы болмысы­мызбен тәрбиелегенде ғана ала­сапыран заманаға жұтылып кетпейміз. Қазақ болып, қанаты­мызды жаһанға жаямыз. Осы мақсатқа бізді жеткізетін қазіргі теледидар алдында телміріп отырған балаларымыз болады. Сондықтан да мен “Балапан” деген арнаның ашылғанына қуа­нып қана қоймай, аталық батамды да арнай­мын. Соңғы жылдары Т.Жүр­генов атындағы ұлттық Өнер акаде­миясында суретші-ани­маторларды үздіксіз даярлау ісі жолға қойылды. Шамамыз жет­кен­ше осы мақсатқа қызмет те еттік. Академияда та­лантты актер­лер, тамаша ре­жиссер­лердің буыны даярлануда. Осы ма­мандар “Бала­пан” арнасы­ның буынын бекі­теді, жетпе­генін жеткізеді. Қазір бұл арнаны сынап-мінеудің, кемшілік іздеудің қажеті жоқ. Оған қолымыз­дан келгенше көмегімізді, қол­дауымызды, көп болып ойла­сып, ақыл-кеңесімізді беруіміз керек. Сонда “Бала­пан” кәсі­би тұрғыдан кө­теріледі. Біздер қазақ мульт­фильм­­дерін дамыту үшін тынбай мүдделестер мен таланттар іздеген едік. Сол ниет жерде қалмаған екен! Ниет­тес­тер табылған екен! Соған қуана­мыз! Әмен ХАЙДАРОВ, қазақтың алғашқы мульти­­пликаторы,  “Тарлан” сыйлығының лауреаты. Алматы. * * * АҚЖОЛТАЙ ІСКЕ – АҚ ЖОЛ! Балалар есі кіре келе айна­ласын­дағы барлық құбылыстарға зер сала қарап, үлкендердің сөзін зейін қоя тыңдап, рухани маңызы ерекше дү­ние­лерге өздері де қы­зы­ға бас­тайды. Естерінде сақ­тау­ға тыры­сады. Мұн­дайда көгілдір экранның маңызы зор. Тек осы уақытқа дейін аракідік ше­тел­дік, бізге жат идеологияның құр­сауына түсіп, солардың ықпалымен бойжетіп, ер жетіп, ата-аналарын “әттеген-айлатып” жүрсе, қалай бол­мақ дегенде үрейлі ой жұрт­шылықты жиі мазалап келгені рас. Міне, оның да орны толды. Бала­ларға арналған телеарна ашылды. Ол “Балапан” деп аталады. Ақжолтай іске – ақ жол! Бұл Шерағаң жазып жүрген бір кем дүниенің бірі сияқты еді. Көпшіліктің аңсаған арманы осы еді. Сол арман жүзеге асты. “Бала­пан” сәби, бүлдіршіндерді қуаныш­қа бөлеп, небір қызық­тарға кенел­тіп, көгілдір экранның сәнін кіргі­зіп жатыр. “Балапан” кейіпкерлері өз халқының, ата-анасының, өз­дері­нің ана тілінде, туған тілінде, дүниеге шыр етіп келгенде алғаш естіген тілінде сөйлеген соң да, әрбір негізгі көрерменнің жүрегіне жақын, мейлінше ұғынықты. Балаларының мемлекеттік тілді игеріп өсу үшін көмекші құрал­дардың жеткіліксіз екенін алға тартып, өкініш білдіре беретін өзге ұлт өкілдері де риза. Бір қызығы жан-жануар­лардың төлдері туа сала аяқтанып, көп кешікпей шапқылай жөнел­мей ме? Ал адамзат нәрестесі жарық дүниеге келген соң, араға оншақты ай, тіпті бір жылдай уақыт салып аяқтанады. Адамзат­тың ақыл-ойымен дүниеге келген жаңалықтар да дәп солай бірте-бірте жетіледі. Әзірше “Бала­пан” көзін ашып, айналаға қарау  үстінде. Өміршең болғай! Зыр жүгіріп жүретін күн­дерге жетсін делік. Телеарнаның жанашырлары аз емес. “Келісіп пішкен тон келте бол­­майды”, дегендей, сол жана­шыр­лары өз ойларын үнемі ортаға са­лып, авторлары ұтқыр дүниелер­мен қамтамасыз етіп отырса, елі­міз­дің барша балалары алдынан шықпай­тын кезге де әлі-ақ жетер­міз. Қазіргі аяқ алыс соған меңзеп тұрғандай. Сәбилер мен бүлдіршіндер, балалар қамын ата-аналарынан бетер ойлайтын Елбасымызға айтар алғысымыз шексіз! Сұлтан ҚАЛИҰЛЫ, балалар ақыны. * * * БАЛАНЫҢ ЖҮРЕК КІЛТІ Күні кеше жүз жылдығын атап өткен қазақтың қас батыры Бауыржан Момышұлы өзінің жаудан да, даудан да қорықпайтынын, бірақ бір қорқынышы баланы бесікке бөлемейтін, немересіне ертегі айтпайтын әжелердің көбейгенінен, соның кесірінен бе бір түрлі ұрпақтың өсіп келе жатқанынан үрейленетінін айтқан еді. Шынында, ұрпақ тәрбиесі алдымен ата-ананың қолында. Мен оны өз өмірімнен көріп, біліп отырмын. Бүкіл саналы ғұмырымды ұстаздық қызметке арнадым. Мыңдаған шәкірт тәрбиелеп өсірдім. Қазір олар ел мақтанышы. Ендігі жұмысым отбасының ұйтқысы болып, ұл-қызымнан тараған немерелерімді баулудамын. Мен де кейде Бауыржан батырдай күй кешуші едім. Ол – Қазақ елі теледидарындағы балаларға арналған бағдарламаның кемшіндігі болатын. Ойсырап тұрған сол олқылықтың орны жақында толды. Біз се­кілді әжелерге көмек бо­ла­тын “Ба­­­ла­­пан” атты те­ле­­­а­рна іске қо­сыл­ды. Мен қазір не­ме­релеріме осы “Ба­ла­пан­ды” қо­сып қо­­йып, өзім қо­сы­ла кетіп қы­зықты әң­гі­ме­лерд­і жан­дан­дырып жі­бе­ре­тінім бар. Бала кө­ңі­лі тал­­­­шыбық, құ­лақ қоя тыңдап, ме­нің сөзім мен теле­ди­дардағы бей­не ұш­тас­қанда жүз­дері жай­­нап шыға келе­ді. Болашақта біз секілді әжелер бүлдіршін­дердің орта­сында отырып неше түрлі ертегілер айтып, балаларға ар­нал­ған ұлттық құндылықтарымызды көрсетіп жатса, нұр үстіне нұр болады. Тіпті жан-жануардың алуан түрлі қимыл-қарекеттерін балаларды қатыстыра отырып көрсетсе, бұл әсіресе қаланың балаларына қызықты болары күмән­сіз. Ал ауыл баласына қаланың тірлігін ыңғайлап жасаса, олардың да ықыласын тудырады. Әрине, мұның бәрі бо­ла­шақта атқарылатын жұмыстар. Мен бұл арнаны бала­ның жүрек кілті дер едім. Кілті ашылған телеарнаның жо­лы ашық, өмірі ұзақ, миллиондаған бүлдіршіннің құлшы­на көріп, құлындай құлдыраңдап жүретін қимасы бола берсін! Күләсия РАҚЫМОВА, зейнеткер. Астана. * * * ОҚУШЫЛАР ДА ҚЫЗЫҒА КӨРЕДІ “Балапан” ат­ты телеарна іс­ке қо­­сыл­ғалы бе­рі де қырық күн­ге таяу уақыт өтіп­­ті. Бұл де­геніміз, нәресте – бағдарла­ма­ның бір қадам ал­ға жыл­­­­­­жы­ға­нын көр­­сетеді. Мен алғашқы еңбек жолымды балабақшада тәрбиеші болып бастап, одан кейінгі біраз жылдардан бері бастауыш сынып оқушыларына сабақ беріп келемін. “Балапан” телеарнасын тек бүлдіршіндер ғана емес, оқушылар да қызыға көріп, сабақ үстінде әңгімеге тартсаң ондағы көрсетілімдерді әрін бұзбай әңгімелеп береді. Бұл хабар әсіресе, ана тілінің өрісін кеңейтіп, өркенін өсіруге көп септігін тигізе бастады. Бұған қоса тәрбиелік, танымдық маңызы да ерекше. Осыған дейін өзге жұрттардың бағдарламаларын көріп, соны қызықтап келген балалар енді өз телеарна­мыздағы ұлттық үлгілерді қызықтап, жақсы дәстүр­лерден тағылым ала бастады. Ең бастысы таза қазақ тіліндегі телеарна балаларға арналған бағдарламадан бастау алуы көңілге қуаныш ұялатумен қатар, рухани өміріміздегі елеулі белес деп білемін. Алдағы уақытта “Білім” арнасы ашылады дегенді естіп, ұстаздар қауымы оны асыға күтіп жүр. Себебі, ондай қазақ тіліндегі бағдарламаның оқу үрдісіне тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Әсіресе, көргені көп, көңілге түйгені мол тәжірибелі мұғалімдердің өнегесі ерекше болмақ. Сол арнадан әр пән бойынша сабақ берудің үлгісі, оқытудың әдіс-тәсілдері көрсетіліп отырса, жас мамандар тәжірибесі толығып, сабақ сапасы артары сөзсіз. Жалпы, теледидардың дәуірі дүрілдеп тұрған заманда қазақ тілінде мұндай телеарнаның ашылуы ел өркендеуін танытып қана қоймай, іргеміздің нығайып, бәсекеге қабілетті бола бастағанымызды дәйектері анық. Сөз түйіні: қырық қадам аттаған “Балапанның” қанаты қатайып, бұғанасы беки берсін деген тілектеміз. Шолпан ҚАНАЕВА, О.Жандосов атындағы қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі. Алматы облысы.